Қаңтар қырғыны және шетелдік инвестицияның болашағы

27556
Автор: Шалқар Нұрсейітов
«The center for policy solutions» зерттеу орталығы директоры

Kazakh Invest-тің мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанға $23,7 млрд тікелей шетелдік инвестиция салынған

Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 37,7% жоғары. Осылайша, еліміз сырттан инвестиция тарту бойынша пандемияға дейінгі көрсеткішке қол жеткізді. Қаңтар қырғыны болмағанда биыл және алдағы жылдары Қазақстанға салынатын шетелдік инвестицияның көлемі сақталады немесе өседі деген оптимист болжам жасауға болар еді.

230 адамның қазасына себеп болған Қаңтар қырғыны Қазақ- станды дүр сілкіндіріп қана қоймай, халықаралық қауымдастық пен еліміздегі инвесторларды да алаңдатқаны анық. 14 наурызда Мәжілісте Қаңтар қырғынына арналған отырыста Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жалпы шығын көлемі 100 млрд теңгеден асты деп мәлімдеді. Ал оның ішінде шетелдік инвесторлардың шығыны жайлы мәлімет жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар қырғынының алғашқы күндері туиттерде шетелдіктердің мүлкі мен инвестициясына зиян тимейді деді. Одан кейінгі кезеңдегі Тоқаевтың шетелдік инвесторларға арналған риторикасы мен іс жүзіндегі жағдайға қарап, Қазақстанға құйылатын шетелдік инвестицияның болашағы жайлы ой қозғауға болады.

Ең алдымен, Тоқаев 22 ақпанда шетелдік инвесторлармен өткен кездесуде Қаңтар қырғыны халықаралық стандарттарға сай зерттеліп жатқанын мәлімдеді. Алайда Қаңтар қырғынына қатысты жұмбақ өлім, азаптау мен қудалау фактілерінің көп болуы және қанды оқиғаны сипаттауда президенттің риторикасында бірізділіктің байқалмауы зерттеу объективті жүріп жатқанына күмәнді күшейтуі мүмкін. Мәселен, Тоқаев Қаңтар оқиғасының алғашқы күндері «Алматыға 20 000 террорист шабуыл жасады» деген ағылшынша жазған туитін көп ұзамай өшіріп тастады. Сондай-ақ америкалық The National Interest журналындағы мақаласында Тоқаев Қаңтар оқиғасын, ішкі аудиторияға айтып жүргендей, «мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы» мен «террористік шабуыл» деп сипаттамады. Яғни, шетелдік инвесторлар Тоқаев- тың риторикасы мен елдегі саяси жағдайға анализ жасап, Қазақ- стан билігі қаңтардағы жаппай наразылықтарды әділ зерттеуге, шынайы саяси және экономикалық реформалар жасауға құлықсыз деген оймен инвестиция салуды кейінге шегеруі немесе басқа мемлекетке құюы мүмкін.

Сондай-ақ инвесторлармен кездесуде президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалап жатқанын айтып, қордың жобалары мен конкурстарына халықаралық компанияларды қатыстыруға сөз беріп, өзі кепіл болатынын айтты. Шетелдік инвесторлар қаржысын тек демократиялық мемлекеттерге ғана емес, автократиялық мемлекеттерге де салатынын ескерсек, Тоқаев бұл сөздерді бекер айтқан жоқ.

Дегенмен Қаңтар қырғыны Қазақстан саяси жүйесі тұрақты авторитарлы мемлекеттің бірі деген инвесторлардың сенімін әлсіретуі мүмкін. Себебі инвесторлар Тоқаевты Назарбаев секілді түрлі кландар арасындағы күш балансын ұзақ мерзімге сақтай алатын саясаткер деп бағаламауы мүмкін. Осылайша, саяси факторлар мен коррупцияға мән беретін Батыс әлеміндегі инвес- торлар Қазақстанда саяси риск тым жоғары деп Қаңтар қырғыны мен Украинадағы соғыстың әсерінен стратегиясын қайта қарауы мүмкін. Ал ол факторларға аса мән бермейтін Қытай және Ресей инвесторларының үлесі елімізде артуы мүмкін.

Шетелдік инвестициялар жайлы зерттеулерге сүйенсек, елдегі саяси тұрақтылық шетелдік инвестицияны көптеп тарту үшін ең маңызды факторлардың бірі. Мемлекетті саяси тұрақты деп бағалау үшін инвесторлар заң үстемдігі, мемлекеттік институттардың тиімділігі, коррупция деңгейінің төмен болуы секілді критерийлерге сүйенеді. Сондықтан Тоқаев пен оның әкімшілігі Қазақстанның экономикасын дамытып, оны диверсификациялауды қаласа, азаматтардың әл-ауқатын көтеруді көздесе, мемлекеттік институттарды күшейтетін саяси реформаларды тез арада ұсынуы тиіс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить