ЖИ қайда барасың?
Қытайда роботтармен бүлдіршін кезінен «достасып» үйренетін ұрпақ өсіп шығады
Жасанды интеллектіні балаға қай кезден бастап таныстырған дұрыс? ЖИ білім беру жүйесінің төріне шығып үлгерген сәтте бұл сұрақ сірә ерсі көрінуі де мүмкін…
Қазір ЖИ технологиялары өміріміздің түрлі салаларына жыл емес, күн өткен сайын дендеп еніп жатыр. Байқатпай, білдіртпей, алгоритмдерге құрылған цифрлық құрылғылар айналамызда көбейіп келеді. Ал балаларына смартфон берсем бе, бермесем бе деп жүрген ата-аналар енді ЖИ-ге негізделген құрылғылардың «қақпанына» қалай түскенін өздері де аңғаратын емес.
Биылдан бастап ЖИ технологиялары компьютер, телефон тәрізді күнделікті қолданатын құрылғыларымызға етене қосыла бастады. Генератив интелектінің жұмыс істеу принциптеріне аса қаныға қоймаған аудиторияға бұл өзгерістер біліне қоймаса да, уақыт өте оның салдары бәрімізге анық байқалатыны сөзсіз. Мәселен, бір сәтте телефоныңыз сізге ішінде жинақталған деректер негізінде жауап беріп, шешім қабылдауыңызға ықпал ете бастайды. Түбінде өміріңіздегі маңызды шешімдерді сол алгоритммен ақылдасып барып қабылдау үйреншікті дағдыға айналады.
Қазірдің өзінде адамдар жеке психологтың орнын ЖИ-мен алмастырып, онымен ішкі сырымен, түйткілдерімен бөлісуде. Кей елдер ЖИ-сауатты бала кезден бастамақшы, мәселен, Қытайда ЖИ құрылғыларын бастауыш сыныптан таныстыруға ден қойған. Әрине, мектеп партасына енді отырған оқушыға код жазып, дата-шешімдердің қайдан шыққанын үйретпесе де, сондай технология негізінде пайда болған роботтарды, автоматтандырылған құрылғыларды жақыннан таныстырмақшы. Ойын түрінде басталған мұндай сабақ кейін ЖИ-дің жұмыс істеу принциптерін баяндауға ауыспақ. Осылайша Қытайда ЖИ жұмысын мектеп қабырғасынан танып, роботтармен бүлдіршін кезінен «достасып» үйренетін ұрпақ өсіп шығады.
Ал Еуропаның оқу орындарында, АҚШ-тың кей мектептерінде үй тапсырмасын орындауда, емтиханда оқушылардың ЖИ шешімдерді қолдануына қатысты арнайы ережелер ойлап тауып жатыр. АҚШ-та «ЖИ детективі» деген ұғым бар. Бұл ізкесуші маманның жұмысы — мұғалімнің тапсырмасын орындағанда оқушы ЖИ қолданған-қолданбағанын анықтау. Теннесси Штатында 1873 жылы құрылған Vanderbilt Университетінде әр оқытушы өз пәніне орай студенттерге жеке ереже құрады. Кез келген плагиат немесе басқа да академиялық адалдыққа қайшы әрекеттер Vanderbilt университетінің саясатына сәйкес қатаң қаралады. Бұл ережелер студентке жасанды интелектінің қателесу мүмкіндігі жоғары екендігін ескертуден басталады.
«Сіздер ойды генерациялау мен идея іздеуде ЖИ бағдарламаларын, мысалы, ChatGPT қолдана аласыздар. Дегенмен мұндай бағдарламалар дайындаған материал толыққанды емес немесе онда қателіктерге жол берілуі мүмкін. ЖИ көмегімен жасалған жұмысты өз еңбегіңіз ретінде тапсыруға болмайды» делінген онда. Егер өз жұмысын әзірлеу барысында студент ЖИ қолданған болса, оны басқа дереккөздер секілді көрсетіп, тиісті сілтемелер жасауы тиіс.
Байқасақ, ЖИ-ге негізделген шешімдерді қолдану арқылы экономикалық тұрғыдан бір ел екінші елден басып озуды көздейді. Ендеше қазір бұл технологиядан қорқып-үрке бермей, оны тездетіп кәдеге жаратуды ойластырғандар ертеңгі күні озып шығады деген сөз. Осы орайда балаларға роботтармен достасуды кішкентай кезінен үйрету керек пе, әлде ЖИ-ге қатысты ережелер қабылдап барып, рұқсат берген дұрыс па деген сұраққа нақты жауап табу қиын. Бірақ балаларымыз болашақта роботтың құлына айналмасын десек, құлтемірлердің іші-сыртына осы бастан үңіле бастаған артық болмайды. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?