Қазақстан күрішке деген ішкі қажеттілікті өз бетімен қамти алады

33991

Қазақстанда осымен екінші жыл қатарынан күріш өсіретін алқаптар көлемі қысқарып келеді. Бұл жайында маусымның 6-да еліміздің күріш өсіру әлеуетіне қатысты өз шолуын жария еткен Energoprom.kz мәлім етті

ФОТО: © Depositphotos/ekina1

Әйтсе де, сарапшы қауым өз шолуында, еліміздің оңтүстігінде өсірілетін күріш ауқымы «ел ішін асырауға жеткілікті» дегенді алған тартады. Тіпті, экспортқа жөнелтуге жететін де күріш бар, деп отыр олар.

«Егер 2021 жылы отандық фермерлер 96,6 мың гектар жерге күріш егіп, жинаған болса, 2022 жылы егістік көлемі 87,9 мың гектарға, яғни 9%-ға дейін қысқарып кеткен», - деп көрсетеді Energoprom.kz сарапшылары.

Олардың айтуынша, бұған дейінгі бір жылда күріш алқаптары 5,6%-ға қысқарғаны белгілі болған. Басты себеп – егінді суаратын су жетіспейді, ал «күріш ылғал сүйгіш дәнді дақыл».

Өз шолуында сарапшы қауым, еліміздегі күріш өсіруші басты өңір – Қызылорда облысы екенін растап, республика бойынша алғанда, бұл облыстағы күріш алқаптары 89,4% аумақты алып жатқанын айтады. Сонымен қатар, еліміздегі күріш өсіруші өңірлер қатарына Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарын да жатқызуға болады.

Күріш егетін алқаптардың қысқаруы – жиналатын өнім көрсеткішіне де бірден әсер еткен. «Былтыр фермерлер 486,9 мың тонна күріш (өңделмеген) жинап алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,4%-ға төмен көрсеткіш», - дейді сарапшылар.

Сөйтіп, өңдеуден өтіп дайын күріш түрінде шығарылған өнім ауқымы былтыр екі есе аз болған: дәннен алынатын күріш жармасын өндіру үлесі 46%-ды құраған. Айтпақшы, сарапшылар, 2020 жылдан бері елімізде күріш өңдеу қарқыны «тұрақты негізде өсіп келеді» деп отыр. Осыдан үш жыл бұрын күріш өңдеу көрсеткіші бар болғаны 25,7%-ды құраған.

«Жиналған егін ауқымы азайғанына қарамастан, дәл осы фактордың арқасында елімізде дайын күріш өндіру көрсеткіші соңғы жылы 6,3%-ға артқанын байқай алдық. Өткен жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында, күріш өсірушілер – палау пісіруде басты ингридиент болып табылатын өнімнің 223,9 мың тоннасын өндіргені туралы есеп берді. Егер соңғы жылдардағы өндірістік көрсеткіштерді алып қарасақ, 2022 жылғы цифрларды «рекордтық» деп сипаттауға болады», - дейді Energoprom.kz сарапшылары.

Десек те, жиналған шикізат ауқымы аз болуы себепті қаржылық көрсеткіштер де төмендеп кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Сарапшылардың мәліметінше, былтыр еліміздің оңтүстік өңіріндегі фермерлер күріш өсіруден 37,7 млрд теңге ақшалай түсім алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,8% төмен көрсеткіш: 2021 жылы фермерлердің күріштен алған ақшалай түсімі 45,8 млрд теңгені құраған.

Сарапшылар, соңғы бес жылда елімізде жалпылай өндірілген өңделмеген күріш ауқымының құндық динамикасы біресе өсіп, біресе құлдырап отырғанын алға тартады. Мысалға, 2019 жылы шикізат өндірудегі өсу көрсеткіші 44,4%-ды құраған, ал пандемия жайлаған 2020 жылы бұл сала ақша жағынан «тұралап қалып», шикізат өндіру 3,9%-ға қысқарған. Есесіне 2021 жылы фермерлер 20,6% деңгейінде өсім қосып, «пандемиялық жылдағы» шығынның орнын толтыра алған.

Айтқандай, сарапшы қауымның дерегінше, әзірше еліміз күрішке деген ішкі қажеттілікті өз бетімен қамти алады.

«Қазақстанда өсірілетін күріш елдің ішкі қажеттілігін өтеуге барынша жеткілікті. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистикалық бюросы мәліметтеріне сүйенсек, күріштің қауыздық, жартылай қауыздық немесе шағылған түрін шығаратын жергілікті өнім өндірушілер ішкі сұранысты 95,4% деңгейінде қамтамасыз етіп отыр. Ал қалған 4,6% – импорттан келетін өнім. Қазір Қазақстан осынау дәнді дақылдың ептеген ауқымын – ұзын дәнді күріштің элиталық сорттарымен әйгілі Үндістан және Пәкістан сынды елдерден сатып алады», - дейді Energoprom.kz сарапшылары.

Олардың айтуынша, 2022 жылы елімізде 128 мың тонна шамасында күріш сатылған. Яғни, соңғы бір жылда отандық нарықтың сыйымдылығы үш есе өсті деуге толық негіз бар: 2021 жылы Қазақстанда сатылған күріш ауқымы бар болғаны 96,9 мың тоннаны құраған.

Сарапшы қауым өз шолуында, отандық күріштің өңделген өнімінің жартысына жуығы экспортқа шығарылады деп отыр, яғни 106,7 мың тонна қауыздық, жартылай қауыздық немесе шағылған күріш түрінде және 108,5 мың тонна, жалпы, кез келген күріш жармасы түрінде. «Қазақстандық экспортшылар жарма түріндегі күріштен 52,9 млн доллар алды», - дейді сарапшылар.

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі деректеріне жүгінсек, еліміз, әдетте, сыртқы нарықтарға күріштің ұсақ жармасын шығарады, себебі бұл өнімге деген сұраныс ел ішінде жоқтың қасы. Сол сияқты, солтүстік көршіміз Ресейде қазақстандық ұсақ жармадан сыра қайнататын көрінеді. Жалпы, РФ – қазақ күрішін импорттайтын негізгі ел: былтыр шетелге жөнелтілген бұл өнімнің жартысына жуығын (48,6%-ын) Ресей сатып алған (52,7 мың тонна). Қазақ күрішін импорттаушы негізгі елдің бірі Тәжікстан (21,7% үлеспен). Сауда серіктестері қатарында, сондай-ақ: Түркіменстан (7,8%), Украина (6,9%), Өзбекстан (2,2%) да бар.

Айтпақшы, күріш нарығында былтыр көрініс беріп, барынша есте қалған жағдай – күріш бағасының бірден 36,5%-ға қымбаттап, өсуі. Сарапшы қауымның айтуынша, соңғы жылдар орамында алғанда, күріштің тұтыну бағасы индексінің осыншама жоғары көрсеткіші былтыр алғаш рет байқалса керек.

Ұлттық статистикалық бюро мәліметтері алға тартқан деректерге сай, 2022 жылдың желтоқсанында ел ішінде күріштің орташа бағасы бір келіге 502 теңгені құраған, дегенмен, ірі қалалардың бірқатарында күріштің бір келісі бұдан да қымбат болған. Мысалға, 2022 жылдың желтоқсанында ел астанасында күріштің бір келісі 707 теңге, Оралда – 652 теңге, Атырауда – 638 теңге, Ақтөбеде – 595 теңге тұрғаны анықталған.

Өз кезегінде Energoprom.kz сарапшылары: «Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы бойынша күріштің бір келісінің орташа бағасы 568 теңгені құрады» , - деп көрсетеді. Яғни, 2023 жылдың басынан бері күріштің бағасы әлі де қымбаттап, өсуде деген сөз. Биылғы сәуірге шаққанда, «күріштің бағасы 14,1%-ға қымбаттады» деп отыр сарапшылар, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ – бағаның өсуі 43,9%-ды құраған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube