2023 жылғы ең мықты стартаптар: жеңімпаздардан кеңес және инсайт

44138

Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технопарк Astana Hub отандық нарықтағы стартаптарды қолдау және дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар мен сайыстар ұйымдастырып келеді. Солардың ішінде ең танымалы – стартап батлдар

Биыл стартапшылар арасында кең танылған топ-5 жарыс: Digital Almaty 2023 аясындағы Astana Hub Battle, AI Battle, Space Tech Battle, Defence Tech Battle және Digital Bridge 2023 аясындағы Astana Hub Battle.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Forbes.kz осы сайыстардың жеңімпаздарын әңгімеге тартып, стартап әлемінің құпиясымен танысқан болатын.

«Масштабты жұмысқа дайын болуымыз керек»

Digital Almaty 2023 халықаралық форумы аясында өткен Astana Hub Battle сайысына қатысуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Норвегия, Чехия, Әзірбайжан, АҚШ, Үндістан сынды елдердің стартаптарынан өтініш түскен. 250 үміткердің арасынан жүйрік шыққан қазақстандық стартапшы Мақсат Қадыров бұл сайысқа Kwaaka жобасын ұсынып, жеңімпаз атанды.

Kwaaka негізін қалаушылар Мақсат Қадыров және Нәби Мұратбек
Kwaaka негізін қалаушылар Мақсат Қадыров және Нәби Мұратбек

- Біздің мақсатымыз – бизнес барысындағы барлық тапсырыс процестерін автоматтандыру. Бұл проблемаға біз қалай келдік? Нарықта «планшеттер хаосы» деген мәселе бар. Яндекс, Glovo, Wolt секілді агрегаттар әр мейрамханаға планшеттерін береді. Оған қоса мейрамхананың касса жүйесін реттейтін бөлек планшет тағы бар, яғни реттеуші оператор бірден төрт экранды бақылап отыруы тиіс. Ал біз – осы процестердің бәрін бір жерде, ортақ экранда болуын жасап береміз. Тапсырыстар барысы, мейрамхана мәзірі, қоймада қандай тауарлар жетпейді – барлық мәліметті бір жерде жинақтап, бір планшеттен бақылап отыруға болады, - деп түсіндіреді Мақсат өзінің Kwaaka атты жобасының мәнісін.

Бұл жоба қандай өзгерістерге дайын болуы керек?

- Жыл өткен сайын нарық ішінде тапсырыспен дайын тағам алдыруға деген сұраныс өсе бермек, өйткені адамдар тамақ әзірлеуге уақыт бөлгенше, онлайн-тапсырыс берген тиімді екенін түсінеді. Сол кезде мейрамханалардың жұмысы көбейіп, тапсырыс қызметі кең ауқым алады. Мысалы, Сауд Арабиясында дайын асқа күніне бір миллиондай тапсырыс түсіп жатады. Біз осындай масштабта жұмыс істеуге әзір болуымыз керек.

Сіздіңше, стартап идея іске асуы үшін нені ескеру қажет?

- Біріншіден, сіздің идеяға сұраныс болуы маңызды және де сұраныс бар екенін жай сөзбен емес, алғашқы тапсырыстардан түскен пайдамен дәлелдеу керек. Әлеуетті инвесторға нақты деректер ұсынып сөйлеген жөн. Біз маңызды мәселелерді айтып үлгеру үшін презентацияның әр слайдына жеке-жеке дайындалып, кеткен уақытты тайм-трекермен есептедік. Әртүрлі идеяға байланысты стартапты алға тартатын нәрсе болады. Kwaaka үшін ол – сату көрсеткіші, - дейді Мақсат Қадыров.

«Ғарышқа шықсақ деген де жоспар бар...»

Алматыда өткен Central Eurasian Venture Forum барысында 400-ден астам стартап, 600 жеке инвестор, венчурлық қорлар мен корпорация өкілдері бас қосып, ғарыштық технологияларды дамыту жолдарын талқыға салды. Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өткен Space Tech Battle додасында SkillSat жобасы «Адамзат үшін аса бағалы» деп танылды. Таныс болыңыздар, осы жобаны ұсынған стартапшы Абылайхан Мұхамеджанов.

Абылайхан Мұхамеджанов
Абылайхан Мұхамеджанов

- Біздің жоба ғарыш технологиясына қатысты білім беруге бағытталған. Кішкентай балаларға робот техникасы жинақтарын жасауды үйретеміз. Бала – дайын компоненттермен бір жобаны бастан-аяқ іске асыруды үйренеді, мысалға, программалық код даярлауды және бөлшектерді 3D принтерден жасап шығаруды, - деп әңгімелейді Абылайхан.

Жобаңызды қай бағытта дамытқыңыз келеді?

- Space Tech Battle сайысына дейін біз тек балаларды робот жасауға үйретумен және стратосфералық ұшырулармен айналыстық. Енді бұл жобаға ғылыми көзқарас қосылды, тіпті ғарышқа шығып көру де жоспарда бар. Әзірге екі спутникті әл-Фараби атындағы ұлттық университет ұшырды, Алматы энергетика және байланыс университеті де дайындалып жатыр деп естідім. Мен де осыған үлес қосқым келеді. Қазақстанда ғарыш бағдарламасы толыққанды дамығанын қалаймын.

Стартап идеяны қалай ұсыну керек?

- Сіздің питч қарапайым әрі өтімді болғаны дұрыс. Қарапайым дегенім – проблема және оның шешімін ұсыну. Көп адамдар проблеманы шешпейтін не шешімі жоқ идеялар айтады. Стартап идеяны ұсынуда сізге бизнес жайлы нақты жоспар, цифрлар мен трекшн керек. Қысқа уақыт аралығында қандай жетістіктерге жеттіңіз? Ал егер дайын идея болса, онда инкубатор іздеңіз. Ол жерде сізді презентацияға басынан бастап дайындайды. Astana Hub стартапшыларға көптеген мүмкіндіктер сыйлайды: идеясын әкелген күннен бастап қолдап, дайындалуға материалдар береді. Ментор тағайындап, біраз нәрсені үйретеді. Әу баста менде де тәжірибе болған жоқ, бірақ осындай ұйымдардың арқасында, өз мақсатыма жете алдым.

«Біз инженерлер элитасын тәрбиелейміз»

2023 жылдың тамызында ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасымен Astana Hub базасында Defence Tech Center ашылды. Ғылыми және инновациялық стартап-қоғамдастықтың күш-жігерін еліміздің қорғаныс кешенімен біріктіретін бұл орталық – қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы озық технологияларды іздеуге, әзірлеуге және енгізуге бағытталған. Осы орайда стартаптар арасында Defence Tech Battle өткізілді. Game of Drones жобасын ұсынған Абылай Жақанов «Қорғаныстағы революциялық шешім» номинациясында жеңіске жетті.

Абылай Жақанов
Абылай Жақанов

- Біздің стартап – шынайы робот, дрон және машиналарды интернет арқылы басқаруға болатын онлайн платформа, - деп әңгімелейді Абылай Жақанов. - Бұл жобаны азаматтық мақсатта және киберспорт индустриясында қолдану үшін жүзеге асырып келеміз. Бірақ біздің технологияның қолдану аясы кең: еліміздің әскери күші қорғанысқа қабілетті болуы үшін дрондарды енгізу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. 

Дрон индустриясы Қазақстанда қалай дамып жатыр?

- Бүкіл әлемдегі дрон индустриясының жағдайы бірдей деуге болады. Біздің елде Интернет дамыған, жұмыс істеу қолайлы, алайда нарық бос, осыны ескеру керек. Бізге қаржылай көмектесе алатын адамдар біз әзірлеп жатқан дүниелерге скептикалық көзқараспен, күмәнмен қарайды. Әзірше Astana Hub технопаркінен, мемлекеттен қолдау көріп отырмыз. Жеріміз кең байтақ болса да, дамыған нарық үшін бізде халық саны өте аз. 

Инженерлердің келер ұрпағы не нәрсеге дайын болғаны жөн?

- Біздің командада үлкен жауапкершілік бар, ол – инженерлер элитасын тәрбиелеу. Басты назарды инженерлік жұмысқа аудару арқылы қолдың күшімен қызмет атқарып, балға, дәнекерлеу үтігі секілді құрал-саймандармен жұмыс істейтін мамандар өсіп шығады. Цехтағы жұмыс 24/7 форматы мен үлкен төзімділікті қажет етеді. Қазіргі заманауи мамандықтарды игеру үшін көп еңбектену қажет. Ағысқа қарсы жүзіп, күнде жаңа нәрсе үйренуге тырыспасаңыз, сізді ағыс «шайып» кетеді. Біздің жоба аясында да біз күн сайын жаңа нәрсе шығаруға тырысамыз. Ал жаңа дүниені жасап шығарған соң, тура бір спортшылар секілді жаңа эмоцияға берілесің. Спортшылар жеңіске жеткенде бір сәт қуанып, әрі қарай жаңа мақсатқа қойып кетеді емес пе? Дрон жасап, оны ұшырып, тексеріп алған соң – біз де бір қуанып алып, әрі қарай келесі дронды жасауға кірісеміз, - дейді Абылай Жақанов.

«Жүздің ішінен сіздің жобаңыз есте қалуы керек...»

Биыл қазан айында Астанада ҚР президентінің қатысуымен өткен Орталық Азиядағы ең ірі Digital Bridge 2023 IT-форумы алаңында  әлемнің 30 елінен келген 30 мыңнан астам адам бас қосты. Осы форум аясындағы Astana Hub Battle додасына Еуразия елдерінен жиналған 200-ден астам стартапшы өз өнімін дамыту үшін жалпы сомасы 125 000 АҚШ долларын құрайтын жүлде қорын сарапқа салды. Жеңімпаздар бес номинация бойынша анықталды, соның ішінде Юсуп Тумгоев ұсынған MyMind жобасы сайыстың Best Social Impact номинациясында жеңімпаз атанды.

Юсуп Тумгоев және америкалық инвестор Тим Дрейпер
Юсуп Тумгоев және америкалық инвестор Тим Дрейпер

- Бүгінде дүние жүзіндегі ең елеулі әрі өзекті проблема – деменция мәселесі. Әлемдегі дәрігерлердің жартысы адамның бойында деменция бар екенін, әсіресе, бастапқы кезеңдерде дұрыс анықталмайтынын айтады. Бұл тұрғыда біз дәрігерлерге методолгия ретінде көмектесетін онлайн платформа жасап шығардық, - деп түсіндіреді өз жобасының мақсатын Юсуп Тумгоев.

Ғылыми салада біліміңізді кеңейту үшін не істейсіз?

- Дәрігер болмасам да, деменцияға қатысты тенденция шықса, зерттеулер не цифрлық тест кездессе, соларды ғылыми мақалалармен қатар оқып жүруге тырысамын. Сол сияқты, меніңше, өте маңызды бір нәрсе бар, ол – нетворкиң. Сала ішіндегі мамандармен, дәрігерлермен, ғалымдармен, клиника өкілдерімен танысып, байланыс орнату, мәселені талқылау деген тұрғыда. 

Astana Hub Battle сіздің жобаға қалай әсер етті?

- Astana Hub Battle-ға бірінші жыл қатысып жатқан жоқпыз. Алдыңғы жылы сайысқа қатысып, көп қателік жіберсек те, біраз нәрсе үйрендік. Стартап бастамаларға айтар кеңесім – қазылар алқасы секілді ойлауды үйрену керек. Өткен жолғы батлда деменцияның не екенін түсіндіру үшін бір минут уақыт кетті. Ал биыл мен «деменция» дегенді бір рет те қолданбадым. Сіз жоба аясында не істейсіз, соны түсіндірген дұрыс. Мысалға, біз қолымызда бар ақпаратпен, сандық деректермен нәтижені көрсетуге тырыстық.

Екінші кезеңде Best Social Impact номинациясына қарай бағыт алдық. Жобамыздың не нәрсеге күші жететін ойлап, қай жағынан көп әсер ете аламыз дегенді жоспарладық. Сайысқа жүздеген стартап қатысады, соның ішінде сіздің жобаңыз есте қалуы керек. Яғни, стартап жобаның максималды әсер қалдыратын тұсын ашып көрсетуіңіз керек, - деп кеңес береді Юсуп Тумгоев.

«Жылдам дамып, тез өзгеруге бейімделу керек»

Биыл сәуірде әйгілі Presight AI алпауыт компаниясы мен Astana Hub технопаркі жасанды интеллект, ауқымды деректер, машиналық оқыту саласындағы стартап-идеялар деңгейін көтеруге бағытталған AI Battle сайысын өткізді. Бұл додада Alaqan жобасының бағы жанды. Биометриялық сәйкестендіру саласындағы жаңа шешімнің авторы – Берік Нұрымбетов.

Alaqan командасы
Alaqan командасы

- Қарапайым сөзбен айтсам, біздің жоба – адамды алақандағы қан тамырларының үлгісі бойынша танып, анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі құрылғы. Жыл өткен сайын біздің кез келген ғимаратқа, тіпті өз үйімізге кіріп-шығуымызды қамтамасыз етуші жүйелердегі бақылау талаптары күшейе береді. Бұл тұрғыда Alaqan – ең сенімді биометриялық жоба, яғни адам өз алақанының арқасында бақылау жүйесі арқылы емін-еркін өтіп, дүкенде төлем жасауды да жүзеге асыра алады. Және адамның алақанын қашықтан сканерлеу мүмкін емес, оны тек алақан иесі өзі ғана орындай алады, - деп түсіндіреді өз жобасына тән ерекшелікті Берік Нұрымбетов.

Бұл жоба қазірдің өзінде қолданыста деп естідік...

- Бүгінде Alaqan қызметін 80 шақты ұйым күнделікті пайдаланып отыр, олардың арасында мектептер, ауруханалар, мемлекеттік ұйымдар мен технологиялық хаб және компания офистері бар. Бұл жоба, әсіресе, білім жүйесіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоса алады.

AI Battle сіздерге қалай әсер етті?

- Бұл сайыс бізге питчиң құру өнерін жетілдіруге септік етті. Егер стартап иелері өз жобасын таныстырып, серіктес және инвестор табамын десе, питчті де соған лайықтап дайындағаны жөн. Бұл ұдайы жетілдіруге негізделген, өзі ешқашан үзілмейтін процесс. Сәйкесінше жобаның өзгеріп, дамуына да тікелей қатысты.

Стартапшы жастарға қандай кеңес бересіз?

- Ең бастысы – өзінің тұтынушысын және шешетін проблемасын нақты білу; жылдам болып, тез өзгеру; ешқашан берілмеу. Бөлек кеңес – Astana Hub технопаркіне резидент болу. Онда мықты мамандармен танысып, сізге қажет білім мен мәліметке қол жеткізесіз, өзіңізді дамытып, жаһандық деңгейге шыға аласыз.

Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен, өздерінің рұқсатымен алынған

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить