Елімізде микроқаржы құрылымының жартысынан көбін тұтыну қарыздары құрап отыр

Жаһандық пандемиядан кейін микроқаржыландыру нарығының «қызып» кеткені соншалық актив көлемі де, кредит портфелі де қарыштап өсті, дейді сарапшы мамандар

тенге
Фото: © Depositphotos.com/amixstudio

2020 жылдан бері бұл сектордың активі 2 есеге, ал портфелі 130 есе көбейген. Дегенмен, сарапшылар дабыл қағатын мәселе де бар. Біз қазір микроқаржы ұйымдарын (МҚҰ) айлыққа дейін қарыз беретін орынға айналдырып алсақ керек, ішкі нарықтағы тұтыну кредиттерінің үлесі тым ауқымды. Ал әлемдік тәжірибеде МҚҰ бизнес мақсатта кредит беретін ұйымдар ретінде қалыптасқан.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі деректеріне жүгінсек, 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай, еліміздің микроқаржыландыру нарығында 948 компания бар, оның ішінде 223 МҚҰ, 216 кредиттік серіктестік, 509 ломбард тіркелген. 2024 жылдың басындағы есеппен салыстырғанда, МҚҰ мен ломбард ойыншылары азайып, кредиттік серіктестік саны ептеп артқан.

Күн тәртібінде тұтынушы құқы

Микроқаржы ұйымдары «айлыққа дейін қарызға ақша алатын орын» деген пікір қалыптасты бізде. Микрокредиттерді қазақстандықтар ең алдымен жеке қажеттілік үшін алады. Отандық сарапшылар, микроқаржы портфеліндегі тұтыну кредитінің үлесі 75%-ға жақындап қалды деп дабыл қағуда. Әлемдік тәжірибеде микроқаржының негізгі мақсаты бизнесті дамытуға кредит беру болса, Қазақстанда микроқаржы құрылымының жартысынан көбін тұтыну қарызы құрап отыр. «Соңғы жылдары жеке тұлғалар тарапынан тұтыну кредиттеріне деген сұраныс жоғары. Дәлірек айтсақ, кепілсіз тұтыну кредиті мен автокөлікті кредиттеу күрт өсті. Бұл көлік сатып алуға сұраныстың жоғары болуымен байланысты. Сондай-ақ, онлайн режимде берілген тұтыну кредиттеріне деген сұраныс та өсіп жатыр», — дейді Микроқаржы ұйымдары қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов.

Микроқаржы ұйымдарынан жаны қысылғанда кредит алып, бірақ уақытылы төлей алмайтындар да елімізде аз емес.Кешіктірілген кредит (NPL90+) көлемі портфельдің 5,2%-на жетіп қалған. Реттеушінің дерегінше, жыл басында бұл көрсеткіш 4% төңірегінде-тін. Оның ішінде халықтың қарызы 9%-ды (жыл басында 6,5%), ал бизнестің қарызы 1,9%-ды (жыл басында 1,6%) құраған. ҚР ҚНРДА бұл үрдісті микроқарызды коллекторларға сатуды тоқтатумен байланыстырады. Еске салсақ, биыл 1 шілдеден бастап елімізде микроқаржы нарығы ойыншыларына коллекторларға берешектерді өткізуге тыйым салынды және бұл шектеу 2026 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады. Сондай-ақ, биыл маусымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Онда халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелер бар. Қарыз жүктемесі коэффициентін есептеу ережелеріне де өзгерістер енгізілді. 20 мың АЕК-ке дейінгі микрокредиттерге жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемі 56%-дан 46%-ға дейін төмендеді.

«Бұл шаралар, ең алдымен, микрокаржы қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтеді. Азаматтардың кредит төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда, оларға кредиттің берілмеуін көздейді. Соңғы екі айда, яғни тұтынушылардың кепілсіз кредиттерін шектеуге бағытталған өзгерістер қабылданған сәттен бастап, біз төмендеу динамикасын байқап отырмыз», — дейді МҚҰ қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов.

Бизнес өкілінің айтуынша, микроқаржылық ұйымдар реттеушінің барлық өзгерістерін өте сезімтал қабылдап жатыр. Өйткені МҚҰ да бизнес субъектісі. Банкпен салыстырғанда МҚҰ-ның ресурстары шектеулі. Микроқаржы ұйымдарына ойынның жаңа ережесіне бейімделу үшін қосымша ресурс керек. «Нарық ішіндегі ойыншыларды қаржыландырудың жеткіліксіздігі мазалайды. Қазақстанда қаржыландыру көздері шектеулі, ал банктер микроқаржы ұйымдарынан қатаң кепілдіктер талап етеді. Көптеген МҚҰ-ның айналым қаражатын толықтыру үшін жеткілікті кепілдігі жоқ, бұл олардың қаржылық ресурстарға қол жеткізуін қиындатады. Қазір МҚҰ-лар халықаралық инвесторларға тәуелді болып отыр. Тартылған қаражаттың құны жоғары, ал соңғы шектеулердің әсерінен ұйымдардың табыстылығы айтарлықтай азаюы мүмкін», — дейді қауымдастық басшысы.
Өз кезегінде нарық ішіндегі сарапшылар, биыл қабылданған бұл шаралар жеке тұлғалардың тұтыну кредиттері саласындағы тәуекелдерін азайтуға ықпал етіп, болашақта ішкі нарықта осы өзгерістердің мультипликативті жағымды әсері көрініс береді деген сенімде. Уақыт өте бұл нарық барынша тұрақталып, қалыпты арнаға түседі, деп отыр олар.

Онлайн кредит машақаты

2020 жылдан бастап нарық ішіндегі МҚҰ қатары онлайн-кредит берушілермен толықты. Олардың дәстүрлі МҚҰ-дан басты айырмашылығы — борышкер мен кредитор арасындағы қарым-қатынас цифрлық технологиялар арқылы онлайн режимде жүзеге асады. Бірақ бұл нарық та қазір өзгерістерден кенде емес. Сарапшылардың айтуынша, елдегі микроқаржы қызметі туралы заңнаманы онлайн-кредит беретіндер тарапынан өрескел бұзу фактілері аз емес. Халықтың қарызға батуына да осы сектордағы кредиттің күрт өсуі әсер еткен. FinTeh қызметтердің қолжетімді әрі қарапайым болуы онлайн кредитті оңды-солды алатын борышкерлердің көбеюіне алып келген. Осылай деп дабыл қаққан депутаттар қазір ережені қатаңдатуды талап етуде. Ресми деректерге жүгінсек, онлайн-кредиттеу сегментіндегі қарыз алушылар саны 1,1 млн адамға жетіп, олардың 248 мыңы проблемалы борышкерге айналған.

Осы тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында ҚР ҚНРДА мен Ұлттық Банк жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін реттейтін қаулы шығарды. Атап айтқанда, 45 күнге дейінгі мерзім мен 50 АЕК-ке дейінгі соманың күндік номиналдық мөлшерлемесінің шекті мөлшерлемесі 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендетілді. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері 179%-дан аспауы тиіс. Осылайша, микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің шекті мөлшері үш есе азайды. Бірақ нарықтағы ойыншылар, бұл өзгерістің оң да теріс әсерлері болуы мүмкін деп отыр.

«Нарықты реттеудің оң және теріс әсерін атап өтуге болады. Оң әсері, соңғы 2–3 жылда кредит нарығының ауқымы күрт өсті. Мұндайда мемлекеттік органдар нарықты реттеп, керек болса шектеуге де тырысады. Сол себепті нарық заннама аясында реттелгені өте дұрыс. Алайда, мұндай шектеулердің кейін кейбір кредиттік ұйымдар жабылып, кейбірі көлеңкеге кетіп жатыр. Бұл заңнамадан тыс «жабайы нарықтың» дамуын ынталандыруы мүмкін. Өйткені кредиторлардың әр кредиттен алатын табысы мерзіміне қарай 3–5 есеге дейін азайып қалды. Осылайша кредиттік ұйымдардың жалпы түсімдері қысқарды», — дейді Қазақстан FinTeh қауымдастығының басқарма төрағасы Алексей Сидоров.

Қауымдастық мәліметінше, онлайн кредиттеу нарығының тұтынушылары 1,5 млн адамнан асады. Оның 70%-ы — өңір халқы, 30%-ы — ірі қалалардың тұрғындары. Орташа статистикалық борышкердің портреті табысы ортадан төмен, өзін жұмыспен қамтыған, тұрақты табысы мен кепілі жоқ, банк қызметтеріне қол жеткізе алмайтын әлеуметтік топ. Егер реттеу шаралары осы азаматтардың қысқа мерзімге онлайн кредит алу мүмкіндігін қысқартар болса, онда бұл әлеуметтік топ қаржы ресурсынан құр алақан қалады. Ал банктер бұл санаттағы борышкерлерді алуға дайын ба, жоқ па, ол басқа мәселе. Бұл тағы бір әлеуметтік қиындық тудыруы мүмкін. Реттеуші мекеме осыны да ескерсе екен, дейді нарық өкілдері.

Мамандардың пікірінше, қазіргі заңнама онлайн-кредит нарығының ерекшелігін, бизнес-моделін ескеріп отырған жоқ. «Микроқаржы секторына цифрлық шешімдерді енгізу арқылы онлайн-кредиторлар кредит рәсімдеу жолдарын жеңілдетіп, шалғай өңірлердің тұрғындары үшін микроқаржы ресурстарын қолжетімді етті. Олар осылайша маңызды әлеуметтік функцияны орындап жүр. Сол себепті де бізге бұл саланы реттейтін жеке нормативтік база керек», — деді Halyk Finance сарапшысы Санжар Қалдаров.

МҚҰ бизнес үшін

Микроқаржы ұйымдарының мүмкіндігі тұтыну кредиттерімен ғана шектелмейді. Әлемдік тәжірибеде МҚҰ кедейлікпен күресу құралының бір жолы. Олар тұрақты табысы немесе кепілзаты жоқ азаматтарға қаржылық қолдау көрсетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтуға және микробизнесті дамытуға ықпал етеді. Ресми деректерде Қазақстанның микроқаржыландыру нарығындағы кредит портфелі биылғы жарты жылда шамамен 5%-ға өсіп, 2,6 трлн теңгеге жеткені айтылған. Оған бизнес нысандарына берілген кредиттердің артуы әсер етуде. Бүгінде барлық микрокредиттің 58%-ы бизнес мақсатта берілген. Кәсіпкерлік субъектілеріне берілген кредит биылғы екі тоқсанда 8%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде заңды тұлғаларға 790 млрд теңге (өсім 3%), ал өзін өзі жұмыспен қамтитын жеке тұлғаларға (жеке кәсіпкерлермен қоса алғанда) 711 млрд теңге (өсім 14%) қарыз берілген.

Сарапшылардың айтуынша, бизнес мақсатта алынатын кредиттер сегментінің негізгі клиенті — ШОБ өкілдері мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар.Олар кредит портфелінің 63%-ын қарызға алған. Ал ірі бизнес нысандарының үлесі 28%. Шағын кредиттерді көбірек алатын өңірлер Павлодар (23%) және Қостанай (13%) облыстары, бұларда, әсіресе, минерал және электр өндіру секторлары көш басында. Ал Шымкент (10%), Астана (7,3%), Алматы (5,4%) қалалары мен Түркістан (9,8%), Жамбыл (5,3%) облыстарында суда және қызмет көрсету салалары белсенді.

МҚҰ қаржысы бизнес мақсатқа көбірек беріліп жатқанын нарық ойыншылары да растайды. «Портфеліміздің 90%-ы бизнес мақсатты қолдауға арналған, біраз бөлігі аграрлық секторға кетеді, кәсіпкерлер өсімдік, мал шаруашылығын белсенді түрде дамытып жатыр. Одан бөлек микрокредит кәсібін кеңейтіп, сақтап қалу мақсатында да беріледі. Клиенттер инфрақұрылымын жақсарту үшін, жаңа өндірістік қуатты дамытып, тауар және қызмет ассортиментін көбейту үшін пайдаланады. Кәсіпкерлердің түрлі қажеттіліктері болатынын түсінеміз және бизнестің әр кезеңі үшін ыңғайлы кредиттік шешім ұсынуға дайынбыз», — дейді «КМФ» МҚҰ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қарлығаш Райханова.

Ал Halyk Finance сарапшысы Санжар Қалдаровтың айтуынша, микроқаржы ұйымдарының бизнесті қолдауы елдегі әлеуметтік ахуалды жақсартуға да дем береді. «Нарықта құқықтық реттеудің ауыртпалығы, онлайн-кредиторларды реттеу, ауылдық жерлерге микрокредиттердің жетпеуі сынды қиындықтар бар. Тұтыну қарыздарының үлесі айтарлықтай басым. Дамыған елдерде, керісінше, микрокердит көбіне бизнес мақсатта алынады. Осы салаға, яғни бизнесті кредиттеуге ерекше назар аудару қажет. Бұл нарықтың өсуі үшін ғана емес, ЖІӨ-нің өсуіне, бизнестің белсенділігін арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға да ықпал етеді», — дейді Санжар Қалдаров.

Банк болайын деп едім…

Отандық микроқаржы ұйымдары болашақта банк ретінде түрленіп, өзгеруі ғажап емес, мұны МҚҰ өкілдері өздері де жоққа шығармайды. Бірақ әзірге Қазақстанда бірде-бір МҚҰ банк лицензиясын алған жоқ. Ербол Омархановтың айтуынша, қазір елімізде банкке айналу және банк құру талаптары бірдей. Десе де, трансформациядан кейін микроқаржы ұйымдарына банктермен бәсекелесуге тура келеді. «Банкке айналғаннан кейін МҚҰ өзінің негізгі қызметін жалғастыра береді. Яғни, ол банк лицензиясын алған жағдайда қазіргі қызметімен айналысады, бірақ банк статусында. Жаңа ойыншылар банк секторын толықтырып, біздің азаматтарға қосымша қаржы құралдарын жаңа статуста ұсынатын болады», -дейді МҚҰ қауымдастығының басшысы.

Айтпақшы, банкке айналу процесін алғашқылардың бірі болып KMF ұйымы бастады. Бүгінде заңнама аясындағы регламенттерді орындап жатқан бұл МҚҰ 2025 жылдың І жарты жылдығында банк лицензиясын алуы мүмкін. «Бәсекелестік деңгей жоғары болса, көрсетілетін қызмет сапасы да жақсара түседі. Бұл жерде біздің кеңселердің географиялық орналасуы жақсы артықшылық болып тұр. Сонымен қатар, клиенттерге ыңғайлы болу үшін күнделікті тұрмыста да пайдалы болатын цифрлық қызметтер ұсынуды жоспарлап отырмыз», — дейді «КМФ» МҚҰ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қарлығаш Райханова.

Жалпылай алғанда, отандық сарапшылардың дені Қазақстанның микроқаржы нарығын елдегі бизнесті дамытуға пайдаланып, бұл бағыттағы кредиттеу ауқымын арттыру керек деп есептейді. Дамыған елдерде МҚҰ-ның бизнесті кредиттеу үлесі 90%-ға жетеді, ал біз әзірше бұл деңгейге жақындай қоймадық. Бірақ корпоративтік портфель кеңейіп жатса, микроқаржы құралдары экономиканың дамуына дем беріп, қаржылай инклюзияны көтеретін маңызды құралға айналар деген үміт те жоқ емес.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте