Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйел — 2025

Биліке жету жолында әлі де кедергі көп

степь, женщина на коне, кочевница, конь, закат, всадница
Фото: © Depositphotos.com/6Bears

Дүниежүзілік экономикалық форум әлем бойынша 148 елді қамтыған Global Gender Gap Index 2025 атты кезекті есебін жария етті. Биыл аталған индексте ескерілген елдер үшін гендерлік алшақтық көрсеткіші 68,8 %-ды құраған. Жаһандық есепке 2006 жылдан бері ұдайы кіретін 100 елге тән деректер жиынтығынан байқағанымыздай, алшақтық 0,4%-ға қысқарған, яғни 2024 жылғы 68,6 %-дан 2025 жылы 69,0 %-ға дейін. Осы 100 елде жүріп жатқан ілгерілеу, өрлеу үрдістерін есепке алған жаһандық институт — гендер мәселесінде әлем бойынша толыққанды тепе-теңдікке жету үшін 123 жыл керек деген қорытынды жасапты. Сол сияқты 2025 жылғы жаһандық гендерлік алшақтық индексінде көрсетілгендей, әзірше дүние жүзінде толыққанды гендерлік теңдікке қол жеткізген бірде-бір мемлекет жоқ. Айтқандай, жаһандық индексте жетекші орын 16 жылдан бері Исландияның еншісінде (92,6 %), ол 2022 жылдан бері гендерлік алшақтықты 90 %-дан астам деңгейде еңсере алған бірден-бір ел.

Жаһандық индексте «экономикалық қатысу және мансап мүмкіндіктері», «білім деңгейі», «денсаулық және өмір сүру ұзақтығы», «саяси құқықтар мен мүмкіндіктер» деп бөлінетін негізгі төрт саладағы 14 көрсеткіш бойынша статистикалық деректер есепке алынады. Биылғы индексте қамтылған 148 елдің ішінде денсаулық және өмір сүру көрсеткіштеріне қатысты гендерлік алшақтық 96,2%-ға, білім деңгейі бойынша — 95,1%-ға, экономикалық қатысу және мүмкіндіктер бойынша — 61,0%-ға, саяси мүмкіндіктер бойынша — 22,9%-ға қысқарған.

Айтпақшы, 2025 жылы бұл тізімде Қазақстан 0,698 балмен 92-орынға түсіп кетті (2024 жылғы 76-орыннан: 0,710). Ескеретін жайт — біздің елде сауаттылық және әйелдерді жоғары біліммен қамту көрсеткіштері бойынша тепе-теңдік бар, бірақ «білім деңгейіндегі» мықты позиция «саяси өкілеттілікті кеңейту» сынды көрсеткіштің құлдырауымен тасада қалып отыр.

«Біліми жетістіктер» субиндексінде Қазақстан биыл 0,990 балмен 82-орында. «Денсаулық және өмір сүру» көрсеткіші бойынша 0,976 балмен 33 орынға, ал «Экономикалық қатысу және мүмкіндіктер» сегментінде 0,715 балмен 61 орынға жайғасты. Гендерлік тепе-теңдік аясындағы біздің ел үшін ең осал көрсеткіш саяси мүмкіндіктер ұстанымына кеп тіреледі. Бұл тұрғыда біз әлі де әлем бойынша ең төменгі орындарды төңіректеп жүрміз: биыл еліміз 0,111 балмен 117-орыннан көрінді.

Гендерлік тепе-теңдік тұрғысында өзіндік бір серпіліс деуге тұратын оқиға ретінде 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарын мысал етуге болады, онда біз «ережелер дизайны» негізінде алшақтықты қалай қысқартуға болатынын байқай алдық. Яғни, тепе-теңдік ұстанымы Олимпиаданың тұла бойына түгел кірістірілді: ойындарға қатысу квотасынан бастап, ақтық ойындар мен прайм-тайм кезіндегі хабарлардың симметриялық торына дейін 50:50 деп белгіленуінің арқасында әйелдер жарыстарға жиі шығып, медальдар кестесіне, рекордтық ауқымда аудитория жинауға, рейтингтерді көтеруге тікелей ықпал етті. Былайша айтқанда, Олимпиадада өнер көрсеткен қыз-келіншектер спорттағы жетістіктерінің экономикалық әсерін қалыптастыруға (мысалға, аудиторияның өсуінен, демеушілердің артуына дейін) молынан септік етті деуге толық негіз бар.

Біздіңше, мұндай ұстанымды спорттан тыс деңгейлерде де қолданып, масштабтауға болады, атап айсақ мемлекеттік жоғары лауазымдарды тағайындағанда, сондай-ақ бизнесте күн тәртібіне және ресурстарды белгілеуге жауапты директорлар кеңесінің басшылары мен P&L-рөлдерді (Profit & Loss үшін тікелей жауапты лауазымдар) белгілегенде. Әлбетте, «көз бояушылық» мақсатта емес, шын көңілмен — шешім қабылдау, бюджеттерді басқару және стандарттар қалыптастыру сынды жауапкершіліктерге қатыстыру, билікке жол ашу мақсатында.

Ал Forbes Kazakhstan әзірлеген еліміздегі ең ықпалды 25 әйел рейтингінің екінші шығарылымында біз әдеттегідей — ауқымды жобаларды жүзеге асырып, берік тұғырға ие болған, кәсіби қауымдастықтың сенімінен шыққан танымал тұлғаларды топтастырып отырмыз. Бұл рейтинг әйелдер көшбасшылығын институционализациялау құралы және оны жүйелі деңгейде көрсету әрекеті деп есептейміз.

Рейтингті әзірлеу барысында 120-дан астам үміткермен таныса алдық, олардың арасында жаңа есімдер де, бұрыннан танымал кейіпкерлер де болды. Түпкілікті шешім эксперттер кеңесі құрамындағы сарапшылардың дауыс беруі негізінде қабылданды, олардың қатарында танымал саясаттанушылар, журналистер, кәсіпкерлер, менеджерлер, консалтингтік және сараптамалық компаниялардың өкілдері мен Forbes Kazakhstan қоржынындағы өзге де рейтингтерге қатысушылар («Ең дәулетті 75 бизнесмен» және «Ең беделді 50 бизнесмен») болғанын айта кеткіміз келеді.

Сол сияқты, рейтингті әзірлеу барысында біз ҚР көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева және «Ана үйі» қоғамдық қорының негізін қалаушы Анар Рақымбаева ханымдармен арнайы сұхбат әзірлеп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Әдістеме

Рейтингтің long-тізіміне еліміздің экономика, саясат, азаматтық қоғам салаларынан ең ықпалды да танымал 120-дан астам әйел енген болатын. Зерттеу тобының алдын-ала талдауынан кейін 45 тұлға таңдалды. Айта кету керек, бұл тізім эксперттер ортақтастығы тарапынан алты балдық шкала негізінде бағаланды: 0-ден 6-ға дейінгі шамада. Эксперттер құрамына рейтингтегі тұлғалармен үлестес емес бизнес өкілдері, бизнес қауымдастықтардың басшылары, саяси және қоғам қайраткерлері, беделді сарапшылар мен журналистер енді. Эксперттік бағалау қорытынды балдың 90%-ын құрады, ал 10 %-ы — капитал, басқарылатын қаражат, қоғамдық және қайырымдылық қорлардың бюджеттері, сондай-ақ бизнес ауқымы мен жүзеге асырылған жобалардың нәтижелері сынды бірқатар көрсеткіштерді есепке алды.

Бұл рейтинг Forbes Woman Kazakhstan және Forbes Kazakhstan журналдарының бағалаушы сипатта әзірлеген таза журналистік жариялымы және оны қандай да бір құжат немесе ресми ақпарат ретінде танып, пайдалануға болмайды.

Умут Шаяхметова
Үміт Шаяхметова
Фото: © Заңғар Сқақов

1. Үміт Шаяхметова

56 жаста

Үміт Шаяхметова — «Қазақстанның Халық банкі» АҚ (Halyk Bank) төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі: еліміздегі ең ірі банкті 16 жылдан бері басқарып келеді. Altyn Bank директорлар кеңесінің мүшесі. «Атамекен» ҰКП президиумының қаржы секторы комитетінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің және Алматы қаласының Іскер әйелдері кеңесінің мүшесі, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның сарапшысы.

2. Мәдина Әбілқасымова

47 жаста

Мәдина Әбілқасымова бес жылдан бері ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы қызметін атқарады. Оған дейін ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары лауазымында ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық, қаржы балансы және қаржы нарығының статистикасы мәселелерін қадағалаған.

ҚР Президенті жанындағы Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның және ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшесі.

2011–2018 жылдардың аралығында әртүрлі мемлекеттік қызметтерді атқарған, ұлттық экономика вице-министрі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған.

3. Аида Балаева

51 жаста

2023 жылдан бері ҚР мәдениет және ақпарат министрі. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың хатшысы. Сонымен қатар, еліміздің ұлттық телерадио хабарларын тарату операторы «Қазтелерадио» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

Оның алдында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметтерін атқарған.

4. Ләззат Ибрагимова

52 жаста

«Отбасы банк» АҚ басқармасының төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі.

2017 жылдан бері — Қазақстанда тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір жалғыз мемлекеттік банкті басқарады. Бұған дейін «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорын басқарған.

Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар сарапшы, 30-дан астам ғылыми жариялымдар мен үш оқу-әдістемелік құралдың авторы.

5. Аружан Саин

49 жаста

«Милосердие» Ерікті Қоғамы» ҚҚ негізін қалаушы әрі директоры. Атауы Аружан Саиннің есімімен тығыз байланысты «ДОМ» қоғамдық қорының бюджеті 2024 жылы 600 млн теңгеден астам қаржыны құрады. Алматы қаласының Іскер әйелдері кеңесінің мүшесі. 1994 жылы — қазақстандық телеарналар үшін ойын-сауық, танымдық және біліми бағдарламалар дайындаумен айналысатын «Аружан және Компания» продюсерлік орталығын құрған.

2019 жылдың шілдесі мен 2023 жылдың маусымы аралығында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болған.

6. Светлана Жақыпова

57 жаста

Светлана Жақыпова — ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, еліміздің еңбек және әлеуметтік салаларындағы реформаларды жүргізуге жетекшілік етеді.

Бұл лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілі болған, оған дейін еңбек және әлеуметтік қорғау бойынша вице-министр қызметін атқарған.

Асель Тасмагамбетова
Әсел Тасмағамбетова
Фото: © Жанарбек Аманқұлов

7. Әсел Тасмағамбетова

45 жаста

Эколог, кәсіпкер, «Сәби» қайырымдылық қорының негізін қалаушы: соңғы 23 жылда аталған қор қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға 20 млрд теңге шамасында қаражат бағыттаған. «Сәби» қоры жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 10 жылдан бері «Өз кәсібіңді бастауға мүмкіндік» («Построй свой бизнес») байқауын өткізіп келеді. Осы жылдарда өз кәсібін енді бастаған қазақстандық 80 бизнесмен жалпы сомасы 2,24 мллн АҚШ долларынан астам өтеусіз грантқа ие болды. 2024 жылы аталған байқаудың негізінде byb capital венчурлық қоры құрылып, ол қазір жаңа стартаптар мен жаһандық ұстанымдағы келешегі зор жобаларды инвестициялауға көңіл бөлуде.

Әсел Тасмағамбетова Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының (CAIER), Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің негізін қалаған; косметикалық өнімдер шығарумен айналысатын «Telli Ondiris» ЖШС зауытын, Telli био-бутигін және білім саласына негізделген Shoqan Academy консалтинг компаниясын іске қосқан.

Сонымен қатар ол БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шарты аясында өтетін «ТДМ Пионері 2024» («SDG 2024 Pioneer») байқауының жеңімпазы. 2025 жылы Әсел Тасмағамбетова БҰҰ Жаһандық шарты Консультативтік кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

8. Анар Рақымбаева

54 жаста

«Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» қоғамдық қорының басшысы, «Ана үйі» ҚҚ тең құрылтайшысы.

Өткен жылдың қаңтарынан бері «Ана үйі» жобасы өзінің қызмет аясын кеңейтіп, Mother’s Home International Foundation (MHIF) бренді негізінде дами бастады. 2023 жылы Айдын және Анар Рақымбаевтар осыған ұқсас жобаны «Будинок мами» атауымен Украинада да іске қосты. Былтыр Өзбекстан мен Малайзияда да филиалдар ашылғаны жария етілді. Қазақстанда бұл жоба 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы кезең аралығында аталған жоба аясында еліміздің 18 қаласында 21 ресурстық орталық ашылды. Анар Рақымбаева сондай-ақ Iqanat жобасы қамқоршыларының бірі.

9. Раушан Қажыбаева

46 жаста

Раушан Қажыбаева 2019 жылдан бері «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» коммерциялық емес акционерлік қоғамын басқарады, оның алдында ҚР премьер-министрінің кеңесшісі болған.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.

2024 жылы ҚР Президентінің Телерадиокешені Al Jazeera халықаралық телекомпаниясымен ынтымақтастық қатынас орнатты.

10. Зәуреш Батталова

63 жаста

Зәуреш Батталова — «Қазақстанда парламентшілікті дамыту қоры» ҚҚ президенті. ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі. Сенаттың бұрынғы депутаты. Қазақстанда парламентшілікті дамыту қоры 2024 жылдан бастап ҚР Президентінің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтымен ынтымақтаса жұмыс істейді, бұл институттың мақсаты — заң шығару бастамасын жүзеге асыруда депутаттарға ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетумен қатар, парламентте қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға және тиімді заң шығару қызметін дамытуға жәрдемдесу.

11. Гүлнар Бажкенова

55 жаста

Гүлнар Бажкенова — «OrdaMedia.kz» ЖШС ортақ иесі әрі бас редакторы. Orda басылымы 2020 жылдан бастап өз сайты және өзге де платформалары арқылы жұмыс істейді. Бүгінде Orda-ның YouTube-арнасына 350 мыңнан астам қолданушы жазылған, қаралымдар көрсеткіші 85 миллионнан асады.

2025 жылдың тамызында Гүлнар Бажкенова тәуелсіз журналист ретінде АҚШ-та ресми аккредитация алды. Ол Шетелдік журналистер қауымдастығының (Foreign Press Association) мүшесі атанып, Ақ үйде және Біріккен Ұлттар Ұйымында аккредитациядан өтті. Бұл мәртебе оған АҚШ-та журналист ретінде жұмыс істеу, баспасөз мәслихаттарына қатысу, Ақ үйде, БҰҰ штаб-пәтерінде және өзге де халықаралық институттарда өтіп жататын халықаралық шаралар жөнінде ақпарат тарату құқығын береді.

12. Тамара Дүйсенова

60 жаста

Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі 20 жылдан асады — ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР премьер-министрінің орынбасары, ҚР Президентінің көмекшісі қызметтерін атқарған.

13. Гаухар Қаппарова

50 жаста

Активтер қоржынына мұнай саласы сервисімен айналысатын «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» ЖШС және «Жандиг-С» ЖШС кіретін Lancaster Group акционері, «Tin One Mining» АҚ, Quantum Stem School мектептер желісінде және т. б. компанияларда үлестері бар.

Сол сияқты, бренд киімдерінің дистрибуциясымен айналысатын «G and G Гламур» және «MaxGlamour» серіктестіктерінің, «Green production» серіктестігінің (мұнай өндіру) ортақ иесі. Нұрлан Қаппаров Қоғамдық Қорының тең құрылтайшысы, Iqanat білім беру жобасының қатысушысы.

14. Эльвира Азимова

52 жаста

2023 жылдан бері еліміздің Конституциялық сотын басқарады. Бұған дейін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде жұмыс істеді. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі және Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі болған.

Жания Аубакирова
Жәния Әубәкірова
Фото: © Андрей Лунин

15. Жәния Әубәкірова

68 жаста

Пианист, ҚазКСР Халық әртісі. Музыкалық білім алу мүмкіндігіне негізделген Aubakirova School жекеменшік авторлық мектебінің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі. Концерттер ұйымдастырумен айналысатын «Классика» музыкалық агенттігінің тең құрылтайшысы әрі бастамашысы. Ол сондай-ақ Steinway & Sons фирмасының ресми әртістері құрамына енеді. 1997 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болған.

16. Елена Бахмутова

63 жаста

Отандық қаржы нарығына қатысы бар 140-тан астам ұйымның (банктер, сақтандыру және аудиторлық компаниялары, т. б.) басын қосқан Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы. ҚҚҚ еліміздің қаржы жүйесін жетілдіру тұрғысындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған сектор ішіндегі түйінді мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, диалог негізінде талқылауда өз құрамындағы ұйымдардың атынан өкілдік етеді. Бахмутова сондай-ақ «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі.

17. Динара Зәкиева

42 жаста

2023 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен Динара Зәкиева Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі өкіл лауазымына тағайындалды (осы рейтингтің № 5 сатысындағы Аружан Саиннің орнына). Зәкиева Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Amanat партиясының отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесінің жетекшісі.

2024 жылдың сәуірінде елімізде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге ондаған түзетулер енгізілген заңға қол қойылды. Түзетулердің бір бөлігі мемлекеттің отбасылық саясатындағы құқықтық, институционалдық және инфрақұрылымдық бағыттарды дамытуға негізделген, қалған бөлігі — отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуға бағытталған.

Гульнар Досаева
Гүлнәр Досаева
Фото: © Андрей Ким

18. Гүлнар Досаева

50 жаста

«Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы: бұл қор жетім балаларға және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсетеді.

Сол сияқты, өнеркәсіп инфрақұрылымы, мұнай және газ сервисі, мұнай өндіру және тау-кен өндірісі, фармацевтика, адам ресурстарын басқару және білім беру сынды салаларды қамтыған Lancaster Holding көпбейінді халықаралық компаниясының тең құрылтайшысы.

Гаухар Қаппаровамен бірлесіп (осы рейтингте № 13) ретейл саласында жұмыс істейтін «G and G Гламур» және «GGonline» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге иелік етеді.

19. Әлия Молдабекова

49 жаста

Әлия Молдабекова 2019 жылдың желтоқсан айынан ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары, еліміздің бас банкі басқармасының мүшесі. «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ, «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ, «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) директорлар кеңестерінде төраға лауазымын атқарады.

Молдабекова монетарлық операциялар департаментіне қадағалау жасайды (бұрын өзі басқарған), аталған департамент алтын-валюта активтерін, ҚР Ұлттық қоры активтері мен БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерін басқарып, ақша-кредит саясатын жүзеге асыру үшін қаржы нарықтарында операциялар жүргізумен айналысады және Ұлттық Банктің «банктер банкі» функциясын орындауға қатысады.

20. Күнсұлу Закария

58 жаста

ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі лауазымын атқарды. Биология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК (БҚП ҒЗИ, Гвардейский кеңшары) бұрынғы бас директоры. Биылғы жылдың шілде айынан — «Qazbiopharm ұлттық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2022 жылдың маусымынан 2023 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде осы мекемеге өзі жетекшілік еткен).

21. Әсел Мұқажанова

54 жаста

Astana International Exchange басқармасының төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі.

Әсел Мұқажанова АІХ биржасын 2023 жылдың қаңтар айынан басқарады. Оның алдында нарықтар және өнімдер бойынша басқарушы директор қызметін атқарған, басқарма мүшесі болған. Қаржы және банк қызметі саласындағы жұмыс тәжірибесі 25 жылдан асады.

Биржа қызметі жөніндегі есепте көрсетілгендей, 2024 жылдың қорытындысы бойынша АІХ-тің ресми тізіміне 148 эмитенттен 256 құрал кіреді, сол сияқты, бір жылдағы сауда ауқымы былтыр 1,3 млрд АҚШ долларын құраған.

22. Жанна Кан

56 жаста

Zhanna Kan Group иесі әрі негізін қалаушы, бұл топтың құрамына Constella мультибрендті зергерлік бұйымдар желісі мен киім-кешек, аксессуарлар және үй тауарларына негізделген Zardozi бренді кіреді. Constella итальяндық Damiani брендінің серіктесі, ол Астанада, Алматыда, Шымкентте және Өзбекстан астанасы Ташкентте ұсынылған. Жанна Кан — осымен екінші жыл қатарынан Алматыда өткізілгелі жатқан аймақтағы әйелдердің көшбасшылық платформасы — Be Woman форумының ұйымдастырушысы. Аталған форум бизнес, саясат, мәдениет және т. б. салалардан шақырылатын көптеген спикерлерді біріктіреді.

23. Салтанат Томпиева

48 жаста

2024 жылдан бері ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

Азаматтық авиация саласында 1998 жылдан бері жұмыс істейді — жетекші маманнан «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директорының орынбасарына дейінгі жолдан жүріп өткен.

24. Алина Алдамберген

52 жаста

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) басқармасының экс-төрағасы және директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Еңбек жолын «ABN AMRO Банк Казахстан» банкінде бастаған, Лондондағы (Ұлыбритания) BN AMRO Bank N.V. директорлар кеңесінің мүшесі болған.

Чинара Бугимбаева
Чинара Бугимбаева
Фото: © Дарья Лапина

25. Чинара Бугимбаева

55 жаста

1996 жылдан бері жұмыс істейтін Qaganat қоғамдық тамақтану желісінің негізін қалаушы әрі бас директоры. Қазіргі таңда бұл желі Қазақстанның үш қаласында 27 асхана ашқан.

Бугимбаева — Paryz Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының мүшесі және Алматы қаласының Іскер әйелдері кеңесінің мүшесі.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте