Күйзеліс аясында мүмкіндік жасырулы

Қазақстандық «коронадағдарыстың» алдыңғы күйзелістермен салыстырғанда бір ерекшелігі мен бір ұқсастығы назар аудартады. Ерекшелігі – оның денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстан басталып, түрлі каналдар арқылы экономикаға соққы беруінде. Ұқсастығы – шикізаттық экономикадан бас тарту міндетінің күн тәртібіне шұғыл оралуында

ФОТО: pixabay.com

Әзірге Brent маркасының бағасы барреліне 38–43 доллар аралығын ұстап тұр. Алайда ұзақмерзімдік перспектива – бұлыңғыр. Әлемдік мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік 2021 жылы да, одан кейін де сақталмақ. Мұнай бағасы құлдыраған сайын ұлттық валюта да құнсыздана түсті, сәйкесінше Қазақстанға импортталатын тауарлардың да құны қымбаттады. Түптеп келгенде, Қазақстан үшін өркендеудің тұрақты болашағын қамтамасыз етудің бір ғана жолы бар – экономиканың драйверлеріне объективті баға беріп, оны дереу диверсификациялау. Осы тұста Альберт Энштейннің «кез келген күйзелістің аясында мүмкіндіктер жасырын жатады» деген сөзі ойға оралады.

Дағдарыстан диверсификацияға өткен экономикалардың озат үлгісі – Мексика. 1990-жылдары Мексикадағы мұнайдың экспорттағы үлесі 90%-ға тең болған еді. Бүгін ол көрсеткіш небары 10%-ды құрайды. Жалпы мұнай элементі Мексика ЖІӨ-нің небары 5%-ын алады. Бұл «жетістікке» олар сауда нарығын либерализациялау және қызмет көрсету саласын жетілдіру жолдары арқылы жетті. Қазақстан таңдаған «қарапайым заттар экономикасы» да осыған ұқсас. Айталық, капитал шығыны мен күрделі технологияны қажетсінбейтін тұтыну тауарларын шығару Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз ете алса, кейін оларды экспортқа да бейімдеуге болар еді. Ол үшін, алдымен, өңірлік даму саясатына баса назар аударылып, аймақтардың әлеуетіне мән берілуі тиіс. 

Аймақтардың ішінде Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарын металлургия кәсіпорындарына, Батыс Қазақстан, Павлодарды мұнай-химия кешендері бойынша инвестиция тұтынатын аймақтарға айналдыру міндеті қойылып отыр. Ал 2025 жылға дейін мұнай-химия секторы бойынша $15 млрд көлемінде қаржы бөлінбек. Алайда бұл сектордың әлеуеті мол болғанымен, аймақтық кеңістікте кедергілері де жоқ емес. Тек осы сектор арқылы экономиканы әртараптандыру үшін жеңіл өнеркәсіпті де қатар жетілдіру керек. Керісінше жағдайда, теңізге шыға алмайтын ел үшін транспорттық мәселелер күн тәртібіне көтерілетін болады. Себебі Қазақстан үшін мұнай мен газ тасымалдау әлдеқайда қолжетімді. 

Тағы бір мәселе – біздегі жобаларды жүзеге асыру процесінде шынайылықтан гөрі имитация басым. Мәселен, 2015 жылғы рецессия барысында Қазақстан үкіметі іске қосқан инфрақұрылымдық «Нұрлы жол» бағдарламасы тәрізді бастамалар саяси-экономикалық ахуалдың оңалуын жеңілдеткен болатын, бірақ жоба аймақтық деңгейде бәсекеге қабілетті болмай шықты. Сол сияқты, агробизнес пен ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламалары іске қосылып, ірі компанияларға көмек көрсету жобалары жүзеге асырылуда. Бірақ санаулы компанияларды қоспағанда, қазақстандық бизнестің экспортқа шығуы тек сөз жүзінде ғана орындалды. Бұл тұстағы проблема – бағдарламалардың жолға қойылуы мен имплементациялануы арасындағы теңгерімсіздікте. Екінші проблема – көлеңкелі экономиканың кедергілері мен шектен тыс мемлекеттік бақылаудың болуында. Бұған қоса, біздің кәсіпкерлік контингентте жерлігікті және шетелдік жеке компаниялардың дамуына кедергі келтіретін жекешелендірілмеген мемлекеттік кәсіпорындар көп. Үшінші мәселені салық саясатының реформалануындағы проблемалар құрайды. Ол инвесторлардың сенімін төмендетіп қана қоймай, ішкі бизнестің де еңсесін түсіріп отыр. 

Жалпы, коронавирус пандемиясы тек Қазақстанға ғана емес, әлемнің кез келген мемлекетіне өзін-өзі қамтамасыз ете алатын экономиканы қалыптастыру керектігін үйретті. Бұл жердегі мәселе жаһандық жеткізілім тізбегіне қатыспау туралы емес, ішкі нарыққа теңгерім беретін агроөнеркәсіп пен мал шаруашылығы салаларын дамытуда. Қазақстан үшін, сондай-ақ адами капиталды дамыту, медицина ғылымына зейін қою – негізгі басымдыққа айналуы тиіс: таяу келешекте ел ішінде сапалы білім ошақтарын қалыптастырып, білім беруде әлемдік стандарттарға сай деңгейге шығуды қолға алуымыз керек.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4613 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
19 апреля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить