Ұлы Жібек жолымен
Алып нарыққа ұмтылған бизнес өз стратегиясын қалай құрғаны жөн?

Бір қарағанда жақын әрі қолжетімді болып көрінетін кең ауқымды Қытай нарығы қазақстандық өнім үшін қаншалықты икемді? Іргемізде тұрған алып елдегі реттеуші талаптар мен бәсекелестік деңгей туралы қазақ бизнесі қаншалықты хабардар? Отандық сарапшылармен арадағы бүгінгі әңгімеміз Қытай нарығына тән ерекшеліктер төңірегінде өрбіді.
Аспанасты еліндегі бәсекелестік деңгей өте жоғары, көрші елдің нарығына шықпас бұрын қазақстандық өнім өндірушілер осыған жан-жақты дайын болғаны дұрыс деп отыр қазақстандық сарапшылар. «Әрине, қазақ бизнесі үшін Қытай нарығы жабық қақпа емес, бірақ бұл нарықты оңай игеремін деген көзсіз сенімнен арылу керек, — дейді халықаралық сарапшы Ералы Нұржұма. — Қытай нарығында өте қатаң бәсеке жүріп жатыр, ондағы стандарттар өте жоғары, ал сұраныс ұсақ бөлшектерге дейін сегменттеліп бөлінген. Мәселе — Қытай нарығында орнықсам деген қазақстандық бизнестің нишалық және стратегиялық мүмкіндігіне келіп тіреледі. Мойындау керек, Қазақстан Қытаймен немесе әлемдегі өзге де алпауыт аграрлық елдермен көлем жағынан бәсекелесе алмайды. Біз үшін өзге де басым бағыттар бар, атап айтсақ: географиялық тұрғыда біз Қытайға бір табан жақынбыз, логистика мүмкіндігі айтарлықтай жылдам және біздің өнімдеріміз «экологиялық таза» деген имиджге ие».
Сарапшының айтуынша, Қытай өнім жеткізуші тізбектерді әртарапты етіп қалыптастыруға ден қойған тұста Қазақстан бұл нарыққа репутациясы мінсіз, өзіндік ерекшелігі айқын сапалы өнімдермен кіре алады.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың пікірінше, Қытай нарығын игеру барысындағы негізгі талаптың бірі — тұрақтылық, бірақ бұған қазақстандық өнім өндірушілер дайын ба?
«Бізде кей компаниялар өз өнімін бірде өндіріп, бірде доғара салатын жағдайлар кездеседі: бір күн көл, бір күн шөл демекші; кейде тіпті ішкі сауда желілері де осы тұрғыда уәж айтып, арызданып жатады. Ал Қытай нарығы мұндай тұрақсыздықты кешірмейді», — дейді қаржыгер.
Қытай нарығына жеткізілетін өнімдердің ауқымы мен көлемі жағынан біз АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия сынды елдермен бәсекеге түсе алмаймыз. Бірақ өнімнің экологиялық, имидждік және нишалық сипаты тұрғысында Қазақстан Қытай бағытындағы өзіне қажет «қақпаны» барынша тиімді етіп аша алады. Қалай дегенмен, бірегей ерекшелігі бар «таза» өнім бүгінде әлем нарықтары талап етіп отырған жаңа тренд.
«Дәстүрлі саналатын энергетика ресурстары нарығынан бөлек Қазақстан үшін қытайлық өзге де нарық сегменттері жоқ емес. Айталық, премиум сегментіндегі азық-түлік нарығы (сиыр, қой, жылқы еті), сүт өнімдері (құрғақ сүт, айран, қымыз), органикалық өнімдер. Мұсылмандар шоғырланған өңірлерде халал өнімдерге сұраныс бар, ендеше Қазақстан үшін сенім және сертификаттау базасы айқын аймақтарда жаңа нишалар ашылуы мүмкін. Қытайдың тамақ индустриясы мен мал азығы сегментінде бидай, арпа, зығыр, рапс және бал, жабайы өсімдіктер, минералды су, терең өңдеуден өткен өнімдер секілді нишалық ұсыныстарға сұраныс бар — осының бәрін Қазақстан Қытайға өзіне тиімді жолмен жеткізе алады», — дейді Ералы Нұржұма.
Көрші елдің оңтүстік және шығыс бөлігінде орналасқан мегаполистер де жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін, егер қазақстандық өнім өндірушілер алып нарықтағы бәсекеге әу бастан дайын болса. Расул Рысмамбетовтың айтуынша, біздің өндірісшілердің басты қатесі — олар Қытай нарығын тұтастай таңғалдырып, бүкіл Қытайға бірден кіреміз деп ойлайды. Ал онда нақты «сөренің» мүмкіндігі мен нақты тұтынушының сұранысын ескерген маңызды.
«Біздегі қаптамалар, орамалар еш сын көтермейді, олар бізге негізінен Ресейден жеткізіледі. Жалпы, біз өнім сатуда көрнекілік дегенге аса мән бермейміз. Тағы бір қателік — жылдам пайдаға үміт артамыз, алты айдан кейін табысқа кенелеміз деп сенеміз. Бірақ Қытайдағы бәсекелестік қарқыны біздің түсімізге де кіріп шықпаған: кез келген жағдайда өзгеріп, нарық талабына икемделуге дайын болу керек. Және эксклюзивтен бас тартқан жөн — әдетте біздің экспортшылар барлық құқықты шетелдік бір серіктестің қолына беріп қояды да, артынан өкініп, бармағын тістеп қалады», — дейді Расул Рысмамбетов.
Ал басты назарды жергілікті деңгейдегі бір нарыққа аударамын деген емеурін болса, онда Шанхайды таңдаған жөн дейді қаржыгер: «Бүкіл Қазақстан Шанхайға жұмыс істей алады — Шанхай нарығы бәріне жетіп асады. Ол, мысалы, сусындар немесе фитнес снек сынды тіске басарлар шығаратын қазақстандық өнім өндірушілер үшін қызықты. Ал Гуанчжоу көтерме сауданың орны — онда ауқым және тұрақтылық болуы шарт».
Бұл тұрғыда, әрине, логистика өте икемді болуы тиіс. Расул Рысмамбетовтың айтуынша, көпшіліктің қолдануына арналған тауарларды жеткізуде теміржол және теңіз транспорты, ал эко, био және премиум сегментіндегі өнімдер үшін — әуе тасымалы ыңғайлы.
«Теміржол — ұн, май, бөтелкедегі су секілді базалық және сақтау мерзімі ұзаққа негізделген FMCG өнімдерді тасымалдауда тиімді. Қытайдың солтүстік шығысындағы Ляньюньган қаласын әрі қарай транзитті жол ретінде ескеруге болады, айталық, Австралия бағытында. Бірақ онда өзіндік тәуекелдер де жоқ емес, өнім портта ұзақ тұрып қалуы мүмкін. Теңіз тасымалында ауқым маңызды көрсеткіш. Қытай нарығы әртүрлі, бұл нарықта орнығуды көздеген бизнестің әрбір сегментке негізделген өзіндік логистикалық стратегиясы болғаны жөн», — дейді қаржыгер.
Отандық сарапшылардың пікірінше, Қытай нарығы кездейсоқтықты ұнатпайды, бұл нарықты бағындыруға бел буған кәсіпкердің қолында ұзаққа негізделген жоспармен қатар, серіктестер сенімі және имиджге құятын инвестиция болғаны абзал.
«Нарыққа кірерде қытайлық сенімді серіктестерге жүгінген жөн. Олар дистрибуция желісіне жол ашып, өнімді нарық ішіне бейімдеуге және сертификаттау барысын жылдамдатуға көмектеседі. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанға Made in Kazakhstan деген бренд қажет. Біздің экспортшылардың қателігі тек тауарға ғана қатысты емес, көп жағдайда — стратегияның мүлдем болмауында. Қазақстанның өнімі бәсекеге қабілетті бола алады, егер біздің кәсіпкерлер жаңа нарықтағы өңірлік ерекшеліктерді алдын ала талдап, біліп отырса, мысалы, Қытайдың оңтүстігіндегі сатып алу мәдениеті, солтүстіктен өзгеше болуы ықтимал», — дейді Ералы Нұржұма.
Ал Расул Рысмамбетов болса Қытай нарығында халықаралық стандарттарға сай болуды қатаң екеру қажет деп отыр: «Қытай нарығында қалып, орнығу үшін ондағы стандарттарға сай болу керек: сертификаттау, таңбалау, орап-қаптау мәселесінде. Қазақстанға тауар жеткізетін еуропалық кәсіпкерлер өз өнімі туралы ақпаратты бірден қазақшаға аударып көрсетеді. Қытай нарығына шыққан біздің өнімдер де қытайша түсінікті етіп көрсетілуі тиіс. Жақсы зертханалар, ISO, өсімдік өсіру стандарттары қажет, онсыз біздің өнімдерді қытай нарығы қабылдай қоятыны екіталай».
Қарап отырсақ, іргемізде тұрған алып ел кез келген бизнес үшін тартымды көрінуі мүмкін, бірақ қатаң бәсекеге негізделген бұл нарықтың өзіндік талап, шарттары аз емес және ол бұл нарыққа тек түзу ниетпен ұзаққа келген бизнес үшін қолжетімді болуы мүмкін. Әйтсе де отандық сарапшылардың пайымынша, Қытай нарығы Қазақстан ұсынатын ұлттық брендтің құндылығын арттыруға айтарлықтай септік ете алады, егер, әрине, біздің бизнес бұл нарықта әу бастан дұрыс стратегия қолдана білсе.