Ұлттық банк: Жаһандық нарықтарда тұрақсыз жағдай сақталуда

ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағанбетовтың үкімет отырысында жасаған баяндамасына шолу

Ақылжан Баймағамбетов
Ақылжан Баймағамбетов

Инфляция қарқыны әлі де жоғары

Шілдеде Қазақстанда айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де жоғары деңгейде болғанымен, бір ай бұрынғы 1,6%-дан 1,1%-ға дейін баяулады. Орта есеппен алғанда, биыл шілдеде айлық инфляция соңғы 5 жыл ауқымында 0,3%-ды құрады.

16 тамызда өткен үкімет отырысында «Әлеуметтік-экономикалық даму және 2022 жылғы қаңтар-шілдедегі республикалық бюджетті орындау қорытындылары туралы» баяндама жасаған ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов осылай деп мәлімдеді.

Еліміздің бас банкі алға тартқан деректерге сүйенсек, шілдеде бағаның өсуінде ептеген баяулау байқалған, оған, негізінен, көкөніс пен жеміс-жидек бағасындағы маусымдық арзандау септік еткен.

«Іске асырылып жатқан ынталандырушы фискалдық саясат аясында экономикадағы сақталып отырған сұраныс, геосаяси шиеленіс пен нарықтардағы теңгерімсіздіктер жағдайында экономиканың сыртқы және ішкі секторларындағы қысым тұтыну бағаларының өсуін баяулатуға кедергі болады», - деді үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Ақылжан Баймағамбетов.

Айта кетейік, өткен шілде айында елімізде жылдық инфляция 14,5%-дан 15%-ға дейін өсті. Бұл тұрғыда инфляцияға елеулі салмақ қосқан жағдай – азық-түлік бағасындағы қымбаттау. Ұлттық банк мәліметінше, азық-түлік инфляциясы 19,2%-дан 19,7%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын инфляция 13,2%-дан 14,2%-ға дейін жеделдей түскен.

«Ақылы қызметтердің инфляциясы айлық өсудің салыстырмалы жоғары көрсеткішіне қарамастан, 2021 жылғы жоғары базаның әсеріне байланысты 9,2% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Осылайша, экономикадағы инфляциялық қысым жоғары деңгейде сақталуда. Инфляцияның және инфляциялық күтулердің жеделдеуін, олардың тұрақтылығын, сұранысты фискалдық ынталандыруды және сыртқы проинфляциялық жағдайды ескере отырып, Ұлттық банк биыл 25 шілдеде базалық мөлшерлемені 14%-дан 14,5%-ға дейін көтерді. Бұл алдағы жылы инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Нығайған доллардың теңгеге қысымы

Өткен шілде айында қазақ теңгесі АҚШ доллары алдында 1,5%-ға әлсіреді: теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 долларға шаққанда 477,07 теңге төңірегінде болды.

Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, қазақ теңгесінің айырбас бағамына салмақ түсірген факторлардың ішінде АҚШ федералдық резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатын күшейту шешімі мен доллардың жаһандық деңгейде нығаюын мысал етуге болады. Оның сыртында, әлемдік экономиканың алдағы жағдайына алаңдаушылық аясында мұнайдың белгіленген бағасы 100 доллардан төмендеп кетті.

Ол, сондай-ақ шетел валютасына деген сұраныстың өсуіне жазғы демалыс және дивиденд төлеу кезеңі сынды ішкі факторлар да әсер етті деп отыр.

«Биылғы қаңтар-шілде айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сатуы және ҚРҰБ валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсетті. Әлемнің жетекші орталық банктерінің мөлшерлемелерді белсенді түрде арттыруы мен әлемдік экономиканың перспективаларына қатысты қауіптер дамушы елдер валюталарының, оның ішінде теңгенің де құбылмалылық факторлары болып табылады», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ағымдағы шоттың жағдайы туралы

Ақылжан Баймағамбетовтің мәліметінше, биылғы бірінші жарты жылдықтың алдын ала қорытындылары бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты 6,6 млрд доллар көлеміндегі профицитпен қалыптасты.

«Сауда балансының профициті тауарлар экспортының импорттан басым өсуі есебінен 12,5 млрд долларға ұлғайып, 21,6 млрд долларды құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда). Соған қарамастан, төлем балансы әдіснамасы бойынша тауар импорты 2,9 млрд долларға, яғни 16%-ға жуық өсіп, 20,7 млрд долларға жетті. Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі 27% шамасында, яғни 2,8 млрд долларға ұлғайып, 13,5 млрд долларға жетті. Ағымдағы шоттың профициті орнықсыз болып, шикізаттың, ең алдымен, мұнайдың әлемдік бағасының жоғары деңгейін көрсетті», - деп түсіндірді өз сөзінде Ұлттық банк өкілі.

Халықаралық резервтер туралы

Ұлттық банк мәліметінше, халықаралық резервтердің жиынтық көрсеткіші үстіміздегі жылдың шілде айының соңында 85,9 млрд долларды құрады. Оның ішінде ҚРҰБ алтын-валюта активтері – 32,8 млрд доллар, Ұлттық қордың активтері – 53,1 млрд доллар.

«Республикалық бюджетке 3 трлн теңге трансферт бөлу үшін биыл 7 айдың ішінде Ұлттық қордың валюталық активтері 3,3 млрд долларға сатылды. Мұнай бағасының едәуір өсуі аясында Ұлттық қордағы түсім жыл басынан бері шамамен 3,5 есеге ұлғайып, 3,4 трлн теңгені құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда)», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, Ұлттық қордың бір жылдағы орташа кірістілігі құрылғаннан бергі биылғы шілдеге дейінгі кезеңде 3,17%-ды, ал соңғы 5 және 10 жылда – жылдық көрсеткіште, сәйкесінше, 1,70% және 1,67%-ды құрады.

БЖЗҚ активтері өсіп келеді

«Биылғы шілденің қорытындысы бойынша, Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 13,7 трлн теңгені құрап, осы жылдың басынан бері 609 млрд теңгеге немесе 4,7%-ға ұлғайды. Инвестициялық кіріс көлемі осы жылдың басынан бастап 519,5 млрд теңгені құрады», - деп мәлімдеді Ақылжан Баймағамбетов.

Оның айтуынша, зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 8,2%-ды құрап, зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі соңғы бес жылда жинақталған инфляциядан 7,3 пайыз тармаққа асып түскен.

Төлем жүйесі туралы

Ұлттық банк төрағасының орынбасары алға тартқан мәліметтерге жүгінсек, биылғы алты айда халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары 48%-ға өсіп, 44,4 трлн теңгеге жеткен. Онлайн төлемдердің үлесі 83%-дан асқан.

«Цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру және цифрлық қаржылық сервистер экожүйесін одан әрі дамыту мақсатында осы жылы шілдеде Open API және Open Banking-ті дамыту жөніндегі баяндама жарияланды. Сонымен қатар, «Цифрлық теңге» жобасы бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда», - деді Ақылжан Баймағамбетов үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

ХВҚ: инфляция 9%-ға жетеді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары, сондай-ақ жаһандық нарықтардағы жағдайға да тоқталып, «әлемдегі инфляцияның өсуі, ақша-кредит саясатының күшеюі, рецессия тәуекелдері аясында жаһандық нарықтарда тұрақсыз жағдай сақталады» дегенді ескертті.

«Шілдеде жаһандық іскерлік белсенділік 25 ай бойы өсуін тоқтатып, ең төменгі деңгейге дейін баяулады. Дегенмен, бұл көрсеткіш әлі оң аймақта», - деді Ақылжан Баймағамбетов. Оның айтуынша, шілде айында, мысалға, дамыған елдерде өндіріс, тапсырыс беру және жұмыспен қамту салаларындағы көрсеткіштер баяулай түскен. Ал дамушы нарықтарда тұрақтылық сипаты анық байқалған: өсім көрсеткіші маусым айындағы, яғни 11,5 жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге жақындаған.

«Кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама қорытындылары көрсеткендей, әлемдегі инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді. Шикізат пен шығындардың бағасы өсуін баяулатқан. Соған қарамастан, дайын өнім бағасы қымбат деңгейде қалуда. Халықаралық ұйымдардың болжамынша, инфляция деңгейі әлі де ұзақ уақыт жоғары болмақ», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айтпақшы, өткен шілде айында Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың өсу қарқынына қатысты болжамын осымен екінші мәрте түзетіп, бұған дейінгі 3,6%-дан 3,2%-ға дейін төмендетті. Бұл арадағы басты факторлар, әрине, Украинадағы қақтығыс пен еңбек нарығындағы екіұшты жағдай және инфляцияның өсуін күтуге негізделген болжамдар.

Әйтсе де, Ақылжан Баймағамбетов: «Әлемдік экономиканың өсу болжамының нашарлауына қарамастан, Халықаралық валюта қоры Қазақстан бойынша биылғы жалпы ішкі өнімнің өсуін 2,3%-дан 2,9%-ға дейін жақсару жағына қарай қайта қарады. Жалпы алғанда, дамушы елдер экономикасының өсуі дамыған елдерден жоғары болады», - деп отыр.

Оның айтуынша, жаһандық инфляция болжамы азық-түлік пен энергия тасымалдаушылар бағасының, сұраныс пен ұсыныс арасында сақталып отырған дисбаланстың есебінен көтерілді.

«ХВҚ болжамынша, биылғы жылдың үшінші тоқсанның соңында әлемдегі инфляция ең жоғары көрсеткіш 9%-ға жетеді. Дезинфляциялық ақша-кредит саясатының ықпалы, ХВҚ болжамынша, 2023 жылы әсер ете бастайды», - дейді ол.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
15102 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить