Бiлiм және бизнес

Кәсіби біліктілік – болашақтың валютасы

ФОТО: © Shutterstock

The Boston Consulting Group (BCG) тобының зерттеулеріне сай, бүгінгі таңда әлем бойынша 1,3 млрд адам өз біліміне сай келмейтін жұмыспен айналысуға мәжбүр. Бір ғана Құрама Штаттардың өзінде бұл санаттағы қызметкерлер саны 53 млн төңірегінде. Осыншама адамның өз біліміне, қарым-қабілетіне сай емес жұмыс таңдауына не себеп? Жауап айқын: бүгінде адамзат баласы технологиялық төңкеріс кезеңін бастан кешуде. Ал биыл тұтқиылдан соққы берген COVID-19 пандемиясы бұл процесті барынша үдетіп, цифрландыру негізінде қашықтан жұмыс істеу сынды жаңа шешімнің өзектілігін белгілеп берді. Алайда бұл мүмкіндікке барлық сала, барлық қызметкер толыққанды дайын деп айта аламыз ба?

Еңбек нарығындағы сарапшы мамандардың пікірінше, дәл қазір бизнес қауымдастық пен жоғары оқу орындары ынтымақтастық негіздегі өзара қарым-қатынасты барынша нығайтуы тиіс. Осы мәселені егжей-тегжей зерттеп, сарапқа салған BCG тобы Google-мен бірлесе отырып, алдыңғы қатарлы бизнесмендер мен топ-менеджерлердің және білім саласы өкілдерінің арасында сауалнама жүргізген болатын.

Бағытымыз – онлайн білім

Қызметке жаңа орналасқан жас маман өзіне жүктелген жұмыс ауқымын мұқият та тиянақты етіп орындап, дұрыс шешім қабылдай білуі керек. Бұл үшін, ең алдымен, оның болашақ мамандығына, жұмыс барысындағы міндетіне алған білімі сай келуі тиіс. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындары (ЖОО) ірі компаниялармен бірлесіп, арнайы білім бағдарламаларын әзірлеуге ден қоюы қажет деп отыр BCG сарапшылары. Өз кезегінде мүдделі компаниялар қоластындағы қызметкерлерді оқытып, үйретуге, қайта мамандандыруға, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға инвестиция аямауы керек. 

Әрине, бұл тұрғыда өзіндік кедергілер де жоқ емес, әсіресе, биыл: коронавирус пандемиясы салдарында жоғары оқу орындарындағы оқу барысы әдеттегі деңгейге орала қойған жоқ. Білім ордаларының күнделікті тыныс-тіршілігі, операциялық моделі әлі де бұлыңғыр. Сарапшылар мұндай жағдайда негізгі бағыт онлайн шешімдер дегенді алға тартады. Әйтсе де дәл қазір онлайн оқыту процесі қаншалықты тиімді, қаншалықты нәтижелі болатынын ешкім де толыққанды болжап отырған жоқ.

Үміттен гөрі күдік басым...

Әдетте жоғары білім болашақ карьераның іргетасы деп есептеледі. Қалай дегенмен, өмір жолындағы негізгі ұстаным-тірегінде, адам баласы, ең алдымен, алған білімі негізінде қалыптасатын ойлау қабілетіне сүйенеді. Бірақ соңғы жылдары анық байқалғандай, заман талабына сай шешім қабылдауда жас мамандардың академиялық білімі бүгінгі күннің технологиялық даму деңгейіне сай келмей жатады. АҚШ-тың еңбек статистикасы бюросы келтірген мәліметтерге жүгінсек, америкалық ЖОО түлектерінің төрттен бірі табысты карьера үшін жоғары білім жеткілікті деп есептейді екен. Сауалнамаға қатысқан студенттердің бір жартысы оқуын аяқтаған соң жақсы жұмыс таба алатынына сенімді. Есесіне жас мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс табу қиынның қиыны екенін баса айтқан, біразы оқуын аяқтаған соң қайта мамандану, не кәсіби деңгейін арттыру курстарына баруға мәжбүр болғанын алға тартқан.

Бұл арада жұмыс берушілердің жағдайы да мәз емес. Жұмыс берушілер үшін ауқымды да өзекті мәселе – маман тұрақсыздығы дегенге саяды. Содан да олар өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру не қайта мамандандыру тұрғысында ұзаққа негізделген жоспар құруға құлықты емес. Бүгінде АҚШ-та әртүрлі саладағы кәсіби мамандар жұмыс орнын 50-ге толғанша бірнеше мәрте өзгертуге мәжбүр. Сарапшылардың болжамынша, алдағы уақытта адамдар жұмыс таңдау мәселесінде бұдан бетер құбыла түсетін түрі бар.

Үш мүмкіндік

Компаниялар мен корпорациялардағы кадр тапшылығы мәселесіне жоғары оқу орындары оң шешім ұсына алады, егер олар білім процесін түбегейлі өзгертуге ден қойса, дейді сарапшылар. Бүгінде ЖОО түлектері ойдағыдай жұмысқа тұрып, тиісті деңгейде жалақы алуы үшін олардың білімі компаниялар мен корпорациялардағы жұмыс талабына сай келуі тиіс. Білім беру барысындағы жұмыс принциптерін өзгерте отырып, университеттер өздеріне жүктелген әлеуметтік миссияны орындаумен қатар, жоғары білімнің мәртебесін де нығайта түскен болар еді. Ал бұл үшін дәл қазір ең тиімді де қолайлы кезең, деп отыр сарапшылар.

«СOVID-19 жоғары оқу орындарын бейқамдықтан, енжарлықтан арылтып, инновацияларды ынталандырып, тәжірибе жүргізуге ықпал етуде. Кәсіби біліктілік – өмір бойы білім алуды дағды еткен жандар үшін болашақ валюта. Мұндай мүмкіндіктерді дер кезінде қолдана білген жігерлі жандар бұл валютадан толағай табыс таба алады», – дейді Google-дің біліми бағытының басшысы Джон Фаррар.

BCG сарапшыларының айтуынша, жоғары білім берудегі тиімді бағыттың бірі preskilling, яғни бастапқы деңгейдегі икем, дағдыларды оқытып, үйрету деген мағынада. Оқытудың бұл әдісінде практикаға барынша мән беріледі. Бүгінде preskilling қызметімен негізінен жеке компаниялар айналысады. Олар ЖОО түлектеріне арнап жұмысқа сәтті орналасуға негізделген әртүрлі тренингтер өткізеді. Нарық ішінде таяуда ғана бой түзегенімен, бұл бағытқа деген сұраныс айтарлықтай жоғары. Рreskilling нарығындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын FDM Group-тың 2016–2019 жылдардағы кіріс пайдасы орташа есеппен алғанда 13%-ға дейін өскен. BCG сарапшылары жоғары оқу орындарына осы нарыққа белсене қатысуды ескертеді. Қазір мұнда жеке компаниялардың үлесі басым. Сауалнамаға қатысқан бизнесмендердің бірі бұл тұрғыда: «Университеттер теория-
ға көп көңіл бөледі, ал біз жұмыс барысында қажет болатын әрекет-қадамдарға үйретеміз»,
– деген пікір айтқан.

Жоғары оқу орындары ескеруі тиіс тағы бір өзекті бағыт upskilling деп аталады, яғни кәсіби біліктілікті арттыру деген сөз. Бұл нарықта да әртүрлі салалар бойынша корпоративтік тренингтер өткізіп жүрген жеке компаниялардың ептілігі басым. Сарапшылар аталған нарық ауқымын $150 млрд шамасында бағалап отыр. Әйтсе де, бұл тұрғыдағы оқыту нәтижелері, көп жағдайда, менеджерлердің көңілінен шықпай жатады. BCG сауалнамасына қатысқан іскер басшылардың 78%-ы «бұл нарықта білікті тренинг өткізе алатын мамандар өте аз» дегенді жеткізген. Олай болса бұл мүмкіндікті жоғары оқу орындары дұрыс пайдалана білуі тиіс. Мысалға, олар қызметкерлердің техникалық қабілетін, біліктілігін арттыруға және мансап жолында өсіп, шыңдалуына септік ететін нақты әрекеттерге үйрететін қысқа мерзімді бағдарламалар әзірлеп ұсына алады.

ЖОО дамуына жол ашатын үшінші бағыт – reskilling, яғни қайта оқытып, қайта даярлау дегенді білдіреді. Мамандарды қайта даярлау үрдісінің өзектілігі коронавирус кезеңінде барынша айқындала түсті. Пандемия аясында тұтас бір индустрия мен мамандық түрлері түбегейлі жойылып, есесіне жаңа ұсыныс, жаңа нарықтар бой түзеуде. Қайта даярлау барысы әртүрлі болуы мүмкін. Солардың бірі – қызметкерлерге арналған қысқаша оқыту, үйрету курстары. Бүгінде мұндай курстарды аккредитациядан өтпеген компаниялар өткізіп жүр. Корпоративтік сектормен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзекті де оңтайлы оқыту бағдарламаларын ұсына білген ЖОО бұл нарықты оңай игере алады.

Жаңарып, өзгеру кезеңі

Жоғары оқу орындары жаңа нарықтарға қажет маман дайындауға дәл қазір кірісуі керек, деп есептейді BCG сарапшылары. Корпоративті тренингтер нарығына шығу үшін оларда тың мүмкіндік те, тәлім-тәжірибе де жетіп асады. Ең бастысы, дейді сарапшы қауым, ЖОО өздерінің оқу бағдарламаларын жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сай жаңартып, өзгертуі тиіс. Осылайша университеттер оқу процесіндегі негізгі міндеттерін орындаумен қатар, пайдаға да кенеле алады. Ал түскен пайданы білім саласындағы қаржылай қолдауды қажет ететін бағыттарға инвестициялауға әбден болады, деп кеңес береді сарапшылар қауымы.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3897 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
23 января родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить