Цифрландыру кез келген маманның біліктілік көрсеткішіне күмән келтіре алады

Қазіргі таңда еңбек нарығында әлем бойынша елеулі де іргелі әлеуметтік-экономикалық трансформация жүріп жатыр

Иллюстрация: © Depositphotos/studiostoks

Бұл өзгерістер Қазақстан нарығына қаншалықты ықпал етуде? Forbes.kz сұрақтарына Global Education Programm жобасының негізін қалаушылардың бірі, профессор Дмитрий Огай жауап берді.

F: Дмитрий, қалай ойлайсыз, жаһандық пандемияның салдары Қазақстанның еңбек нарығы үшін дәл қазір қаншалықты өзекті, әлемдік деңгейдегі трендтер Қазақстан нарығына келіп жетті ме?

- Әлемдік трендтер бізді де айналып өткен жоқ, бүгінде мен осы тақырып аясын зерттеуге кірісіп бастадым. Бұл тұрғыда біздің серіктесіміз – Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Латын Америкасының еңбек нарықтарына қатысты шынайы ақпаратқа ие Мароккодағы танымал университеттің бірі. Алдын ала айтар болсам, басты тенденция – цифрландыру үрдісі адымдап дамуда, еңбек нарығында жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы бизнес-процестер трансформацияға ұшырап жатыр. Айталық, сатып алушы мен сатушы арасындағы тікелей байланыс жойылып, бұл міндетті делдалдар, яғни агрегаторлар орындайтын болды. Ал олар тауар мен қызмет түрлерін жеткізу процесін айтарлықтай жетілдіре түсті: қажет болса үйіңізге дейін, қас-қағым сәтте не онлайн деген сияқты...

Дмитрий Огай
Дмитрий Огай

F: Жұмыс күшінің сапасы өзгерді дейсіз ғой?

- Нарық ішіндегі трансформация біздің цифрлық қабілетімізді ұштай түсті. Қазір цифрлық технологияларды егде жастағы кісілер де оп-оңай орындай алады. Біздің санамызда өзіндік бір цифрлық төңкеріс орын алды деуге болады, бұл, әрине, пандемия салдарындағы өзгерістің бірі.

F: Ал компаниялардағы бизнес-процестер қалай өрбуде?

- Компанияларда, ең алдымен, үйлестіру, яғни координациялау барысы өзгеріске ұшырауда. Өйткені оларда жұмыс барысы оффлайнға байлаулы болатын, ал қазір, жалпы нарық бойынша елеулі өзгерістер орын алуда: барлық процестер жедел шешім мен жедел рәсімдеуді талап етуде. Бұл тұрғыда шағын және орта бизнеске оңай тиген жоқ – оларда құжат айналымы сынды жүйелер қалыптаспаған-тын. Негізі, кез келген дағдарыс, күйзеліс адамдарды жаңа шешім, жаңа бағыт іздеуге итермелейді. Пандемия салдарында біз алдымен түйінді мәселелерді анықтап, артынша жедел шешім қабылдауды үйрендік. Былайша айтқанда, біз қазіргі таңда жұмыс ортасын қалыптастыруда, әлеуметтену барысын реттеуде жаңа тетіктер мен құралдарды қолданып, жаңаша ойлауға икемделіп қалдық.

F: Есіңізде болса, былтыр күзде Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) қоғам назарына «Қазақстандағы еңбек нарығы: жаңа жағдайдағы даму» атты зерттеуін ұсынды...

- Ия, бұл зерттеу – көптеген сарапшылар мен өз ісінде білікті мамандардың орасан зор еңбегінің нәтижесі. Олар статистика мен практика арасындағы қайшылық тудыратын мәліметтерді түсіндіруге тырысты. Әлем бойынша еңбек нарығына қатысты барлық ұғымды белгілеп, түсіндіріп отырған Халықаралық еңбек ұйымының (ILО – The International Labour Organization) анықтамаларына жүгінсек, ел ішіндегі жұмыссыздық деңгейі, жұмыс күшінің жағдайы, экономикалық белсенді халық саны сынды көрсеткіштерді санап беру оңай шаруа емес, ал ол шарттардан бас тартуға тағы болмайды. Айталық, егер сіз бір ай емес, екі ай бойы жұмыс іздеп жүрсеңіз, онда ILО стандарттары бойынша сіз жұмыссыздардың басқа санатына жатқызыласыз...

F: Келісемін, бұл шынында да ауқымды зерттеу. Сол еңбекте Қазақстанда жұмыс орындарының 52%-ы автоматтандыруға ұшырауы ықтимал делінген, айталық, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде (ЭЫДҰ) – 47%. Яғни, қазақстандық жұмыс берушілер жұмыс барысын автоматтандыруға мүдделі. Сіздіше, бұл ненің нышаны? Елімізде білікті мамандар тапшылығы сыр берді деген сөз бе?

- Білікті мамандарға деген тапшылық – кез келген елде болған (қай уақытта да), бар әрі бола береді, әсіресе, бүгінгідей цифрлық трансформация кезеңінде, өйткені жаңа талаптарға бейімделіп, жаңа дағды, жаңа қабілеттерді үйреніп, қолдану үшін де тиісті уақыт керек. Дүние жүзінде бірде-бір ел «бізге инженерия, жасанды интеллект, жаңа әзірлемелер саласында жаңа мамандар қажет емес, бізде бәрі жеткілікті» деп ешқашан айтпайды, айта алмайды да.

F: Бірақ, бізде автоматтандыру тәуекеліне ұшырайтын жұмыс орындары аз емес деген сөз ғой...

- Бұл арада басқа да себептер болуы мүмкін. Айталық, жұмыс берушілердің бірқатары үшін біліктілігі төмен не орташа деңгейдегі персоналды басқару ыңғайлы, тиімді деген сияқты.

F: Мысалы, орта бизнесте?

- Бизнестің барлық деңгейінде. Өйткені жұмыс күші неғұрлым маманданған, білікті болса, соғұрлым ол жоғары жалақы мен ыңғайлы еңбек орнын талап етеді. Ал шығындарын оңтайландыруды көздейтін жұмыс беруші өзге де мүмкіндіктерді қарастыра бастайды. Десек те, бізге – қазақстандықтарға тән менталитет пен жалпы, шығыс халықтарының ерекшелігін ескерсек, бізде роботтардан гөрі, адаммен жұмыс істеген анағұрлым ыңғайлы. Қалай дегенмен, робот адам емес, ол нақты бір қимыл алгоритмін талап етеді. Сондықтан да, меніңше, автоматтандыру қаупі отандық еңбек нарығы үшін үрейлі құбылыс емес, бұл үрдістен Қазақстанның еңбек нарығы айтарлықтай өзгере қоймайды. «Адамның күні адаммен» деген сөз бар қазақта, қателеспесем. Әрі машинаға жұмыс істету үшін де біліктілік керек және де жоғары деңгейдегі.

F: Автоматтандыру барысында біздің халық бәрібір жұмыссыз қалмайды дейсіз ғой?

- Біздегі жалақы деңгейі дамыған елдердегі көрсеткіштерге жетпейінше, цифрландыру Қазақстанның еңбек нарығы үшін қауіпті емес. Меніңше, цифрлық трансформация, ең алдымен, Солтүстік Еуропа халқы үшін қауіпті, тіпті, Америка үшін де емес. Осыдан 5-6 жыл бұрын-ақ Еуропаның солтүстік елдерінде толық автоматтандырылған қонақ үйлерді өз көзіммен көргем: онда жұмыс істеуші бір адамды кезіктірмедім. Бұл елдерде төменгі жалақы 3000 еуродан басталады. Солтүстік Еуропа бағытында мигранттардың көп болуы да содан.

F: Жалақының аздығы жұмыс орындарын қысқартуға жол бермейді дейміз бе?

- Негізі, жоғары біліктілікті талап етпейтін жұмыс күштеріне деген сұраныс ешқашан сарқылмайды. Айталық, еден жуушы, жүк тиеуші, жүк тасушы, жүргізуші – бұл тұрғыдағы инфрақұрылым қай саланы алып қарасақ та өзекті болып қала береді. Мысалы, қазір пилотсыз көліктер туралы әңгіме көп – жүргізушінің орнына роботтар келеді дейміз. Бірақ, біздегі жолдар мұндай жаңашылдыққа қаншалықты дайын? Робот асфальтсыз, топырағы мен шаңы бұрқыраған, саз балшықты не ойқыш-ұйқыш тас жолдармен жүре ала ма? Тіпті, асфальттың бойында да робот үшін жол сенсоры керек...

F: Автоматтандыру барысы қай салаларды кеңінен шарпуы мүмкін?

- Салалық тұрғыда, мысалы, банк қызметкерлерінің жұмысы өзгеріп, трансформацияға ұшырайды. Қазірдің өзінде банктердің клиенттерге қызмет көрсету құрылымы мейлінше автоматтандырылған: ақша аудару, тұтыну кредитін алу, ақпарат алу, т.т. Қазір, тіпті, кредит беру не бермеу туралы шешімді адам емес, машина қабылдайды. Қорытынды есептерді әзірлеп, түйіндейтін бухгалтерлердің жұмысын беглілі бір алгоритм негізінде боттар орындай алады. «Иә – жоқ» деген жауаптар мен мәліметтер негізіндегі шешімдерді қажет ететін салалар қазірден-ақ автоматтандыру көшіне ілесіп үлгерген.

F: Қазақстан банктерінде жұмыс орындарын қысқарту тенденциясы бар ма?

- Бір қарағанда білінбейді, біздегі банк кеңселерінде кеңес беруші мамандар, кассирлер өз орындарында отыр. Алайда банктерге телефон шалсаңыз, сізге автоматты құрылғы не кеңесші робот жауап береді. Бізге хабарласып ұсыныс айтатындар да көп жағдайда боттар. Бірақ, біздің елімізде мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары барын да ұмытпайық. Мемлекет бизнес тарапынан жаппай қысқартуларға жол бермейді. Әрине, мемлекет – цифрландыруды ынталандыру бағытында да жұмыс істеуде, дегенмен, жұмыс орындарын сақтап қалу атқарушы биліктің басымды бағытының бірі. Бұл арада өзіндік консенсус – жаңа кластерлер қалыптастыру. Автоматтандыру барысында бір мамандықтар жойылып, оның орнын жаңасы басады – нақты бір сала аясында. Экономистердің пайымынша, экономиканы цифрландыру аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындары, жаңа мамандық түрлері қысқартылғандарынан да көп болуы ықтимал. Бұған, ең бастысы, біз өзіміз дайын болуымыз керек: жаңа мамандықтар цифрлық қабілет-дағдыларды талап етеді.

F: Цифрлық трансформация аясында біз – қазақстандықтар жұмыссыз қалмау үшін нені ескергеніміз жөн?

- Жұмыс барысын автоматтандыру аясында әлеуметтік тұрғыдағы осал топтардың қатарын толтырмаймыз десек, біз, ең алдымен, оқып-үйрену, бойымыздағы білімімізді шыңдап, жетілдіру, жаңа машық-дағдыларды игеру, жаңа білім алу, іздену, жаңа мүмкіндіктерді, жаңа белестер мен шыңдарды бағындыу сынды амбициялық мақсаттарға иек артуымыз керек. Цифрлық автоматтар кез келген маманның біліктілік көрсеткішіне күмән келтіре алады. Есіңізде болса, кезінде шахмат чемпиондарының бірі компьютерден ұтылып қалғанына қатты шамданғаны бар. Адам баласы өмір бойы ізденіп, оқимын, үйренемін десе де артық емес. Оқып-үйрену, біліміңді шыңдау – бұл тоқтаусыз процесс, «бірдеңені үйрендім, осы жетеді, болды» деген дұрыс таңдау емес.

F: Еңбек нарығындағы әлемдік тенденцияның бірі – ірі компаниялар тәжірибелі мамандарды емес, топ-менеджментті қысқартуға көңіл бөліп жатса керек...

- Ия, мұндай ұстаным бар, әлем бойынша танымал компаниялар көбінесе орта деңгейдегі менеджерлерді сақтап қалуға мүдделі, өйткені күнделікті барлық шаруаны кешенді негізде орындап, жүзеге асырып отырған дәл осы орта деңгей менеджерлері.

F: Қазақстанда ше?

- Бұл тенденция Қазақстанға да келіп жетті деуге болады, цифрландыру барысында отандық бірқатар компаниялар топ-менеджерлердің құзырындағы өкілеттіктердің бір бөлігін жойып, бір бөлігін орта деңгейдегі менеджерлерге жүктегенді жөн көруде. Топ-менеджер – жоғары жалақыны талап ететін позиция әрі оған қосымша бонус төлеу қажеттілігі тағы бар. Сөз басында айтқанымдай, цифрландыру барысында жоғары жалақы алатын позицияларды қысқарту мейлінше өзекті болмақ.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
10492 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Naimi.kz: Казахстанцы не хотят работать Смотреть на Youtube