Миграция: өзгеріс пен мүмкіндік

Ресей мен Украина арасындағы соғыс көрші елдерге де әсерін тигізіп жатыр

ФОТО: © ready-steady

 Әлеуметтік, экономикалық тұсын былай қойғанда, көші-қон байланысы да өзгерді. Украиналықтар соғыстан, ресейліктер санкция зардабынан қашып, жан-жаққа көшіп жатыр. Көрші ел ретінде Қазақстанға келіп жатқандары бар. ҰҚК-нің мәліметі бойынша, осы жылдың ақпаны мен сәуірі аралығында Ресейден 128 мың адам келген, былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш екі есе көп. Украинадан 3074 адам келген – былтырғыдан 15% артық. Ал наурызда Қазақстанда ЖСН алған  ресейліктер саны 2021 жылдың наурызымен салыстырғанда 14 есе  өсті деп мәлімдеді ІІМ.

Осы сұрақтарды миграция мәселесін зерттеп жүрген сарапшыларға қойған едік.

  1. Бізге қандай мигранттар келіп жатыр?
  2. Ресейліктерді қабылдауға қарапайым халық дайын ба?
  3. Адами капиталдың келуінен қандай пайда және зиян?
ФОТО: Ольга Симакованың жеке мұрағатынан

Ольга Cимакова, «стратегия» қорының жоба үйлестірушісі, сарапшы

  1   Қазір осы тақырыпқа қатысты эмпирикалық мәлімет болмағандықтан, толыққанды жауап беру қиын. Әзірге ІІМ мен миграциялық қызметтің ақпаратына, БАҚ-та жарияланған материалдарға, әлеуметтік желі, кәсіби қауымдастық пен рекрутинг агенттіктерінің жаз-баларына сүйенуге болады. Сол ашық деректерге қарап, Қазақстанға негізінен кәсібі ІТ-ге немесе жұмысы интернетке байланысты мамандар келіп жатқанын байқаймыз. Яғни білімі, жұмыс тәжірибесі, бизнесі әрі қаржысы бар адамдар. Себебі қазір әуе билетінің өзі қымбат. Оларды креативті класс өкілдері деуге болар. Жалпы айтар болсақ, басым көпшілігі жастар, 25–40 жас аралығында. Бұл топ аға буынға қарағанда жылдам қимылдайды. Олар әлеуметтік масыл емес, еңбекке қабілетті, білікті қызметкерлер. Менің ойымша, жағдай реттелген соң олар Ресейге қайтуды да жоспарлап келген. Егер көшуге не себеп болды десек, бірінші кезекте өзінің бизнесін, жұмысын қорғау. Саяси көзқарас пен ұстанымына қарағанда мансабының мәселесі көбірек әсер етті деуге болар. Наразылыққа қарағанда қорғаныш әрекеті. Белгісіздік, болашағының бұлыңғыр болуы көпшілігіне көшуге түрткі болды.

  2   Ресейліктер ірі қалаларға, Алматы мен астанаға баруға тырысады. Оларға салмақты қарайды, бірақ күдік те бар, әрекетін жіті бақылап отырады. «Біздікі–бөтен» деген қоғамдық сканерлеу басталады. Жергілікті халық иммигранттарды қаншалықты қабылдайтындығы олардың жаңа әлеуметтік ортадағы әрекетіне байланысты. Білікті және төлем қабілеті бар адамдар жағдайды өз пайдасына шеше алады. Дегенмен, қазір ресейліктер туралы көзқарас тікелей байланысу арқылы емес, көбінде БАҚ ықпалы арқылы қалыптасатынын мойындау керек.

  3   Адам капиталы, еңбек нарығына қатысты қызық жағдай туындады. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана қазақстандықтардың елден кетуі күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Енді кері бағытта өзгерді. Қазақстан тек ірі ресейлік бизнес үшін ғана емес, фрилансер, стартап және шағын бизнес үшін де тартымды орынға айнала бастады. Ресейліктер үшін соңғы бірнеше айда біздің еліміздің аты мен рейтингі біраз өсті деуге болады. Бизнесі интернетке байланған адамдар көбірек көшіп келіп жатыр. Оларға жұмыс іздеудің қажеті жоқ. Ал ЖСН алғандардың еңбек нарығына қалай әсер ететінін қазір айту қиын. Әзірге мен білетін кейстерді айтсам, ресейліктер біздің нарықта маман табылмаған жұмысқа орналасып жатыр. Яғни жұмысқа орналасу үшін бәсекелестік емес, кадр тапшылығы негіз болды. Бұл жерде жұмыс беруші үшін де әрі ресейліктерден тәжірибе алмасатын ұжым үшін де пайда бар. Бірақ еңбек нарығындағы бәсекелестікті қалыпты деп есептеймін. Егер сен вакансияны жіберіп алсаң, шағымданып жылаудың орнына біліктілігіңді арттыру керек деген хедхантерлердің айтқанына қосыламын.

ФОТО: ХКҚҰ мұрағатынан

Зейнал Гаджиев, халықаралық көші-қон жөніндегі ұйымның Орта Азия бойынша субаймақтық үйлестірушісі, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстандағы ХКҚҰ миссиясының басшысы

  1   Қазақстан халықаралық көші-қон тасымалының және әлемдік еңбек нарығының белсенді қатысушысы. Әсіресе, Орта Азиядан келетін еңбек мигранттары үшін басты бағыттың бірі. Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясымен шекараның ашылуы Қазақстандағы миграциялық тасымалдың өскенін байқатты. Географиялық тұрғыдан алғанда көшіп келушілер көбінде ірі мегаполистерді таңдайды. Олар ары қарай еңбек етуді, бизнесті дамытуды мақсат етіп отыр. Әзірге келушілердің жалпы портреті туралы айту ерте. Жақын арада ХКҚҰ Қазақстан мемлекеттік органдармен бірге олардың орын ауыстыруын бақылау матрицасы арқылы картаға түсіруді жоспарлап отыр.

  2   Миграцияның сәтті жүзеге асуы, келушілердің еңбек нарығы мен қоғаммен қалай интеграцияланатынына байланысты. Бұл – миграциялық процестің ең маңызды бөлігі. Яғни, алдымен мемлекет сырттан келушілер үшін жағдай жасауы керек, олардың тарихи, мәдени, саяси және басқа да ерекшеліктерін ескеруі керек. Үкіметтің саясаты мен миграция облысындағы бағдарламалары ғана мигранттардың қоғамға енуіне, қабылдауына әсер ете алады. Немесе мүлде бұған кедергі болады. Интеграция саясатына мән бермеген кезде миграцияны ішкі шиеленіске айналдырып алған, ксенофобияның ұлғайып, этникааралық қақтығыс-тар болып, қоғамның тұтастығына қауіп төнген мысалдар көп. Мемлекет ел экономикасы үшін мигранттардың рөлін мойындап, миграциялық саясатты халыққа дұрыс түсіндіре білсе ғана, екі жақ үшін де ыңғайлы атмосфера орнайды.

  3   Қазір әлемдік еңбек нарығы үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Халықаралық еңбек нарығының масштабы кішірейгенімен, жұмыс табу мүмкіндігі де өсе түсті. Таланттар үшін жаһандық бәсекеде Қазақстан өзіне шетелдік дарындарды шақыра алады. Жоғары білікті мамандар, оқытушылар, студенттер келіп, ел дамуындағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени, технологиялық мәселелерді шешіп бере алады. Жаңа жұмыс күші келгеннен кейін білікті мамандар арасында бәсеке күшейетіні рас. Біліктілігі төмен мамандар үшін жұмыс табылуы да қиындайды. Мұндай кезде мигранттарды қабылдайтын елдің ұлттық миграциялық саясаты өзіне жаңа міндеттер алып, жұмыс істеуі керек.

ФОТО: © Азат Оспанов

Данияр Құсайынов, тәуелсіз сарапшы, саясаттанушы

  1   Бізге көбінде ІТ саласы мен креативті өндірістің жоғары білімді, сұранысқа ие мамандары келіп жатыр. Себебі толығымен көшіп келу немесе жұмыс орнын басқа елге ауыстыруға қосымша шығын кетеді, әсіресе, жаңа орынға бейімделетін бастапқы уақытта. Бұған әр қызметкердің шамасы жете бермейді әрі кез келген компания да толықтай қаржылай қолдау көрсетуге дайын емес. Жақында InDriver қызметкерлерінің отбасымен Алматыға көшкенінің куәсі болдық.

Қазақстан шекарасынан өтіп жатқан ресейліктердің бір бөлігі – ары қарай басқа елге кету үшін келгендер, себебі дәл қазір Ресейдің өзінен әуе тасымалы арқылы бұл мүмкін емес. Сондықтан бұл көші-қонды ресейліктердің биліктің әрекетіне деген саяси наразылығы деп емес, батыс санкцияларына реакциясы ретінде қарастыру керек. Бірақ ол иммигранттар Украинадағы соғысты қолдамайды деп айтуға болады, себебі көпшілігі жоғары білімді азаматтар. Шын мәніде ІТ саласындағы мамандар шартты түрде Ресейдің қазіргі билігіне оппозициялық көзқараспен қарайды. Олар жұмыс барысына сай түрлі ақпарат көздерімен танысады, үнемі жаһандық бизнеспен байланыста және құқық пен бостандығын шектеуге өте сақ қарайды. Ең соңғысы олардың кәсіби дамып, жұмысын жалғастыруы үшін негізгі шарттың бірі.

  2   Әзірге жергілікті халықтың ресейліктерді қабылдауға дайындығы туралы да нақты айту қиын, себебі қазіргі жағдайды ресейліктердің жаппай Қазақстанға көшуі деуге болмас. Дегенмен, медиакеңістікте келушілерге қатысты негативті дискурс пайда болып келе жатқанын байқауға болады. Ресейлік билік мұны сипаттау үшін жиі «русофобия» деген терминді қолданады. Бірақ шын мәнінде бұл – жергілікті тұрғындардың өздері байқаған өзгеріске деген реакциясы. Олардың бір бөлігі, әсіресе экономикалық қорғалмаған топ, еңбек нарығындағы орын, пәтерді жалға алу және т.б. үшін қауіптеніп, өзара шиеленіске дайын болуы мүмкін. Ресейліктер көшіп келмей жатып-ақ ірі қалалардың тұрғындары жұмыс табу, баспана сатып алу, жалға алу жағынан қиындықтарға тап болуда. Ал жоғарыдағы тенденция қазақстандықтардың сол наразылығын одан әрі өршіте түседі. Бірақ оған қарағанда еліміздегі «ауыл–қала» және «облыс орталығы–Алматы» деген ішкі миграциядағы жағдай әлдеқайда өзекті.

  3   Көші-қоннан да пайда бар. Келген ресейліктер өз ақшасын жаратады, ол жалға беру, мейрамхана, қонақүй, шағын бизнес нарығына жаңа импульс береді. Еңбек нарығы өзгереді, бұрын батыс аудиториясына жұмыс істеген білікті кадрлар пайда болады. Ал қашықтан жұмыс істейтіндер жергілікті қызметкерлер үшін бәсекелес болады дей алмаймын, себебі олар ары қарай өз клиенттеріне, яғни Еуропа мен АҚШ-тағы тапсырыс берушілерге жұмыс істеуді жалғастыра береді. Яғни, жұмыс берушілер мәселесіне келгенде, жергілікті тұрғындармен талас болмайды деуге келер. Оның үстіне Қазақстанда ағылшын, қазақ, орыс тілін жетік меңгерген үш тілді мамандарға жоғары сұраныс байқалып келеді. Егер осы талапты негізге алатын болсақ, еліміздің тұрғындары үшін иммигранттармен бәсекеге алаңдаудың қажеті жоқ.

Түйін

Ресейліктердің Қазақстанға көше бастағаны туралы ресейлік мамандар, ірі компания басшылары да хабарлады. Elite кадрлық холдингінің директоры Олег Парахин Forbes.kz сайтына берген сұхбатына сүйенсек, ресейлік мамандардың Қазақстанға келуіне жұмысқа тезірек орналасу мүмкіндігі себеп. Екі ел ЕАЭО құрамында болғандықтан, ресми түрде жұмысқа орналасудың жеңілдік тұстары да бар. Оның сөзінше, ресейлік мамандарға Қазақстан тарапынан әрдайым сұраныс болған. IТ-дан бөлек, агро және өндіріс секторының мамандарын іздейді.

Ал қазақстандық тарап әзірге нақты бір құбылыс деуге ерте дейді. «Иә, статистикаға қарасақ, биыл елімізге келген ресейліктер саны өткен жылғымен салыстырғанда көп. Бірақ бұл цифрлардан нақты бір тенденция көруге болмайды. Пандемияға дейінгі уақытта бір тоқсанда шекарадан кіріп-шыққандар саны 360 мыңға дейін жеткен еді», – деді ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
17869 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить