Қазақстанның стартап нарығы: басты трендтер, түйінді мәселелер

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстандағы стартап нарық белсенді дамып, инвесторлар мен ірі корпорациялардың қызығушылығын тудыруда

стартап
Фото: © Depositphotos.com/amixstudio

Көптеген жоба елімізде ғана жақсы нәтиже көрсетіп қоймай, әлемдік нарыққа шығуға талпынып жүр. Десе де қаржы көзін табуда және өнімдерді жаһандық тұтынушыларға бейімдеуде қазақстандық кәсіпкерлер ұшырасатын мәселелер де аз емес. Бұл материалда біз сарапшылармен бірге қазақстандық стартап нарығының аяқ алысына тоқталып, негізгі трендтер мен кедергілерді және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктерін қарастырдық.

Стартапты табысқа жетелейтін не?

Кейінгі жылдары Қазақстанның ішкі нарығында да, халықаралық нарықта да бәсекеге түсе алатын компаниялар көбейіп келеді. Бұл компаниялар негізінен қаржы технологиясы, электрондық коммерция және EdTech (білім беру технологиялары) сияқты үш сектор бойынша дамуда. Нарық зерттеушісі, қаржы магистрі Баубек Төрехановтың айтуынша, мұндай қарқын осы бағыттардағы стартаптарды сатып алып, өз жұмысына енгізгісі келетін қаржы компаниялары мен банктердің сұранысынан туындап отыр. Сарапшы сондай-ақ стартап индустриясы дамыған сайын ауқымды бағыттар да қалыптаса бастайтынын айтады.

«Қазір елімізде аз болса да, MedTech (медициналық технологиялар) бағытында стартап жасап жүрген кәсіпкерлер бар. Бұдан өзге алдағы уақытта DeepTech (терең технологиялар), SpaceTech (ғарыш технологиясы) секілді бағыттар да қосылады деп ойлаймын. Бұл стартап-экожүйесі дамып жатқан елдерге тән құбылыс. Мұндай елдерде алдымен қаржы және білім беру технологиялары, электрондық коммерция дамып, кейін әлдеқайда ауқымды бағыттар қолға алынады», — дейді Баубек Төреханов.

Дегенмен алдағы уақытта қазақстандық стартапшылар үшін қызықты әрі болашағы зор бағыт болып қаржы және білім беру технологиялары қала бермек. Сарапшының пікірінше, қаржы технологиялары басқа салалармен салыстырғанда жоғары бағаланады. Сол себепті бәсекелестік деңгейінің жоғары болуына қарамастан, осы салада жұмыс істеуге ұмтылатын стартапшы өте көп. Ал білім беру технологияларының дамуын, зерттеуші, халық санының өсуімен байланыстырады. «Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 мың бала дүниеге келеді. Бұл білім беру технологияларына деген үлкен сұранысты тудырады. Бүгінгі күні жаһандық EdTech нарығы 1 трн доллардан асса, білім беру нарығының жалпы көлемі 8 трлн доллар деп бағаланады. Оған қоса кейінгі он жылда білім беру саласы елеулі өзгерістерге ұшырады, бұл да стартаптарға жаңа мүмкіндіктер береді», - дейді Баубек Төреханов.

Сарапшының айтуынша, стартап индустриясының дамуындағы негізгі фактор — толыққанды экожүйенің болуы. Экожүйе білім беру мекемелерін, акселераторлар мен инкубаторларды және мемлекет пен инвесторлардың қолдауын қамтиды. Қазақстанда мұндай жүйе жолға қойылып, техникалық мамандықтар мен кәсіпкерлік машықтарды дамытуға ықпал ететін университеттер мен инкубаторлар көбейіп жатыр. «Бұл ретте мемлекеттің қолдауы елеулі рөл атқарады. Қазіргі таңда АХҚО және Astana Hub стартаптарға тіркелуге және халықаралық серіктестермен байланыс орнатуға көмектесуде, мемлекет стартаптарға инвестиция бөліп, олардың дамуына қызығушылық танытуда. Google for Startups сияқты бағдарламаларды ұсынып, стартапшылардың Кремний алқабына баруына мүмкіндік беруінің өзі жақсы бастама деп ойлаймын», — дейді сарапшы Төреханов.

Айта кетейік, 2018 жылдан бері Astana Hub халықаралық технопаркінде 1500-ден астам IT-компания тіркелген, оның 400-ден астамы шетелдіктер қатысқан стартаптар. Қазіргі таңда технопарк қатысушыларының IT-экспортының көлемі 819 млн долларға жетіп, 274,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы кіріс 1,1 трлн теңгені құраса, ашылған жұмыс орындарының саны 28 мыңнан асқан. Қазір елімізде Astana Hub пен АХҚО-дан бөлек стартаптарға қолдау көрсететін Алматыда MOST, ал Қарағандыда Terricon Valley (Террикон алқабы) IT хабтары бар.

Баубек Төрехановтың айтуынша, стартаптарға қаржы тарту тәсілі дәстүрлі бизнеске қарағанда өзгешелеу. Болашақта компания айтарлықтай өсіп, қосымша қаржы тартуы мүмкін деп болжанғандықтан, инвесторларға әдетте компанияның шағын үлесі ұсынылады. Дәстүрлі инвесторлар мұндай модельді түсіне бермейтіндіктен, стартаптаршыларға алғашқы кезеңде қаржы көзін табу қиын. «Сондықтан стартаптармен жұмыс істеген және мұндай инвестицияның ерекшеліктерін білетін инвесторларды табу маңызды», — дейді сарапшы. Мұндай мәселелер қазақстандық стартаптардың халықаралық нарықтан қаржы іздеуіне түрткі болады.

Бағытымыз — жаңа нарықтар

Халықаралық нарыққа шығу — көптеген қазақстандық стартапшының арманы. Себебі 20 млн халқы бар Қазақстан кейбір стартаптар үшін тарлық етеді, сондықтан Қазақстан мен Орталық Азия стартаптары белгілі бір межеге жеткен соң, халықаралық нарыққа шығуды мақсат етеді, дейді сарапшы Баубек Төреханов.

Қазіргі таңда қазақстандық стартаптар үшін ең танымал бағыттардың бірі — Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия. Бұл аймақтар стартапшыларды халқының санымен және жоғары сұранысымен қызықтырады. Мысалы, Индонезия, Тайланд, Малайзия және Филиппин сияқты елдерде бизнесті масштабтауға зор мүмкіндік бар. Ал Еуропа мен Оңтүстік Америка қазақстандық стартаптар үшін күрделі бағыт саналады. Еуропалық нарық әр алуан, сондықтан өнімді әр елдің тіліне, мәдениетіне, нарығына қарай бейімдеу керек. Ал бұл көп ресурсты қажет етеді.

Баубек Төрехановтың айтуынша, қазақстандық стартаптар АҚШ нарығына шығуды армандайды. Өйткені АҚШ нарығында мүмкіндіктер жетіп асады, қаржы көзі де көп. Алайда әрбір штаттың заңнамасы мен талаптары өзгеше болғандықтан, әр штатты бөлек нарық ретінде қарастырған жөн.

Көлемді инвестиция тартып, басқа елдердің нарығына шыға бастаған қазақстандық стартаптардың қатарында Biometric компаниясы да бар. 2018 жылы негізі қаланған технологиялық стартаптың басшысы — 12 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер Әлібек Нарымбай. Бұл стартап өткен жылы 600 мың доллар көлемінде инвестиция тартқан. Әлібек Нарымбайдың айтуынша, инвесторлар олардың өнімінің технологиялық артықшылығын көріп, сенім артқан. «Biometric күрделі алгоритмдерді жасаумен айналысады, сондықтан мұндай нарыққа кіру оңай емес. Сапалы алгоритм құрастыру үшін ұзақ уақыт керек. Инвесторлар бізде дайын алгортмдер барын көріп, стартапқа сенім арта алды. Сонымен қатар бұл технологиялық өнім болғандықтан, оны оңай масштабтауға болады. Өнімді әлемнің кез келген бұрышындағы адам пайдалана алады», — дейді ол.

Әлібек Нарымбай Қазақстанда венчурлық инвестиция әлі де дұрыс жолға қойылмағанын айтады. Стартап дамуының алғашқы кезеңдерінде инвестиция тарту оңай болғанымен, кейін бұл процесс қиындай түседі. Ал Biometric сияқты технологиялық стартаптарға көлемді қаржы ұсына алатын қорлар бізде жоқтың қасы. Отандық стартаптардың Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс нарығына шығуға талпыныс танытуының бір себебі де осы. «Бұл аймақта орналасқан елдерге кіру Еуропамен салыстырар болсақ, айтарлықтай күрделі емес. Мұнда заңнамалық тұрғыда қатып қалған қағидалар жоқ, соның арқасында старапты тез дамытуға мүмкіндік көп», — дейді стартапшы кәсіпкер.

Кез келген стартап сияқты Biometric те даму жолында бірнеше күрделі кезеңдерді өткерген. Біріншісі — өнімнің технологиялық тұрғыда күрделі болуы. Алғашқы алгоритмдерді әзірлеу шамамен екі жылға созылғандықтан, осы уақыт ішінде стартап еш табыс таппаған. Кәсіпкер бұл кезеңде командаға және технологияларды әзірлеуге кеткен шығынды жабу үшін инвестиция тартудың маңызды екенін атап өтті. Ал екінші мәселе ірі клиенттердің сеніміне қатысты. Biometric компаниясы ірі компаниялар мен банктерге арналған өнім жасайтындықтан, олардың сеніміне ену оңай болмаған. Өйткені ірі компаниялар IBM сияқты танымал брендтермен жұмыс істеп үйренген. Сондықтан Biometric секілді стартаптар өз өнімінің сенімділігін және сапасын дәлелдеу үшін көп еңбек етеді. Дегенмен стартап бұл сыннан да ойдағыдай өте алды. Үшінші қиындық — масштабтау. Технологиялық өнімнің сұранысқа ие болып, жылдам өсуі компанияның өз бизнес-процестерін өзгертуге дайын болуын талап етеді. Бұл қиындықты Әлібек «жағымды қиындық» деп атайды. Өйткені ол стартаптың дамуында оң динамика бар екенін көрсетеді.

Кәсіпкер Biometric сынды қазақстандық стартаптардың жаһандық нарыққа шығуы мүмкін болғанымен, бұл процесті оңай емес деп бағалайды. Оның пікірінше, қазіргі венчурлық нарықта екі жыл қатарынан «венчурлық қыс» орнықса керек. Сондықтан жаңа технологиялық стартаптарға инвестиция тарту қиын. «Алдағы 5–10 жылда стартап нарығы қалай дамитынын болжау қиын. Өйткені жасанды интеллектінің дамуымен стартап индустриясы түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бәлкім жаңа бағыттар, жаңа мамандықтар, жаңа бизнес түрлері пайда болар. Бірақ қалай дегенмен оның бәрі технологиялармен, робототехника және жасанды интеллектпен байланысты болады», — дейді Әлібек Нарымбай.

Кәсіпкер Аружан Меде — IMPRO компаниясының негізін қалаушылардың бірі. Кәсіби жолын қаржыгер ретінде бастаған ол әріптесі Динара Халитовамен бірге компания қызметкерлерін оқытуға бағытталған білім беру стартабын құрған. Стартаптың негізгі миссиясы — компанияның өнім менеджерлерін дайындау, яғни жұмыс берушілерге жаңа маман іздеудің орнына өз қызметкерлерінің құзыретін арттыруға көмектесу.

IMPRO сондай-ақ түрлі бастамалар мен бағдарламалар арқылы стартаптарға қолдау көрсетеді. Мысалы, студенттер мен жас командалар үшін инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларды өткізеді. Бұл стартаптың ең үлкен жетістіктерінің бірі — халықаралық деңгейде танылуы. IMPRO осы жылдың басында Лондонда өткен халықаралық форумда Орталық Азиядағы ең үздік EdTech-стартап атанған.

«Біз бір жылдың ішінде ірі компаниялардың сеніміне ие болып, Қазақстанда электрондық коммерция мен IT стартаптардың дамуына үлес қоса алғанымызды мақтан тұтамыз», — дейді Аружан. Кәсіпкердің айтуынша, IMPRO жақсы ақша ағыны бар компания. Сондықтан инвестицияны қажет етпейді. Қазіргі таңда компанияның жылдық табысы 150 мың долларды құрайды. Стартап 60 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Экожүйедегі соңғы трендтер

Сарапшы Баубек Төрехановтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда стартаптарға инвестиция салуға мүдделі венчурлық қорлар мен инвесторлардың саны артып келеді. Бұл тек жеке инвесторларға ғана емес, сонымен қатар стартап өнімдері мен қызметтерін өз бизнесіне енгізгісі келетін ірі компанияларға да тән. Тағы бір айқын тренд — ірі компаниялардың ішінде корпоративтік венчурлық қорлардың құрылуы. Сондай-ақ, қазақстандық стартаптар біртіндеп АҚШ және басқа да елдердің стартаптарымен ынтымақтастық орнатып, ортақ жұмыс жасауға талпыныс танытуда.

Әрине, оң баға беруге келмейтін трендтер де жоқ емес. Қазір технологиялық секторда, соның ішінде Қазақстанда да алаяқтық жиі кездеседі. Кейбір стартаптар инвестиция тартқанымен, қаржыны бұрыс бағытта пайдаланып, тиімсіз басқаруға, мәдениетсіздікке жол береді, ал оның кесірі жергілікті инвесторларға келіп тиеді.

Десе де жас қазақстандықтардың жаңа кәсіп ашып, жаңа өнім жасауға деген талпынысы, құлшынысы Қазақстанның стартап экожүйесінің дамуына қарқын беріп отырғаны сөзсіз. Сарапшы Баубек Төрехановтың айтуынша, мұндай қарқынмен алдағы 3–5 жылда Қазақстаннан бірегей компания шығып, әлем жұртын таңғалдыруы әбден мүмкін.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте