Жүк жеткізу сервисі

Atasu Group тобына тән қызмет көрсету мәдениеті қалай қалыптасты

Марат Жуман
Марат Жұман, кәсіпкер, Atasu Group халықаралық көлік-логистикалық холдингінің негізін қалаушы әрі басшысы
Фото: © Андрей Лунин

Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни Atasu Group негізін қалаған Марат Жұман «Жыл кәсіпкері — 2018» жаһандық байқауының (Ernst & Young өткізген) ұлттық финалында жеңімпаз атанған тұста бұл топ негізінен тасымал нарығындағы ойыншылардың бірі деп танылатын. Ал қазір компанияның бизнес ауқымы мүлдем басқа деңгейге көтерілген: Atasu тобы — 2024 жылдың қорытындысы бойынша айналым көрсеткіші 80 млрд теңгеге жуықтап, 2500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған, өз қызметінде цифрлық шешімдерге негізделетін толыққанды инфрақұрылымдық компания.

Экожүйе қалыптастыру да өнер

Бүгінде бұл топ әлемнің отыздан астам елінде жұмыс істеп жатыр, халықаралық филиалдар желісі Қытай, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, сондай-ақ Еуропаның бірқатар елдерін қамтыған. 2024 жылы Марат Жұман Forbes Kazakhstan әзірлеген «75 ең дәулетті бизнесмен» және «50 ең беделді бизнесмен» рейтингтеріне алғаш рет еніп, сәйкесінше 35 және 46-орындардан көрінді. «Біз жай ғана бір орыннан екінші орынға жүк тасуды жүзеге асыратын компания емес, толыққанды логистикалық экожүйе қалыптастыра алдық», — дейді біздің кейіпкеріміз.

Марат Жұман Қарағанды облысының Атасу ауылында туып-өскен, ал бұл өңірде темір жол әншейін жол торабы емес, ол осында тұрып жатқан жергілікті халық үшін ғұмырлық таңдау да, тағдырдың сыйы да болуы мүмкін. «Атам біз үшін ең басты, ең беделді тұлға болатын, содан да менің бауырларым көптеген жылдар бойы темір жол қызметінде жұмыс істеді, әлі де істеп жатыр. Мен де атамның жолымен осы бағытты таңдадым», — деп әңгімелейді Марат Жұман.

«Алматыға 1990-жылдардың басында келдім. Көпшіліктің есінде болар, қиын-қыстау жылдар еді ғой: ата-анам қаржылай қолдау көрсете алмады, сөйтіп мен Алматы ІІ вокзалында жүк тиеуші болып жұмысқа орналастым, түнде күзетші болып істедім, — деп еске алады кәсіпкер. — Ол жылдары «челнок» бизнесі қаулап дамып жатты, темір жол көпшілік үшін өзіндік бір «жұмбақ дүние» болып қала берді. Компаниялар тек тасымал ақысын төлейді, ал вагондарға тапсырыс беруден бастап, тұйық учаскелерді жалға алуға дейінгі жұмыстарды жүкті жөнелтушінің өзі атқаратын, кейде тіпті оларға жүкті дұрыс тиеу процедурасы бойынша емтихан тапсыруға да тура келетін. Әрине, мұның бәрі сол адамның қыруар уақытын алады әрі қаншама күш, энергия керек. Осының бәрін өз көзіммен көріп, түйсініп жүрген маған сонда бір ой келді: мен жүк жеткізу процесін басқаратын сервис қызметін құру керек деп шештім».

1998 жылы Марат Жұман Atasu жобасын бастаған кезде қалтасында жүз долларға жетер-жетпес сома ғана бар-тын, ал кеңсе орнына пәтер жалдауға тура келген. Жаңа ашылған компанияның алғашқы айлардағы жұмысын бейне бір «моноқойылым» дерсің: сол кезде ол клиенттерді іздеуден бастап, құжаттар рәсімдеуді, жүк тиеу барысын қадағалауды түгелдей өз міндетіне алды. Бүгінде Atasu компаниясына тән қызмет көрсету мәдениеті дәл сол тұста қалыптасты деуге толық негіз бар. Бюрократиялық кедергілерден ада, өзімен түсінікті тілде сөйлесе алатын сервис өкіліне кез келген клиент дән-риза. Сұраныстың өсуімен компания алғашқы қызметкерлерін де жұмысқа қабылдайды. Бірте-бірте сенімді команда қалыптасып, Atasu алдағы қиындықтар мен күйзелістерді еңсеруге де, серпілістерді шыңдауға да бейімделе бастайды.

2000-жылдары компания өз саласындағы жергілікті компания аясынан шығып, жаңа нарықтарды бағындыруға бет түзейді. Бұл шынында да кездейсоқ орын алған бетбұрыс еді: Atasu кеңсесінің маңдайшасындағы жазуды көрген қытайлық Sinotrans өкілдері «жай ғана әңгімелеспек» болып, офиске бас сұғады. Араға бір ай салып компанияға жүк тиеп жөнелту жөнінде ұсыныс түседі, бұл, әрине, сынама негіздегі келісімшарт болатын. Бірақ артынша бұл келісім тұрақты сипат алып, ұсыныстар ауқымы еселей түседі. Осылайша Atasu үшін Қытай — стратегиялық маңызды бағытқа айналып, сол тұста қытайлық жүктердің үлесі компания қызметіндегі жалпы ауқымның 40–45%-на жетеді.

Компания қызметі кеңейген сайын инфрақұрылым өзектілігі де арта түсетін сөзсіз. Atasu енді темір жолдағы жылжымалы құрамға инвестиция салуға кіріседі. Егер 2003 жылы компания иелігінде жиырма шақты вагон болса, 2007 жылы олардың саны 170-ке жетеді, тағы біраздан соң — 2000 вагонға жақындайды. Компанияның вагондарға салған қаржысының жалпы көлемі 28,5 млрд теңгені құрайды.

2010 жылдардың ортасына қарай Atasu компаниясы өз өнімін біржолата қайта құрып, «вагонмен жеткіземіздің» орнына «жүгіңізді жеткізіп береміз» дегенге ден қояды. Мың құбыла өзгеріп жатқан бұл әлемде сапалы сервиске деген сұраныс сарқылмасы анық. Компания енді мультимодалды тасымалды негізге алады: баға маңызды жерде темір жол тасымалы өзекті; жолдың тар тұсын айналып өтіп, соңғы қашықтықтарды еңсеру үшін автокөлік ыңғайлы; шұғыл тапсырыс түскенде — авиация, ал ұзақ маршруттар мен ауқымды экономика үшін — теңіз тасымалы тиімді.

Марат Жуман
Марат Жұман
Фото: © Андрей Лунин

Инфрақұрылым мүмкіндігі ойдағыдай

Осы жылдар ішінде Atasu тобы көлік-логистикалық орталықтарын кеңейтіп, темір жолдар мен қоймалар салуға және вагондар, локомотивтер, көлік құралдарын, қажетті жүк жабдықтарын, сондай-ақ цифрлық басқару жүйесін сатып алуға 40 млрд теңге инвестициялады. Әрине, бұл тұрғыда өзіндік қиындықтар да кездеспей қойған жоқ, соның ішіндегі маңызды мәселенің бірі капитал құны дегенге келіп тірелді. Екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемелері жоғары болып қала берді, ал логистиканы дамыту үшін терминалдарға, вагондар мен құрал-жабдықтарға миллиондаған доллар инвестиция қажет. 2018 жылы компания стратегиялық серіктес ретінде СІТІС корпорациясын тартып, оған компаниядан 37,8% үлес береді. Сонымен қатар ЕҚДБ және коммерциялық банктер арқылы қаржыландыруды қамтамасыз ету мүмкіндігі болып, жалпылай алғанда 100 млн доллар тартылды. Ал 2023 жылы Марат Жұман CITIC иелігіндегі үлесті қайта сатып алады. Компания ішінде орын алған бірқатар өзгерістер аясында клиенттер өз тапсырысының әр кезеңін бақылау мүмкіндігіне ие болды. Ослайша соңғы бір жылда жүк айналымының көлемі орташа есеппен 9%-ға, терминалдардағы жүктерге қатысты жұмыс көлемі 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайып өсті.

Бүгінде Atasu Group өз меншігіндегі үш көлік-логистикалық орталығын (КЛО) басқарады. Олардың екеуі Алматы облысындағы Боралдай және Жетісу станцияларында, ал үшіншісі — еліміздің стратегиялық маңызды учаскесі — Қазақстан-Қытай шекарасындағы Достық станциясында. Боралдайда аумағы 1 млн шаршы метрді құрайтын Орталық Азиядағы ең ірі көлік-логистикалық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың жылына 250 мың контейнер өткізіп, сонымен бір мезетте 250 вагонға қызмет көрсету қабілеті бар. Сондай-ақ бұл аумақта В+ санатындағы (35 мың м²) жабық қоймалар, жүкті уақытша сақтау орындары, кеденнен өткен жүктерге арналған аймақтар, бос контейнерлер мен автокөліктерді орналастыру аймақтары және бас жүктерге арналған алаңдар ескерілген. Темір жол торабы терминалдың тура өзіне тиіп тұр, бұл — вагондарды жылдамдатып ұсынуға мүмкіндік береді.

Компания иелігіндегі екінші КЛО Жетісу станциясында орналасқан, алаң ауқымы 220 мың шаршы метр. Мұнда жылына 60 мыңдай вагонмен жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Бұл орталықта да жүктің түр-түрін сақтауға қажетті алаңдар мен аймақтар жан-жақты ескерілген, сондай-ақ битум, цемент сынды құрылыс материалдарын қабылдап, сақтауға арналған алаңдар да жеткілікті. Трафиктің көптігінен компания қазір сол маңайда тағы бір терминал салуға кіріскен. «Келіп жатқан жүк ауқымының көптігінен біз жұмыс қарқынын барынша арттырып, мүмкіндіктерімізді кеңейту керек деп шештік», — дейді бизнесмен.

Atasu-дың үшінші терминалы қазақ-қытай шекарасындағы Достық станциясында 180 мың шаршы метр аумақта орналасқан, ол — компанияның бірінші әрі барлық желі үшін негізгі терминалы. Оның басты міндеті — Қытайға тән тар жолдар мен Қазақстанның кең жолдары торабында аса ауқымды емес жүктер мен контейнерлерді қайта тиеп, әр жолдың ерекшелігіне сай икемдеу. Терминалдың жүк өткізу қабілеті жылына 300 мың контейнер мен 15 мың вагонға дейін жетеді. Бұл аумақта да жүк сақтауға және жүк тиеуге қажетті қоймалар, кеден аймақтары, жүкті қайта тиеу инфрақұрылымы жұмыс істейді. Компанияның үш терминалы да заманға сай құрал-жабдықтармен, әкімшілік жұмыстарын жүргізуге қажетті өз ғимараттарымен, бейнебақылау жүйелерімен және жүк ағынын онлайн басқару мүмкіндігі бар озық технологиялармен жабдықталған.

Марат Жұман терминалдар жұмысын көпке танымал әуежай қызметімен салыстыра отырып түсіндіреді: жүк атаулы алдымен уақытша сақтау аймағына келіп жетеді, онда олар карантин және кеден процедураларынан өтуі тиіс; бұдан кейін тазартылған контейнер коммерциялық алаңға не бірден клиентке жеткізуге бағытталады. Клиенттердің бірі жүкті есікке дейін жеткізіп бергенді құп көрсе, енді бірі жүкті түсіріп, сақтай тұруды таңдайды. Бизнесменнің айтуынша, Atasu өз қызметін нақты бір өтінішке негізделе отырып ұйымдастырады және бұл процестегі тізбек барысында кездейсоқтық деген атымен болмайды. Әрине, клиент өзі таңдаған кедендік брокерге де жүгіне алады немесе барлық операцияларды компанияға сеніп тапсыруы ықтимал. Марат Жұманның айтуынша, әдетте клиенттер «есіктен есікке дейін» деген қызметті көбірек таңдайды, өйткені ол ресурстарды ғана емес уақытты да үнемдеуге септік етеді.

Atasu терминалдарының жұмысы бір терезе модулімен құрылған. Құжаттарды рәсімдеу, кедендік процедуралар, жүкті сақтау, тиеу, жөнелту жұмыстары түгелдей бір менеджердің жауапкершілігінде. Қаныққан нарықта мұндай ұсыныс тарифтен кем емес маңызды фактордың бірі. «Сервис дегеніміз — проблемалар туындамай тұрып олардың алдын алу, шешу. Бұл үшін стандарттар, дайындық, тәжірибе қажет. Біз клиенттер санын арттыруды көздеп, сабылмаймыз, біз — өз клиенттерімізге адал ниетпен сапалы қызмет ұсынып, оларға сенім артамыз. Осылайша сапа, репутация және тиімділік деген көрсеткіштерге мән береміз», — дейді бизнесмен.

контейнер, грузоперевозки, склад, логистика, кран
Фото: © Андрей Лунин

Геосаясат пен бәсеке арасында

Atasu үшін пандемия цифрлық тәртіптің өзіндік бір катализаторы іспетті болды. Компания терминалдарды басқару жүйелеріне және электронды тауар айналымы мен клиенттердің жеке кабинетін қалыптастыруға 5 млн доллардан астам қаржы салды. Осының арқасында тапсырыс берушілер өз жүгінің әр кезеңін қарап, қадағалай алады. Бұл — шығындарды азайтып, айналымды жылдамдатуға жол ашты. Енді бірқатар бағыттарды ЖИ негізінде ұйымдастыру міндеті тұры. «Біз әртүрлі уақыт белдеуінде 24/7 форматында жұмыс істейміз, ал ЖИ стандартты операциялардың бір бөлігін оңай орындап бере алады», — дейді Марат Жұман.

Әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға тоқталған бизнесмен, 2022 жылдан кейін Ресей арқылы өтетін транзит күрт қысқарып, Орталық Еуразияның жүк ағыны Транскаспий бағыты мен Орталық Азияға қарай ығысқанын айтады. Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттау қарқын алды, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға жүк жөнелту көлемі арта түсті. Atasu клиенттерінің бірқатары Ресей бағытынан мүлдем бас тартқан. «Қазақстан теңіз державасы бола алмайды, бұл анық, бірақ Қытай мен Еуропа арасындағы жол бойында еліміздің рөлі орасан зор. Бұл үшін Каспий арқылы тасымалдау мүмкіндігін кеңейту керек, темір жол тораптарын модернизациялап, Иран, Ауғанстан арқылы өтетін маршруттарды тараптандыру қажет», — дейді бизнесмен. Бүгін Atasu тобы жүзеге асыратын тасымал құрылымы былайша қалыптасқан: темір жол арқылы — 70%-дай, автокөліктер негізінде — 20–25%, теңіз тасымалы — 5–7%, авиация — шамамен 3%. Марат Жұманның айтуынша, таяу жылдары бұл саладағы бәсекелестік барысында тек тарифтер ғана емес, жылдамдық, ашықтық және жайлылық алға шығады. «Біз үшін нарық ішінде стандарттар қалыптастыра білу өте маңызды», — дейді ол.

Atasu-дың ірі клиенттерінің бірі — автокөлік шығарушылар. Компания Astana Motors-тың Hyundai Trans Kazakhstan зауыты мен мультибрендті жаңа зауытына қажет көлік бөлшектерін жеткізуші логистикалық тізбекке қатысады. Бұл сегментте ол жолдың соңғы бөлігіне жауапты, яғни терминалдың кеден аймағына келетін барлық контейнерлерді қабылдап, жүкті зауытқа дейін автокөлікпен жеткізіп береді. Басқа да клиенттер қатарында — Tikkurila (орталық қойма), Legrand, Batichelli, т. б. халықаралық компаниялар бар. «Біз ұдайы тендерлер жағдайында жұмыс істейміз — бірде жеңіске жетсек, бірде баға жағынан ұтылып жатамыз. Бұл бәсеке нарығындағы қалыпты жағдай», — дейді бизнесмен.

Қазір бұл нарықта жүкті сақтандыру міндетті элементтің бірі. Қымбат санаттарда сақтандыру полисі 100% дерлік деңгейде рәсімделеді. Марат Жұманның айтуынша, клиенттердің басым бөлігі өз жүгін сақтандырғанды дұрыс көреді, полистердің 10–20%-ын Atasu тобы серіктес сақтандыру компаниялары арқылы жүзеге асырады. «Адам факторы барлық жерде бар, — дейді бизнесмен. — Егер кінә бізден болса, біз сақтандыру шығынын өтеп, айыппұл төлеуге дайынбыз, тіпті, ондаған, жүздеген мың долларға дейін. Ең бастысы болашақта мұндай қателікке жол бермеуіміз керек».

Компания өзінің бизнес маржасын 10–20% деңгейінде бағалайды, нарық ішіндегі бәсеке мен инвестиция қысымы ешкімге дес беретін емес. Ірі клиенттерге шықпас бұрын Atasu алдымен техникаға, ІТ бағытына, құрал-жабдыққа инвестиция салуды әдет еткен. «Дәл сол сәтте маржадан түк қалмауы мүмкін, бірақ арада үш-бес жыл өте бәрі қайта оралады — айналым да, тұрақтылық та», — дейді Марат Жұман.

бобкат, грузоперевозки, склад, логистика, контейнер, грузы
Фото: © Андрей Лунин

Болашақ бүгіннен басталады

Қазіргі таңда Atasu Group қолға алған жаңа жобалардың қатарында төрт терминал мен бір теңіз портының құрылысы бар. Алдағы бес жылда Atasu тобы стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға 75 млрд теңгеден астам инвестиция салмақшы. Оның ішінде қойма инфрақұрылымын дамытып, шекарадағы тораптарды нығайтуға және теңіз маршруттарына қол жеткізуге басымдық берілмек.

Осы тұрғыда Алматы облысында 40 мың шаршы метр алаңды қамтитын А санатындағы заманауи қойма салу жоспарланып, оған 40 млн доллардан астам қаржы бөлінген. Atasu үшін маңызды бағыттың бірі — Каспий теңізіне жол ашатын Маңғыстау облысындағы теңіз портының жобасы. Елімізге Кавказ, Түркия және Еуропаға шығуға тікелей жол ашатын бұл порт «Орта жол» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігіне айнала алады. Компания бұл жобаны әріптестерімен бірлесе жүзеге асыруда және ол құрылық пен теңіздегі жолдарды өзара байланыстырып, жүк тасымалы аясын кеңейте түседі деп күтілуде.

Компания шекарадағы негізгі тораптарды да күшейтіп жатыр. Жетісу және Достық станцияларындағы мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында қосымша учаскелер сатып алынған. Онда контейнерлерге арналған жаңа терминалдар салынуы тиіс. Сонымен қатар Ақмола, Жетісу облыстарында да көлік-логистикалық орталықтары жобалануда. Олар да Atasu Group ұлттық желісіне шоғырланып, сол өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық экспортшылар мен өнім өндірушілерге заманға сай сервис көрсетуге септік етеді деп жоспарланған.

Atasu тобы көз тіккен келесі нарық — e-commerce. Алматы өңірінде компанияның жалпы аумағы 50 шаршы метрді құрайтын В+ санатындағы қоймалары бар, қазір енді А санатындағы қоймаларды жобалауға мән беріліп жатыр. Жобаның бірінші кезегі 40 мың шаршы метрді құрамақ, мақсатты көрсеткіш — 110 мың шаршы метр. Нарық бойынша алғанда капиталдық салымдар бір шаршы метрге 700–1000 доллардан келеді деп бағалануда. Функционалдық сипатына қарай бұл қоймалар: электроника, тұрмыстық техника, FMCG тауарлары мен фармацевтика саласына қажет тоңазытқыштар үшін бейімді болмақ.

Қазір топ құрамында жұмыс істеп жатқан ІТ команда компанияның логистика бағытымен шоғырланған платформа жасауға кіріскен. Яғни, өнім өндіруші өз тауарын сол платформада орналастырады, ал Atasu терминалдағы жүк жеткізу процестерін түгел орындап, жүкті жеткізудің соңғы кезеңін шейін бар шаруаны өзі атқарады. «Көп адамдар өз уақытын офлайнда босқа кетіргісі келмейді, оларға жылдамдық және сапа керек. Біз ұсынып отырған өнім де осы», — дейді Марат Жұман. Бизнесменнің түсіндіруінше, бұл жобаның негізгі мақсаты — логистика барысын стандарттап, нарық ішіндегі жылдамдықтың жаңа нормасын қалыптастыру және ашықтықты қамтамасыз ету. Сәтін салса, «қазақстандық Amazon» тіркесі шынайы операциялық процеске айналуы әбден мүмкін», — дейді ол.

Мәдени дипломатияның бір құралы

2023 жылдың ақпанында Марат Жұман ҚР Аударыспақ федерациясының президенті болып сайланды. Ұлтымыздың дәстүрлі ойыны — ат үстіндегі күрес бизнесмен үшін мәдени дипломатияның өзіндік бір құралы іспетті. «Әлем жұрты Қазақстанды спорт арқылы көбірек танитыны баршаға мәлім», — дейді ол. Қазірдің өзінде «Аударыспақ» турнирлерінің күнтізбесі — жеткіншектер арасындағы жарыстардан Азия чемпионатына дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Ендігі мақсат — ұлттық ойынды Таяу Шығыс деңгейіндегі халықаралық жарысқа жеткізу және бұл тұрғыда алғашқы қадамдар да жоқ емес. Өткен жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында тоғыз ел бақ сынасты, оның ішінде бұл «күреске» бірінші рет қатысқан АҚШ пен Түркия да болды. Ал 16 спортшыдан тұратын Қазақстан құрамасы бес алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, көшбасшы тұғырын ешкімге берген жоқ.

Былтыр маусымда Марат Жұман Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясын құрды, қазір оған жеті ел мүше; АҚШ, Түркия, Ауғанстан, БАЭ елдерімен келіссөздер жүріп жатыр. Федерация аясында ат үстіндегі күрес бойынша бірыңғай ережелер енгізіліп, халықаралық деңгейдегі білікті бапкерлерді дайындайтын орталық ашылды. Марат Жұман — ата-бабамыздан қалған осынау ұлттық ойынды ел ішінде ғана емес, бүкіл түркі әлемінде насихаттап, танымал етуді мақсат тұтатынын жасырмайды.

Аударыспақ федерациясын дамытуға бизнесмен өз қаражатын салып отыр (Atasu Group қаражаты да бар). Қаржылай салымдардың ауқымы 350 млн теңгеден астам. Жуырда өткен Шарджа спорт кеңесінің төрағасы Иса Хилал әл-Хазамимен кездесу «Аударыспақтың» географиялық аясын кеңейту бағытында жасалған маңызды қадамның бірі. Енді Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстанның спортшылары мен бапкерлері өнер көрсетеді деген жоспар бар. Марат Жұман бұл ел таяу арада федерация құрамына енеді деген сенімде.

Бүгінде «Аударыспаққа» деген қызығушылық ел ішінде де, әлем бойынша да өсіп келеді, бұл ойынмен белсенді айналысып жүрген спортшылар саны 15 мыңнан асады. «Мен үшін ат үстіндегі күрес қазақтың мәдени символына айналып қана қоймай, бүкіл әлем жұрты мойындаған бірегей спорт түріне айналғаны өте маңызды», — дейді бизнесмен Марат Жұман.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте