Қазақстанда электромобиль тек қала көлігі ретінде қалуда

Бір жылда еліміздегі электромобильдер саны екі есе артқан.Әйтсе де отандық автокөлік паркіндегі электромобильдер үлесі ауыз толтырып айтатындай емес – бар болғаны 0,04% ғана
ФОТО: © Depositphotos/BiancoBlue

Мұндай мәліметтерді өз шолуында Energyprom.kz сарапшылары алға тартады.

ҚР ішкі істер министрлігінің 2022 жылдың наурызы мен биылғы наурыз айы аралығындағы статистикасы көрсетіп бергендей, елімізде электромобильдер саны біршама өскен: 631-ден 1,9 мыңға дейін.

Электрлі қозғалтқышы бар автокөліктер, әсіресе, былтырғы жылдың желтоқсан айынан бері көбірек тіркеле бастаған: бір айда бірден 521 «жасыл» көлік қосылған. Сонымен қатар, биылғы қаңтар мен наурыз айлары арасында сатылған электромобиль саны да айтарлықтай артқан.

Соңғы он жылда электромобиль саны бойынша мұндай елеулі өзгеріс осымен алғаш рет көрініс беріп отыр. Айта кету керек, электр көліктері бойынша мәліметтерді Ұлттық статистикалық бюро 2012 жылдан бері жариялап келеді. Бұған дейін электромобильдер санының күрт өсуі 2016 жылдың 1 қаңтарында байқалған болатын: 785 машина.

Десек те, сан жағынан көрініс берген өсу динамикасына қарамастан, Қазақстанның автокөлік паркіндегі электромобильдер үлесі әлі де болса өте аз: былтырғы жылдың наурыз айында электромобильдер үлесі 0,01%-ды құраса, биылғы жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сай олардың үлесі бар болғаны 0,04%-ға дейін ғана өскен.

Айтқандай, елімізде ресми тіркелген 1,9 мыңдай «жасыл» көліктің 1,6 мыңын жеңіл көліктер құрайды. Олардың жалпы үлесі 84%.

Электрлі қозғалтқышы бар жүк көліктері мен автобустардың үлесі әзірше аса көп емес: сәйкесінше 8,8% және 6,9% ғана. Статистикалық есептерде көрсетілгендей, еліміз қоғамдық көліктердің бұл түрінің басым бөлігін сатып алуға былтырғы желтоқсан айынан бастап кіріскен. Сол тұста бірден 109 электрлі автобус тіркелген болса, былтырғы наурыз айының соңында олардың саны 134-ке жеткен.

Қоғамдық көліктерді «жасылдандыру» үрдісі, негізінен, Астана және Алматы қалаларында байқалуда. Елордада тіркелген электрлі автобус саны 67, ал оңтүстік астанада – 32. Алайда, астаналық автопарктердің есеп мәліметтерінде алшақтықтар болса керек. Мысалға, Астана әкімшілігі баспасөз қызметінің ақпаратында, 2022 жылы бұл мегаполисте қала ішіндегі маршруттарға электрлі қозғалтқышы бар 115 автобус шыққаны туралы айтылады. 2023 жылдың соңына дейін Астанадағы электрлі автобустар санын 300-ге дейін арттыру жоспары да бар көрінеді...

Жалпы, еліміз бойынша батарея негізінде қозғалысқа келетін автокөліктердің басым бөлігі, яғни 1,2 мыңы не 63,9%-ы Алматыда тіркелген. Мұны бірнеше фактормен түсіндіруге болады, оның ішінде бұл қалада миллионер бизнесмендердің көбірек шоғырлануымен де.

Екінші орында – Астана қаласы, бірақ Алматымен салыстырғанда ел астанасында жүйткіп жүрген электромобильдер саны бәрібір аз – 249 ғана.

Бұл тұрғыдағы жетекші өңірлер қатарына Алматы облысын да жатқызуға болады: 2023 жылдың 1 сәуіріндегі ақпаратқа сай, бұл облыста 100 шақты экоавто тіркелген.

«Жасыл» көліктердің ең аз саны Ақмола (4), Ұлытау (4) және Солтүстік Қазақстан (2) облыстарында байқалған.

Айтпақшы, ҚР парламент мәжілісі депутаттарының бірқатары, Қазақстандағы «жасыл» көлік санын ұлғайтып, дамытуды тежеп отырған фактордың бірі ретінде – елімізде электромобильге қажет инфрақұрылымның артта қалуын алға тартады. Қазіргі таңда облыс орталықтарының бәрінде де электрлі көліктерді зарядтаушы қоғамдық станциялар бар деп айта алмаймыз, ал аймақаралық трассалар бойындағы арнайы станциялар туралы сөз қозғаудың өзі артық. Осының салдарында дәл қазір Қазақстанда электрокөліктер тек қалада жүруге арналған көлік түрі ретінде қалып отыр.

Сол сияқты, отандық автонарықты жіті назарға алған сырт көз сарапшылар, еліміздегі электромобиль санына қатысты ресми деректерге күмәнмен қарайтындарын да жасырмайды. Өйткені, ішкі істер министрлігінде көлік тіркеу барысында көлік иелерінен отын түрін көрсету сынды міндетті талап жоқ, дейді олар.

Оның сыртында, бүгінде Қазақстан көшелерінде жүйткіп жүргін электромобильдердің бір бөлігі – гибридті болып табылады, яғни олардың қозғалтқышы бензинмен де, электр қуатымен де жүре алады. Ал аралас отынды қолданатын көліктер бойынша ІІМ бөлек статистика жүргізеді. 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сай, елімізде аралас отынмен жүретін 337,8 мың көлік тіркелген. Ал олардың ішінде электрлі гибрид көліктердің үлесін нақты анықтап көрсету мүмкін емес.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте