Мұнай нарығы: Эмбарго елесі әлі де өзекті

29832

Еуропалық Одақ Ресейге қатысты санкциялардың алтыншы пакетін талқыға салуда, онда «мұнайға қатысты тармақ бар дейді» еуропалық саясаткерлер

ФОТО: © Depositphotos.com/digiart

«Қара алтын» бағасы сәуір айында 100 АҚШ долларының о жақ, бұ жағында қалса (баррельге шаққанда), бұл нарық үшін мейлінше тиімді ұстаным болар еді, бірақ дәл қазір әлемдік энергетикалық нарық Еуроодақтың Ресей мұнайына қатысты шешімін күтіп, бей-жай күйде отыр.

Дүйсенбі, 11 сәуірде Лондондағы ISE Futures биржасында эталонды Brent маркасы бойынша маусымға белгіленген фьючерстер бір баррельге 99,35 долларды құрады. Өткен аптаның соңындағы баға 102 доллар төңірегінде болатын. Ал сейсенбі 12 сәурдің түскі мезгілінде Brent мұнайының маусымда жеткізілетін бағасы 101 доллар төңірегінде қалыптасты.

Наурыздың соңында нарық ішіндегі инсайдерлер, әлемдік нарықтардағы мұнайдың бағасы таяу арада біршама тұрақты деңгейде сақталып, Brent сорты барреліне 100 доллардан сәл жоғары не сәл төмен деңгейде сатылады деп болжады, бірақ Еуроодақтың Ресей мұнайына қатысты эмбарго енгізу ықтималдығы мұнай бағасын қайтадан жоғары көтеруі әбден мүмкін.

Айта кету керек, Ресейдің Украинаға қарсы әскери әрекеті аясында әлемдік энергетика нарығында антиресейлік санкциялар әлі де өзекті деңгейде. Еуроодақ қазір Ресейге қарсы алтыншы санкциялар пакетін әзірлеуде, бұл жолы басты назар мұнай төңірегінде өрбиді деген пайым бар. Бұған дейін хабарланғандай, Еуропа елдері тамыз айынан бастап Ресей көмірінің импортына тыйым салмақ. Нарық ішіндегі инсайдерлердің айтуынша, аталған тыйым шарасының өз күшіне дәл тамызда енуіне алдымен Германия күш жұмсаса керек. Ресейдің отын ресурстарына мейлінше тәуелді Германия «тыйым мерзімін барынша ұзартуға мәжбүр» дейді олар.

Нарықтағы негізгі факторлар

Ал сәуірдің басын ала көрініс берген мұнай бағасындағы бұл жолғы құлдыраулар себебін сарапшылар бірауыздан, алдымен АҚШ-тың, артынша Халықаралық энергетикалық агенттікке (International Energy Agency – ІЕА) мүше өзге елдердің өз стратегиялық қорларын (Strategic Petroleum Reserves – SPR) ашу туралы шешімімен түсіндіреді. 8 сәуірде белгілі болғандай, ІЕА алдағы жарты жылда нарыққа 120 млн баррель шығарып, сатпақ. Оның 60 млн баррелі АҚШ-тың үлесі. Құрама Штаттар стратегиялық қордан бұдан өзге 180 млн баррель мұнай шығаратынын наурыздың соңында мәлім етті. Осылайша ІЕА алдағы алты айда нарыққа, жалпылай алғанда, 240 млн баррель (тәулігіне 1 млн баррель) мұнай шығаруды жоспарлауда.

Айта кетейік, ІЕА елдері нарыққа SPR шығару шарасын биыл осымен екінші мәрте қолданып отыр, бұған дейін олардың тарапынан нарыққа 62,7 млн баррель мұнай шығару туралы шешім 1 наурызда қабылданды. Халықаралық энергетикалық агенттік сайтындағы мәліметте ұйым құрамындағы елдердің стратегиялық қоры осылайша 9%-ға қысқаратыны туралы мәлімет бар.

Үстіміздегі жылдың наурызында ІЕА – сәуір айында Ресейде мұнай өндіру деңгейі төрт есе қысқарады деген болжамын жария етті. Өз кезегінде, ОПЕК ұйымы Ресей мұнайына қатысты потенциалды санкциялар аясында нарық іші тәулігіне 7 млн баррель мұнай және мұнай өнімдерінен қағылады деген ескерту жасап, мұндай елеулі ауқымның орнын толтыру мүмкін емес дегенді жеткізді. Әрине, ІЕА қолданған SPR шарасы нарықтағы ұсыныс пен мұнай бағасын орташа деңгейде ұстап тұруға септік етуі тиіс, дегенмен, бұл уақытша шара. Кейін бұл елдер өз резервтерін қайта толықтыруға мәжбүр болады, осы тұста мұнай бағасы кезекті толқуларды бастан кешуі ықтимал. Оның сыртында, мұнайдың бағасы, мысалы, Азия нарықтары үшін бәрібір жоғары көтерілмек.

Сәуірдің 5-де белгілі болғандай Saudi Aramco (Сауд Арабиясының мұнай өндіруші ұлттық компаниясы) Азия және Америка нарықтарына мамыр айында жеткізілетін мұнайдың бағасын қымбаттатып жіберді. Bloomberg мәліметінше, мамыр айында Arab Light маркасындағы мұнай Азия нарықтарына барреліне 9,35 долларға, ал АҚШ нарығына – 6,65 долларға жеткізілмек. Әлемдік мұнай нарығындағы соңғы ақпараттарға жүгінсек, Сауд Арабиясы тарапынан ұсынылған бұл бағалар араб мұнайының негізгі тұтынушылары болып табылатын Үндістан мен Қытайдың көңілінен шығып отырған жоқ. Осы елдердегі БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Үндістан мен Қытай мамырда араб мұнайы импортын ептеп қысқартуы мүмкін. Бүгінгі таңда аталған екі ел әлемдік нарықта біршама арзандап кеткен Ресейдің Urals маркалы мұнайын (еуропалық бірқатар компания сатып алудан бас тартқан соң) кең ауқымда сатып алуда. Бұл тұрғыда Құрама Штаттар тарапынан Үндістанға қатысты өзіндік ескерту де жасалған болатын.

Әлемдік мұнай нарығындағы сәуірдің басындағы «құлдырау көрсеткішіне» ықпал еткен тағы бір маңызды фактор – Қытайдың бірқатар қаласындағы кезекті локдаун. Бұған дейін хабарланғандай, Қытайдың ірі мегаполисі Шанхайда (халық саны 26 млн адам) коронавирус инфекциясының асимптоматикалық түріне шалдыққандар саны артуы себепті жергілікті билік наурыздың ортасында қала аумағында қатаң шектеу шараларын енгізді. Айта кету керек, Қытай бойынша мұнай тұтыну көрсеткішінде Шанхайдың үлесі 4%-ды құрайды. Шектеу шаралары, сол сияқты, экономикалық тұрғыда белсенді Шэнчжэнь қаласын да (халық саны 17,5 млн адам) қамтыды.

Айтқандай, таяуда ОПЕК+ құрамындағы елдер мұнай өндіру ауқымын біртіндеп көтеру ұстанымын кезекті мәрте мәлім етіп, 2022 жылдың мамыр айынан мұнай өндіру ауқымын тәулігіне 432 000 баррельге көтеру туралы шешім шығарды. ОПЕК болжамынша, мұнайға деген биылғы сұраныс тәулігіне 3,67 млн баррель деңгейін құрауы ықтимал, бұл картель сарапшыларының алдыңғы болжамымен салыстырғанда тәулігіне 500 000 баррель төмен көрсеткіш.

Отандық нарық және КҚК

Бұған дейін хабарланғандай, Новороссийскідегі наурыз айындағы дауыл салдарында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымындағы жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазақ мұнайының басты экспорттық маршруты болып табылатын КҚК бойындағы кедергілер барысында Қазақстан мұнай өндіру ауқымын қысқартуға мәжбүр болды. Бұл тұрғыда 29 наурызда ҚР энергетика министрлігі, КҚК теңіз терминалында орын алған апат салдарында еліміз бір тәулікте өндірілетін мұнай ауқымының шамамен 320 мың баррелін (1,3 млн тонна) жоғалтуы мүмкін деп ескертті. Бұл ауқым, жөндеу жұмыстары ағымдағы айдың соңында аяқталады деген пайыммен есептелді. Мұнай өндірудегі қысқартылған бұл ауқымды ел үкіметі «ОПЕК+ бойынша серіктестермен өзара келісім аясындағы өтемақы жоспарының бір бөлігі» деп түсіндірді.

Өз кезегінде, қазақ мұнайын Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалдаушы ірі экспортер «Теңізшевройл» (ТШО) Forbes.kz сайтына жолдаған ақпаратында: «Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты «Теңізшевройл» өз өндіріс көлемін сәйкесінше реттеп, қазіргі таңда шикі мұнайды КҚК анықтаған үлестірімге сәйкес экспортқа шығаруда» дегенді жеткізді.

Кеше, 12 сәуірде ашық ақпарат көздерінде жария етілген мәліметтерде Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тиеу деңгейі сәуір айында 11%-ға төмендейді деп көрсетілді (бастапқы кестемен салыстырғанда). Соңғы ақпараттарға сай, Ресей аталған құбыр бойындағы нысандарда 22сәуірге дейін жоспардан тыс тексеру жүргізбек.

Айта кету керек, сәуірдің 5-де ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, мұнай өндіруде 2 млн баррель шамасында «аздаған төмендеу бар» дегенді айтты. «Барлығы 85,7 млн баррель, бірақ оның орны мұнай бағасының қымбаттауы есебінен толтырылады» деді БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген экономика министрі.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, 2021 жылы Қазақстан жалпы құны 31,3 млрд АҚШ доллары болатын 65,7 млн тонна мұнай және мұнай өнімдерін экспортқа шығарды. Әлемдік нарықта Қазақстан мұнайын импорттаушы Еуропадағы негізгі үш ел: Италия (былтыр бұл бағытта 18 млн тонна экспортталды), Нидерланды  (8,2 млн тонна), Франция (4,6 млн тонна). Былтырғы мәліметтерге сүйенсек, Қытайға экспортталған қазақ мұнайының үлесі 2021 жылы 3,6 млн тоннаны құраған.

12 сәуірде ҚР энергетика министрлігі еліміздің мұнай және газ саласына қатысты ресми мәліметін жария етті. Алдын ала деректер бойынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанында елімізде 22,7 млн тонна мұнай және конденсат өндірілген. Энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет отырысында айтып өткендей, биылғы жылдың алғашқы үш айында Теңіз кенішінде 7,3 млн тонна, Қашағанда 4,7 млн тонна, Қарашығанақта 3,2 млн тонна мұнай өндірілген.

Сол сияқты, биылғы жылдың қаңтары мен наурызы аралығында еліміз экспортқа шығарған мұнай ауқымы 17,6 млн тоннаны құраған. Министрлік ақпаратына сай, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 5,3% жоғары  көрсеткіш.

Энергетика министрі, сондай-ақ, бүгінде елімізде «бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің басқа да жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге шығаруға тыйым салатын» үкімет бұйрығы бар екенін ескертті. Бұл тыйым бастапқыда ағымдағы жылдың 21 мамырына дейін деп белгіленді. Энергетика министрлігінің ақпаратында, бұл тыйымды «тағы да алты айға ұзартылу мәселесі пысықталуда» делінген.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить