Бір жылда Алматыда баспананы жалға беру бағасы 43 пайыздан астам өскен

47823

Жылдық мәнде алып қарағанда, биыл шілдеде Ақтау, Семей, Павлодар қалаларында жаңадан салынған баспана бағасы біршама қымбаттау кеткен

Фото: © Depositphotos/MaxZolotukhin

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (СЖРА) Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың шілде айында отандық тұрғын үй нарығында жүзеге асқан мәміле саны мен нарық ішіндегі бағалар туралы жаңа мәліметтерді жария етті.

2022 жылдың шілде айынан бергі бір жылда (2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңде) елімізде жаңадан салынған баспана сату көрсеткіші 4,3% деңгейінде өскен, ал екінші деңгейдегі нарықтағы пәтер сату көрсеткіші 0,7%-ға ептеп төмендеген.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биыл шілдеде тұрмысқа жайлы тұрғын үйді жалға алу бағасы 28,6%-ға қымбаттаған.

Республика бойынша алып қарағанда, бірінші деңгейдегі тұрғын үй нарығында (жаңадан салынған) баспана бағасы жылдық мәнде, әсіресе, Ақтау (бір жылда 18%-ға қымбаттаған), Семей (16%-ға), Павлодар (15,5%-ға) қалаларында айтарлықтай жоғары шыққан.

Ал екінші деңгейдегі нарықта, яғни бұрын қолданыста болған пәтер бағасы бойынша, көш басында Семей (бір жылда 29,5%-ға өскен), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (19%), Қостанай (16,6%) қалалары тұр.

Сол сияқты, Ұлттық статистика бюросының деректерін сарапқа сала отырып, баспананы жалға беру бағасы бойынша еліміздегі ең қымбат нарықтар деп Алматы (жалға беру бағасы бір жылда 43,1%-ға қымбаттаған), Петропавл (40,3%), Көкшетау (37,1%) және Қонаев (36,1%) қалаларын айтуға болады деген тоқтамға келдік.

Айтқандай, статистика бюросы алға тартқан бір айдағы деректерге мұқият ден қойсақ, 2023жылдың маусымы мен шілдесі аралығында жаңадан салынған баспананы сату бағасы елімізде 0,1%, ал пәтерлерді қайта сату бағасы 1,7% шамасында ептеп төмендеген.

Ал тұрмысқа ыңғайлы баспананың (статистиктердің түсіндіруінше, «абаттандырылған тұрғын үйдің») бір айдағы төлемі 1,9%-ға өскен.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы алға тартқан мәліметтерге сай, 2023 жылдың шілде айында елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 34 225 мәміле тіркелген, оның ішінде 8 781 мәміле жеке баспаналарға қатысты, ал 25 444 мәміле көп қабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты жүзеге асқан.

Айта кету керек, 2022 жылдың шілде айымен салыстырғанда, 2023 жылдың шілдесінде елімізде жүзеге асқан баспана сату-сатып алу мәмілелерінің саны 12,6%-ға өскен. Былтыр бұл тұрғыда 30 393 мәміле тіркелген болатын.

2023 жылдың маусым айымен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны бір айда 14,5%-ға өскен. Айта кетейік, аталған нарықта биыл маусымда 29 880 мәміле жүзеге асқан-тын.

Ал тұрғын үй нарығындағы мәмілелер саны бойынша көш басында Астана (6 675 мәміле жүзеге асқан, жалпы нарық ішіндегі көрсеткіштің 19,5%-ы) және Алматы (5 217 мәміле – 15,2%) қалалары мен Қарағанды облысы (3 118 мәміле – 9,1%) тұр. Өз кезегінде, мәмілелер саны ең аз тіркелген өңір деп Ұлытау облысын айтуға болады: мәміле саны 425, нарық бойынша жалпы көрсеткіштің 1,2%-ы .

Биылғы жылдың маусымымен салыстырғанда, шілде айында көп қабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты мәміле саны 15,7%-ға жоғары шыққан (бір айда 3 451 мәмілеге артқан). Жалпы, шілде айында пәтерлер бойынша 25 444 мәміле жүзеге асқан, бұл – нарықтағы жалпы көрсеткіштің 74,3%-ы.

Статистиктердің мәліметінше, шілде айында елімізде бір бөлмелі пәтерлерге деген сұраныс басым болған: бір бөлмелі пәтер сату бойынша бір айда рәсімделген мәміле саны 9 779.

Көп қабатты үйлердегі пәтерлерді сату бойынша негізгі үлес Астана (25,8%) және Алматы қалалары (18,3%) мен Қарағанды облысының (10%) еншісінде.

Маусым айымен салыстырғанда, биыл шілдеде жеке баспана бойынша жүзеге асқан мәміле саны бір айда 11,3%-ға не 894 мәмілеге ұлғайып, 8 781-ді құраған. Статистик мамандардың айтуынша, бұл тұрғыда республикамыздың барлық өңірлерінде жағымды динамика байқалуда.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить