Баланың көңілі — технологияда
Бүгінгі таңда білім беру саласында үлкен өзгерістер жүріп жатыр

Жаңа технологиялардың дамуымен мұғалімнің рөлі де күрделене түсті: өз оқушыларының білімге деген құштарлығын арттыру үшін оларға қазір көп ізденуге тура келеді. Ал баланы кез келген пәнге қызықтыру үшін материалды өмірмен немесе оқушылардың қажеттіліктерімен байланыстыра білу маңызды. Әйтпесе оқушылардың елеулі бөлігінің сабаққа деген ықыласы төмендеп кетеді, мұны халықаралық деңгейдегі бірқатар зерттеулер де көрсетіп отыр.
Осы мәселенің бірі шешімі ретінде кейінгі жылдары кең таныла бастаған Project-Based Learning (PBL) әдісін мысал етуге болады. Бұл әдіс оқушылардың білім алуға деген ынтасы мен ықыласын арттыратын тиімді жолдың бірі. PBL арқылы балалар нақты өмірмен байланысты мәселелерді шешуге бағытталған жобалар жасап, жаңаша тәсілдер мен креативті шешімдер ойлап табуға талпынады. Сөйтіп, оқушылардың бойында сыни ойлау, креативтілік, командада жұмыс істеу машықтары дамиды. WORLDMETRICS.ORG жариялаған PBL әдісінің студенттердің жетістіктеріне әсері туралы 2024 жылғы есебінде білім алушылардың 94%-ы жобалық оқыту материалын жақсырақ меңгеретіні айтылған.
Жобалық оқыту әдісі қарапайым тәсілдермен ғана шектелмейді. Мысалы, бір жоба аясында оқушылар веб-сайт жасауы мүмкін. Сол арқылы олар тек техникалық машықтарды ғана емес, шығармашылық танымын да шыңдай алады. Бұдан бөлек зерттеу және топтық жобалар бар. PBL әдісінде мұғалімнің рөлі дәстүрлі ұғымнан әлдеқайда ауқымды. Мұнда мұғалім оқушыларға бағыт-бағдар беретін фасилитатор рөлін атқарады. Ол оқушыларға топтық жұмыс барысында қолдау көрсетіп, қажетті ресурстар ұсынады және процесті басқарады. Ал оқушылар зерттеуді өздері жүргізіп, мәселенің шешімін ұсынады. Бұл балалардың дербес ойлай білу қабілетін дамытып, жауапкершілігін және өзіне деген сенімін арттырады.
Мойындау керек, технологиялар дамыған сайын мұғалімге оқушының назарын баулу оңай емес. Сондықтан да гаджеттер мен цифрлық платформаларды «жау» көрмей, керісінше, оларды пайдаға асырған дұрыс. Мысалы, мұғалімдер чат-боттар немесе ЖИ платформалары көмегімен әп-сәтте оқушыларға арналған онлайн-квиздер мен ойындар жасай алады. Ойын элементтері оқушылардың мотивациясын арттырумен қатар, олардың оқу процесіне белсенді қатысуына ықпал етеді. Яғни, технологиялар арқылы сабақты оқушылардың жеке деңгейіне бейімдеп, әр оқушының қажеттілігіне сәйкес тапсырма беруге болады. Бүгінгі мұғалім жаңа нәрсеге үнемі ашық болып, цифрлық буын өкілдерімен қарым-қатынас орнатудың қыр-сырын меңгеруі керек. Қазіргі мектеп оқушылары гаджетпен бірге өсіп келеді, ендеше мұғалім де оларға түсінікті тілде сөйлей білуі маңызды. Бұл оқушылардың қызығушылығын сақтап қана қоймай, толассыз ақпарат заманында маңызды машықтарды игеруге де көмектеседі.
Білім беру процесінің негізгі элементі — мұғалімнің шынайылығы. Баланың пәнге деген ықыласын, оның қаншалықты жетістікке жете алатынын анықтайтын — мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас. Қазіргі таңда мұғалім оқушыға жол көрсетіп, оның бойында маңызды құндылықтарды қалыптастыратын, өмірден өз орнын табуға көмектесетін тұлға. Оқушы мұғалімнің өзіне деген шынайы пейілі мен қолдауын сезінсе, оқу процесі де барынша тиімді әрі қызықты өтеді.
Әрине, сабақты қызықты етіп өткізу — оңай жұмыс емес, оқушылардың қажеттілігін ескеруді талап ететін өзіндік өнер. Жобалық оқыту, технологиялар мен ойын элементтерін ұштастыра отырып, оқушыға тапсырма беру ізденісті қажет етеді. Осылайша мұғалім өз оқушыларының академиялық көрсеткіштерін жақсартумен қатар, жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі әлемде олардың табысқа жетуіне де ықпал етеді.