Еңбек нарығы: қазақстандықтар жалдамалы негізде жұмыс істеуге құлықты

25057

2023 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысына сай, еліміздегі жұмыспен қамтылған халықтың елеулі бөлігі сауда, білім беру салалары мен өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүр

ФОТО: pixabay.com

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (ҚР СЖРА) Ұлттық статистика бюросы деректеріне сай, биылғы жылдың ІІ тоқсанында еліміздің еңбек нарығында жұмыспен қамтылған халықтың елеулі бөлігі дәл осы салаларда байқалған: 16,6%-ы – саудада, 12,9%-ы – білім беру саласында, 12,3%-ы – өнеркәсіпте және 12,2%-ы – ауыл шаруашылығында.

Ел халқының жұмыспен қамтылу көрсеткішін зерттеп, талдаған Ұлттық статистика бюросы мамандарының мәліметінше, жалпылай алғанда, 2023 жылдың ІІ тоқсанындағы жағдайға сай Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында 9,6 млн адам жұмыс істеп жүргені анықталған.

Оның ішінде жалдамалы негізде жұмыс істейтіндердің саны 6,9 млн адам, бұл – ел бойынша жұмыспен қамтылған халық санының 76,2%-ы. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2,2 млн адамды құрайды: ел экономикасында жұмыс істеп жүрген жалпы халықтың 23,8%-ы.

Ұлттық статистика бюросы деректеріне жүгінсек, 2022 жылдың ІІ тоқсанымен салыстырғанда, биылғы ІІ тоқсан қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 144 мың адамға көбірек болған, негізінен, жалдамалы жұмыскерлер (104,1 мың адам) есебінен. Биыл, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны да біршама артқан – 39,9 мың адамға.

Айта кетейік, статистика саласы мамандарының түсіндіруінше, «жалдамалы жұмыскер» деп – еңбек шарты бойынша не азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлға танылады, бұл арада жұмыс уақытының тәртібі мен ақысы (өндірілген бір тауар не көрсетілген қызмет бойынша) тапсырыс беруші тарапынан белгіленеді.

Ал «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» адамдар қатарына жалдамалы емес түрде, яғни өзі өндірген өнім немесе өзі орындаған қызмет негізінде табыс (кіріс) тауып, өз-өзіне жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар жатқызылады.

Айтқандай, 2023 жылдың ІІ тоқсанында еліміздегі жұмыссыздар саны 452,6 мың адамды құраған (Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамасы бойынша есептегенде). Ал жас шамасы 15-тен 34-ке дейінгі жастар арасында жұмыссыздық көрсеткіші 3,6%-ды құраған. Сол сияқты, еш жерде жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын және кәсіби білім алуға ұмтылмайтын NEET санатындағы жастардың үлесі 7,5%-ды құраған.

Айта кетейік, халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сай, «жұмыссыздар» деп табыс беретін кәсібі, жұмысы болмаған, бірақ белсенді түрде жұмыс іздеп, жұмысқа кірісуге дайын тұрған тұлғалар танылады.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2023 жылдың шілде айының соңында жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер саны 293,5 мың адамды құраған. Тіркелген жұмыссыздардың жұмыс күшіндегі үлесі – 3,1%.

Айтпақшы, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (министрлік) тамыздың басында жария еткен мәліметке жүгінсек, биыл шілде айында Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер тарапынан бос жұмыс орны туралы 98 мың түйіндеме, ал жұмыс іздеушілерден 93,4 мың түйіндеме тіркелген. Алдыңғы маусым айымен салыстырғанда шілдеде бос жұмыс орындарының саны 8,1 мыңға (+9%) өскен.

Министрлік ақпаратынша, электрондық биржа арқылы бос жұмыс орнын ең көп ұсынған жұмыс берушілер қатарында әрқилы қызмет түрлері бойынша кәсіпорын өкілдерін (айына 10,2 мың жұмыс орны немесе маусым айына шаққанда +6%), негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарын (айына 7 мың жұмыс орны, +7%) және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын (айына 6,1 мың жұмыс орны, +24%) айтуға болады.

Былайша айтқанда, шілде айында электрондық биржада мұғалімдерге және ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс жоғары шыққан, бұған, сірә, алдағы жаңа оқу жылына және тамызда басталатын егін жинау науқанына деген әзірлік септік етсе керек.

Жалпы, 2023 жылдың шілдесінде жұмыс берушілер тарапынан біліктілікті қажет етпейтін мамандарға деген елеулі ізденіспен қатар, колл-орталық операторларына (2,1 мың), автокөлік жүргізушілеріне (1,9 мың) және күзетшілеріге (1,6 мың) деген сұраныс жоғары болған.

Министрлік ақпаратынша, алдыңғы маусым айымен салыстырғанда, шілдеде, сондай-ақ халықты әлеуметтік қолдау қызметінің мамандарына (+440 бос жұмыс орны), тігіншілерге (+251) және арматурашыларға (+251) деген сұраныс күрт өскен.

Электрондық еңбек биржасында шілде айында орналастырылған бос жұмыс орындары туралы түйіндемелер саны, маусым айымен салыстырғанда, әсіресе, Түркістан (+5,1 мың немесе +158%), Абай (+1,9 мың немесе +98%), Ақтөбе (+2,2 мың немесе +60%) облыстарында ұлғая түскені байқалған.

Айтпақшы, шілде айында электрондық биржаға бос жұмыс орындары жөнінде түйіндеме орналастырған жұмыс берушілер тарапынан ең жоғары жалақы инженер-гидролог мамандарына (800 мың теңгеден бастап), сәулетшілерге (750 мың теңгеден бастап) және өнеркәсіптегі бөлім басқарушыларға (696 мың теңгеден бастап) ұсынылыпты.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить