Қымбатшылық: баға шарықтауының себебі не?

Биыл Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуіне қарсы жыл сайынғы күресі мүлде басқа парадигмада өрбіді

ФОТО: © Shutterstock.com

Яғни, бағаның айтарлықтай көтерілуінен бөлек азық-түлік, тұрмыстық химия және қазақстандықтардың күнделікті өмірде қолданатын басқа да тауарлардың тапшылығы байқалды.

Сарапшылардың пікірінше, бағаның өсуіне өзара байланысты көптеген фактор әсер еткен. Қымбатшылықтың бастапқы себебі – СOVID-19 пандемиясы кезіндегі логистикалық құлдырау.

Украинадағы соғыс та COVID-19 пандемиясынан әлсіреген әлемдік экономикаға айтарлықтай өзгерістер енгізді және геосаяси қиындыққа дайындалуға уақыт бермеді.

Қазақстандағы ресми бөлшек тауар айналымы әртүрлі бағалаулар бойынша 9 трлн теңге шамасында болса, сараптама деректеріне сәйкес бөлшек саудадағы көлеңкелі тауар айналымы 13 трлн теңгеге жуық.

Осының салдарынан Үкімет құн тізбегін қалыптастыру туралы ақпараттан хабарсыз, инфляцияны бақылауға және дағдарыстық жағдайларға дер кезінде әрекет ету үшін тиімді шаралар қолдануға қауқарсыз. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан жүйелі шешімдер қабылдамаса, жағдайдың жақсармасы анық. Ресейге қарсы санкциялар бағаны шарықтатып, қазақстандықтардың сатып алу қабілетін нашарлатады. Сарапшылар айналым қаражатының схемасы мен квота беру тиімді болады, ал бағаны тежеу жеткіліксіз және ол бағаның өсуін тоқтатпайды деген пікірде.

Соғыстан кейін бірнеше айда елде қымбатшылық қатты байқалды. Алдымен қант тапшылығы болып, одан кейін азық-түлік бағасы шарықтады. Forbes Kazakhstan экономика саласының сарапшылары мен бизнесмендерге төмендегі сұрақтарды қойды:

  1. Бұл жағдайда Үкімет қаншалықты дұрыс әрекет ете алды, дағдарыстың алдын алу немесе салдарымен күресу үшін дұрыс шаралар қабылдай алды ма?
  2. Бизнесмендер санкция салдарынан сырттан келетін тауар тасымалы тоқтап, кәсіпке зиян келді дейді. Бизнес қаншалықты зардап шекті, әлде қымбатшылық олар үшін тиімді болды ма?
  3. Үкіметтің нарыққа араласпай, бағаны өз еркіне жіберуі мүмкін бе? Онда экономикадағы сценарий қалай өзгереді?
ФОТО: жеке мұрағатынан

Жақсыбек Күлекеев, экономист, профессор

  1   Иә, Украинадағы жағдайдың әсерінен азық-түлік, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнының артқаны рас.

Пандемия кезінде тауарларды Қытайдан импорттай алмадық, себебі Қытайдың оңтүстігінен Қазақстан мен Ресей, одан әрі Еуропа бағытындағы магистральдық жол тұрақсыз жұмыс істеді. Бұрын тауарды Қытайдың оңтүстігінен Қазақстанға екі аптада әкелсек, пандемияға байланысты бұл процесс жарты жылға жуық уақыт алды. Әдетте екі аптаға жалға алып, тауарды қойып жүрген вагонды жарты жылға жалдау қажет болды. Әрине, бұл шығындар тауарларды жеткізу құнын 2–3 есе арттырып, көптеген тұтыну тауарының бағасына әсер етті. Сонымен қатар, пандемия кезінде әлемнің көптеген елі жұмыссыз қалған халықты қолдау үшін қыруар қаражат бөлді. Қазақстанда да 4,5 миллионға жуық адамға ең төменгі жалақы деңгейінде көмек көрсетілді. Бұл тауар массасы мен ақша массасы арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкелетін фактор. Пандемиядан кейін инфляциялық процестердің өсетінін, көптеген тауар, ең алдымен, халық тұтынатын өнімдер бағасының қымбаттайтынын білдік және біздің ойлағанымыз болды. Энергия ресурстарына бағаның 35% өсуі және жеткізілетін энергия көлемінің қысқаруы Еуропа елдеріндегі инфляцияның өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ұлыбритания-
да инфляцияның жылдық деңгейі соңғы қырық жылдағы максимумды жаңартты.

Қалыптасқан жағдайда Қазақстан өзіндегі инфляцияның себептерімен байланысты мәселелерді шешуге ғана емес, сондай-ақ бақылау аймағынан тыс инфляцияны импорттауға да мәжбүр.

Біздің Үкімет бұл жағдайда не істей алды? Үкімет бағаның мұндай тез өсуіне жол бермей, бағаны ұстап тұру үшін әкімшілік әдістерді қолданды. Бізде соңғы екі жылда мұнай өнімдерінің бағасы өзгермеді. Ал осы уақытта әлемде мұнай бағасы екі есе қымбаттады. Үкімет қымбатшылықты болдырмаймыз дегенмен баға әлі де өсуде. Себебі, бұл Үкіметке, тіпті ішкі жағдайға да байланысты емес. Біз нанның бағасын, өзіміз жеткілікті мөлшерде өндіре алатын тұтыну тауарларының бағасын тұрақты сақтай аламыз. Бірақ көптеген тауардың құнын бақылай немесе төмен деңгейде ұстай алмаймыз.

  2   Ресейге қарсы санкциялар көлік шығындарының өсуіне және әуе, теміржол арқылы, әсіресе Ресей транзиттік дәлізімен жүзеге асатын қазақстандық экспорт пен импорт көлемінің қысқаруына әкеледі.

Отандық жүк тасымалдаушылар Қазақстаннан Еуропа елдеріне тауарды жеткізу бойынша белгілі бір қиындықтарға кезігіп жатыр, бұл біздің экспортымызға және еуропалық елдерден темір жол бойынша жүкті алуға да ықпалын тигізеді. Осыған орай, біз жүктерді жеткізудің балама бағыттарын іздеуіміз керек, ал мұның бәрі тауарлардың түпкілікті бағасына әсер етеді.

Балама маршруттарды іздеу жә-не дамыту – бұл уақыт және ақша тұрғысынан қымбат жоба.

  3   Қазақстандықтар коммуналдық қызметтерді, азық-түлікті, бензинді және т.б. нарықтық баға бойынша төлей алуы үшін бағаны тежеуден гөрі өндірісті дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруға баса назар аударуы қажет.

Егер Қазақстан заңнамасына сәйкес компанияның әрекетін монополиялық қызметтің субъектісі деп таныса, онда реттеушінің басты міндеті – монополиялық пайданың мөлшерін бақылау, компания қызметінің шығынын емес, табыстылықтың шекті нормасын белгілеу. Табиғи монополистердің бағасын ұстап тұру олардың инвестициялық тартымдылығын, тіпті стратегиялық инвесторлардың келуін төмендетеді. Бірақ, сайып келгенде, сапалы қызмет ала алмайтын тұтынушы тікелей зардап шегеді. Сондықтан Үкіметтің міндеті – монополистердің тарифтерін тежеу емес, олардың қызметіне, монополиялық пайданың белгіленген мөлшері шегінде қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу жүйесін жақсарту.

Егер компания қызметін нарық жағдайында жүзеге асырса, онда бағаны тежеу экономика мен әлеуметтік саладағы ауытқуларға алып келеді. Мемлекеттің міндеті – кәсіпкерлік және масылдыққа жатпайтын идеяларды насихаттау, ал бағаны тежеу саясаты осы міндетке қайшы келеді. Бағаның өсуі – билік пен халық арасындағы қоғамдық келісім негізінде болуы керек.

ФОТО: жеке мұрағатынан

Азамат Османов, Magnum дүкендер желісінің директоры

Пандемия кезінде логистика құнына айтарлықтай әсер еткен үлкен логистикалық құлдырау, контейнерлік дағдарыс болғаны белгілі. FMCG нарығында жүргендер логистикалық операциялардың қаншалықты өскенін біледі. Нәтижесінде тек тауарлық қана емес, жалпы инфляция болды. Азық-тү-лік инфляциясына келетін болсақ, логистикалық тізбектердің үзілуіне байланысты баға тым көтеріліп кетті.

Қазақстан Үкіметі де әлемді есеңгіреткен қиындықтарға тап болды. Дегенмен, бағаны тұрақтандыру бағытында айналым схемасына қосымша қаражат бөлінді. Осылайша Үкімет әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы әлеуметтік маңызы бар өнімдер мен тауарлар бағасын белгілеп немесе бір бағаны сақтап қаржыландырады.

Білуімше қазір әлеуметтік маңызы бар 19 өнім мен тауар құнының өсуін тежеу үшін тікелей өндірушілерді айналым схемасы арқылы қаржыландыру жоспарлануда.

Санкциялар нәтижесінде ірі FMCG компаниялар ресейлік нарықтан кетіп қалды, тиісінше көптеген бренд қазақстандық дүкен сөрелерінен көрінбейді. Procter&Gamble, Johnson&Johnson, Henkel, Unilever және т.б. брендтердің маркетингтік қолдауына және сатып алушылардың адалдығына (брендке тәуелділік) қыруар қаражат жұмсады. Сондықтан, Starbucks-ты сатып алып Stars Coffee деп сатып жатқандар секілді басқа қаптамадағы ұқсас өнімдерді адамдарға ұсыну өте қиын болады.

Дегенмен, бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер береді, қазіргі жағдайда отандық өнімге деген сұраныс жоғары. Ірі FMCG компаниялардың нарықтан кетуі БАҚ-тағы жарнама құнының төмендеуіне әсер етті, бұл өз кезегінде қазақстандық тауарларды таныту шығындарын азайтады.

Бөлшек сауданың 100% заманауи форматтарға көшуін қамтамасыз ету қажет. Бұл Үкіметке үлкен дерекқорларды басқару арқылы стратегиялық тауарлардың негізгі тобы бойынша фермерден бастап тұтынушыға дейінгі жеткізу тізбегіндегі баға мен көлемнің өзгеруіне мониторинг жүргізуге және уақытылы назар аударуға мүмкіндік береді.

Көлеңкелі нарықтың 60% ресми жұмыс істейтін бөлшек сауда операторларының ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін сапа стандарттарын, факторинг және форвард құралдарын әзірлеуге және енгізуге, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға кедергі келтіреді. Мұндай шарттар өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұрақты қаржыландырумен, ал сатып алушыларды импортталған тауардың орнына жергілікті сапалы өніммен қамтамасыз етер еді.

Егер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші мен FMCG компания отандық бөлшек сауда желісіне А класындағы өнімді өткізуді үйренсе, олар үшін сыртқы нарық пен онлайн сауда алаңдары ашылады.

Стихиялық нарықтың үлесі үлкен болып тұрғанда Үкімет бағаны реттеуден қалыс қала алмайды. Екінші басты фактор, біздің өндірушілер мен сауда компаниялары қорғалмаған және ЕАЭО-тың 184 миллиондық нарығының шеңберінде теңсіз шарттар бойынша жұмыс істейді. Сондықтан Үкімет бағаны жібермес бұрын отандық өндірушілерді бәсекелесуге дайындау және осы нарыққа қолжетімділікті қамтамасыз етуі қажет.

Бағаны әкімшілік жолмен ұстау саясаты ұзақ мерзімді перспективада өсу мен тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайтын тактикалық шешім. Энергия көздері мен азық-түлік бағаларының өсуінің салдарынан күшейген жаһандық инфляция жағдайында қазіргі экономикалық құрылымы бар Қазақстанға бағаны ұстап тұру қиын әрі қымбат болады. Үкіметтің тауарлар мен қызметтердің бағасын тежеу саясаты бағаның өсуін тоқтата алмайды. Шығындалып жұмыс істеуге мәжбүр және өз қызметін дамытуға мүдделі емес компанияларға кері әсерін тигізеді. Қазір Сауда және интеграция министрлігі өркениетті сауданың дамуына көмектесетін инфрақұрылымдық жобаларды ынталандырудың жолдарын қарастырып жатыр. Менің ойымша, Үкімет бірінші кезекте объективті диагностиканы, өздерінде бар ресурстардың барлық түрін, нақты сауда секторын цифрландыруды көздейді.

ФОТО: жеке мұрағатынан

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы

Өнімнің өзіндік құны доллар бағамының өсуіне тәуелді болатынын ескерген де жөн. Өйткені тауардың қаптамасы, өндірістегі жабдықтар мен қосалқы бөлшектер, қолданылатын шикізат сырттан келеді. Мысалы, күнбағыс майын өндірушілер импорттық қаптаманы сатып алады. Дайын өнімнің өзіндік құнына қаптаманың 10%-ы да кіреді. Осыған байланысты доллар бағамының өсуі есебінен өнімнің бағасы да өседі. Азық-түлік инфляциясына сыртқы факторлар әсер етеді.

Бұл сала мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдауды қажет етеді. Азық-түлік тауары бағасының қолжетімді болуы оны дайындауға кеткен шикізаттың құнына, тасымалдау шығындарына, кедендік баждарға, басқа да сыртқы және ішкі факторларға тәуелді.

Мемлекет басшысы Үкіметтің бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысына тиісті баға берді. Өз кезегінде, Ұлттық палата Үкіметпен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектілерінің пікірін ескере отырып, азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру бағытында белсенді жұмысын жалғастыруға дайын.

Иә, санкциялардың отандық бизнеске әсерін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, тауар тасымалында байқалды. Десе де, санкциялар кәсіпкерлерге қиындықтарға қарамастан еңбек етуге, өсуге, бизнесті дөңгелетуге жаңа мүмкіндіктер берді деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде көпшілігі, әрі мемлекеттік органдар да доллар бағамының өсуі сияқты факторларды ескермейді. Ал оның артуы есебінен өнімнің бағасы да ұлғаяды. Бұдан басқа, тауар сатылымға шыққанға дейін көрсетілетін қызметтердің алуан түрі бар. Электр энергиясы, салықтың өсуі, жанар-жағармай бағасының артуы сияқты факторларды ескере отырып, қызметкерлердің жалақысын арттыру қажет. Мұның барлығы дерлік өнім құнының өсуіне әсер етеді. Осы жағынан кәсіпкерлер шикізатты да қымбатқа алып, тауарды да жоғары бағамен сатуына тура келеді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу қолданыстағы заңнамамен регламенттеледі. Қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру Сауда министрлігінің, жергілікті басқару органдардың құзыретінде. Оның ішінде рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру және тамақ өнімдеріне бағаны ұстап тұру бойынша жаңа тәсілдерді нарықтық тетіктерге сәйкес әзірлеу аты аталған органдардың міндеті. Өз кезегінде, Ұлттық палата әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеуді нарық талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қайта қарау қажеттілігі туралы мәселені бірнеше рет көтерді.

Нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілейтін жоба әзірледі.

Ереже жобасында кәсіпкерлердің пікірі ескеріліп, тиісті ескертулер мен ұсыныстар берілді. Экономикадағы жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, қолдау тапты. Демек, әлемдегі экономикалық жағдай тұрақталғаннан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуді тұжырымдамалық қайта қарау мәселесін қайта талқылаймыз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
25617 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Почему Байтасов хочет стать акимом Алматы Смотреть на Youtube