Ерекше балалардың аналары кәсіп ашуды тегін үйренуде

41145

2023 жылы Алматыда басталған «Әйелдер – әйелдерге» әлеуметтік жобасы 22 ерекше баланың анасына жеке кәсіп ашуға көмектескен болатын

Фото: © Depositphotos.com/Josecarlosichiro

Ал биыл – жобаның екінші ағымында республика бойынша 38 ерекше баланың анасы бес ай бойы жеке кәсіп ашуды теория және тәжірибе жүзінде үйрене алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба қазір республикалық деңгейге жетіп, тек Алматыда ғана емес, Астана, Өскемен, Қостанай және Шымкент қалаларында да танымал бола бастаған.

«Ерекше балалары бар әйелдер – қоғамдағы ең осал топтағы кісілердің бірі. Сондықтан да олардың өзін-өзі жұмыспен қамтып, өздерін материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алуы өте маңызды. Біз қолға алған әлеуметтік жоба аясында ерекше балалардың аналары бизнеске оқып, үйренумен қатар, өз кәсібін бастағанша арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Былтыр Алматыда осы жобаны бастаған кезде, үміткерлердің бірқатары өз бизнес-жоспарын жүзеге асыруда психологиялық тұрғыдағы қиындықтармен бетпе-бет келгенін байқадық. Биыл осы мәселелерді түгел ескеруге мән бердік», - дейді жоба ұйымдастырушысы, ҚР іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Наталья Мұхамеджанова.

Наталья Мұхамеджанова, ҚР іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі
Наталья Мұхамеджанова, ҚР іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі
Фото: жеке архивтен

«Әйелдер – әйелдерге» әлеуметтік жобасының басты мақсаты – ерекше баласы бар аналарды бизнеске үйрету арқылы, осы топтағы кісілердің өмір сапасын жақсартуға көмектесу. Жобаны ұйымдастырушылардың қатарында: ҚР іскер әйелдер қауымдастығы, «EDU Stream» халықаралық тіл академиясы, «MamaPro» қоғамдық қоры, «ICF-Kazakhstan» қоғамдық бірлестігі, ЕҚДБ және ҚР кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы бар.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, 2023 жылы осы жобаға қатысқан әйелдердің ішінен 19-ы өзінің жеке кәсібін ашуды мақсат етсе, үшеуі жұмысқа орналасқысы келген. Ал жобаға 2024 жылы қатысқан әйелдердің 38-і түгелдей жеке кәсіп ашуға ниетті.

«Жоба аясында үміткерлер бес айлық курста оқып, өз кәсібін ашу жолдарын теория жүзінде үйренеді. Бұл тұрғыда оларға «Мама Про» қорының мамандары мағлұмат береді. Ал кәсіп ашқан соң заңнама, салық төңірегіндегі сұрақтар туындайды. Бұл сұрақтарға ҚР іскер әйелдер қауымдастығының мамандары жауап береді. Әр қалада тәлімгерлер, коучтар жұмыс істейді», - деп түсіндіреді Наталья Мұхамеджанова.

Оның айтуынша, былтыр жоба аясында 9 тәлімгер болса, биыл – 38-ге жеткен, яғни әр қатысушының өз тәлімгері бар деген сөз. Ал коучтар саны былтырғы 21-ден 36-ға дейін көбейген.

«Курс қорытындысы маусым айында жарияланады. Бұл – әлеуметтік жоба, яғни оған қаражат шығын болған жоқ. Ұйымдастырушылар, тәлімгерлер мен коучтар тек өз уақытын арнап отыр. Егер үміткерлер ақылы қызметтерге жүгінер болса, оларға 700–800 мың теңгедей шығындауға тура келер еді, айталық бухгалтерлік есеп жүргізу, ментор, психологтың жеке кеңесі дегендей. Ал «Әйелдер – әйелдерге» жобасының мақсаты – қатысушыларға тегін көмек, қолдау көрсету», – деп әңгімелейді Наталья Мұхамеджанова.

Айгерім Ізбасарова, «Mama Pro» ҚҚ филиалының жетекшісі
Айгерім Ізбасарова, «Mama Pro» ҚҚ филиалының жетекшісі
Фото: Гүлфарида Зейнуллина

Әлеуметтік жоба аясындағы оқыту курсында кәсіпкерлік дағдылары, шешендік өнер, бизнес-жоспар құру, қаржылық модель, компьютерлік сауаттылықты шыңдау сынды сабақтар оқытылады. Кәсіпкерлікті үйрету арқылы психологиялық көмек те көрсетіледі.«Ерекше балалардың аналары өздерінің ішкі көңіл-жағдайын ретке келтіруі маңызды», - дейді жоба ұйымдастырушылары.

Алматы қаласының «Mama Pro» ҚҚ филиалының жетекшісі Айгерім Ізбасарова алға тартқан деректерге мән берсек, 2023 жылғы көрсеткіш бойынша, елімізде 18 жасқа толмаған 188 144 мүгедек бала бар көрінеді. Басым бөлігі – мектеп жасында, олардың саны – 132 699. Мектеп жасына дейінгі 47 726 бала, сәбилердің арасында 7 719 бала мүгедек деп танылған.

«Болашақ әке мен ана баласының өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өкінішке қарай, шала туған нәрестенің денсаулығын тездетіп анықтау қабілетіміз әлі де төмен», - дейді ол.

Айгерім Ізбасарова өзі де ерекше бала өсіріп отыр. Ол «Мама Про» қорының арқасында өз өмірінде елеулі өзгерістер болғанын айтады. Оның пікірінше, кез келген ана өз баласының еркін өмір сүруі үшін, қолынан келгенше, барлық тиімді әрекетті жасауға талпынады.

Айгүл Имансерікова, шағын кәсіпкер
Айгүл Имансерікова, шағын кәсіпкер
Фото: жеке архивтен

«Отбасында ерекше бала дүниеге келгенде өзгеріс болады. Баланың денсаулығына қарау үшін ата-ананың біріне жұмыстан шығуға тура келеді. Бала күтімі бойынша демалыс 6 жасқа дейін созылуы мүмкін. Балаға жұмсалатын қаражат үш, төрт есе көбейеді. Депрессия, психологиялық күйзеліс ана мен отбасы мүшелері үшін қиындық туғызып, тіпті ажырасуға дейін әкелуі мүмкін. Бірақ баласы үшін барлық қиындықты бірге көретін ата-аналар да бар», – дейді ол.

Оның айтуынша, курсқа қатысуға ең көп өтініш алматылық аналар тарапынан түскен, олардың арасынан биылғы курсқа 10 ана қатысып отыр. Үміткерлер алдымен кәсіпкерлік негіздері және психологиялық қолдау курстарынан өтеді. «Шындап келгенде бұл жоба әншейін оқытып, үйрету деген сөз емес, жоба аясында үміткерлер кәдімгідей жұмыс істеп, алдағы белестерді еңсеруді үйренеді, ал бұған талпыныс, шыдам, жігер қажет», - дейді Айгерім Ізбасарова.

Жобаға 2023жылы қатысқан Айгүл Имансерікова былтыр бірге оқыған әріптестерімен бүгінде сырлас құрбыға айналғанын айтады.

Эльмира Сламғалиева, көп балалы ана
Эльмира Сламғалиева, көп балалы ана
Фото: Гүлфарида Зейнуллина

«Жоба барысында өз басым көп білім, ақпарат алдым. Тәлімгерлер өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Психологтың, коуч маманының сабақтарынан өтіп, қазір шағын кофейня ашып жатырмын. Жобада ұстаз болған қыздардан алыс кеткім келмейді – олардың көп көмегі болды. Курсты аяқтаған соң мемлекеттік грант ұтып алдым. Бұған дейін үйде әртүрлі бәліш, самса, торт пісіретінім бар-ды. Осы жобадан соң кішігірім цех аштым. Курстан алған білімнің арқасында бір айдағы айналым 2 млн теңгеге көтерілді», - дейді ол.

Өз кезегінде «Әйелдер – әйелдерге» әлеуметтік жобасының екінші ағымына қатысып отырған Эльмира Сламғалиева, болашақта өзі сынды аналарға көмек көрсеткісі келеді.

«Бес баланың анасымын. Мамандығым – есепші. Екінші қызыма ауыр диагноздың бірі қойылды. Отбасымда өзгерістер болып жатқанда «Mama Pro» қоры жайлы оқыдым. Курстың алғашқы күні-ақ өмірлік мақсатымды анық түсіндім. Тегін берілген мүмкіндікті пайдаланып, өзім секілді ерекше балалардың аналарына психолог ретінде көмек көрсеткім келеді», - дейді көп балалы ана.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube