Рид Хастингс Голливудтағы табыс сценариін қалайша өзгертті

12396

Netflix Голливудтағы ойын ережесін пандемияға дейін-ақ өзгерте алды. Компанияның негізін қалаған Рид Хастингстің бірегей менеджменті арқасында стриминг әлемінің алыбы дағдарыс жағдайында да қарқындап дамуға қол жеткізуде. Байқасаңыз, әлем бойынша мұндай компаниялар кемде-кем

ФОТО: AP Photo/Manu Fernandez

Маңайындағы жұрт қараптан-қарап іші пысып, зерікпесін деген адам, өз-өзіне саналы түрде жауапкершілік жүктеп, көпшілікке ермек болар жол іздейді және бұл тұрғыда бар шаруаны бір өзі тындырғанды жөн көреді. Алагеуім бос бөлмедегі компьютер экранына көз тіккен Рид Хастингс дәл осындай адам. Бос уақытты қызықты өткізу индустриясында шынайы төңкеріс жасай білген Netflix компаниясының тең директоры үшін осынау спартандық орта тіпті де таңсық емес, керісінше, бұл жағдай оның мінез-құлқын одан әрі аша түседі. Голливуд кімді болса да оның сән-салтанатқа толы кеңсесіне қарап, тануды әдет еткен. Бірақ Хастингс үшін бұл маңызды емес: ол өзіне қолайлы ортаны қалайды, оның табиғаты, сана-сезімі, ақыл-парасаты осындай.

Netflix әлемдік деңгейдегі танымал компания, бұған ешкімнің де таласы жоқ. Ашығын айту керек, биылғы пандемия шоу-бизнес алыптарының біразының бизнесін тұсаулап тастады: Disney парктері босап қалды, Warner Bros. жаңа премьераларын кейінге шегеруде, ал AMC кинотеатрларының есігі карантиннен бері ашылған жоқ. Есесіне Netflix көш басында. Біріншіден, сала іші оны толық мойындады: биыл Emmy сыйлығына ұсынылған номинацияларда Netflix өнімдерінің жалпы саны 160-қа жетті. Сөйтіп, стриминг әлемінің өкілі бұл тұрғыдағы сөзсіз көшбасшы НВО арнасын басып озды. «Оскар» номинациялары бойынша да Netflix өзге медиахолдингтерді артқа тастап, жүйрік шықты. Екіншіден, компанияның даму қарқыны ойдағыдай: 2020 жылдың алғашқы алты айында сервиске жазылғандар саны былтырғы жыл бойындағы барлық қолданушылар санымен тең түскен. Қазір бұл платформада әлем бойынша 190 елден 200 млн адам бар. Үшіншіден, компанияның кіріс көрсеткіштері көңілге қонымды: сату ауқымы әр жыл аралығында 25%-ға өскен, табыс екі еседен астам артқан, ал акциялар 50%-ға қымбаттаған. Өзге компаниялар нарықтағы позицияларын сақтап қалуға күш салып жатқанда, Netflix бүгін табысқа кенелуде. Компанияның соңғы уақыттағы капитализациясы 213,3 млрд АҚШ долларын құрайды.

Netflix-тің осынау жемісті қадамдары ұтымды бизнес-модель таңдаудан бастау алады. Мұнда Голливуд өнімі мен Кремний алқабының әзірлемелері өзара тамаша үйлесім тапқан. Бұл компанияға қолданушылар қалауын тереңнен талдап, оларға тиімді контент ұсынуға мүмкіндік береді.

«Біздің басты мақсатымыз – жұрт тамсанып көретін, қызығып әңгіме ететін оқиғаларды ұсыну, бұл арада біз бәсекелес компаниялардың алдын орауымыз керек», – дейді Хастингс.

Өзге компаниялар бұл пікірге құлақ асты деуге де болады. Нарық ішіндегі ойыншылар Netflix-пен арадағы бәсеке аясында миллиардтап доллар жұмсауда: Disney, мысалға, Disney+ стриминг сервисін қолға алған, WarnerMedia – HBO Max сервисінің танымалдығын арттыруға кіріскен, ал NBCUniversal холдингі таяуда Peacock деп аталатын өз платформасын іске қосты.

«Кім білсін, нарықтың бұл секторында бәсеке қашанда қатаң, – дейді бұл тұрғыда Хастингс. – 2007 жылы бізбен бірге Amazon стримингі де іске қосылды, біз олармен 13 жылдан бері бәсекелесіп келеміз».

Әйтсе де Amazon үшін стриминг – Prime премиум сервисіне жазылушылар санын арттыруды көздейтін, әу бастан шығыны көп, пайдасыз бағыт. Ойын-сауық контенті Джефф Безос үшін негізгі бизнес емес. Ал Голливудтағы билік тізгінін ұстаушылар кино өнімдерінің ауқымды каталогтары мен өндірістік құпияларын жаңа цифрлық әлемге бейімдеу тетіктерін іздеп әуре. Netflix болса шоу-бизнестегі танымал тұлғалардың есімі мен имиджіне сүйенетін әлемдік компанияларды да шаң қаптыруда. Мұның бәрі байсалды есепке, айқын шешімге және инновацияларды дәл тауып, жедел ендіруге негізделген корпоративтік мәдениеттің арқасында мүмкін болып отыр.

Қазірде ойын-сауық индустриясы өз тарихындағы мейлінше қиын кезеңді бастан кешуде, соған қарамастан Netflix стратегиясы айтарлықтай жемісті. Америкалық Forbes 400 рейтингінде 132 орынға жайғасқан Рид Хастингс (дәулет байлығы 5 млрд АҚШ доллары) бұл мүмкіндікке соңғы 20 жыл бойы дайындалған түрі бар. Олай болса, алдағы жиырма жылда сіздің не көріп, нені қызықтасам деген таңдауыңызды Netflix-тің негізін қалаған 59 жасар Хастингс анықтап береді деген сөз. Бірақ 2020 жылғы дүрбелең Хастингс үшін барлық жағынан ыңғайлы әрі қолайлы болды десек, қателесеміз, бар гәп, сірә, Netflix мәдениетінің дағдарыс кезеңінде қалыптасуында. 2001 жылы нарыққа шығып үлгермеген Netflix  dotcom-дар күйреуі салдарында барлық қаржысынан қағылды. Артынша 11 қыркүйектегі террористер шабуылы орын алды. 2001 жылдың соңында Хастингс өз командасының үштен бірін қысқартуға мәжбүр болды.

Компаниясын қайта жасақтау жолында Хастингс персонал жөніндегі директоры Пэтти Маккордпен бірге барлық қызметкерлерін мұқият бағалап, мейлінше ықпалды, нәтижелі, білікті дегендерін іріктеуге кіріседі. Қысқарту күні жақындаған сайын ол, компания ішінде түсінбестік орнап, қызметкерлердің мотивациясы, жігері өшіп қала ма деп те алаңдаған. Дегенмен іс жүзінде бәрі де керісінше шықты: орташа нәтиже көрсетіп келген қызметкерлер компаниямен қоштасқан бойда, кеңсені «жаңа күш-қуат дендеп, соны да тың идеялар қайнай түсті». Қызметкерлерді қысқарту барысы Хастингс үшін оңай соққан жоқ, әйтсе де ол сол сәтті «көзім ашылып, оянғандай болдым» деп суреттейді. Бұл қадам оның мотивацияға және көшбасшы болуға деген көзқарасын түпкілікті өзгерткен. Кезінде Билл Хьюлетт пен Дэвид Паккард Кремний алқабында басқарудың аты аңызға айналған инновациялық табысты жолы, яғни «НР жолын» ойлап тапқанындай, Хастингс те осылайша «Netflix-тің сара жолын» салуға кіріседі.

«Netflix жолы» жоғары білікті мамандар іздеуден басталды. «Еш ереже жоқ» атты кітабында Рид Хастингс компаниядағы жағдайды кәсіби спорт командаларымен салыстырады: мұнда бәрі бірлесіп жұмыс істеп, бір-бірінің жеңісіне, табысына ортақтасып, қуанады, бірақ, егер компанияның дамуы үшін қандай да бір қызметкерді жұмыстан шығару керек болса, ешкім де уайымдамайды. Жаңа шыңдарды бағындыру үшін ең білікті, ең мықты мамандарды жұмысқа тарту керек.

Бұл тұрғыда Netfliх өз жұмысын қалай ұйымдастырды? Ең алдымен, компания өзінің негізгі қызметкерлерінің еңбегіне өте жоғары жалақы төлейді. Мұндай практика 2003 жылы енгізілген: Netfliх сол кезде кәсіби деңгейі орташадан жоғары дейтін программистерге, тестілеп-сынаушыларға, бағдарлама әзірлеушілерге іздеу салып, Google, Apple, кейін Facebook-пен арада бәсекеге түседі. Netfliх Голливудтегі Мэтт Таннелл сынды кәсіби агенттерге де қомақты ұсыныс жасап, «Stranger Things» (орысша: «Очень странные дела») атты телесериалдың сценариіне бірінші болып қол жеткізеді. Артынша Шонда Раймс, Джоэл және Итан Коэн, тіпті Мартин Скорсезе сынды хас шеберлермен байланыс орнатып, оларға елеулі ақы төлейді. Сөйтіп, стриминг платформа авторлық кино және сериал түсірсем дейтіндер үшін таптырмас мүмкіндікке айналады. Netfliх шығарған «House of Cards» («Карточный домик»), «Orange Is the New Black» («Оранжевый – хит сезона») секілді алғашқы телесериалдарға сыншылар тарапынан жоғары баға берілді. Артынша бұл фильмдер көрерменнің көзайымына да айналды.

«Бастапқыда бізге дәстүрлі киностудиялардың құрсауына бағынып, иіле қоймаған «бүлікшілдер» келетін. Біз оларға чек жазып беріп: «Біз бәрін түсінеміз, дегенмен бізде қазір сіз үшін арнайы көмекші де, көлік тұрағында бос орын да жоқ. Бірақ біз сізге көп ақша бере аламыз», дейтінбіз», – дейді Маккорд.

«Көп ақшаны» Netflix қашан қарасаң да төлеп беруге әзір. Компания жалақы ретіндегі сыйақымен қатар, акция түріндегі опциондармен де төлем жасайды. Netflix бонустардың тиімділігіне күмән келтіреді. Хас-тингстің пікірінше, бонустар адамның мінез-құлқына кері әсер етеді.

«Жауапкершіліктің тым күрделі жүйесі процеске кесірін тигізеді, – деп есептейді Хастингс. – Бізде тиімділік көрсеткішін бағалау жүйесі бар, бірақ біз микроменеджментпен айналыспаймыз».

Яғни, мұнда жұлдыздар өздері шығарған өнімнің тиімділігіне сай сыйақы алады деген сөз: өнім неғұрлым мықты болса, төлем де соғұрлым жоғары. Компания атақ-даңққа бөленіп, кеуде қағатындармен жұмыс істемейді. «Орта сапалы дүниеге жұмыстан шығуына орай елеулі жәрдемақы төленеді», – деп жазған болатын 10 жыл бұрын Хастингс пен Маккорд Netflix-тің 129 беттен тұратын корпоративтік мәдениет туралы презентациясында. Аталған жазба компания сайтында қазір де ілулі тұр.

«Бұл Олимпиадаға баратын құрама командадан шығып қалу секілді. Мұндай жағдайда кез келген спортшы сағы сынып, түңіледі емес пе? Әсіресе, егер ол өмір бойы дайындалып, соңғы сәтте бара алмай қалса, – деп түсіндіреді Хастингс. – Олай болса, ең бастысы іріктеуден өту үшін күш жинау керек, мықты болу керек».

Жалпы, Netflix – элита деңгейіндегі спорт командасы іспетті. Мұнда әркім жанындағы әріптестерінің бірегей қабілетіне сенімді және олар бірлесіп жеңіске жету стратегиясын ашық талқылай алады. Бір қарағанда бұл дүние жүзіндегі ең ірі хедж қоры болып табылатын Bridgewater Associates  компаниясында Рэй Далио ұстанып жүрген ашықтық принципін еске салады. Бірақ бұл ұстаныммен барлық қызметкер келісе бермейді. Netflix-тің бұрынғы менеджерлерінің бірі компаниядағы жұмыс барысын «үрей мәдениеті» деп сипаттайды. Оның айтуынша, компания қызметкерлері «бір-біріне сын айтуға дайын тұрады, өйткені мұндайды қолдап, дем беру әдет алған».

Жыл сайын «360» деп аталатын тиімділікті бағалау процедурасы өткізіледі, оның нәтижесінде қызметкерлердің шағын тобы әріптестерімен арада кері байланыс орнату үшін кешкі асқа жиналады. «Бұл отырыста әркім де ойындағысын әріптестерінің бетіне тура қарап айтуы тиіс, көптің алдында, – деп әңгімелейді жасырын сұхбат барысында бұрынғы менеджер. – Мұндай жиындар бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Кейбіреуі көз жасына да ерік береді. Соңында: «Менің одан әрі жақсара түсуіме көмектескендеріңіз үшін рахмет» деп аяқтау керек».

2020 жылдың алғашқы алты айында сервиске жазылғандар саны былтырғы жыл бойындағы барлық қолданушылар санымен тең түскен. Қазір бұл платформада әлем бойынша 190 елден 200 млн адам бар

Хастингс, 360 градустық бағалау процедурасы өте қажет деп есептейді, өйткені «Netflix жолы» жоғары дәрежелі автономия дегенді білдіреді. Чемпионат басталғанда әр ойыншының қадамын баққанша, негізгі ойыншыларға ойын барысын анықтауға мүмкіндік беретін тренер секілді, Хастингс қызметкерлерінің өз бетімен шешім қабылдау қабілетін қызу қолдайды. Әлбетте, шешім «компанияның игілігі үшін» дегенге сай келуі тиіс.

Бірақ бұл тәсіл де көптің қолынан келе бермейді. Netflix-тің тең директоры Тед Сарандос, Хастингспен арадағы бұрынғы бір әңгімені еске алады. Сарандос ол кезде контент жөніндегі директор болатын. Кезекті ғажайып оқиға фильмі жарыққа шыққанда, оның  60 әлде 600 көшірмесін алсақ па деп бас қатырған Сарандос ақырында Хастингстен кеңес сұрайды.

Сөйтсе, ол: «Бұл фильмнің хит болуы екіталай, көп сұратпай-ақ қой» дейді. Арада бір ай өткенде жаңа фильмге деген сұраныс артып, Netflix-ке қосымша көшірме қажет болады. Әлбетте, Хастингс Сарандосты жауапқа тартады. «Өзің емес пе, көп сұратпа деген!» деп ренжиді сонда Сарандос. Алайда Хастингс оған бірден: «Маған компания мүддесіне қайшы келетін қадам жасауға жол бермеуің тиіс!» деп тойтарыс береді. «Бұл мен үшін сабақ болды, – дейді Сарандос. – Өзім қабылдаған шешімге өзім жауаптымын. Бұл тұрғыда Рид өзі де сондай. Ол қызметкерлерге жеңіс дәмін толыққанды сезінуге де, жеңіліс үшін жауапкершілік алуға да бірдей мүмкіндік береді».

Негізі, Хастингс жеңіліске ұшыраймын дейтін адам емес, бұған оның отбасы рухы дем берсе керек. Оның нағашы жағынан ұлы атасы Альфред Ли Лумис биржа магнаты болған. 1929 жылы ол қор нарығының күйреуін алдын ала болжап, ақшасын ғылымға инвестициялауды жөн көрген. Ол Альберт Эйнштейн, Энрико Ферми, Эрнест Лоуренс зерттеулерін қаржыландырған. Ал Рид Хастингс Бостон маңындағы бай қалашықтардың бірінде өсті. Әкесі Гарвардта, анасы Уэллсли колледжінде оқыған. Рид өзі жеке мектептерде оқып, кейін Боудуин колледжіне оқуға түседі. Стэнфорд университетінің компьютерлік ғылым магистрі дәрежесін алған соң, Бейбітшілік корпусының волонтері ретінде Свазилендте жоғары сынып оқушыларына математикадан сабақ береді.

1991 жылы Хастингс программалық қамтамасыз ету сапасын өлшейтін бағдарламалар жасайтын Pure Software деп аталатын алғашқы компаниясын ашады. Сол жылдары ол сағаттап отырып код жазып, артынша кеңсе еденіне қисая салып, ұйқыға бой беретін нағыз geek жігіт болатын.

«Таңертең кеңсеге келгенде оны ұйқыдан оятып, оу, ең болмаса, жуынып, тарануды ескерсеңші», – деуге тура келетін деп еске алады кезінде Хастингспен Pure Software компаниясында жұмыс істеген Пэтти Маккорд. Кейін олар Netflix-тің корпоративтік мәдениетін бірлесіп қалыптастырды.

Хастингстің лидер ретінде танылып, шыңдалуын Маккорд өз көзімен көргенін айтады. «Бірде кешкісін ертеңгі презентация туралы сұрамақ болып, Ридтің кабинетіне келсем, жиынға дайындалудың орнына, ол компьютер бағдарламасындағы кезекті қателіктерді тазартып, бейқам отыр. Мен сонда қатты кіжіндім, – деп еске алады Маккорд. – Рид, егер өзіңді лидер ретінде көрсетем десең, көшбасшыға сәйкес әрекет ет» деп, есікті тарс жаптым. Алайда ертесіне ол дүйім жұрттың алдында сөз сөйлегенде... залда отырғандар түгелдей орындарынан тұрып, қол соқты. Меніңше, жұртты осылай толғандыра алатынын ол бұған дейін өзі де білген жоқ. Оның міндеті – маңайындағы жұртты қанаттандырып, оларға дем беру. Рид мұны сонда түсінді деп ойлаймын».

1995 жылы Pure Software биржаға шықты, 1996 жылы Массачусетстегі аса танымал емес Atria Software фирмасымен бірігіп, артынша біріккен компанияны Rational Software икемдеп жұтты. PitchBook бұл келісімді 700 млн АҚШ доллары деп бағалады. Бұл үлкен жетістік еді, бірақ Хастингске сол кезде оңай соққан жоқ: ол әйелімен айрылысып жатты. Болашақ миллиардерге тіпті психихотерапевтке баруға да тура келді. Және бекер емес: кейін ол бұл көмек оған өз-өзін түсініп, компанияның корпоративтік мәдениетін қалыптастыруда да айтарлықтай септік еткенін алға тартады: «Адамдар шындықты айтуға қорқады, бірақ шындық – тіпті де үрейлі емес».

Кремний алқабы стандарттарына салсақ, Pure Software тарихы сәтті аяқталды. Бірақ Хастингс үшін бұл аз еді. Жас компания жаңа биіктерді бағындырғысы келді, өз жолын іздеді. Ал өсіп, шыңдалу барысында тәуекелдердің алдын алуы тиіс жаңа тәртіп, жаңа ережелер бой түзейді. «Pure Software компаниясында жұмыс барысында шектен шыға қоймайтындардың жолы болды, ал шығармашыл, креативті қызметкерлер өзге компанияларға ауысып жатты», – деп еске алады Хастингс.

Бастапқыда ол бұған мән бермейді. Бірақ бір күні ол Blockbuster-ден жалға алған «Аполлон-13» фильмінің бейнекассетасын дер кезінде қайтарып бермегені үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болады: 40 доллар. «Ал егер кешіктіру кезеңі үшін айыппұл болмаса ше?» деп ойға шомған Хастингс, Netflix компаниясын құру туралы шешім қабылдайды. Pure Software аясында Хастингспен бірге бастаған Марк Рэндольф, Netflix тарихы дәл осы оқиғадан басталады деп сендіреді.

Шындап келгенде, Netflix концепциясы Саннивейлдегі (Калифорния) офиске жетер жолда Хастингс пен Рэндольф талқыға салған көптеген пікірталас барысында қалыптасқан. Прокатқа бейнекассета ұсынатын компания нарыққа 1997 жылы шықты. Оған тән бір ерекшелік: пошта арқылы тапсырыс бергенде DVD қызыл конвертпен келетін. Бастапқы бизнес модель Blockbuster сервисіне ұқсайтын, бірақ оларда кассеталар мен дискілерді дүкеннен барып алу керек, ал Netflix тапсырыс қызметін таңдады. Рэндольфтың айтуынша, алғашында Netflix түсімінің басым бөлігін DVD саудасы құраған. Осылайша жаңадан басталған стартап жоба Amazon-ның тікелей бәсекелесі атанған.

1999 жылы Netflix қызмет аясын кеңейтіп, фильм және сериалдар жүктелген дискілерге жазылуды ұсынды. Бұл жас компания үшін мықты бастама болатын. Клиенттер бірден үш фильмді прокатқа алып, қайтару мәселесіне бас қатырған жоқ. Оның сыртында, компания бір айдай тегін сынақ мерзімін ұсынды. Бұл компания үшін қымбатқа түскенімен, клиент тартуда тиімді шешім еді.

Рэндольф пен Хастингс тіпті Далласқа ұшып барып, Blockbuster директоры Джон Антиокоға Netflix-ті 50 млн долларға сатып алуды ұсынады. Бірақ ол бұл ұсынысты тыңдаудан да бас тартады. 2001 жылы компания ішінде бірқатар өзгертулер орын алып, алдын ала жазылу негізінде DVD жеткізу бизнесіне сұраныс күшейеді. Ал 2002 жылы биржаға шыққан Netflix қосымша 82,5 млн доллар тарта алды. Ауқымды каталог бойынша DVD дискілеріне тапсырыс берушілер саны ұлғайған сайын, инвесторлардың компанияға деген қызығушылығы да жоғары болды.

Пандемия кезінде Netflix-тің жеті бөлімнен тұратын «Жолбарыстар королі» атты мегахиті миллиондаған көрерменді жаулап алды. Фильмге жабайы аңдарды өсірумен айналысатын Джо Экзотик те түскен.
ФОТО: Netflix
Пандемия кезінде Netflix-тің жеті бөлімнен тұратын «Жолбарыстар королі» атты мегахиті миллиондаған көрерменді жаулап алды. Фильмге жабайы аңдарды өсірумен айналысатын Джо Экзотик те түскен.

Арада бес жыл өте – 2007 жылы телекоммуникация нарығында кең жолақты интернеттің тарауымен, ағынды видеоны қайталау мүмкіндігі арта түсті. «Netflix Blockbuster-дің жолымен жүрмейді» деген Хастингс, арнайы қаражат бөліп, программистер командасын жинады. Олар DVD жеткізуге жазылу сервисіне бонус ретінде ұсынылған қызмет түрін әзірлеумен айналысты. Бұл компания үшін тағдыршешті шешім еді. Netflixтің дәстүрлі сервисінде таңдау көп болғанымен, DVD жеткізіп беруге уақыт кететін. Ал стриминг аясында қалаған филмьге дереу қол жеткізсің.

Бірақ бұл арада да бір гәп бар-тын: Голливуд фильмдерін тек телеарналармен арадағы эксклюзивті келісім аясында ғана таратуға болатын, ал Netflix мүмкіндігі шектеулі еді. Сөйтіп, Хастингс көрерменнің талғамын зерттеп, бағалап, оларға қызықты болар өнім ұсыну туралы ойлана бастайды. «Теледидар алдында отырған адам Netflix өнімін таңдасын десек, біз бастапқы бірер минутта, тіпті 30 секундта оған қызықты болатын керемет дүние ұсынуымыз керек», – дейді өнім ойынша бұрынғы директор Нил Хант. Ол кезінде көрермен талғамын анықтау мақсатында 2000 қызметкерге басшы болған. Корпоративті мәдениет талаптарына сай, олардың біразы бір-біріне тәуелсіз негізде жұмыс істеген.

Netflix сонда қолданушы талабымен жүктелетін фильм үшін төлем алу жолдарын іздестіре бастайды. Компания стриминг контентті лицензиялауға DVD-дискілер сатып алумен бірдей ақша кететінін байқағанда, бұл мәселенің өзектілігі арта түседі. Стриминг болашағына үміт артқан Хастингс, пайда табам деп, жаңсақ қадамға да жол береді. Ол өзі бұл шешімін компания тарихындағы «ең шалыс қадам» деп есептейді. 2011 жылы Netflix DVD прокаты бизнесін ескірді деп, бұл қызметті Qwikster деп аталатын өз алдына бөлек сервиске шығаруға кіріседі. Бұл шешімге сын айтушылар өте көп болды. Ал Saturday Night Live комедия телешоуы Хастингстің YouTubе-тегі кешірім сұраған видеосына пародия жасап та үлгерді.

«Шалыс қадам» нәтижесінде сервис миллиондаған абоненттерінен айырылып, Netflix акцияларының бағасы 75%-дан да арзандап кетті. Бұдан бірнеше айдан кейін өткізілген басшылықтың көшпелі жиынында Хастингс көзіне жас алып тұрып, бәрінен кешірім сұрайды. Сөйтсе, Qwikster сервисін қосу жөнінде ондаған менеджер әу бастан күдікті болғанымен, өз пікірін ашық айтуға жүрексінген көрінеді. Бұдан кейін Хастингс жаңа жоба бастамас бұрын «күдігім бар» дейтіндердің уәжін барынша тыңдауды әдет етеді.

Көптеген киностудиялардың басшылары Хас-тингстің бұл шалыс қадамына дейін де Netfliх-ті бәсекелес деп есептемейтін. 2010 жылы Time Warner бас директоры Джефф Бьюкс, журналистің сұрағына жауап беріп тұрып: «Бұл албан армиясы әлемді жаулап алауға ниет білдіргісі келетіндей жағдай, бұл туралы сөз қозғаудың да қажеті жоқ» дегені бар. «2010–2015 жылдарды сыни сәт деуге болады. Бьюкс, интернетті ақымақтың ермегі, ондағы баға да күлкілі деуден тайған жоқ. Сөйтіп жүріп ұлы көштен кеш қалды», – деп еске алған Хастингс, сол кезде мотивация болсын деп, албан армиясы солдатының жетонын мойнына тағып алғанын да сөз етеді.

Голливудтың «ақылы кіре бастаған» сәтте, Netflix өз сериалын өндіріске қосып та үлгерді. Бұл Дэвид Финчердің «House of Cards» фильмі болатын. 2011 жылы Сарандос бұл сериалға 100 млн доллар бөледі. «Сол тұста Netflix ақшасын асыра сілтеп, шашып жатыр деушілер көп болды, бірақ мұндай жоба қанша тұратынын және оны қалай дамыту керектігін компания сол кезде жақсы түсінді», – дейді біраз жылдан бері интернеттегі стартаптарға инвестиция салып жүрген Tinderдің бас директоры Джим Ланзон. Ол сол жылдары CBS телеарнасының цифрлық технологиялар жөніндегі директоры болатын.

«Бағытты ауыстырып, өзгерту – инвестициялар және тәуекелдер дегенді білдіреді, ал бұлар табыстың төмендеуіне әсер етуі ықтимал, – деп жазды «Еш ереже жоқ» атты кітабында Хастингс. – Акциялар да төмен құлдырауы мүмкін. Мұндайға қай басшы бара қойсын?» Голливуд студиялары басшыларының бонустары операциялық пайдаға байланған. Ал тәуекел шешім салдарында Хастингс менеджерлерінің табыстан қағылуы екіталай – ол өз адамдарын қорғай біледі.

COVID-19 Netflix-тің инновациялар мәдениеті үшін сынақ кезеңі деуге болады. Биыл көктемде Нью-Йорк пен Голливудта кино- және видеоөндірісі тоқтап қалғанда да, Netflix контент шығару екпінін төмендеткен жоқ. Ірі компаниялардың біразында менеджерлер мен аниматорлар қашықтан жұмыс істеу әдістерін игеріп, сценаристер виртуалды кездесулер мен конференциялар өткізуге бейімделіп жатқанда, Netflix қызметкерлері бұл тәсілдерді емін-еркін қолдана берді. Соңғы 10 жылда Хастингс халықаралық нарықтарға шығуға ден қойған. Сондықтан да Netflix инфекция таралуын жедел бақылауға алып, тестілеуге кіріскен Исландия, Оңтүстік Корея сынды елдерде түсірілім барысын жедел ұйымдастыра алды.

Компания бәсекелестері негізгі бағдарламаларының орнын қалай толтырамыз деп жан салып жатқанда (мысалға, НВО Мах «Достар» сериалы кейіпкерлерінің басын қосуды ойласа, NBCUniversal Токиодағы Олимпиадаға үміт етті), Netflix жаңа хиттер шығаруға пәрмен берді. Оның ішінде балаларға арналған реалити-шоу негізінде түсіріліп, көрерменді бірден жаулап алған «Tiger King: Murder, Mayhem and Madness» деректі сериалы немесе басты рөлді Крис Хемсворт сомдаған «Extraction» (орысша: «Тайлер Рейк: Операция по спасению») экшн фильмі де бар. Бұл фильмдердің сәті оңынан түсті деуге толық негіз бар, әрине, олардың хит атануына елеулі қаражат пен аналитикалық зерттеу, болжамдар да ықпал етпей қойған жоқ. Бірақ Netflix-тегілер әр туындының өз сәті болатынын жақсы біледі.

«Жұмыс барысында біз салаға тән ерекшелік, талаптармен шектелмейміз. Әдетте сериалдарды бірден тұтастай етіп шығарамыз, – деп түсіндірді инвесторларға биыл сәуір айында компания жұмысын Сарандос. – Біз әлем бойынша тек осылай жұмыс істейміз».

Айта кету керек, әлем жұрты мұндай батылдықты жоғары бағалады. Бүгінде кинотеатрлар жабылып, спорт шаралары кейінге қалып, дәстүрлі телеарналар ескі дүниелерін қопарып жатқанда, Netflix абоненттерінің саны пандемия басталғаннан кейінгі бір айда АҚШ пен Канадада 1 млн, ал әлем бойынша 2 млн шамасында ұлғая түсті.

«Біздің басты мақсатымыз – жұрт тамсанып көретін, қызығып әңгіме ететін оқиғаларды ұсыну, бұл арада біз бәсекелес компаниялардың алдын орауымыз керек», – дейді Хастингс

Байқасақ, бір салаларды толығымен тоқтатып қойып, екінші салаларға дем беріп жатқан коронавирус, стриминг платформаларды ойын-сауық контентін жеткізуші негізгі ойыншы деңгейіне шығаруда. Бұл тұрғыда нарық көшін әзірше Netflix бастап тұр. Parks Associates мәліметтеріне жүгінсек, жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізген америкалықтардың 56%-ы осы сервисті таңдаған. Disney+, ESPN+ және Hulu сынды үш бірдей платформасында 100 млн-нан астам қолданушысы бар Disney де бұл көштен қалыс қалып жатқан жоқ. Қолданушылар санын арттыру мақсатында компания басшысы Боб Айгер Disney, Pixar Animation, Marvel Entertainment және «Star Wars» брендтерін бірден іске қосқан. Netflix секілді олар да батыл қадамдар жасауда, мысалға, Бродвейдегі танымал мюзикл «Гамильтонды» түсіруге 75 млн доллар жұмсаған.

Disney нәтижелері керемет деп Хастингс те мойындап отыр. Disney-дің жаңа стриминг платформасы алғашқы бес айда 50 млн абонент тарта білді, ал Netflix бұл тұрғыда жеті ай күткен болатын. Қазір Хастингс 200 млн қолданушы тартуды көздеп отыр. Ал бұл үшін бірнеше елде жергілікті контент өндіруге ауқымды инвестиция керек, мысалға, жыл соңына дейін Үндіс-
танды игеруге 400 млн доллар бөлінген. Сол сияқты, қызметкерлердің тиімділігін бақылауды да жалғастыру қажет, өйткені ол шешім қабылдауда солардың біліктілігіне үміт артады.

«Компанияның корпоративтік мәдениеті біздің қолданушылардың мүддесіне сай шешім шығаруға мүмкіндік береді деген сенімдемін. Біз бұл тұрғыда НВО не Disney-ден озық шығамыз, – дейді Хастингс. – Олар біз секілді жылдам жұмыс істей алмайды, өйткені ішкі процедуралары бастан асады».

Автор: Дон Хмелевский

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить