Сарапшы: «Кеңсе қағазы – соңғы данасы қалғанша қымбаттайды»

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы А4 форматындағы қағаз қорабының орташа бағасы отандық нарықта 1500 теңге болса, биыл наурызда 3 мың теңгеден асып түскен, яғни бірден 67%-ға қымбаттаған

ФОТО: © unsplash.com

Бағаның өзгеруіне Ресейдегі кеңсе қағазын шығаратын ірі кәсіпорындардың тоқтауы себеп. Ал олардың тоқтауына еуропалық шикізаттың жеткізілмеуі әсер еткен.

Қағаз өндірісімен айналысқан отандық кәсіпкердің айтуынша, Ресей бір амалын таппаса, ТМД аумағында кеңсе қағазы әбден таусылғанша, баға тоқтамай өсе береді. Мұндай жағдайда Қазақстандағы қағаз нарығындағы ахуал қалай өзгеруі мүмкін?

Отандық кеңсе тауарлары дүкені иесінің айтуынша, жеткізушілерде қазір кеңсе қағазы таусыла бастады. Олардың сайтында кеңсе қағазын сататыны туралы хабарламалар да алынып тасталған. «А4 қағазының бір бумасы наурыздың басынан бері біртіндеп қымбаттап келді. Бұрын көтерме саудадан 1000 теңгеге алған бір бума А4 қағазын кеше 2500 теңгеге сатып алдым. Тауардың таусылғанын басқа да жеткізушілер айтып отыр. Қазір Ресейден келетін ақ қағаз тапшы, табылғанның өзінде қымбат. Онымен бірге Қазақстанда шығарылған қағаздар да қымбаттап жатыр. Қазір шымкенттік А4 қағазын 3500 теңгеге сатып жатырмыз. 12 беттік дәптердің де бағасы өсті. Бұрын көтерме саудада 20 теңге болған дәптер, қазір 32 теңгеге сатылуда», - дейді кеңсе тауарлары дүкенінің иесі Азамат есімді кәсіпкер.

Ал Алматы тұрғыны Абылайханның айтуынша, көшірме орталықтары А4 қағазының бір парағын бұрын 10–15 теңгеге шығарып берсе, қазір 50–100 теңгеден алуда. Түрлі түсті қағазды басып шығару құны бұрын 150 теңге болса, қазір 300 теңгеге жеткен.  

Қазақстанда қағаз өндірісімен кімдер айналысады?

Бір қызығы, ішкі нарықта дүрбелең орын алғанда, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, елде кеңсе қағазы тапшылығы болмайды дегенді айтты. «Қазақстанға кеңсе қағазын жеткізуші негізгі елдер: Ресей (61%), Түркия және Қытай. Егер қандай да бір кедергілер шықса, бізде қағазды жеткізудің басқа да балама жолдары жеткілікті. Қазақстанда қағаз өндірісі жоқ, бірақ орама қағазды кесу өндірісі жолға қойылған. Онымен айналысатын екі зауыт бар. Шикізатты аталған елдерден әкеледі», - деді министр.

Асхат Қалдыбаев
ФОТО: из личного архива
Асхат Қалдыбаев

Орама қағазды кесумен айналысатын екі кәсіпорын: Qagaz Ordasy ЖШС мен Goida.kz ЖШС. Министрдің айтуынша, олар қағаз өндірмейді, тек орама қағазды кеседі. Алайда Qagaz Ordasy ЖШС директоры әрі құрылтайшысы Асхат Қалдыбаевтың айтуынша, аталған кәсіпорын былтыр үшінші тоқсаннан бері өз жұмысын тоқтатқан. Бірақ оған дейін А4 форматындағы 3 млн бума және А3 форматындағы 300 мың бума қағаз өндірген.

«2020 жылдың басында біз Шымкентте қағаз өндірісін бастадық. Кәсіпорынның өндірістік қуаты бәсекелес компаниялардан үш есе мықты-тын. Шикізатты келісімшарт негізінде Финляндиядан алдырдық. Басты клиентіміз мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар болды. Сосын кішігірім кеңсе тауарлары дүкендеріне жеткіздік. Ірі дүкендер желісіне өткізе алмадық, себебі осы саладағы әлемдік монополист компаниямен бәсекелесу оңай емес», - дейді кәсіпкер.

Дегенмен, көп ұзамай Qagaz Ordasy серіктестігі жабылып қалған. Оған себеп – Алматы облысы әкімінің аппараты кәсіпорынды мемлекеттік сатып алу порталында жосықсыз (недобросовестный) қатысушы тізіміне енгізген. «Содан кейін көп клиентімізден айырылып, жабылуға тура келді. Қаншама жерге арыз, өтініш жаздық, айттық. Президент аппаратына дейін шықтық. Бірақ бізді ешкім тыңдамады», - дейді Асхат Қалдыбаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, былтыр Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы (51 мың тонна) жеткізілген. Оның 61%-ы Ресейден (31,3 мың тонна)­, 30%-ы Түркиядан (15,1 мың т), 8%-ы Қытайдан (4 мың т) импортталған. Ішкі нарықтағы отандық өндірістің үлесі – 5%.

Бірақ кәсіпкер Асхат Қалдыбаев Қазақстанға Түркиядан кеңсе қағаздары жеткізіледі дегенге сенбейді. «Меніңше, біздің елге импортталатын ресейлік кеңсе қағазының үлесі 60%-дан көп. 15–20%-ы Қытай мен Тайландтан келеді. Ал Түркиядан қағаз импортталады дегенге өз басым сенбеймін. Қалған бөлігін өзіміз өндіретінбіз. Біз, мысалы, Ресеймен байланыс жасамадық, шикізатты тек Еуропадан алдық», - дейді ол.

Қазақстанның қағаз өндіру қауқары қандай?

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жерінің 4,8%-ы ғана орманды алқап. 2030 жылға дейін оның үлесін 5%-ға жеткізу жоспары бар.

Батырбек Әубәкіров
ФОТО: из личного архива
Батырбек Әубәкіров

Қазақстандық буып-түюшілер қауымдастығының төрағасы, сарапшы Батырбек Әубәкіровтің айтуынша, қағаз өндірісі – өте қымбат жоба. Тіпті, дүние жүзі бойынша мұндай кәсіпорындардың саны аз. Себебі бұл өндіріс экологиялық жағынан тиімсіз. «Зауыт ашу үшін үлкен аумаққа целлюлоза алуға болатын ағаш отырғызу керек. Сосын қағаз өндірісіне үздіксіз шикізат, су қажет, оған Қазақстанда көп шығын кетеді. Біз экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Ондайға біздің климат қолайсыз», - дейді ол.

Сарапшы бұл тұрғыда қағаз өндірісіне қажет шикізаттың баламасын ойластыруды немесе цифрландыруды жеделдетуді ұсынды. «Қарасора өсімдігі целлюлозаға балама шикізат бола алады. Бірақ оның да өндірістік технологиясы қымбат. Сондықтан Қазақстанда әзірге мұндай кәсіпорын ашу қисынсыз. Өте қажет десе, басқа да балама жолдарды ойластыру керек. Мысалы, Өзбекстанда қытайлықтар қағазды полимер тастан өндіретін зауыт салып жатыр. Бірақ онда шығатын қағаз әдеттегіден өзгеше болады. Ал импорт ел экономикасына пайда әкелмейді. Дұрысы – барлық саланы цифрландырып, айналымдағы қағаз құжаттарды, хаттарды азайту. Қазір, жалпы әлем жұрты цифрланып жатыр. Қазақстанды цифрландыру қарқыны ойдағыдай: көп құжатты онлайн алып, көп шаруаны қағаз шығармай-ақ компьютерде тындыруға болады», - дейді Батырбек Әубәкіров. Оның пікірінше, 30 жылда бұл нарыққа ешбір инвестор қызықпаса, Қазақстанда қағаз өндіру шынымен тиімсіз деген сөз.

Өз кезегінде, Асхат Қалдыбаевтың айтуынша, Қазақстандағы екі кәсіпорын біріккен күннің өзінде ішкі нарықтың 20%-ын ғана қамти алады. «Одан артыққа күш-қуат жетпейді. Қазақстанда бұл салаға көп қаржы құйып, ірі кәсіпорын құру қиын. Құрғанның өзінде кейін қиын болады. Себебі Ресейдің ірі компаниялары бұл нарықтан дәмелі ойыншыларға қарсы түрлі амал-айла қолдануы мүмкін. Содан да кәсіпкерлер бұл салаға аса көп қызықпайды», - дейді ол.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, еліміздегі кеңсе тауарларының ірі дүкендері SvetoCopy және «Снегурочка» брендтерімен эксклюзивті келісімшартқа отырған. «Қағаз шығаратын көптеген танымал бренд американдық International Paper компаниясына қарайды. Олар бүкіл ТМД нарығына монополия жасап алған. Ел ішін толық қамтуға біздің шамамыз жеткен күннің өзінде, әлемге танымал монополистер оған бәрібір жол бермейді», - дейді Qagaz Ordasy ЖШС құрылтайшысы.

Қағаз неге қымбаттады? Ресей енді ақ емес, сарғыш қағаз өндіре ме?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев кеңсе қағазының құны неге қымбаттағанын білмейтінін айтты. «Баға өсті, неге екенін білмеймін. Abdi-де (кеңсе тауарларының ірі желісі – F.) 3000 теңгеден тұрса, басқа дүкендерде 5–6 мың теңгеден сатылып жатыр. Кейін Abdi бағаны қайта көтерген. Мұны тиісті органдар тексеруі керек», - деді министр.

Қазіргі таңда бірен-саран ұсақ кеңсе тауарлары дүкенінде Qagaz Ordasy өндірген кеңсе қағаздары сатылуда. Бірақ олардың бағасы да импорт тауарлармен бірге өскен. Асхат Қалдыбаев оның себебін былайша түсіндірді: «Ол тауарлар біз жабылғанға дейін өндірілген. Бірақ жеткізушілер тапшылыққа байланысты бағаны өсіруі мүмкін».

Кәсіпкердің айтуынша, ТМД елдерінде кеңсе қағазының қымбаттауына Ресей экономикасына бағытталған санкциялар әсер еткен. «Ресейдің ірі кәсіпорындары өз жұмысын тоқтатты. Оларға Финляндия, Австрия кәсіпкерлері қағазды ағартатын химикат жіберуден бас тартты. Әрине, Ресей енді амалсыз, қағаз өндірісін жалғастыруы мүмкін, бірақ қағаздары бұрынғыдай ақ емес, сарғыш болуы ықтимал. Олар 2–3 айда химикаттың басқа жолын таппаса, біздің нарыққа да сондай сарғыш қағаздар келе бастайды. Ал кеңсе қағазының бағасы ел ішінде ақ қағаздың соңғы данасы қалғанша қымбаттай береді», - дейді ол.

Сарапшы Батырбек Әубәкіровтің пікірінше, ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру үшін үкімет отандық өндірушілерге Еуропадан шикізат жеткізуге көмектесіп, жеңілдетілген несие немесе субсидия бөлуді ескеруі керек.
Айта кетейік, бүгінде ТМД елдерінің көбінде дерлік қағаз тапшылығы байқалуда. Кеңсе қағазы Ресейдің өзіне де жетпей жатыр: шетелдік бірнеше өндіруші наурыздың басынан бері Ресейдегі қызметтерін тоқтатқан. Шетелдік инвесторлар қаржыландырып келген ресейлік кәсіпорындар да жабылып жатыр. Қағаз өндіретін ең ірі ресейлік «Илим» компаниясы акциясының 50%-ы америкалық International Paper компаниясына тиесілі деген дерек бар, қазір ол да Ресейдегі жұмысын тоқтатқан.  

Өзбекстанда да кеңсе қағазының бағасы өскен. Қырғызстанда монополияға қарсы қызмет А4 форматындағы кеңсе қағазының қымбаттауына байланысты іс қозғаған. Ал Қазақстан нарығында ел іші қанша дабыл қаққанымен, монополияға қарсы агенттік әлі үнсіз...

 

 

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
20708 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить