Қазақстанда өндірілген ұнға деген сұраныс көшінде Өзбекстан да белсенді

31096

2023 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша елімізде ұнның бағасы 0,2%-ға, ал 2022 жылдың мамырымен салыстырғанда 16,2%-ға қымбаттаған

ФОТО: © Depositphotos/MorningbirdPhoto

Мұндай мәліметті апта басында Energyprom.kz алға тартты. Сарапшы қауымның дерегінше, былтыр ұнның бағасы бір айда 6,8%-ға, ал бір жылда 29,9%-ға өскен болатын.

Республика бойынша алып қарағанда, биыл мамыр айында ұнның қымбаттауы, әсіресе, Павлодар облысында мейлінше шарықтап кеткен: бірден 41,8%-ға. Ұнның бағасы едәуір жоғары өрлеген өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан (39,1%) және Қызылорда (34,5%) облыстары.

Ал ұнның бағасы аса көп қымбаттай қоймаған деп Шымкент қаласын (бағаның өсуі бір жылда 2%), Солтүстік Қазақстан (8,4%-ға қымбаттаған) және Қарағанды (11,2%-ға қымбаттаған) облыстарын айтуға болады. Сондай-ақ, сарапшы қауым өз шолуында биыл мамырда Алматы облысында ұнның бағасы ептеп болса да арзандады деп отыр: 0,9%-ға.

Energyprom.kz дерегінше, 2023 жылдың мамыр айында ел бойынша жоғары сұрыпты бидай ұнының орташа бағасы бір келіге 375 теңгені құраған (2022 жылы 322 теңге). Ал бірінші сұрыпты бидай ұнының орташа бағасы былтыр мамырдағы 210 теңгеден биыл мамырда 236 теңгеге дейін өскен.

Сарапшы қауым алға тартқан көрсеткіштерге жүгінсек, биылғы жылдың алғашқы бес айында елімізде дәнді және өсімдікті дақылдардан 1,4 млн тонна ұн өндірілген. «Бұл көреткіштің 1,3 млн тоннасы майда етіп тартылған бидай ұнына және аралас ұнға тиесілі» деп отыр сарапшы қауым (2022 жылдың қаңтар-мамырына шаққанда 0,2% жоғары көрсеткіш). Олардың айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ұн өндіруде бір жылда ел бойынша айтарлықтай өзгеріс байқала қоймаған.

Айтқандай, 2023 жылдың мамыр айында Қазақстан өзіне іргелес жатқан Өзбекстан Республикасына «рекордтық ауқым» деуге тұратын 65,02 мың тонна бидай ұнын экспорттаған. «Сәуір айымен салыстырған бұл 37% жоғары көрсеткіш» деп көрсетеді ресми статистикаға сілтеме жасап, осынау мәліметті алға тартқан АПК-Информ.

Олардың мәліметінше, 2022 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың мамыры аралығында (9 айда) Қазақстаннан Өзбекстанға, жалпылай алғанда, 406,6 мың тонна ұн жеткізілген. Ал 2021–2022 жылдардың сәйкес кезеңінде  (9 айда) Өзбекстан Қазақстаннан 319,2 мың тонна ұн сатып алған (оның ішінде 2022  жылдың мамырында – 33,73 мың тонна).

Соған қарағанда қазақстандық бидай ұнын импорттаушы елдер тізімінде Өзбекстан Ауғанстаннан кейінгі екінші орынға тұрақтап, жайғасса керек.

Естеріңізге сала кетсек, биыл сәуірде Кабул қаласында өткен Қазақстан–Ауғанстан бизнес-форумында қазақстандық кәсіпкерлер Ауғанстанға 4 млн АҚШ долларын құрайтын сомадағы көлемде ұн жеткізетін болып келіскен-ді. Бұл жайында сол тұста ҚР сауда және интеграция министрлігі хабарлаған болатын.

Ал биыл наурызда Астанада өткен Eurasian Agricom халықаралық конференциясына қатысқан сарапшылар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өндірілетін ұнның экспорты 2,28 млн тоннаны құрауы мүмкін, деген болжам айтты: бұл өткен жылдың көрсеткішінен 20% жоғары ауқым. Сарапшылардың дерегінше, 2022 жылы Қазақстаннан 1,88 млн тонна ұн экспортталған.

АПК-Информ жария еткен мәліметке қайта оралсақ, Қазақстаннан Өзбекстанға қарай бидай экспорты да айтарлықтай ұлғая түскен. Олардың айтуынша, 2022 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Өзбекстан бағытында 3,094 млн тонна бидай тиеп, жөнелткен. «Оның ішінде ағымдағы жылдың мамырында 395,12 мың тонна, бұл соңғы бес айдағы ең жоғары көрсеткіш» дейді олар өз ақпаратында. Алдыңғы маусымның (2021–2022 жж.) сәйкес кезеңіндегі деректерге жүгінсек, өзбек ағайындарымыз қазақ бидайының 2,21 млн тоннасын сатып алған (оның ішінде 2022 жылдың мамырында – 150,87 мың тоннасын).

Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда Өзбекстан мемлекеттік қолдауға сүйене отырып, ұн тарту өнеркәсібін ел ішінде кеңінен дамытуға ден қоюда. Ал Қазақстаннан бидай жеткізудегі ыңғайлы логистика – өзбек диірменшілерін қажетті шикізатпен барынша қамтамасыз етуге септік етуде.

Айтпақшы, 2023 жылдың маусымында Елордада өткен «Астана» халықаралық форумында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек: «Жыл сайын жетпістен астам елдің нарығына 8 млн тоннаға жуық астық жеткізіп отырған Қазақстан «астық державасы» мәртебесін сақтап қалды дей аламыз. Ал ұн экспорты бойынша еліміз әлем бойынша көшбасшы деңгейге шығып, жыл сайын 2,5 млн тоннаға дейін ұн экспорттап отыр», - дегенді айтты.

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жаһандық деңгейдегі беделді халықаралық ұйымдардың 2023 жылдың маусым айында жария етілген есептерінде Қазақстанның алдағы астық әлеуеті бойынша болжамдары шамамен бір деңгейде деуге тұрарлық. Айталық, американдық FAS USDA (ауыл шаруашылығы саласы бойынша әлемдегі ең беделі сараптамалық ұйымның бірі) 2023–2024 жылдардағы астық науқанында Қазақстан 14 млн тонна бидай жинап, оның 9,5 млн тоннасын экспортқа шығару мүмкіндігі бар деген болжам айтты.

Ауыл шаруашылығы дақылдары мониторингімен айналысатын еуропалық MARS агенттігінің қазақ бидайына қатысты биылғы болжамы 14,3 млн тонна төңірегінде. Ал Халықаралық астық жөніндегі кеңес (IGC) өзінің бұған дейінгі болжамын 1 млн тоннаға дейін төмендетіп, 2023–2024 жылдардағы астық науқанында Қазақстанда 13,5 млн тонна шамасында бидай өндіріледі деп болжайды.

Халықаралық сарапшылардың дені, Қазақстандағы «ауа-райының құрғақтығы мен температураның қолайлылығы» еліміздің солтүстігіндегі егін егетін үш облыстан «жоғары сапалы бидай алуға септік етуі тиіс» деген пікірге тоқталады. Ал бидай экспорты барысында қазақстандық фермерлер бетпе-бет келетін негізгі проблемалардың арасында, олар: «темір жолдың өткізу қабілетінің шектеулі болуы мен инфрақұрылымның ескіріп кетуін» мысал етеді. Бұл тұрғыда қазақстандық өнім өндірушілер Ресейден келетін бидай импортының ауқымын «жете бағаламау және қосымша құн салығын кешіктіріп қайтару дегендей түйінді мәселелерді де ұмытпаған жөн» деген пікір қосады.

Айтпақшы, қазіргі таңда қазақ бидайына деген ықылас күншығыстағы көршіміз тарапынан да байқалуда. Кей деректерге сүйенсек, Қытайда жауын-шашын салдарында жергілікті астық сапасы төмендеп, импорттан келетін бидайға деген сұраныс артуы ықтимал...

Айта кету керек, Халықаралық астық жөніндегі кеңес (IGC) 2023–2024 жылдардағы астық науқаны бойынша жаһандық болжамын 2 млн тоннаға төмендетіп, әлем бойынша өндіріс көрсеткіші 2,29 млрд тоннаны құрайды деп отыр. Аталған ұйымның соңғы болжамдарында 2023–2024 жылдардағы бидай тұтыну көрсеткіші 2,31 млрд тоннаны құрауы мүмкін делінген.

ҚР СЖжРА Ұлттық статистикалық бюросы дерегінше, 2023 жылдың 1 маусымындағы көрсеткіштерге сай Қазақстанда 6,64 млн тонна бидай қоры жинақталған. Отандық сарапшылардың айтуынша, ел ішіндегі бидайға деген қажеттілік  4,1 млн тонна шамасында, оның ішінде азық-түлік түріндегі қажеттілік 2,5 млн тоннаны, мал азығы түрінде – 1,6 млн тоннаны құрайды.

Ел үкіметі биыл отандық аграрийлер 16 млн тонна бидай жинай алады деген сенімде.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить