ҚҚҚ: Қазақстанның банк жүйесіндегі резидент еместердің үлесі былтыр 3,2 есе өскен

18443

Үстіміздегі апта басында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы еліміздің қаржы нарығындағы резидент еместердің 2022 жылғы белсенділік көрсеткішіне қатысты өз шолуын жария етті

ФОТО: © rupixen-com/unsplash

Сарапшы қауым алға тартқан мәліметтерге сүйенсек, былтыр, яғни 2022 жылы Қазақстанның банк жүйесіндегі резидент еместер қаражатының жалпы ауқымы 3,2 есе өскен: 0,7-ден 2,3 трлн теңгеге дейін.

Осылайша, былтыр қаржы жүйесі бойынша ликвидтілік өсімінің (барлығы 5,4 трлн, резидент еместер – 1,6 трлн) үштен бірі (29%-ы) резидент еместерге тиесілі болған.

Әйтсе де, сарапшы қауымның айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жүйе ішіндегі резидент еместердің үлесі 10%-дан төмен болып шыққан: 7,5%. Қаржы ұйымдарының негізгі міндеттемелері резиденттердің алдында қалып отыр (92,5%), дейді олар.

ҚҚҚ сарапшыларының мәліметінше, былтыр елімізге сырттан аударылған қаражат ауқымы елеулі болғанымен (+395 млрд теңге), 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы қаржы ресурстарын сыртқа жөнелтуші ел ретінде қалуда: былтыр елімізге сырттан 679 млрд теңге аударылған, ал сыртқа – 1 038 млрд теңге жөнелтілген.

Бұл тұрғыда РФ-пен арадағы аударымдар операциясының сальдосы соңғы төрт жылда бірінші рет Қазақстан үшін оң көрсеткішпен қалыптасқан: елімізден РФ бағытында 196 млрд теңге жөнелтіліп, Ресейден бізге қарай 357 млрд теңге келіп түскен.

Сарапшылардың айтуынша, рубльмен жүргізілетін операциялардың қысқаруы аясында екінші деңгейдегі банктерде қолма-қол түрдегі рубль жинақталып қалып, елімізде рубль бойынша ұсыныс нарықтағы сұраныстан асып түскен.

Сөйтіп, былтыр қолма-қол түрдегі рубльдің ақшалай массасы сыртқа кеткен шетел валютасының жалпы ауқымының 98%-ын құраған. Жоғарыда айтылғандай, рубль түріндегі ақшалай масса нарық ішіндегі сұраныстан артық шығуы себепті, ел үкіметі отандық банктерге бір реттік негізде рубльді сыртқа шығаруға рұқсат берген.

Айтқандай, төлем нарығының сыйымдылық көрсеткіші жоғары болып, нарық ішінде бөліп төлеуге деген сұраныстың артуымен, нарықтағы кредиттік карточкалардың үлесі қысқара түскені байқалған (-2,1 млн). Сондықтан да төлем карталарын ашу динамикасына «карточкалық туризм» сынды құбылыс айтарлықтай әсер етті деуге негіз жоқ, дейді отандық сарапшылар.

Олардың айтуынша, былтыр төлем карточкаларын ашу көрсеткіші екі еседей баяулаған: 2021 жылғы 11,3 миллионнан, 2022 жылы 5,8 миллионға дейін.

Былтыр резидент еместердің қор нарығындағы белсенділігі, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы қимыл-әрекеті біршама төмендей түскені де байқалған. Заңды тұлғалардың инвестициялық портфелінің қысқаруына орай, резидент еместардің салымдары 595,4 млрд теңгеден, 381,4 млрд теңгеге дейін құлдырап кеткен (-36%).

Өткен жылдың қорытындыларын қысқаша түйіндеп, талдаған отандық сарапшы қауымның айтуынша, 2022 жылы орын алған бірқатар сыртқы тарихи оқиғалар еліміздің қаржы нарығының жекелеген сегменттеріндегі резидент еместердің белсенділігіне айтарлықтай әсер етсе керек.

Оның ішінде резидент еместердің бұл белсенділігі екінші деңгейдегі банктердің ресурстық базасының динамикасында да көрініс берген. Бұл тұрғыдағы қаражат ағыны «қаржы институттарының бизнесіне оң әсер берді» деп отыр сарапшылар, оның ішінде отандық шаруашылық субъектілерінің мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысында да.

Сарапшылардың түсіндіруінше, сол тұста шетелдік ликвидтіліктің жоғары ағыны (1,6 трлн теңге) еліміздің валюта нарығына шектеулі негізде ғана әсер еткен, негізінен, оның салыстырмалы түрдегі жоғары ликвидтілігі мен қаржы шоты бойынша капиталдың жалпы ағынына байланысты (-11,2 млрд АҚШ доллары: Ұлттық қорға бағалы қағаздар сатып алу, қаражатты шетел банктерінде орналастыру, сондай-ақ сыртқы міндеттемелерді өтеу аясында).

Айтпақшы, 2022 жылы АҚШ долларына шаққанда біршама нығая түскен ұлттық валюталар қатарында Армения (драм 18%-ға нығайған), Грузия (лари 12%-ға), Тәжікстан (сомони 11%-ға) сынды елдер бар. Ал теңге болса былтыр 7%-ға әлсіреген.

Бұл тұрғыда, сарапшы қауым, ТМД аясындағы экономикасы біршама шағын өзге де елдермен салыстырғанда (Армения, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан), «былтыр Қазақстан экономикасының өсу динамикасына релоканттар әлдеқайда аз әсер етті» деген пікір айтады.

Сол сияқты, былтыр ақпарат кеңістігінде барынша талқыға түскен «карточкалық туризм» құбылысы да еліміздің төлем нарығына «айтарлықтай әсер еткен жоқ» дейді олар, 2022 жылы банктік жаңа карточкалар ашу көрсеткіші елімізде екі есе төмендей түскенін алға тартып.

ҚҚҚ сарапшылары, сондай-ақ, әдетте резидент еместердің қаржы-қаражатына геосаяси оқиғалар мен АҚШ ФРЖ-ның ақша-несие саясаты барынша әсер ететінін еске салады.

Сәйкесінше, егер биыл жоғарыда айтылған факторлар өзгеріп жатса, онда резидент еместердің қимыл-әрекеті де өзгеріске ұшырауы тиіс, деп қосады отандық сарапшы қауым өкілдері.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube