EdTech: Білім саласында технологиялар заманы жүріп тұр

33333

Сарапшылардың болжамынша, 2028 жылға қарай білім беру технологияларының жаһандық нарығы $696 млрд бағаланатын болады

Фото: © Depositphotos.com/Dmyrto_Z

Алдағы бес жылда бұл нарықтағы орташа өсу қарқыны жылына 15,22%-ды құрайды, деп отыр сарапшылар, бұған, негізінен, онлайн білімнің жеделдеп дамуы септік етсе керек. Айта кетейік, жаһандық білім беру технологиялары нарығының көлемі 2022 жылы $297,56 млрд бағаланған болатын.

EdTech, яғни білім беру технологиялары нарығы – білім беру және оқыту тәжірибесін жақсарту барысында жаңа технологияларды қарқынды қолданып, дамып жатқан сала. Бұл нарықта білім саласындағы кез келген қажеттілікті қанағат етуді көздейтін әртүрлі цифрлық құралдар, платформалар, қызметтер кеңінен ескерілген. Оның ішінде, жалпы білім беруден арнайы және жоғары білімге, корпоративтік оқыту мен өмір бойы оқу мүмкіндігіне дейін. Бұған, әрине, цифрлық құрылғы, девайстардың, интерактивті дисплейлер мен SD-карталардың кең таралуы мен интернетпен қамтылу көрсеткіші, жасанды интеллектіні ендіру және мәліметтерді талдау жетістіктері, т.б. технологиялық жаңалықтар септік етуде.

Айтпақшы, қазақстандық Wunder Digital маркетингтік компаниясы жария еткен деректерге сай, 2022 жылы елімізде 17,3 млн шамасындай адам интернет желісіне қол жеткізе алған (19,5 млн адамға шаққанда 85,9%-ы). Өз кезегінде, халықаралық Wisevoter ресурсының дерегінше, 2022 жылы Қазақстан халқының 85,9%-ы интернетпен қамтылғаны мәлім болған: бұл тұрғыда  халықаралық ресурс 149 елдің ішінде Қазақстанды 42-орынға жайғастырған болатын. Яғни, еліміздегі интернетке қосылу көрсеткіші EdTech нарығының біздің елде де қалыптасып, дамуына есптік етуі тиіс...

 Сарапшы мамандардың айтуынша, білім саласына жаңа технологиялардың дендеп енуімен білім беру барысы да түрленіп, ізденушілердің білімге деген зейін-ынтасы артып келеді. Қазіргі таңда EdТech нарығына ықпал етіп отырған бірқатар факторлардың ішінде, олар, қашықтан оқыту барысындағы икемді шешімдерге деген сұранысты, инклюзивті білім беруді ілгері жылжытуды және технологиялық прогреске деген ұдайы ұмтылысты мысал етеді.

Тамерлан Абсалямов, Freedom Finance Global сарапшысы
Тамерлан Абсалямов, Freedom Finance Global сарапшысы

«Соңғы жылдары білім саласында ілкімді технологиялық серпіліс жүріп жатыр, бұған, ең алдымен, EdTech технологияларының қарқындап дамуы септік етуде. Әрине, мойындау керек, бұл арада жаһандық пандемия да өзіндік катализатор рөлін атқарды. Студенттер мен оқытушылар онлайн негіздегі сабақтарға көшкен тұста білім беру саласында цифрлық шешімдерді қолдануға деген сұраныс күрт өсті, сәйкесінше цифрлық құралдарды әзірлеу қажеттілігі де күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды», - деп түсіндіреді EdTech нарығының қалыптасып, дамуы туралы Freedom Finance Global сарапшысы Тамерлан Абсалямов.

Сарапшының айтуынша, бүгінде EdTech саласында қолданылып отырған инновациялар мектеп оқушыларына да, студенттерге де, жалпы, кез келген жастағы ізденушіге де жан-жақты дамып, өз білімін ұштап-шыңдауға әр қырынан ықпал етуде.

«Білім алуды көздеген әр адам қазір электрондық платформаларға басымдық беруде, өйткені оларға жер шарының кез келген бұрышынан оңай қол жеткізуге болады», - дейді ол. Яғни, бұл технологиялар сала ішіндегі компанияларға шекаралық шектеу қоймай, олардың халықаралық нарықтарға шығуына, жаңа нарықтар мен жаңа мүмкіндіктерді игеруіне жол ашуда.

Ол, сондай-ақ, қазіргі таңда EdTech нарығындағы компаниялар жасанды интеллект (AI – artificial inelligence), виртуалды шынайылық (VR – virtual reality), толықтырылған шынайылық (AR – augmental reality) сынды технологиялық жаңа шешімдерге ден қойып, тартымды да әсерлі, еліктіргіш цифрлық құралдар мен дербес оқу мүмкіндігін ұсынуда дегенді айтады.

«Білім берудегі жаңа шешімдер интернет негізінде дамып жатқан технологиялық жетістіктерге сай дамып, EdTech нарығының одан әрі қарқындап дамуына үлес қосуда. Бұл нарық білім алуды көздеген ізденушіге AR және VR технологияларының шоғырлануынан туындаған интерактивті жаңа тәжірибе ұсынуда. Бұл тәжірибе абстрактілі ұғымдарды зерттей отырып, олармен өзара әрекеттесу мүмкіндігін береді, әлбетте, мұндай еліктіргіш, әсерлі шешімдер студенттер мен оқушылардың білім алуға деген құштарлығын арттыра түседі», - дейді Тамерлан Абсалямов.

Сарапшы мамандардың айтуынша, бүгінде EdTecһ саласына білім мекемелері мен жекелеген кәсіпорындардан бастап, көптеген елдердің үкіметтері де инвестиция салуды дұрыс санайды. Бұл нарықтың буырқанып дамуымен білім беру жолдары мен шешімдері жақсарып, ел ішіндегі жұмыс күшінің кәсіби деңгейі арта береді, деп есептейді мамандар.

«Бүгінде көптеген елдердің үкіметтері EdTecһ нарығын дамытуға мүдделі. Сондықтан да олар бұл салаға ауқымды көлемде қаржы ресурстарын бағыттап, цифрлық инфрақұрылымды, цифрлық контентті дамытуға барынша мән беруде. Олар, сондай-ақ онлайн білім аясын кеңейту аясында оқытушылардың кәсіби және біліми деңгейін арттырып, шыңдауға да көңіл бөлуде», - дейді Тамерлан Абсалямов.

Freedom Finance Global сарапшысының айтуынша, EdTech нарығының жаһандық ауқымы 2022 жылы 297,56  млрд АҚШ долларымен бағаланған. Болжам бойынша, 2028 жылға қарай бұл нарықтың көлемі 696,04 млрд доллармен бағалануы тиіс. Сол сияқты, сарапшылар, аталған кезең аралығында EdTech нарығының бір жылдағы орташа өсім көрсеткіші 15,22%-ды құрайды деп отыр.

Дерек көзі: Market.us
Дерек көзі: Market.us

Айтқандай, EdTech нарығының әрі қарай қарқындап дамуына ықпал етуші тенденцияларың ішінде сарапшы мамандар геймификацияның өсуі мен 5G технологияларын ендіруді, ал нарықты шектеуі мүмкін факторлардың бірі ретінде – мәліметтердің қауіпсіздігі мәселесін алға тартады.

EdTech нарығын зерттеп жүрген сарапшылардың айтуынша, бүгінде білім берудің әртүрлі деңгейінде ойын механикасын қолдану әдісі кең тарауда. Бұл тәжірибе оқушылардың, студенттердің білімге деген құштарлығын оятып, қызықтыруда, сол себепті де ойынға, яғни геймификацияға негізделген цифрлық әдіс-құралдарды қазір бүкіл әлем қолдана бастаған. Бұл әдіс алдағы үш-төрт жылда әрі қарай кең тарап, сұранысқа ие болады деп есептейді сарапшы қауым, әсіресе, жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарында. Олардың айтуынша, геймификацияға негізделген технологиялардың жоғары білім саласында қордаланған көптеген мәселелерді шешіп бере алатын әлеуеті мол, өйткені бұл бағыт білім беру саласында инновациялық жаңа платформалар қалыптастыра алады.

Сол сияқты, білім беру саласының түрленіп, өзгеруіне 5G технологиясын енгізу де барынша ықпал етуде, дейді сарапшылар. Мысалға, оқыту барысында жоғары сапалы аудио- және видеоматериалдарға қол жеткізумен қатар, виртуалды сыныптар концепциясын оңтайландырып, AR және VR сынды өнімділігі жоғары технологияларды қолдану мүмкіндігі де арта түседі. Сарапшылардың пікірінше, 5G технологиясы негізіндегі голографиялық кескіндер білім алуды көздеген кез келген жастағы ізденуші үшін тартымды болмақ. Әлбетте, бұл технология әлі де дамып, шыңдала береді, дегенмен, қазірдің өзінде EdTech нарығындағы көптеген компаниялар 5G технологиясын қолданатын қосымшаларды әзірлеуге белсене кіріскен.

Жалпы, 5G технологиясының инфрақұрылымын құру құны біршама қымбат, сондықтан да оған біраз уақыт керек. Оның сыртында, 5G қосылған құрылғылардың батареясына тән өзіндік талаптар да жоқ емес. Әйтсе де, сарапшы қауымның пікірінше, бұл олқылықтардың бәрін жаңа технологиялардың көмегімен ретке келтіріп, түзеп алуға болады. Айтпақшы, ашық көздердегі мәліметтерге сай, 2027 жылдың соңына дейін қазақстандықтардың 80%-ы 5G желісіне қол жеткізе алады. «Қазақтелеком» ұлттық операторы алға қойып отырған негізгі мақсаттың бірі осыған саяды...

Ал EdTech саласын жіті назарда ұстаған сарапшы қауым алға тартқан тағы бір маңызды мәлімет – бұл нарықтың дамуына тұсау болар тәуекелдер тұрғысында. Қалай дегенмен, EdTech платформаларында оларды қолданушыларға қатысты кең ауқымды деректер мен мәліметтер сақтаулы, оның ішінде жеке ақпарат пен зияткерлік меншік түріндегі дүниелер де бар.

Бұл деректерге хакерлер мен қылмыстық топтар тарапынан да, демеуші ұйымдардан да кибершабуылдар болып тұратыны жасырын емес. Кибершабуылдар нәтижесінде, білім беру ұйымдары мен мекемелерінің қызметтерінде көптеген іркіліс, кідірістер орын алып, нарық ішіндегі ойыншылардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін, дейді сарапшылар.

Жалпы, жаһандық ЕdTech нарығындағы ойыншылар кибершабуылдарға көбірек бейім келеді, өйткені олардың қызметін қолданушы үшінші тараптар қауіпсіздік мәселесіне қатысты талаптарды толыққанды орындамауы мүмкін. Сол сияқты, бүгінгі таңда кей юрисдикцияларда нарық ішіндегі компаниялардан – жеке мәліметке қатысты деректердің қауіпсіздігі бұзылғаны туралы тиісті мекемелерді хабардар етуді талап ететін заңдар да қабылдануда. Ал бұл тұтынушылар тарапынан наразылық тудырып, компания үшін жағымсыз сипатқа ұласуы тағы ықтимал.

Әйтсе де, EdTech нарығындағы қарқынды дамуға үміт артушы сарапшылар, алдағы уақытта білім беру индустриясында онлайн білімге деген қызығушылық әрі қарай арта береді деген сенімде.

«EdTech компаниялары мен онлайн оқу платформаларының кең таралуымен бұл салаға инвестиция салуға деген қызығушылық та тереңдей түседі. Білім саласындағы инновациялық технологиялар білім алуға қол жеткізу мүмкіндігін оңтайландырып, білім беру саласындағы жаңа ұсыныстарды кеңейте түседі, оның ішінде дербес негізде білім алу әлеуетін де. Сонымен қатар, кәсіптік білім беруші провайдарлердің маңызы арта түседі, өйткені, қазір еңбек нарығындағы өзгерістер аясында мамандандырылған машық-дағды мен практикалық тұрғыда оқу мүмкіндігіне сұраныс жоғары», - дейді өз кезегінде Freedom Finance Global сарапшысы Тамерлан Абсалямов.

Бұл тұрғыдан алғанда, кәсіптік білім беруші мекемелерге инвестиция салу пайдалы болмақ, деп отыр сарапшы маман, себебі олар нақты салаларға қызмет көрсетумен қатар, білім беру барысында практикаға басымдық береді деген сөз.

«Қазір білім беру саласында инновациялар мен технологиялар заманы жүріп тұр. Алдағы уақытта бұл салада жасанды интеллектке негізделген шешімдер мен ұсыныстар кеңінен ендіріле бастайды. Жалпы, білім беру саласының болашағы ұзаққа негізделген технологиялық жетістіктермен, оқу парадигмаларының өзгеруімен және икемді де қол жетімді білім беру әдістерінің қажеттілігімен айқындалуы мүмкін. Бұл тұрғыда, әрине, жасанды интеллектінің өзге де әдіс-құралдармен шоғырлануын және білім саласына технологиялардың тереңдеп енуін, сонымен қатар, бүгінде түрленіп, өзгеріп жатқан еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сай болу мүмкіндіктерін ескере отырған дұрыс болады», - дейді Тамерлан Абсалямов.

Фото спикердің жеке архивінен алынды.

Кесте мәліметті ұсынған Freedom Finance Global.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить