Кредитті кешірсек, мәселе шешіле ме?

Автор: Ербол Азанбек
СЕО Qazaq Media Group

Соңғы кезде Қазақстанда кредитті кешіру саясаттың басты ұранына айналды

Шетел асқандарынан бастап, саяси партия құруға талпынып жүргендер де, Мәжілістегі коммунистер мен ақжолдық депутаттар да осы мәселені көтеріп әуре. Олар бизнестің де, жеке тұлғалардың да кредитін кешіру керек дейді. Өйткені...

Қазіргі пандемия шынымен ешкімге оңай тимей тұр. Қарапайым мысал: Алматының айналасындағы жеке секторда баспана жалдап тұрып жатқандар арасында нан таппай отырғандарды да көріп жүрміз. «Бизнесім жабылудың алдында» деп күйзелісте жүргендер қаншама?! Өкінішке қарай, карантинге дейін де бұл адамдардың көпшілігі күндік өмірмен жүрген. Көпшілігінде жинақ қаражаты жоқ, банктерге, шағын несие ұйымдарына, жеке адамдарға қарызы бар. Ал бизнесте ақшаны жинаудан бұрын, айналымға салынатыны белгілі. Қаржы институттары үш айға шегергенімен ол да оңтайлы емес дегендер бар. Ал шағын несие ұйымдары мен жеке адамдар алдындағы берешегін қайтаруды ешкім тоқтатқан жоқ. Қысқасы: қазір жұмыс тоқтаған немесе жартылай тоқтаған, табыс азайған немесе мүлдем жоқ. Бірақ қарызы бар, оны қайтару керек, оған қоса күнделікті өмір сүруі керек. Мұндай тұйық шеңберге тап болған адамдар мемлекеттен көмек күтеді. «Кредитті кешірсе», «жәрдемақы көбейсе», ал жағдайы ең нашары «азық-түлік таратса» дейді. Шынымен мұндай көмекке зәру адамдар көп. Мұны мемлекеттің 42 500 теңге көмегіне сұраныстан-ақ байқауға болады. Әрі пандемия кезінде білім алудың қиындауы да, үйден жұмыс істеу де адамдардың жүйкесіне кәдімгідей әсер етіп отыр. Сондықтан кез келген көмек-қолдау естіген құлаққа майдай жағады.

Алайда экономист қауым бұл зәрулікті бірден өтеу мүмкін еместігін айтады. Ұзақ жылдар бойғы әлеуметтік, экономикалық бағыттағы кемшіліктерді қыруар қаражат төгіп, бір уақытта жойып жіберу мүмкін емес. Мемлекеттің кейбір мәселеде үнсіз немесе баяу қимылдап отыруының бір себебі де сол.

Ал саясаттағылар мұны пайдаланбай қалса «күнә» болар еді. Көмекке зәру адамдар тобы бар және алда парламенттік сайлау бар. Саяси ұпай жинауға, айналасына адам топтастыруға оңтайлы басқа тақырып болмай тұр.

Кредитті кешіруді ұпай жинау құралы демеске амал қалдырмайтын тағы бір жайт – кешіруді ұсынған саясаткерлердің ешқайсысы ары қарай не болады деген сұраққа жауап бермейді. Айталық, экономикалық «заңдылықтарды» белден басып, банктер кредитті кешірді делік. Ол үшін мемлекет былтырғыдай Ұлттық қордан не бюджеттен қаржы  бөліп, кредиті барлардың қарызын кредиті жоқтардың есебінен жапты дейік. Жоғарыдағы әлеуметтік мәселесі бар топтағы адамдардың мәселесі сонымен шешіліп кете ме? Кредит алып, 3–4 жылдан кейін тағы кредитті жауып беруді мемлекеттен талап етпей ме? Кредитті кешіру уақытша мәселені шешуі ықтимал, алайда түбегейлі шешпейді, жылдар бойы қордаланған мәселелер сол қалпы қала береді.

Кредит алуға итермелейтін басты мәселенің бірі – халықтың табыс деңгейінің төмендігі. Орташа жалақыға жақсы смартфон немесе ноутбук сатып алып, қалғанына бір ай бойы еркін өмір сүру мүмкін емес. Көп жағдайда адамдар ең арзан өнімді тұтынуға ұмтылады. Мұның ар жағында денсаулық, әлеуметтік көңіл-күй мәселесі жатыр. Көлік нарығында ең арзан көліктің бірі – Ладаның соңғы бес жылдағы сатылым бойынша бірінші орынды бермеуі осының айқын көрінісі.

Тағы бір мәселе – қаржылық сауаттылық. Мемлекет орташа табысты көтермесе денсаулығы жарайтын әр адамның өзі тырысуына мүмкіндік бар. Шығынды азайту, айлық кірісті көтеру, үнем режиміне көшу, карантинге дейінгі кезең сияқты «ел аман, жұрт тыныш кезде» ертеңгі күнге қаржы жинау, отбасылық бюджетке бизнесмендік көзқараспен қарауға үйренуіміз керек. Орта мектептерде «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік негіздері» сынды пәндерді математика, физика, әдебиетпен қатар негізгі пән ретінде оқытатын кез келді. Жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беру, білім жетілдіру, қайта мамандану, арзан кредит беру сынды тетіктерді қосу да маңызды.

Және қазіргі жағдайда әр адам кризис-менеджментті іске қосуы маңызды. Қарапайым адамның оған сауаты жете ме, не айтып отырсың деуі мүмкін. Демек бізге бұл бағытта да әр адамның сауатын арттыру қажеттілігі бар. Қазіргі жағдай дағдарыстың соңғысы емес: қол қусырып, бір бүйірден көмек күтіп отыруды қою керек. Жоғарыда кешіруді ұсынған саясаткерлер осы мәселелерді де қоса көтергені жөн еді.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
28227 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
22 июня родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Оксана Чусовитина: Любое поражение – это первый шаг к победе Смотреть на Youtube