Экономиканың өнімділігін арттыру жолдары бар ма?

Соңғы ширек ғасыр орамында алып қарасақ, дүниежүзінде өмір сүру деңгейі айтарлықтай өскенін байқай аламыз

Фото: © Depositphotos.com/TKKurikawa

Бұған көп жағдайда жаһандық экономикадағы өнімділік көрсеткішінің алты еседей өсуі септік етті, деп түсіндіреді McKinsey & Company сарапшылары. Әйтсе де, соңғы жылдары өндірістік деңгей біртіндеп баяулай бастады: 2012–2022 жылдары дамыған елдерде бұл көрсеткіш 1 %-ды, ал дамушы елдерде — 3,4 %-ды құраған. Бұл алдыңғы он жылдықтағы көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Ал өнімділікті арттыру қажеттілігі бүгінгі таңда өте өзекті, ол инфляция мен қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік береді. McKinsy сарапшыларының пікірінше, егер таяу арада экономиканың өнімділігін арттырып, ұлғайту мүмкін болмаса, онда әлем экономикалық тоқырау кезеңіне аяқ басады. Олардың айтуынша, өнімділікті арттыру барысында өзге де түйінді әрі өзекті мәселелерді шешіп, қалыпқа келтіруге болады, мысалға, байлар мен кедейлер арасындағы табыс алшақтығын азайту, халықтың жаңа санаттарын экономикаға қатыстырып, тарту, қарттық кезеңнің жағымсыз салдарын жеңілдету, т. б. деген сияқты.

Экономиканың өнімділігін арттыру — кез келген мемлекеттің алдындағы кезек күттірмес мәселе және бұл арада бұл елдің табыс деңгейі маңызды емес. Халықтың өмір сүру деңгейін жақсартудағы бірден-бір жол, ол — өнімділік. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда барлық елдің экономикасы көздеген мақсатқа жетіп жатқан жоқ. Өнімділікті арттыруда көш бастап тұрған елдер Қытай мен Үндістан: 1997 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде әлем экономикасында байқалған өсім көрсеткішінің жартысына жуығы осы екі елдің үлесіне келген. Орталық және Шығыс Еуропа, Азия елдерінде де көрсеткіш жаман емес — олар да дамыған экономикалармен арадағы алшақтықты біршама қысқарта алған. Ал Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы және Кариб теңізі елдері бұл белесті әлі де еңсере алмаған.

Бұл тұрғыда дамушы елдердің біразы үшін реформаларды біртіндеп енгізіп, жаһандық интеграцияға иек арту сәтті қадам болып отыр. Осы екі фактордың арқасында Қытай соңғы 25 жылда жыл сайынғы өндіріс көлемін 6 мың АҚШ долларынан 40 мың АҚШ долларына дейін арттыра алған (бір жұмыскерге шаққанда). Орталық және Шығыс Еуропа елдері де Батыс Еуропамен арадағы интеграция аясында оң нәтижелерге қол жеткізе алды.

Есесіне дамыған елдерге оңай соғып отырған жоқ. Солтүстік Америка, Батыс Еуропа және Батыс Азия елдерінің бірқатарында экономика қарқыны біршама баяу өсті. Коронавирус пандемиясына дейін экономикалық көрсеткіштері көңілдегідей дейтін дамыған елдің бірі АҚШ болатын. Бірақ онда да 2018–2019 жылдардағы өндірістік қарқын (сәйкесінше 0,9 % және 1,6 %) экономиканы жедел екпінмен өсіруге ықпал ете алмады.

McKinsey сарапшылары айтып отырғандай, өндірістік деңгейдегі баяу қарқын экономиканы шығынға батырады. Егер АҚШ-та өндірістік көрсеткіштің өсуі баяулап қалмаса, 2022 жылы бұл елдегі ЖІӨ жан басына шаққанда шамамен 5 мың АҚШ долларын құраған болар еді, ал Германияда, Францияда, Ұлыбританияда жан басына шаққандағы табыс көрсеткіші 3,5–5,9 мың АҚШ долларына жоғары болар еді.

Өндіріс қарқынын арттыру үшін не істеген дұрыс? McKinsey сарапшылары бұл арада ең алдымен инвестициялардың маңыздылығына күмән келтірудің қажеті жоқ дегендей пікір айтады. Әсіресе, экономикасы серпіндеп дамып жатқан, тұтынушылық сұранысы жоғары, жұмыссыздық төмен дейтін елдер үшін инвестиция тарту тиімді жол. Бұл үшін, әрине, нарықтық реттеуді енгізіп, бизнеске қатысты заңнамалық талаптарды азайтуға және интеллектуалдық меншік, әділ бәсекелестік сынды салалардағы заңдарды жетілдіруге мән беру қажет.

Дамушы елдердің экономикасын мейлінше өнімді деңгейге шығару үшін қала инфрақұрылымына инвестиция салу қажет, ал ол мемлекеттік те, жеке де инвестиция болуы мүмкін. Қалалардың функционалдығын қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметтерге де инвестиция тарту керек. Ауылдардан қалаларға көшіп жатқан жұрт та дамушы елдердегі өндірістік көрсеткіштерді арттыруға септік етуші маңызды күш. Халық санының өсуіне дұрыс бақылау жасау керек — қалалар инфрақұрылым сергелдеңіне түскен өлшемсіз агломерацияларға айналмауы тиіс. Бұл үшін қала әкімшілігінің ұзаққа негізделген инвестиция тарту мүмкіндігі болғаны дұрыс, деп есептейді McKinsey сарапшылары.

Дамушы экономикалар үшін тартымды бизнес ортаның қалыптасуы да маңызды шара. Жемқорлықпен күрес, бизнесті реттеудің икемді тетіктері, ашық та айқын қаржы нарықтарын құру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету — дамушы елдердің біразының алдында тұрған негізгі міндеттер осындай. Бұл міндеттерді жүзеге асыра отырып, олар шетелдік инвес­тиция тартумен қатар, өнімділікті, сұранысты арттырып, ішкі жинақтау процесіне дем бере алады. Бизнес ортаға бағытталған инвес­тициялар компаниялардың өсіп, дамуына септік етеді. Өндірістік капиталға салынған инвестиция білікті қызметкерлер таңдауға, олардың дамып, шыңдалуына жағдай жасауға, халықаралық нарықтарды еңсеруге мүмкіндік береді.

Қазір өнімділікті арттыруда көптеген елдер цифрландыруға үміт артады. Алайда цифрландыру нәтижелерін ІТ сектордан тыс салаларда қолдануға бәрінің бірдей шамасы жетіп жатқан жоқ. Дамушы елдердің жағдайына жасанды интеллектінің қалай әсер ететіні де әзірше белгісіз. ЖИ технологияларын ендіру, бір жағынан алғанда — көмектесуі тиіс, екінші жағынан: бұл саладан қалыс қалу — бай және кедей елдер арасындағы алшақтықты ұлғайта беретіні анық. McKinsey бағалауынша, Солтүстік Америка не Қытаймен салыстырғанда жасанды интеллектінің Латын Америкасы елдеріне деген әсері 3–5 есе төмен болады.

Дамушы экономикалар дамушы елдерден сөзсіз басып озатын бағыт — халық санының өсуі. McKinsey сарапшыларының пікірінше, жас әрі жылдам өсіп келе жатқан жұмыс күші дамушы елдерге зор артықшылық береді, бірақ бұл күшті дұрыс пайдалану да өзіндік өнер. Теңсіздік, білім алу және кәсіби өсу мүмкіндігінің болмауы — халық саны жылдамдап өсіп жатқан елдер бетпе-келетін түйінді мәселелердің бірі. Егер олар осы тұрғыдағы қиындықтарды дер кезінде еңсеріп, дұрыс қадам жасаса, онда экономиканың өнімділігін арттыруға да барынша қол жеткізе алады, деп түйіндейді сарапшылар.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте