Маусым айында баспанаға деген сұраныс Ұлытау облысында төмен болған

2023 жылдың мамырымен салыстырғанда елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны маусым айында 16,8%-ға өскен, бірақ өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 3,7%-ға азайған

2022 жылдың маусым айы мен 2023 жылдың маусымы аралығындағы кезеңде, яғни бір жылдың ішінде Қазақстанда екінші деңгейдегі тұрғын үй нарығындағы пәтерлер бағасы 1,9%, бірінші деңгейдегі нарықта – 5% деңгейінде өскен. Мұндай мәліметті сейсенбі, 11 шілдеде ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросы жария етті.

Сондай-ақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың маусым айында тұрмысқа жайлы баспананың (статистика тілімен айтқанда «абаттандырылған тұрғын үйдің») жалға берілетін бағасы 26,8%-ға көтерілген.

Бірінші деңгейдегі нарықтағы бағаларға үңілсек, яғни жаңадан салынған тұрғын үйдің бағасын өңірлер бойынша алып қарасақ, статистикалық бюро ұсынған мәліметке сәйкес, еліміздің бірқатар қалаларында баға едәуір қымбаттап кеткен, мысалға, Павлодарда – 18,1%-ға, Ақтауда – 18%-ға, Семейде – 16%-ға дейін.

Ал екінші деңгейдегі нарықта, яғни бұрын қолданыста болған баспана бағасының қымбаттауы, әсіресе, Семей (29,9%), Ақтөбе (22,4%), Қызылорда (19%) және Қостанай (18,8%) қалаларында байқалған.

Тұрғын үйді жалға беру нарығында баға Көкшетау (45,5%), Петропавл (41,5%), Ақтау (41,1%) және Алматы (38,8%) қалаларында айтарлықтай қымбат шыққан.

2023 жылдың мамыры мен маусымы аралығында, яғни бір айдың ішінде жаңа тұрғын үйді сату бағасы – 0,2% шамасында жоғарылаған. Ал пәтерлерді қайта сату және абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда, маусымда әрқайсысы 0,5%-ға арзандаған.

2023 жылдың маусым айында республика бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 29 880 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке баспана бойынша – 7 887, көппәтерлі үйлердегі пәтерлерге қатысты – 21 993 мәміле жасалған.

2023 жылдың мамыр айымен (25 588) салыстырғанда, тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 16,8%-ға өскен. Мәмілелер саны бойынша Алматы (4 793 – 16%), Астана (4 522 – 15,1%) қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысы (2 841 – 9,5%) көш бастап тұр. Ал мәміле саны ең аз өңір деп Ұлытау облысын айтуға болады: 343 бірлік – 1,1%.

Сол сияқты, 2023 жылдың мамырымен салыстырғанда, биыл маусым айында тұрғын үй нарығында еліміздің барлық өңірінде оң динамика көрініс берген. Бұл тұрғыда, мәмілелер санының ең көп өсімі Солтүстік-Қазақстан (34,4%-ға), Атырау (30,1%-ға) және Жетісу (29,3%-ға) облыстарында тіркелген.

2023 жылдың мамырымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлерде сатылған баспана мәмілелерінің саны 16,2%-ға (3 071 мәмілеге) өскен. Маусым айында пәтерлер бойынша барлығы 21 993 мәміле жасалған, бұл мәмілелердің жалпы санының 73,6%-ы.

Бөлмелер саны бойынша екі бөлмелі пәтерлерге деген сұраныс жоғары: маусым айында мұндай 8 525 пәтер рәсімделген. Сауданың негізгі үлесі Астана (20,1%), Алматы (19,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,7%) тиесілі.

2023 жылдың мамыр айымен салыстырғанда, жеке баспана бойынша мәмілелер саны да 18,8%-ға ұлғайып (1 221 мәмілеге), 7 887 дананы құраған. Шымкент қаласын қоспағанда (мұнда 3,6%-ға азайған), оң көрсеткіш барлық өңірлерде байқалған.

2023 жылдың маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға азайған (былтыр маусымда 31 019 мәміле рәсімделген болатын).

Төмендеу көрсеткіші, әсіресе, Шығыс-Қазақстан облысында байқалған (40,3%-ға). Жалпы, теріс көрсеткіш барлық дерлік аймаққа тән, ал оң динамика Қостанай облысында (18,3%-ға)  және республикалық маңызы бар қалаларда (Астанада 17,5%-ға, Алматыда 8,7%-ға, Шымкентте +2,1%-ға) байқалған.

Айта кетейік, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді.

Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеліп, байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлерге қатысты ақпарат – сату операцияларын жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл тұрғыда пәтердің бастапқы және таза әрленген қалыптағы бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте