Мектептер саны қалаларда ұлғайып, ауылдарда қысқарып барады

32260

Ресми деректерге сүйенсек, биыл Қазақстанда 270 мың оқушыға орта мектептерде орын тапшы: қалалық жерлерде – 174 мың, ауылдарда – 96 мың орын жетіспейді

Фото: © Depositphotos.com/kzwwsko

Ресми деректерге сүйенсек, биыл Қазақстанда 270 мың оқушыға орта мектептерде орын тапшы: қалалық жерлерде – 174 мың, ауылдарда – 96 мың орын жетіспейді.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көрсеткіштің 59%-ы Түркістан, Алматы облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларына қатысты.

Сол сияқты, бүгінде ел бойынша «тозығы жеткен» дейтін мектептер саны да аз емес. Мұндай деректі «QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы алға тартты.

«Елдегі 710 мектептің тозығы жеткен. Оның 177-сі 70 жылдық тарихы бар ғимаратта орналасқан. 47 мектеп апатты жағдайда, 300-ден астам мектеп саман мен ағаштан салынған, стандартқа сай емес», - дейді сарапшы маман.

ҚР оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың соңына дейін елімізде барлығы 132 мың орындық білім беру ұйымдары пайдалануға берілмек. 2023–2024 жаңа оқу жылы қарсаңында 194 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ағымдағы жылдың соңына дейін шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан 1000 мектеп күрделі және ағымдағы жөндеу, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын, кітапханаларды, асханаларды жаңарту, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында модернизациядан өтуі тиіс.

«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының арқасында 25 мың орындық 13 мектеп, сондай-ақ жергілікті бюджет және жеке инвестиция есебінен 30 мың орындық 26 мектеп ашылады. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда, оның шеңберінде 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Соңғы үш жылда 340 мың орындық 626 мектеп пайдалануға берілді», - деп көрсетеді өз ақпаратында оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Айтпақшы, биылғы жылдың 28 қыркүйегінде жария етілген «Қазақстан: Инклюзивті және тұрақты өсуге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны нығайту» атты шолуында Дүниежүзілік банк сарапшылары: «Қазақстанда мектеп кеңістігін ұлғайтуға сұраныс жоғары» деп көрсетеді, әсіресе, ел халқы Алматы, Астана, Шымкент сынды ірі қалаларға қоныс аударуға мүдделі екендігіне назар аударып. Дегенмен, жаһандық сарапшылардың пікірінше, елде мектеп инфрақұрылымының дұрыс жоспарланбауы оқушыларды мектептердің 75%-да екі және үш ауысымда оқытуға мәжбүр етуде, ал «бұл оқу уақытын қысқартып, білім сапасына нұқсан келтіреді» дейді олар.

«Ұлттық білім беру саясатына сәйкес елде қосымша 1000 мектеп салу жоспарлануда. Олардың қолданысқа енгізілуімен мұғалімдерге деген қажеттілік те арта түседі. Бұл сұранысты қанағаттандыру үшін жоғары тиімділікке қол жеткізу бағыттарын зерттеу қажет – мектептер мен педагогикалық ұжымды оңтайландыру есебінен, әсіресе, орта буыннан бастап. Географиялық тұрғыда Қазақстан халқы кеңауқымды аумақта біркелкі емес орналасқан, сондықтан да әрбір белгіленген аумаққа жақын маңда бастауыш білім беруді жалғастыру өте маңызды. Бірақ орта деңгейден бастап, мұғалімдер саны көбірек шоғырланған ауқымды өңірлердегі ірі мектептерге назар аударған дұрыс», - деп көрсетеді Дүниежүзілік банк сарапшылары.

Аятжан Ахметжанұлы
Аятжан Ахметжанұлы

Өз кезегінде, «QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің Қостанай, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Семей сынды қалаларында мектепке деген сұраныс аса көп емес. Есесіне Түркістан, Алматы облыстары мен Астана, Шымкент,  Атырау, Ақтау, Қызылорда қалаларында оқушы орындарына деген сұраныс жоғары.

«Бұл өңірлерде сұраныстың көп болуына екі себеп бар: туу деңгейі мен көші-қон өсімі жоғары. Ресми деректер көрсетіп отырғандай, елдегі барлық балалардың 22%-ы Түркістан облысы мен Шымкентте дүниеге келген», - дейді ол.

Сондай-ақ, Аятжан Ахметжанұлы, жыл сайын еліміздің қалалық жерлерінде мектептердің саны артып келеді деп отыр. Алайда, ауылдардағы мектеп саны, керісінше, азая түскен.

«Соңғы 10 жылда қалалардағы мектептердің саны 1891-ден 2445-ке дейін өссе, ауыл мектептері 5830-дан 5279-ға дейін азайған. Үш ауысымды мектептердің саны да қысқарды. Десе де, жаңа мектептерді енгізудің қарқыны елдегі, әсіресе, ірі қалалардағы демографиялық және көші-қон процестеріне ілесе алмайды. Астана мен Алматыда халық саны жыл сайын көбейіп келеді. Оған салынып жатқан көп қабатты үйлер дәлел. Өкініштісі, мектеп құрылысы кеш жүреді. Үйдің қабырғасы қаланғанда әлеуметтік нысандар, яғни мектеп, емхана, көлік, коммуникациялық инфрақұрылым бөлек емес, бір уақытта салынуы керек...

Ауылда жағдай жоқ деп жұрт қалаға көшуде. Қала мектебінде орын жетпеуінің себебі де осы. Мемлекет нақты жоспар құрып, жұмыс істеуі керек. Көш осылай жалғаса берсе, бұл жағдай білім сапасына әсер етпей қоймайды.

Ғылыми және практикалық тұрғыдан келсек, мектептерде оқыту бір ауысымда болуы керек. Бұл оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де оңтайлы. Әлемнің дамыған елдерінде оқу процесі дәл осылай құрылған. Негізгі сабақты оқушылар таңертең оқуы керек. Ал бізде ше? Оқушының уақыты білім орталықтарын жағалаумен өтеді. Баланы қаланың әр бұрышына тасып жүреміз», - дейді «QAZBILIM GROUP» басқарма төрағасы.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі келтірген деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда республика бойынша 7724 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде ауылдық жерлерде 5279 мектеп болса, қалаларда 2445 мектеп бар. Бір ауысымды 2740 мектеп, екі ауысымды 4847 мектеп және үш ауысымды 137 мектеп жұмыс істеуде. Аралас (екі тілді) мектептердің саны – 2294.

2023–2024 жаңа оқу жылында Алматы қаласында 1-сыныпқа 30 146 бала қабылданған, оның ішінде жекеменшік мектептерге барған балалардың саны 3789. Айтқандай, 2019–2021 жылдары елімізде 94 696 орындық 287 жекеменшік мектеп ашылған. Биыл бұл көрсеткіш 563 мектепке жетті. Жекеменшік мектептердің 161-і қазақша, 104-і орысша, 298-і аралас тілде білім береді.

Манар Рахманбергенова
Манар Рахманбергенова

Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы Дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының аға әдіскері Манар Рахманбергенованың айтуынша, соңғы жылдары елімізде жекеменшік мектепке деген сұраныс жоғары.

«Бүгінде ата-аналар баласын ақылы мектепке бергенді жөн көреді. Мұнда баланың спортпен айналысып, сабақ оқып, пәндік олимпиадаға қатысу мүмкіндігі мол. Мысалы, қазір Алматыда – 100, Астанада 51 жеке мектеп бар. Олардағы оқу ақысы 200 мыңнан басталады. Кей мектептерде бір оқушының оқу ақысы айына 1,25 млн теңге шамасында. Оқу ақысы бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін – әртүрлі төленеді», - дейді ол.

Айтпақшы, Дүниежүзілік банктің 28 қыркүйекте жария етілген шолуында қазақстандық оқушылардың «үштен екісі заманауи әлемде табысты жұмыс істеуге дайын емес» делінген. Жаһандық сарапшылардың түсіндіруінше, мұны қазақстандық оқушылардың «функционалдық сауатсыздық деңгейі» көрсетсе керек. Олардың айтуынша, NIS мектептері оқушыларының функционалдық сауатсыздығы (6%) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі көрсеткіштен (22,6%) айтарлықтай төмен. Алайда, Қазақстандағы орта білім беретін мемлекеттік мектептердегі балалардың 64,2%-ы функционалдық тұрғыда сауатсыз деп сипаттауға тұрады.

«2000–2018 жылдары Қазақстанның білім беруге жұмсаған шығыны жалпы ішкі өнімнің 2,3–3,9%-ын құрады, бұл табыс деңгейі ортадан жоғары дейтін елдермен (ЖІӨ-нің 3,8–4,4%-ы) салыстырғанда төмендеу. Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстан NIS мектептерінде оқитын бір оқушыға төрт есе көп ақша жұмсаған, бұл ел ішіндегі барлық орта мектеп оқушыларының 0,4%-ын ғана құрайтын көрсеткіш. Қазіргі таңда қазақстандық оқушылардың шамамен үштен екісі заманауи әлемде табысты жұмыс істеуге дайын емес, мұны 64% деңгейіндегі функционалдық сауатсыздық көрсеткішіне қарап айтуға болады. Орташа есеппен алғанда, Атыраудағы оқушылар NIS мектептеріндегі құрдастарынан төрт жылдай артта қалған, ал жағдайы өте төмен және мүмкіндігі жоқ оқушылар елдегі орташа көрсеткіштен де едәуір артта», - деп қосады жаһандық сарапшылар.

Жалпы, Дүниежүзілік банк мамандарының пікірінше, Қазақстанда NIS мектептеріне оқушы қабылдау аса прогрессивті емес, өйткені онда білім алып жүрген оқушылардың көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарапайым мектептердегі балаларға қарағанда айтарлықтай тәуір.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить