Жаңа кезең – жаңа талап

Білім жүйесі цифрлық технологияларды игере алды ма?

ФОТО: © Shutterstock

Қазақстан білім беру нарығында қашықтан оқыту технологияларын әрі қарай дамытуды ойлауы тиіс. Әрине, дәстүрлі оқыту үрдісінен қазір де, болашақта да бас тарту мүмкін емес, бұл формат әсіресе төменгі сынып оқушылары үшін өте қажет. Дегенмен, жоғары білім, университеттік білім, біліктілікті арттыру бағыттары бойынша қашықтан оқыту – тиімді де оңтайлы шешім.

Маркетинг және бизнеске үйрететін UpgradePlus.online платформасының негізін қалаушы Абылай Юсуповтың пікірінше, қашықтан оқытудың бар ауыртпалығы бүгінде ата-аналарға жүктелген. «Онлайн-формат жоғары оқу орындары үшін айтарлықтай қиындық туғызып отырған жоқ. Есесіне бұл әдістің бар тауқыметін ата-ана бастан кешуде. Баласының оқуына олар тіпті жұмыс уақытын да сарп етуге мәжбүр, ал ата-ана педагог емес, олар эмоциялық тұрғыда шыдамсыздық танытып та жатады», – деп ой бөліседі жас кәсіпкер. 

Абылайдың пікірінше, мемлекет биылғы оқу жылына жоспарланған онлайн оқытуға дұрыс дайындалып үлгерген жоқ. Ал мұндай мүмкіндік наурыздан қыркүйекке дейін болды. «Мемлекет бұл тұрғыда ата-анамен жұмыс істеуді ескеруі керек еді, – дейді кәсіпкер. – Мысалға, шеберлік сабақтарын өткізу, онлайн курстарды іске қосу, арнайы презентациялар, әдістемелік оқу құралдарын дайындау, БАҚ арқылы ағартушылық материалдар жариялау, т.б.»

Онлайн формат ендірер алдында балаға да, ата-анаға да түсінікті болатын онлайн жүйе ойлап табу қажет еді. Мұндай пікір онлайн оқыту платформаларына қатысы бар кәсіпкерлер мен педагогтар тарапынан жиі айтылуда. «Біздің адамдар оқу, білім алу деген ұғымдарды дұрыс түсініп, түйсініп отырған жоқ. Және де мәселе тек мектеп оқушыларына, не студенттерге қатысты емес. Қазақстанда ересектердің басым бөлігі өз бетімен білім алу процесін дұрыс қолдана білмейді. Әрине, бұл арада әр адамның, отбасының өзіндік субъективті және объективті себептері, техникалық проблемалары жетіп асады. Бірақ дұрыс түсінген адамға қашықтан оқыту – елеулі мүмкіндік. Әсіресе, ауыл-аймақтағы, өңірлердегі жұртшылық үшін. Онлайн формат оларға Алматы не астана жұртымен бірдей мүмкіндікке жол ашады: бейнесабақтар, танымал спикерлерден дәріс алу деген сияқты. Ең бастысы, онлайн формат барысында әр адам өз уақытын өзі белгілеп, ұйымдастыра алады. Ал бұл өзін-өзі тәрбилеп, ынталандыру, тәртіпке үйрету деген сөз»,  – деп тұжырымдайды өз пікірін Абылай Юсупов.

THE Times Higher Education Impact Rankings рейтингіне енген қазақстандық университеттің бірі Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) қашықтан оқытуға 2020 жылдың наурызында бір күнде кірісе алды. «Әрине, бізде де оқытушылар тарапынан бірқатар сұрақ туындап жатты, мысалға, Zoom платформасын қолдану аясында, – деп ой қосады әңгіме барысына AlmaU проректоры Әсел Арын. Жаңа іс, жаңа бастама кімге болса да оңай соқпайды. Бір қызығы, онлайн форматқа көшкен тұста уақыт үнемдейміз, жүктеме азаяды дегендей де жаңсақ пікір туындап жатты. Іс жүзінде бәрі де керісінше болды: жұмыс ауқымы көбейіп, уақыт тығыздығы орын алды. Оқытушылар өз пәндері бойынша барлық контентті электронды форматта әзірлеп, Moodle порталына жүктеуі тиіс, ал бұл кәдімгідей уақыт алады».

Әрине, қашықтан оқыту машақатын орта мектептермен қатар, жоғары оқу орындары да айналып өткен жоқ. Өйткені онлайн форматтың да өзіндік ерекшеліктері көп. Мысалға, Coursera платформасына оқытушылар алдын ала жазып алынған лекцияларын жүктейді де, студенттер өздеріне ыңғайлы уақытта лекция тыңдап, тапсырма орындайды. Ал онлайн оқытудың тағы бір түрі – нақты режимде лекция оқып, сабақ жүргізуді талап етеді. Қазір көптеген университеттер Zoom арқылы осындай интерактивті сабақ беруге ден қоюда. ЖОО өкілдері, бұл форматтың еңбек шығыны да, уақыт шығыны да, материалдық шығыны да ауқымды деп отыр.

«Білім берудегі негізгі миссия – әлеуметтену, тәрбие беру, яғни адам қоғам ішінде өзін жайлы сезінуі үшін сауатты, білімді болуы керек. Ал мұндай тәрбиені цифрлық технологиялар негізінде бере алмайсыз. Оқытушылар қауымы мұны жақсы түсінеді. Әйтсе де қашықтан оқыту форматы, айталық, басқару, әкімшілік процесінде өзекті болып қала бермек: онлайн жиын, онлайн кездесу өткізу деген сияқты. Бұл экономикалық тұрғыда да тиімді, уақыт үнемдейсіз, артық шығын шығармайсыз. Карантин оқытушылар қауымына жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, біз жаңа ресурстарды қолданып, жаңа технологияларды игере бастадық. Меніңше, алдағы уақытта онлайн және оффлайн оқыту әдістерін білім саласында қатар қолдануды ойлаcтыру керек. Олай болса, таяу келешекте қашықтан оқыту әдістерін, тетіктерін одан әрі дамытып, күшейтіп, жан-жақты енгізуге мән берген дұрыс», – дейді Әсел Арын.

Әрине, дәл қазір отандық білім беру жүйесіндегі цифрлық технологиялардың даму бағыты, қолдану көрсеткіші туралы біржақты қорытынды жасауға әлі ерте. Әсіресе, орта білім беру деңгейінде, қалай дегенмен, мектептер әр қадамын Білім және ғылым министрлігімен үйлестіріп, бекітіп отыруы тиіс. Өз тарапынан ұстаздар қауымы, орта білім жүйесінде оқытудың дәстүрлі форматынан бас тартуға болмайды деген пікір айтады. Ал ЖОО деңгейінде немесе кәсіби біліктілікті арттыру аясында онлайн форматты одан әрі дамытып, нығайтумен қатар, офлайн форматты да ұмытпау керек, дейді оқытушы, педагог мамандар.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
6028 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
5 августа родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить