Зейнетақы жүйесі: күйреуден реформаға дейін

Экономика баламалы ақша көздеріне үміт арта алмайды

ФОТО: © Shutterstock

Биыл ұлттық валютамыз теңгенің айналымға түскеніне 27 жыл. Мойындау керек, соңғы отыз жыл орамында отандық қаржы саласы айтарлықтай берік инфрақұрылым түзеп, тиісті нормативтік-құқықтық база жасақтаумен қатар, нарық ішіндегі кәсіби ойыншылардың мәртебесін әлемдік деңгейге көтеріп, нығайтуға жеткілікті мән бере алды. Отандық қаржы және банк нарығы ТМД бойынша көш ілгері дамыған, алдыңғы қатарлы, жетекші сала деп танылды.

Десек те, соңғы жылдары қаржы саласын реттеуші органның өз мәртебесі бірнеше рет өзгеріске ұшырап, ішкі құрылымдары әрі-бері сапырылысып, дербестік дәрежесі сын тезінен өткені де жасырын емес. Мұндай жағдайда нарық ішіндегі ойыншылар тарапынан реттеуші органға қатысты сенімсіздік туындауын қисынсыз дей алмаймыз.

Кезінде еліміздің қаржы жүйесінің іргетасын қалап, қабырғасын бекіткен танымал қаржыгерлердің айтуынша, реттеуші орган әу баста отандық нарықтағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің және жеке тұлғалардың қаражатын жинақтап, үнемдеуге негізделген тиімді жинақтау моделін құруды көздеді. Ал жинақталған қаражатты экономиканың нақты секторына бағыттауды мақсат етті. Әлбетте, бұл тұрғыда, ең алдымен, жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастыруға пәрмен берілді.

Уақыт өте жекеменшік зейнетақы қорлары мен олардың арасындағы әділ бәсеке Қазақстанда корпоративтік облигациялар нарығының дамуына жол ашты. «2000-жылдардың басында құнды қағаздар ауқымы бойынша бұл нарық Ресейден кейінгі екінші орынға шығып, көршілес елдердің қызығушылығын туғызған болатын», – дейді майталман қаржыгерлер.

Алайда салымшылардың ақшасын экономикаға бағыттаудың отандық жүйесі 2013 жылы аяқ астынан өзгеріске ұшырап, әп сәтте қирап қалды. Ұлттық банк жекеменшік зейнетақы қорларын біржолата жауып, зейнетақы активтерін түгелдей мемлекеттік Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басқаруына берді. Бұл тұрғыда реттеуші орган өз қадамын «қорлардың табыс көрсеткіші өте төмен және қаржылық тұрғыда тиімсіз» болуы себепті деп түсіндірді. Бұл шешім қаншалықты оңтайлы әрі тиімді болғанына қоғам іші бүгінге дейін дұрыс жауап ала алған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, зейнетақы қаражатын экономикаға инвестициялау нәтижесіне баға беруде 15 жыл – көрсеткіш емес, оның сыртында 2008–2009 жылдары әлем нарықтары жаңа ғасырдың алғашқы дағдарысынан ауыр соққы алғанын да ұмытпау керек.

Зейнетақы жинақтарын мемлекеттік басқаруға берген үкімет, сол тұста салымшыларға басу айтып, зейнетақы активтерінен түсетін табыс жоғары, ал басқарушы компанияның сыйақысы, керісінше, төмен болады деп сендірді. Әрине, соңғы 7 жыл көрсеткіш емес, әйтсе де, үкімет сол сөзінде бек тұра алды ма?

2020 жылдың қазан айының басында зейнетақы портфеліндегі нақты табыс көрсеткіші 0,4%-ды құраған (жылдық инфляция 7,1% десек, номиналды табыс жылына 7,5% шамасында болған). Зейнетақы активтерін басқарушы компания ретінде Ұлттық банк сыйақыдан қағылып жатқан жоқ, бірақ соңғы жылдары қоғам тарапынан айтылған сынға да құлақ аса бастаған. Мысалы, 2019 жылы Ұлттық банк инвестициялық табыс сыйақысын 5,25%-дан 5%-ға дейін төмендетті, бірақ теңге түрінде алғанда басқарушы компанияның шығыны бәрібір ауқымды: 40,5 млрд теңге. Ескеретін жайт, бүгінгі таңда БЗЖҚ портфелінің бір бөлігі мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың тәуекелсіз қарызынан жасақталған. Былайша айтқанда, мемлекет зейнетақы портфелін мемлекеттік қарызбен толтырғаны үшін елеулі сыйақы алып отырса керек.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары зейнетақы ақшасы экономиканың нақты секторын қаржыландыруды тоқтатты, олай болса ел экономикасы бүгінде баламалы ақша көзіне үміт арта алмайды деген сөз. Анығын айтқанда, бізде зейнетақы активтерінен түсетін табыс айтарлықтай төмен. Өйткені, жалақыны зейнетақымен алмастыру көрсеткіші орташа есеппен алғанда 12% шамасында (дамыған елдерде 70%). Оның сыртында бізде корпоративтік қарыз нарығы шөгіп қалған. Өз кезегінде, сарапшылар, отандық зейнетақы жүйесін әрі қарай дамытып, жаңғырту жөніндегі үкіметтің соңғы ұсыныстары әлі де түсініксіз және бұлыңғыр деп отыр.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3564 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Почему Байтасов хочет стать акимом Алматы Смотреть на Youtube