Мигранттар «жұмсақ күш» емес

Қазақстандық эмиграция мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналды

ФОТО: © ready-steady

2012–2013 жылдардан бастап еліміздегі теріс көші-қон сальдосы өсіп келеді. Бүгінде мигранттарды «тауар» деп қарастырып, ал көші-қон процесін қауіпті құбылысқа жатқызбайтын әлемнің дамыған мемлекеттері иммиграция-эмиграция қозғалыстарын жай ғана «табиғи құбылысқа» жатқызады. 2020 жылы Халықаралық көші-қон ұйымы жариялаған «Әлемдік миграция бойынша есепте» Қазақстан халықтың жалпы санына қатысты елден кетуші эмигранттар көрсеткіші бойынша алғашқы 20 елдің қатарына кірген. Бір қызығы, Қазақстан туылған және көшіп келген шетелдік халықтың саны бойынша да алғашқы жиырма елдің қатарында тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында шетелде оқып, сонда қалуға шешім қабылдаған жастарды Қазақстанның «жұмсақ күші» деп бағалаған еді. Дегенмен, республикадан, әсіресе, жастардың дамыған елдерге ағылып кете бастауы үрейлі тенденция болып табылатыны белгілі – елден қоныс аударғандардың 25%-дан астамы 15 пен 28 жас аралығында.

Тарихи шолу

Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі бірқатар ірі көші-қон ағындарын басынан өткерді және олардың әрқайсысы міндетті түрде экономикалық дағдарыс пен саяси тоқырау кезеңдерімен тоғысады. Мәселен, 1990-жылдары Қазақстаннан кеткендердің басым бөлігі славяндар болды – олар Кеңес үкіметі құлаған соң, тарихи және этникалық отандарына қоныс аударып кетті (Статбюроның деректерінше, 1990-жылдары 2,2 миллион адам қоныс аударған), ал бүгінгі эмигранттардың көпшілігі – этникалық қазақтар. Қалай болғанда да, 1990-жылдардағы эмиграцияның салдары айқын факторға айналып, бұл толқын республика бойынша күрделі демографиялық құлдырауға әкелген қазақстандық эмиграцияның бірінші кезеңін құрады. Бұл заңдылықты Қазақстанға қоныс аударған иммигранттар санының жиілеуімен ерекшеленген 2005–2014 жылдар барынша сейілтті: келуші мигранттардың саны 2005 жылдан бастап жыл са-йын орта есеппен 12,2%-ға төмендей бастаса, кетуші мигранттар саны 2015 жылдан бастап 9,6%-ға дейін өскен (ҚР ҰЭМ).

Эмиграция толқынының екінші кезеңі 2014–2015 жылдарға тұспа-тұс келеді: бұл жылдары қоныс аударушылардың жалпы саны жыл сайын 8–16%-ға өсіп отырған. Мәселен, 2014–2015 жылдары 30 мың адам Қазақстаннан қоныс аударған болса, 2020 жылдың басында бұл көрсеткіш 30%-ға дейін өсіп, 45 мың адамды құраған. Ресми статистика бойынша соңғы он жылда 366 мыңнан астам қазақстандық шекарадан асып, қайта оралмаған (ал сарапшылардың бағалауы бойынша, бейресми көрсеткіштер бұдан да жоғары: тек 2005–2016 жылдар аралығында басқа елдерде тұрақты өмір сүру үшін 600 мыңға дейін адам қоныс аударған), олардың басым бөлігі еңбекке жарамды, кәсіби білім, актив және капитал иелері. Эмиграция ағынының үшінші кезеңін сарапшылар пандемиядан кейінгі шекараның ашылуынан күтеді.

Статистика не дейді?

Статистикалық комитеттің 2021 жылғы 1 ақпандағы ақпаратына сәйкес, Қазақстан халқы 18 898 мың адамды құрайды: оның ішінде қалалықтар саны – 11 170 мың (59,1%), ауылдықтар саны – 7 728 мың (40,9%) адам. Бұл 2020 жылдың 1 ақпанындағы көрсеткішпен салыстырғанда (18 653,5 мың адам) 244 500 адамға көп. Алайда ҚР ҰЭМ мәліметтеріндегі сандық ақпараттардың позитівтілігін ақтайтын бір ғана себеп болуы мүмкін, ол – коронавирусқа байланысты елден шыға алмау қиындығы. Пандемияға байланысты локдаун мәселесі шешілген соң, жоғарыдағы арақатынас керісінше сипатқа ие болуы ықтимал, демек эмиграцияның бүгінгі толқыны әлі де өз шыңына жеткен жоқ деген байламға келуге болады. Қалай дегенмен, бұл пікірді шекаралар ашылғаннан кейін ғана растауға немесе жоққа шығаруға мүмкіндік болады.

ФОТО: © ready-steady

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстаннан қоныс аударушыларды қабылдаушы елдердің рейтингінде Ресей Федерациясы көш бастап тұр: кеткен эмигранттардың 88%-ы сол жаққа қоныс аударады. Соның ішінде, Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарынан қоныс аударған славян ұлтының өкілдері үшін аймақтас держава «жаңа отанға» айналуда. 2020 жылдың басындағы деректер бойынша, қоныс аударғандардың басым бөлігі Қазақстанның Шығыс өңірінен, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарынан шыққандар, олардың 70%-ы жоғары білімі бар азаматтар. Керісінше, Қазақстанға қоныс аударып келгендердің ішінде жоғары білімі бар азаматтардың саны 15%-дан аспай отыр. Алматылық «Стратегия» қорының хабарлауынша, қазіргі уақытта «Қазақстанның әрбір оныншы тұрғыны эмиграцияға кетуді жоспарлап отыр, ал олардың үштен бір бөлігі – этникалық қазақтар».

Қоныс аударудың себебі не?

Migronis азаматтық бойынша агенттігі тұрғындардың туған елінен өзге мемлекетке қоныс аудару тәуекелдерінің бірқатар басты себептерін атайды: 1) өмір сүру салтын ыңғайлы жағдайға ауыстыру (инфрақұрылымы, әлеуметтік қауіпсіздігі, толеранттылығы, ойын-сауық түрлері дамыған елдерге көшу); 2) табысы жоғары жұмыс пен кәсіби жетілу мүмкіндіктерін іздеу (жоғары жалақы, қолайлы және жайлы еңбек жағдайлары, еңбек құқықтарының қорғалуы); 3) сапалы және беделді оқу орындарынан білім алу (танымал университетте оқу, мектеп және мектепке дейінгі жастағы баланың тіл үйренуі, «бірінші төлқұжат» елдерінің білім жүйесін иелену). Эмиграцияның келесі факторларына Migronis агенттігі денсаулыққа байланысты қоршаған ортаның өзгеруі, экологиялық және соғыс жағдайы, отбасын құру немесе біріктіру, жыныстық бағдары мен діни көзқарасына байланысты шектеулер сияқты себептерді жатқызады.

Статистика Бюросының деректері қазақстандықтардың өміріне қанағаттанушылығы ЭЫДҰ елдерінің орташа азаматының көрсеткішінен көп ерекшеленбейтіні айтылады. 2019 жылдың сандық мәлеметтері Қазақстандағы сұралғандардың өмірге қанағаттанушылығын 10-ың ішінде 7,6 балмен өлшейді, ал қауіпсіз сезіну көрсеткіші бойынша халықтың 92,4%-дан астамы өздерін түнде көшеде жүргенде өздерін қауіпсіз сезінеді, яғни ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары (68,4%) көрсеткіш. Сонымен қатар, әлеуметтік сауалнама нәтижесі (ҚР ҰЭМ) Қазақстанда аптасына 50 немесе одан да көп сағат жұмыс істейтін қызметкерлер санының 2,5%-ды құрайтынын хабарайды (ЭЫДҰ елдерінде жұмысшылардың 11%-ы өте ұзақ жұмыс істейді). Ресми статистикада, әдеттегідей, «ақтаңдақтардың» анық белгілері көрінбейді. Ұлттық статистика бюросының келесі зерттеулері азаматтардың кету себептерін анықтау барысында қазақстандық эмигранттарды сипаттайтын үш қана факторды атап көрсетеді: «жұмысқа байланысты» (10,5%), «оқуға байланысты» (0,8%) және «басқа» (88,7%). «Басқаның» қатарына тәуелсіз сарапшылар бірауыздан сыбайлас жемқорлық, мемлекеттің жабық саясатының салдарынан болашаққа деген сенімсіздік, әлсіз азаматтық қоғамның салдырынан азамат құқықтарының шектелуін, экономикалық факторлардан – жұмыссыздықты, жалақының төмендігін және әлсіз экономиканы жатқызады (Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) Орталық Азиядағы аймақтық кеңсесінің 2019 жылғы зерттеуі). Аталғандардың ішінде, сарапшылардың бірқатары қазақстандық эмиграцияның ең тұрақты және басты себебін халықтың едәуір бөлігінің еңбек табысының төмендеуінен іздейді. Мәселен, әлемнің дамыған индустриалды мемлекеті Люксембург күнкөріс деңгейінің ең жоғары көрсеткішін беріп отыр: өмір сүру деңгейі адам басына шаққанда, жылына – 22 482,9 АҚШ долларына, айына – 2000 АҚШ долларына тең. Күнкөріс деңгейінің үздік бестігін Франция (айына – 1 454 АҚШ доллары), Германия (1397 АҚШ доллары), Финляндия (1307 АҚШ доллары), Ұлыбритания (1103 АҚШ доллары), Нидерланды (1263 АҚШ доллары) тәрізді Еуропаның экономикалық тұрақты мемлекеттері толықтырады. Ал Қазақстан рейтинг нәтижелері бойынша күнкөріс деңгейі ең төмен мемлекеттер қатарына енеді (2017 жылғы дерек), республикадан халықтың кету көрсеткіштері бойынша Қазақстан ЕАЭО елдерінің арасында көш бастап тұр.

Нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері 34,3 мың теңгені (айына – 80,08 АҚШ доллары), ең төменгі жалақы деңгейі 42,5 мың теңгені (99,24 АҚШ доллары) құрайды. Сондай-ақ 2021 жылғы заңға сәйкес, еліміздегі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңгені, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 43 272 теңгені, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңгені құрайды. Әлбетте, бұлар – күн көруге мүмкіндік бермейтін көрсеткіштер.

Қорытындылай келе, қазақстандық эмиграция толқынын жай ғана «жұмсақ күш» емес екендігін көреміз. Өмір сүру деңгейі мен мемлекет саясатындағы жабықтықтың салдарынан, қоғамдық сенім мен әлеуметтік капиталдың жоғалуынан талантты азаматтарының бір бағытқа сапар шегуі жиілеген мемлекетте қандай болашақ болуы мүмкін?

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1253 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
25 июля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить