Е-commerce: 2023 жылы елімізде смартфондардың 77,5%-ы онлайн сатылған

Ковид пандемиясы тұсында кеңінен қалыптасып, өріс алған онлайн сауда келбеті бүгінгі таңда әрі қарай түрленіп, өзгеріске ұшырауда

Электронды коммерцияның негізгі қозғалтқыш күштерінің қатарына енді жасанды интеллект пен толықтырылған шынайылық сынды жаңа үрдістер қосылуда.

Statista.com өз шолуында электронды коммерцияның 2024 жылға тән жаһандық тенденциялары ретінде бірқатар бағыттарды мысал етеді. Оның ішінде: цифрлық әдістер мен шынайы жағдайды біріктіріп, интерактивті негізде әрекет етуге мүмкіндік беретін кеңейтілген шынайылық аясындағы сауда жасау бағыты да бар. Сарапшылардың айтуынша, бұл тенденция онлайн сауданы дамытуға көптеген мүмкіндік береді, оның ішінде тауарды қайтару көрсеткішін азайтуға да септік етсе керек.

Олар, сондай-ақ тауарды іздеу барысындағы инновациялар іздеу тәсілін өзгертіп, сатып алуды интерактивті және интуитивті деңгейге шығарады деп отыр. Бұл технологиялар сатып алушыға жекелеген мүмкіндіктер бермек, айталық, аудио- және визуал әдістерге сүйеніп, тауар іздеу дегендей, сәйкесінше сатып алушының тауарларды салыстырып, сұрыптау мүмкіндігі де кеңейе береді, дейді мамандар.

Statista.com сарапшылары алға тартқан кезекті тенденция – жасанды интеллект (ЖИ) және дербестендіру, яғни персонализация дегенге келіп тіреледі. Олардың пікірінше, онлайн негіздегі тауар сатып алу барысын дербестендіріп, клиенттерге қызмет көрсетуді жақсартуда ЖИ шешуші рөл атқаратын болады. ЖИ мүмкіндіктері кеңейген сайын сатып алушы өзіне қажет тауарларды тез әрі оңай сатып ала алды, өйткені жасанды интеллект сатып алушының сұранысы мен талғамына қарай бейімделіп, оған қажетті тауарды өзі таңдап беретін деңгейге жетпек (бірақ бұған сатып алушы қаншалықты дайын?).

Әрине, онлайн сауданың негізгі қозғалтқыш күші мобильді технологиялар мен мобильді төлемдер екендігі даусыз. Сарапшылардың айтуынша, бұл технологиялар қазір өзіндік эволюцияға ұшырап жатыр. «Электрондық әмияндар мен мобильді төлемдердің таңдаулы әдістеріне айналған мобильді коммерция қарқындап өсуде. Өз кезегінде, бұл ыңғайлы да дербес төлем жолдарын қалайтын сатып алушы үшін мол мүмкіндік», - дейді олар бұл тұрғыда.

Онлайн сауданың болашағы туралы өз шолуында, сарапшы қауым, сондай-ақ этика және тұрақты даму деген тенденцияға мән береді. Бұл арада, олар, алдағы уақытта тұтынушылардың сұранысы мен таңдауы экологиялық тиімді әдістер мен өнімдерге қарай икемделе түседі деген пікір айтады. Сол себепті де бөлшек саудадағы сатушылар өз жұмысында тұрақтылық және этикалық нормаларға негізделген операцияларды қолдануға мәжбүр болады, деп көрсетеді Statista.com сарапшылары.

Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстанда электронды коммерция негізінде ең көп сатылған тауарлар – ересектерге арналған киім-кешек пен аяқ киім болған. Бұл жайында отандық e-commerce нарығын зерттеп, маркетплейстердегі тауарлар мен қызметтерді жиі пайдаланатын тұтынушылар арасында сауалнама жүргізген Freedom Finance Global сарапшылары мәлім еткен-ді. Қазақстандық сарапшылардың сауалнамасына республика бойынша екі мыңнан астам тұтынушы қатысқан. Олардың ішінде 58,6%-ы соңғы он екі айда e-commerce нарығында кем дегенде бір рет сауда жасағанын айтқан.

Сол сияқты, өткен жылы бұл нарықта ең көп сатылған тауарлар арасында: косметика және парфюмерия (39,4%), гигиена құралдары (29,3%), шаруашылық тауарлар (29,2%), смартфондар мен планшеттер (39,3%), электроника (24,3%), ас үйге арналған тұрмыстық ұсақ техника (22,4%), компьютерлер мен ноутбуктар (20,7%) бар. Қазақстандық тұтынушылар, сондай-ақ әртүрлі іс-шараларға билет сатып алу үшін де негізінен онлайн саудаға жүгінетін көрінеді (22,6%).

Ал отандық e-commerce нарығында 2023 жылы ең аз сатылған өнімдердің арасында: саяжайға, бау-бақшаға арналған тауарлар (10,7%), кесілген гүлдер мен гүл шоқтары (9,8%), балаларға арналған спорттық тауарлар (6,4%) және алкоголь түрлері (5,3%) болған.

Сарапшылар өз зерттеуінде, былтыр еліміз бойынша онлайн-алаңдар арқылы жиі сауда жасаған тұтынушылардың жас шамасын 16–19 және 20–24 жас төңірегінде деп көрсетеді. Бұл жастағы тұтынушылар өткен жылы күн сайын-дерлік (сәйкесінше 13,6% және 11,9%) немесе айына 2–3 рет (57,8% және 47,3%) сауда жасаған. Басым бөлігі киім-кешек пен аяқ киім сатып алуға ден қойған (63%). Есесіне 45–55 жас аралығындағы қазақстандықтартар былтыр e-commerce нарығында жарты жылда бір рет қана тауар сатып алғанын айтқан.

Айтпақшы, былтыр қазақстандықтар ең көп онлайн тапсырыс берген маркетплейстер қатарында: ресейлік, қазақстандық және қытайлық платформалар бар. Бұл жайында Freedom Finance Global сарапшысы Ансар Абуев айтып отыр. «Ресейлік алаңда қазақстандықтар былтыр көбінесе киім, аяқ киім (63,7%), азық-түлік (38,3%), тоқыма (63,4%) және балаларға арналған киімдер мен аяқ киімдерді (60%) сатып алған. Ал отандық және қытайлық алаңдарда негізінен сөмкелерге, белдіктер мен аксессуарларға көбірек тапсырыс берген (сәйкесінше 36,8% және 30,9%)», - дейді ол.

Сол сияқты, сарапшы маманның айтуынша, e-commerce нарығында белсенділік танытып жүрген қазақстандықтар әдетте – тауар сатып алмас бұрын – тауарға қатысты өзге тұиынушылардың пікірімен танысып (83,6%), өзге де онлайн алаңдардағы тауар құнымен салыстырғанды (69%) жөн көреді екен. Сауалнамаға қатысқан респондендеттрдің тағы бір бөлігі (59,7%) онлайн сауда барысында тауарды оның фотосуретіне қарап таңдайтынын айтқан.

Сарапшылардың айтуынша, былтыр, сондай-ақ қазақстандықтар смартфондар, планшеттер (50%), электроника (45,8%), ас үйге арналған тұрмыстық техника (45,1%), компьютерлер, ноутбуктар (46,1%) сатып алуда отандық маркетплейске жүгінгенді жөн көрген.

Мысалға, 2023 жылы Қазақстанда 3 749 000 смартфон сатылған. Еліміздегі экономикалық тұрғыда белсенді бір азаматқа шаққанда 2,5 телефоннан келетін көрінеді. Жұмсалған ақша 689 172 000 000 теңге. Сатылған смартфонның орташа құны – 183 828 теңге (2022 жылмен салыстырғанда 11% төмен көрсеткіш). Бұл туралы Freedom Mobile компаниясының сапаны бақылау бөлімінің басшысы Біржан Смажан айтқан болатын. Оның сөзінше, экономикалық белсенді бір тұрғынға шаққанда үш адамнан тұратын бір отбасында 5 смартфон бар. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы смартфондар бағасы елімізде 8%-ға өскен.

Сарапшы қауымның айтуынша, 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда ең көп сатылған смартфон OPPO (19 135 дана) болған. Одан кейін Sumsung Galaxy A34 және Sumsung Galaxy A14 смартфондарына сұраныс байқалған. Қазақстандықтардың 86,3%-ы Android смарфондарын таңдаса, IOS смартфондарын отандық тұтынушылардың 13,7%-ы сатып алған.

Ескеретін жайт, нарық ішінде заңсыз сатылатын смарфондар да жоқ емес. Сарапшылар алға тартқан деректерге жүгінсек, былтыр Android смарфондарының 8%-ы, IOS смартфондарының 40%-ы заңсыз сатылған.

«2023 жылы смартфондардың 77,5%-ы онлайн сатылса, 22,5%-ы оффлайн сатып алынған. IOS смартфондарының 40%-ын саудагерлер шетелден алып келіп сатқан. Бұл заңсыз сатылым. Бағасы арзан болса да, дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Ондай смартфонды толық жөндеуге ешкім кепіл бермейді», - дейді Біржан Смажан.

Айтпақшы, елімізде жыл сайын сатылымға шығатын смартфондардың 90%-ы бөліп төлеу жолымен немесе кредит негізінде сатып алынады екен.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте