Таңдау жасауға тура келеді

Қазақстандық Forbes тізімінің қатысушылары елдегі транзит аяқталды деп есептейді әрі Украинаны қолдайды

ФОТО: © Depositphotos.com/YAYImages

«Жылдың басында болған «бұрын-соңды естімеген өзгерістер, бұрын-соңды көрмеген бүліктер» редакцияға таңдау қалдырмай тұр: рейтинг аясында әдетте жүргізілетін сауалнамамыз (пандемиялық коллизиядан кейін) білім, демалыс, сүйікті автомобиль маркасы, өзекті беллетристика тәрізді «жеңіл» тақырыптардан тағы да алыстап кетіп отыр. Осы жолы біз топ-50 қатысушыларының елдегі және әлемдегі жағдайға қатысты ұжымдық пікірін сұрап білейік деп шештік.

Бірінші сұрақ қаңтар оқиғаларына қатысты. Респонденттерден, олардың пікірі бойынша, Қазақстанда сол күндері не болғанын айтып беруді сұрадық та, қоғамда жиі айтылатын нұсқалардың ішінен біреуін таңдауды ұсындық:

а) мемлекеттің бұрыс әлеуметтік саясатына «төмендегілердің» наразылығы;
б) наразылықты пайдаланған ішкі элиталық күрес;
в) Украинамен соғыс қарсаңында Қазақстанның лоялдығын нығайту үшін елдегі ішкі элиталық күресті пайдаланып кеткен РФ ФҚҚ арнайы операциясы;
г) басқасы (сіздің нұсқаңыз).

Жауап бергендердің көпшілігі наразылықты пайдаланған ішкі элиталық күрес деген нұсқаға тоқталды, бірақ осылай жауап берген қатысушылардың біраз бөлігі әлеуметтік наразылықтың болғанын да жоққа шығармайды. Респонденттердің біреуі қаңтарда «шетелдік күштердің қатысуымен қоғамдағы әбден шиеленіскен әлеуметтік-экономикалық бөлініс жағдайында кәдімгі «жоғарыдан түскен революция» болды деп есептейді. Ал екіншісі жағдайды қалай көретінін толық түсіндіріп берді: «Алғашында бұл шынымен де бұрыс әрі «қисық» отыз жылдық тарихтан туындаған төмендегілердің шынайы наразылығы еді. Бизнестің көзқарасымен қарасақ, гибридті автократия болса да, бұрынғы КСРО елдерінің көпшілігіне қарағанда тәуір өмір сүреміз. Бірақ кейіннен екінші фактор қосылды – ішкі элиталық күрес.

Мемлекетті билей беруге үмітті, кезінде өте ықпалды, күшті болған әрі амалын әлі де сақтап келе жатқан адамдар бұл мүмкіндіктен айырылып бара жатқанын түсінді, себебі қазіргі мемлекет басшысы дербес әрі жеке көзқарасы бар адам болып шықты. Сөйтіп, олар наразылықты пайдаланды, мұндай «жұмысқа» керекті барлық құралдары дайын тұрған ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерін пайдаланды. Барлығы алдын-ала дайындалған дегенге күмәнім бар. Аукцион үкіметтің келісуімен ғана өтеді, біз Ресеймен паритетте емеспіз, ресурстың бәрі арзан бағамен көршіге кетіп жатты. 16 желтоқсанға дейін қажет емес, ал қаңтарда болады деп шешті. Ал энерготасымалдаушылардың барлық түріне монополиясы бар адамдар бағаны ақымақтықпен екі есе көтеріп жіберді. Аукциондар бізде қолдан жасалады ғой» (бұл жерде әңгіме сұйылтылған газды сатып алу бойынша аукциондар мен оның бағасы туралы болып тұрған сияқты. Бағаның күрт өсуі алғашында елдің батысында, кейін Қазақстан барлық жерінде өткен наразылықтардың триггері болды. – Ред. ескертпесі).

Келесі екі сұрақ Ресейдің Украинаға басып кіруі жайлы болды. Біз респонденттерге қарулы қақтығыстың бір жағын таңдауды немесе бейтарап болуды ұсынып, сондай-ақ жеке бизнесіне қалай әсер еткені жайлы айтуын өтіндік.

а) оң әсер етті/ оң деуге болады;
б) теріс/ теріс деуге болады;
в) әсер етпеді, бәлкім, болашақта әсер етіп қалар;
г) мүлде әсер етпеді.

Бұл жерде жауаптардың бәрі бір ауыздан болды: респонденттердің көпшілігі агрессияның құрбаны болған елді қолдайды, ал ресейлік арнайы операцияға ешкім қосылмайды. Бірақ сұралғандардың төрттен бірі дерлік түрлі деңгейде бейтарап көзқарасын білдірді. Біреуінің сөзінше, қазіргі жағдайға «ең алдымен Қазақстанның мемлекеттілігіне төнген қауіпке баға беру тұрғысынан қарайды». Толымды жауап бергендер де бар: «Мен агрессияға, әсіресе, басқа елдің аумағын жаулап алуға үзілді-кесілді қарсымын. Мен Ресейді мүлде қолдамаймын, Украинаға жаным ашиды. Бірақ өзімнің бизнестегі шиеленістер мен келіссөздерден тұратын отыз жылдық тәжірибеме сүйенсем, бірде-бір дауы реттелмеген қақтығысқа тек бір жақ қана кінәлі болмайды, тек пропорциялары әрдайым әртүрлі. Бұл соғысқа әкелген факторларды бағалағанда бейтарап позиция ұстанатыным содан. Бірақ, жанашырлығым мен тілектестігім, әлбетте, өз жерін қорғап жатқандардың жағында».

Бизнестердің көпшілігіне соғыс пен оның салдарынан болған экономикалық жағдайдың өзгеруі теріс әсер етті, төрттен бірі негативті салдарын әлі болашақта көреміз деп күтіп отыр.

Соңғы екі сұрақтың бірі, топ-50 қатысушыларының пікірінше, елдегі билік транзитінің аяқталуына қатысты болса, екіншісі Украиндағы соғыс Қазақстанның халықаралық саясаттағы басымдықтарын қалай өзгертеді болды. Соңғы сұраққа қатысты нұсқалар төмендегідей:

а) Ресейге тәуелді болу күшейеді;
б) Ресейге тәуелді болу азаяды;
в) Қытайға тәуелді болу күшейеді;
г) ОА және түрік әлемімен байланыс нығаяды;
д) Батыспен байланыс нығаяды
е) басқасы (сіздің нұсқаңыз).

Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі билік транзиті аяқталды деп санайды. Бұл, әрине, тыныштандырады, бірақ сыртқы тәуекелдерді ескерсек, ішкі саяси шиеленістер болмаса екен дейміз.

Қазақстанның геосаяси ықпалын бағалаған респонденттердің көпшілігінің пікірі әртүрлі. Сұралғандардың басым бөлігі елдің Ресейге тәуелділігі азаяды десе, үштен бірі кері нәтиже бола ма деп қауіптенеді («Беларусь сценарийіне сай Қазақстанның сателлиттік мәртебесін институттандыру қаупі бар»). «Біз осы уақытқа дейін әдемі етіп көрсетіп келген көпвекторлық енді болмайды. Президентіміз қандай дипломат болса да, бір бағыттардан бас тарту қажет болады. Ал Ресей санкция салдарынан Қытайға және әлемнің оңтүстік-шығыс бөлігіне көбірек тәуелді бола бастады. Өкінішке қарай, Батыспен арамыз салқындайды, себебі билік транзиті Ресейдің қатысуымен өтті», – деген болжам жасады сұралғандардың бірі.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
9315 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить