Сарапшылар инфляцияға қатысты болжамдарын қайта қарап, өзгерте бастады

2024 жылдың наурыз айында еліміздің қаржы нарығында қалыптасқан жағдайға қатысты кезекті зерттеуін жария еткен ҚҚҚ сарапшылары, бақылаудағы және күтілетін инфляцияның өсуі ақша-кредит саясатын қалыпқа келтіруге тосқауыл болуы мүмкін деп отыр
Фото: pixabay.com

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы ұсынған бұл зерттеуде әдеттегідей қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың мұнайдың бағасы мен АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы бойынша, сондай-ақ инфляция, ЖІӨ көрсеткіштері мен ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесіне қатысты болжамды пікірлері есепке алынған.

Түйін

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, соңғы 12 айда айлық инфляция ең жоғары көрсеткішке дейін қарқындап өсті: ақпан айында 1,1%-ға дейін, бұл сарапшы қауымның келер жылдағы инфляцияға қатысты өз болжамдарын қайта қарап, өзгертуіне түрткі болды. Инфляцияға қатысты болжам өткен айдағы 8,8%-дан 9,3%-ға дейін көтерілді, деп көрсетеді өз шолуында ҚҚҚ сарапшылары.

Олар, сондай-ақ тұтыну бағасы индексінің жылдық көрсеткіші алдағы сәуір айында қайтадан жоғары өрлеуі мүмкін деп отыр – 2023 жылдың І тоқсанында жоғары базаны тіркеуден алып тастағаннан кейін.

«Бақылаудағы және күтілетін инфляцияның өсуі ақша-кредит жағдайын қалыпқа келтіру циклін тоқтатып тастауы мүмкін. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым бөлігі (58%-ы) 12 сәуірге белгіленген отырыста базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалады деп есептейді, ал қалған бөлігі (42%-ы) мөлшерлемені ептеп төмендету әлеуеті жоқ емес деген пікірде (тағы 25 пайыздық тармаққа – 14,5%-ға дейін)», - деп түсіндіреді өз шолуында ҚҚҚ сарапшылары.

Десек те, алдағы 12 айда базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі біршама жоғары деп болжауға толық негіз бар (биылғы жылдың басынан бері Ұлттық Банк оны 100 базалық тармаққа төмендеткені белгілі): сарапшылардың пайымынша, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеменің мәні 12,5%-ды құрауы әбден мүмкін (−225 б.т.).

Ал Brent мұнайының бір жылдан кейінгі бағасы туралы отандық сарапшылардың пікірі айтарлықтай өзгере қоймаған (85 vs 81). Бұл арада олар, сірә, Таяу Шығыста қалыптасқан бүгінгі геосаяси жағдай мен ОПЕК+ тарапынан мұнай өндіру ауқымына түзету енгізу мүмкіндігін есепке алса керек, оның сыртында жаһандық қаржылық жағдай да біртіндеп жақсарып келеді.

Есесіне, сарапшы қауымның доллар бағамына қатысты болжамы біршама жақсарған, олардың пайымынша төл теңгеміз АҚШ доллары алдында нығая түсуі тиіс: қысқа мерзімді перспективада бұған дейінгі болжанған 455,03 теңгеден 454,4 теңгеге дейін, ал ұзақ мерзімге негізделсек – 478,3 теңгеден 474,6 теңгеге дейінгі шамада. Бұған әсер етіп отырған факторлар қатарында теңге бағамында тербеліс-толқулардың аса байқала қоймағаны, мұнайдың қымбаттауы және Ұлттық қордан ауқымды көлемде шетел валютасын алып, айырбастау шарасы мысал етілген.

Жалпылай алғанда, отандық сарапшылар, үкіметтің мақсатты жоспарымен салыстырғанда (6%), ел экономикасының өсу қарқыны алдағы 12 айда консервативті деңгейде қалады деген пікір айтады. Бұл тұрғыда олар жыл басынан бері экономиканың өсу қарқыны баяу екпінмен басталып (қаңтарда 3,9%), Теңіз кенішіндегі мұнай өндіру ауқымын арттыру мерзімі әлі де белгіленбей отырғанын алға тартады.

Аслан Құрмаш

Инфографика: ҚҚҚ талдау орталығы

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте