Білімді беруге болмайды, білімді алу керек

Михаил саакашвилидің кеңсесінен онлайн білім беруге дейін. кәсіпкер не үшін симулятор-ойын дайындап жатыр?

Марғұлан Сейсембай
ФОТО: © Данияр Асылбек
Марғұлан Сейсембай

Кәсіпкер, инвестор және Margulan.info платформасының негізін қалаушы Марғұлан Сейсембай кезекті рет Forbes Kazakhstan журналына сұхбат берді. Білім беру саласындағы дағдарыс мәселесін қозғай отырып, инфобизнеске келуінің себебін әңгімелеп өтті.

– Сізбен соңғы рет осыдан тура бір жыл бұрын сұхбаттасқан екенбіз. Ол кезде көтерген негізгі тақырыбымыз – Михаил Саакашвилидің кеңсесіндегі жұмысыңыз болды, сол уақытта қоғамдағы белсенділігіңіз де жоғары еді. Өткен жылы қоғам белсендісі, биыл – инфокәсіпкерсіз. Осы аралықта, яғни бір жыл ішінде өміріңізде қандай өзгерістер болды?

– Иә, сұхбат бергеніме де бір жыл болып қалыпты. Уақыт деген зымырап тез өтіп жатыр. Бір жыл ішінде көп нәрсе өзгерді, басымнан түрлі жағдай өтті. Былтыр Михаил Саакашвилимен, Украина президенті Владимир Зеленскиймен таныстым. Ол елдің саяси жүйесінде біраз қызмет атқардым. Бірақ биыл көктемде бас тарттым. Алдыма қойған міндеттерімнің бәрін орындап шықтым. Ол – бір.

Екіншіден, былтыр желтоқсан ортасынан бастап жеке білім беру жүйесін құруды бастадым. Ол көп уақытымды талап етті, көптеген мәтін жазып, видеосабақтар түсіру керек болды. Уақыт тапшылығынан екі бағыттың бірін таңдап, білім беру саласына көшуді қаладым. Саясат саласындағы жұмысты доғару туралы шешім қабылдадым. Содан бері барлық фокусым, назарымды осы салаға жұмсап отырмын.

Неге бас тарттым? Украинада жұмыс істеп жүргенде саяси жүйеге қатысты романтикалық көзқараста едім. Украинаға Зеленский келді, ол парақор емес, адал адам деп ойладым. Жас президент келген соң бәрін өзгертеді деген ой болды. Бірақ нақ саясаттың ортасына батып, ішкі жүріс-тұрыстарын көрген соң, жалпы саясаттың әбден тиімсіз жүйе екеніне көзім жетті. Украина қазір – демократия емес, анархияға көбірек жақын ел. Ал атқарушы тәртібі болмаса, үкімет ештеңе істей алмайды. Не дұрыс реформа жүргізе алмайды, не адамдардың өмірін жақсарта алмайды. Осылардан біраз көңілім қалып, түңілдім. Зеленский келген соң, Саакашвилидің көмегінің арқасында тез реформалар жасап тастайды деген ой болған еді, сөйтсем оның шектеулері көп екен. Парламент жүйесі өте нашар, заң шығарушы органның ішінде түрлі саяси, лоббистік күштер көп. Зеленскийге Америка, Еуропа тарапынан да қысым жасалып жатыр. Президенттің шектеулері өте көп және жалпы үкімет жүйесі дұрыс құрылмаған. Ол дұрыс болмаған соң, президенттің не атқарушылық, не реформа жүргізу күші жоқ. Бәрін парламент тоқтатып отыр.

Дегенмен, менің алдыма қойылған міндеттер болды, соның бірі – заң шығару үдерісін тездету. Украинадағы заң жобасы дайын болғанға дейін орта есеппен 350 күн өтетін еді, айналып келгенде бір жыл уақыт. Соны біз 142 күнге түсірдік, яғни екі есе қысқарттық. Бұл – орасан жұмыс, ол үшін IT жүйесіне кірдім, парламент ішіндегі барлық процесті қарап шықтым. Бірақ бұл – көп міндеттің бірі ғана, жалпы мақсат үкімет жүйесінің теңдігін арттыру еді. Соған қатысты үш-төрт жоба болды, оның бәрін бітіріп, тапсырып, Саакашвили мен Зеленскиймен жақсы қоштасып, алғысын алып кеттім.

– Білім саласына келуіңізге не себеп?

– Бірнеше себеп бар. Білім саласына енді ғана келгенім жоқ. Кезінде мамандармен бірігіп, Финляндияға барып, сондағы білім беру жүйесін зерттегенбіз. Оңтүстік Корея, Сингапурға сапарлап, олардың білім беру бағытымен танысқанмын. Haileybury, TAMOS мектебінің, AlmaU университетінің құрылтайшыларының бірімін. Болашақ мектептің концепциясын жазған топтың мүшесімін. Бірақ бұл жақтан да біраз түңілдім, себебі орта білім беру саласында да, жоғары білім беру саласында да кемшіліктер көп. Жалпы қазіргі білім беру саласы үлкен дағдарыста тұр. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, дүние жүзінің мәселесі. Адамзат білім беруде тығырыққа тірелді. Бұл сала бұрынғыдай жұмыс істемейді, жаңа заман, жаңа нарыққа сәйкес дамымай тұр және оны қалай дамыту керектігі туралы адамдардың идеясы да жоқ. Сондықтан мен заманауи технологияға сай білім беру жүйесін дамытуға өз үлесімді қосып, атсалысып отырмын.

– Сіз экспедиция ұйымдастырумен танылдыңыз. Nomad Explorer бұған дейін ұйымдастырған сапарларыңызға мыңдаған адам қатысты. Бірақ қазір экспедицияңызға қатысушылар саны он шақты ғана, ал бағасы өте қымбат. Оған пандемия әсер етті ме?

– Осыған дейін Nomad Explorer арқылы бес жыл бойы мыңдаған адаммен бірге саяхаттап жүрдім. «Оңтүстік аңыздары» деген экспедицияның өзіне бір жарым мың адам қатысты. Негізгі мақсаты – ел мен жер тану, партиотизмді арттыру. Өйткені Өскеменде тұратын адамдарға Ақтау, Ақтауда тұратындарға Өскемен басқа ел сияқты болып көрінеді. Ал экспедицияға барып келгеннен кейін ішкі патриоттық сезімі оянып, «мынаның барлығы менің елім Қазақстан екен, менің жерім екен ғой» деген ішкі түсінік пайда болады. Патриотизмнің негізі осылай қаланады. Егер сен барлық өңірді көрмесең, «барлығы менің Қазақстаным, ме-нің жерім» дегенді миға сыйдыра алмайсың.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Кейін пандемия кезінде көп адам жинау мүмкіндігі азайды. Енді мен ол экспедицияларды білім беру экспедицияларына айналдырдым. EduTravel деген арнайы ат қойдым. Бұл – жай туристік саяхат емес, білім беру шарасы. Мәселен, сол экспедицияның біріне қатысқан украиндық жігіт менің айтқан жауаптарымнан А4-пен 37 бет толтырыпты. Бұдан бөлек тәуекелді басқара білу, өз құндылықтарыңды түсіну және т.б. көптеген тақырыптар аясында құралдарды меңгертемін.

Әдетте, экспедиция басталғанда бәрінен телефон, симкаларын алып қоямын. Бұл цифрлық детоксикация жасап, адамның өз миымен жұмыс істеу қабілетін арттыру үшін керек. Қалада қанша жерден телефонды дыбыссыз режимге қойсаң да, санаңда «хабарламалар келіп жатыр ғой» деген ой тұрады. Ал телефонды тұтастай алып қойғанда, ол ой өшеді. Дүние, байланыстан ажыраған соң адам қарапайым тамақ ішеді, қарапайым жерде жатады, қарапайым қуаныш, қарапайым бақытты сезіне бастайды. Суық суға жуынуды, уақытылы ұйықтауды үйренеді. Әрбір экспедициямыз – білімге, тәжірибеге толы шара. Табиғатта жүрген адам жаман нәрсе ойлай алмайды. Әрі табиғат аясында адам ұсақ-түйекті емес, тек үлкен нәрсені ғана ойлайды. Адам еркін армандайды, ой-өрісі өседі. Табиғат – маған дәріс оқитын аудитория тәрізді, бұл аудиторияда берген сабақтар өте тиімді.

– Неге инфобизнес саласын таңдадыңыз? Ол да қазіргі жаңа бизнестің бір түрі ме, адамдарға қандай құндылық ұсынады?

– Көпшілік адамдар бұл саланы дұрыс түсінбейді. Барлығы инфобизнес дейді де, ақпарат береді. Оны ақпарат беру бизнесі деу керек. Менің бұл салаға келгендегі көзқарасым, қағидаларым мүлде бөлек. Мысалы, білім алуда белгілі бір мақсат болады. Бірақ негізгі, түпкі мақсат – адам өмірін өзгерту, жақсарту. Ол бірнеше сатыдан тұратын процесс.

Біріншісі – ақпарат. Ақпарат деген не? Ол күнделікті жан-жақтан төгіліп жатқан, ешкімге керегі жоқ, құнсыз нәрсе, тіпті адамның басын айналдырады. Қазір дүние жүзінде сағат сайын өндірілген ақпарат саны жалпы адамзат тарихында өндірілген ақпарат көлемінен асып тұр. Ал адамдардың ол ақпаратты ұғу қабілеті төмен, дені сау адамның ол ақпаратты қабылдауы мүмкін емес.

Екінші саты – білім. Білім дегеніміз ерекше құрылымдалған ақпарат. Мысалы, өсімдік жөніндегі барлық ақпаратты ботаника, жануар әлемі туралы ақпаратты – зоология, ал минерал, қазба байлықтары жөніндегі саланы – геология дейміз. Білім де – ақпарат, тек ерекше құрылымданған, жүйеленген ақпарат. Бірақ ол біздің өмірімізге әсер етпейді. Өйткені білім көп, оны жүзеге асыра алмай жүрген адамдар да көп.

Үшінші саты – түсінік. Түсінік деген не? Ол адамның білімді ұқ-қан, түсінген сәті. Бұл не? Қалай жұмыс істейді? Себеп-салдарлық байланысы бар ма? Осы үш сұраққа жауап тапқан адам түсіне алды деген сөз. Ал түсініктің болуы өмірді өзгерте ала ма? Өзгерте алмайды. Түсінетін адамдар көп, өзгертетіндер аз. Ол үшін әрекет жасау керек. Әрекет жасамасаң тәжірибе жинамайсың, өміріңді өзгерте алмайсың. Сондықтан әрекет жасау керек, одан тәжірибе пайда болады. Тәжірибе деген не? Ол – өткен шаққа негізделген, нәтиже әкеледі не әкелмейді деген сұраққа жауап. Тәжірибесі бар адам түсінген адамнан бір саты артық болып тұрады. Бірақ бұл да өмірді өзгертуге жеткіліксіз. Ол үшін икем болу керек. Икем деген? Ол – мақсат қойып, бір істі тындырып, нәтижеге жете алу қабілеті. Адамның түсінігі, тәжірибесі, икемі бар. Өмірін өзгерте ала ма? Жоқ, оған дағды керек. Ал дағды деген не? Ол тұрақты түрде нәтижеге жете алу қабілеті. Адам дағдыға жеткенде ғана өз өмірін өзгертеді.

Қараңыз, жоғарыда айтқан инфобизнесмендер осы сатының басындағы ақпарат пен білімді ғана береді. Ал менің мақсатым – адамдарды әрекетке итермелеп, тәжірибе жинату. Не өзімнің тәжірибеммен бөлісіп, «мынау жұмыс істейді, мына жол нәтижеге әкеледі» деген білім беру. Содан кейін барып адамға икем мен дағды үйрету. Икем мен дағдыны үйрету деген сөз – адамның мақсатқа жету қабілетін арттыру, өмірін өзгерту деген сөз. Осы екі нәрсе қымбат, ал оған дейінгінің бәрі – тегін.

– «Сіз де инфосыған болдыңыз ба?» деп пікір жазған оқырмандарыңыз да аз емес. Намысыңызға тимей ме? Жалпы сіз бұл ұғымға қалай қарайсыз?

– «Инфосыған» деген сөз мүлде намысыма тимейді. Өйткені әр адам өз деңгейіне сәйкес шешім шығарады. Өзім де көптеген жаңа технология пайда болған кезде түсінбей, «мына ақымақтар не істеп жатыр?» деп талай айтқанмын. Бірақ кейін олардың миллиардтап ақша тапқанын көргеннен кейін, олар емес, өзімді ақымақ сезіндім. Әр адам өзі түсінбейтін, дағдысына келмейтін жаңа нәрсені көргенде менсінбеуі, мазақтайтыны – қалыпты жайт. Әйтеуір, жаңаны өз өміріне кіргізбеуге тырысады. Бірақ қазір барлық үдерістер жылдам жүріп жатыр, адам тез икемделіп, жылдам шешім қабылдай алмаса артта қала береді, табыссыз отырып қалады. Сен диванда жатып, өзгелерді мазақ қыласың не талпынып, әрекет жасап, өміріңді өзгертесің. Бұл – әр адамның жеке таңдауы.

Табиғат маған дәріс оқитын аудитория тәрізді, бұл аудиторияда берген сабақтар өте тиімді

Қазір байқасам, сондай мазақ қылу, балағат сөз айту қазақ аудиториясында көп. Орыс аудиториясы бір саты болсын алға ұмтылады, талпынады. Бұған өзім де таңғаламын. Мәселен, Татарстанға бардым, бес мыңға жуық адам жиналды. Минскіде он мыңнан аса адам келді. Кәдімгі әртіс сияқтымын. Жақында онлайн интенсив өткіздім, он бір мың адам көрді. Ұнамайтыны, арасында қазақтар аз. Олар өзгергісі келмейді. Ал орыс тілді аудитория білімге қатты құштар, әрдайым бақылап, барлап отырады. Украинадағы ең танымал клубтардың барлығына шақырды. Сол жердегілердің айтуы бойынша, мен Украинадағы ең танымал кәсіпкерлердің үштігіне кіреді екенмін.

– Ал қазақ аудиториясын ұйқысынан ояту үшін не керек?

– Қазақ аудиториясын ұйқысынан ояту үшін уақыт керек. Барлығы әп-сәтте бола салмайды. Алдымен тіл мәселесіне көңіл бөлу керек, көкжиекті кеңейту үшін көбірек тіл білген дұрыс. Жан-жақты білімді болуға ұмтылу қажет. Бірақ негізгі мәселе – аудиторияның өз ұмтылысында. Егер адамдар іштей өзгеруге тырыспаса, талпынбаса, ешбір мотивациялық сөз, дәріс, үгіт-насихат оны өзгерте алмайды. Дегенмен, қуантарлық нәрсе бар, қазақы орта қазір ақырындап алға жылжып келе жатыр, даму байқалады.

– «Margulan.info – бұл уникалды экожүйе және жекеменшік әлеуметтік желі». Сіздің платформаңыздың сипаттамасындағы жазу. Экожүйе қалай жұмыс істейді? Онлайн-платформа қалай әлеуметтік желіге айналуы мүмкін?

– Менің сегіз әлеуметтік желіде сегіз аккаунтым бар. Барлық жерде адамдарға білім беріп, оларда жаңа түсінік қалыптастырамын. Парақшаларыма өздерін дамытқысы келетін, ынтасы зор адамдар жиналады. Жазылып, оқи бастайды. Егер қызығушылығы күшті болса, оқыған сайын әрі қарай ақпарат іздеп, сұхбаттарымды қарап шығады. Сұхбаттардан соң мен туралы көбірек зерттеп, платформама келеді. Ол жерде мен арнайы тақырыптарға бөліп, жүйелеп, сабақ дайындап қоямын. Осы күнге дейін платформада 16 блок құрылды. Әр блокта жетіден тоғызға дейін сабақ бар. Сонда орта есеппен жүзден аса сабақ жиналған. Тақырыптары алуан түрлі, тиімділік, нәтижеге жету, мақсат қою ережелері, дағдарыстарды басқару, келісімшартқа тиімді түрде келу деген сияқты сан түрлі бағыт қамтылған. Оларды оқу үшін адамдар алдымен айлық, ке-йінірек жылдық жазылымды сатып алады. Одан әрі «Кайдзен жоспарлау және күш-қуатты басқару» деген үлкен курсым бар. Нақты білгісі келетіндерге Кайдзен-мектеп бар, оны алты апта ішінде оқып шығуға болады. Ол жерде арнайы тест те, чат-бот та бар.

Оқып шыққаннан кейін де бұл үдеріс аяқталмайды. Қазір біздің командамыз екі түрлі ойын дайындап жатыр. Бірі симулятор ойындар, екіншісі – кәдімгі компьютерлік ойындар. Яғни, жазылушылар курсты оқып біткен соң тиімділік заңдарына негізделген компьютер ойындарын ойнайды. Неге ойындар? Адамдар уақытын бос жұмсағанына қарамастан ойын ойнағанды жақсы көреді. Бірақ адам компьютер ойнаған сайын, яғни онлайнда жиі отырған сайын офлайн өмірдегі тиімділігі азаяды. Менің идеям – адам ойнаған сайын офлайн өмірде тиімділігі арта түсетін компьютерлік ойын дайындау.

Әр ойынның өз механикасы болады, әрқайсысының артында 54 механика бар. Мәселен, бір киноға сценарий жазғанда әрқайсысының артында тоғыз сценарий тұрады: комедия, мелодрама, драма, т.б. Сценарист бір дүние жазғанда сол сценарийлерге қарайды, әрқайсысынан алады. Компьютер ойындары сондай механикамен жасалады. Ал онда айдаһар, танк туралы ойын немесе тиімділік заңдары да болуы мүмкін. Мен соның ішінен тиімділік заңдарын енгізгім келіп отыр.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Ойын дегенде көңіл көтеру ме?

– Жоқ. Ойын да белгілі бір сценариймен жүреді. Байқасаңыздар, Margulan.info платформасының «М» деген әріпті бейнелейтін логосы Netflix-тің логосына ұқсайды. Кей адамдар лого Netflix-ке ұқсайды дегенде, ол ұқсамайды, тура көшірілген деймін. Неге Netflix? Қараңыз, тәулігіне әр адам сегіз сағат ұйықтайды, сегіз сағат жұмыс істейді, төрт сағатты өз қажетіне арнайды, төрт сағат бос уақыты бар. Сол төрт сағатта оның назарын аудару үшін бәсекелесетіндер кімдер? Ол – Netflix, ол – World of Tanks, ол – әлеуметтік желілер және мен. Менің бәсекелестерім – басқа бизнес мектептер немесе білім беру курстары емес, осы алпауыттар. Бастапқы идеям – оларға бәсекелес болу үшін білім беру үдерістерін сценарий мен ойынға негіздеп жасау.

Мұнда ойынды entertainment, яғни көңіл көтеру деп қабылдамау керек. Мысалы, Netflix біздің уақытымызды қалай ұрлайды? Ол бізге сценарий ұсынады. Сериал – аяқталмаған сценарий. Оны көріп отырып қызығасың, аяқталып қалса, қанағаттанбай келесісін көргің келе береді. Енді сол сценарий және ойын негізінде білім беріп, адамдардың назарын ұстап қалғымыз ке-леді. Қазір ең бастысы – адамның назары, екіншісі – оны ұстай білу, назарды ұстап үлгеріп, оған білім беріп, сол арқылы өмірін өзгерту. Басқа жол жоқ. Адамға білімді беруге болмайды, білімді алу керек. Білімді оның өзі алмаса, ешкім бере алмайды. Білімді алу үшін, білімге қызықтыру үшін адамның назарын өзіне ұстап қалу керек, өзіне аудара білу керек. Сол арқылы ғана білім бере аласың.

Ал адамды ойын арқылы қызықтыруға болады. Адамзаттың өмір сүру жолын қарасаң, балалық шақта кішкентай сәби қоршаған әлемді ойын арқылы таниды.

Ойын – нағыз өмірдің имитациясы. Тәуекелі нағыз өмірдегідей қауіпті емес, бірақ моделі келіп тұр.

Ежелгі заманда адамдар от басында отырып әңгіме, ертегі айтқан. Ал бұл дегеніміз – сценарийлер. Сондықтан қазір шетелде сторителлинг, яғни әңгіме айту жаңа трендке айналып келеді. Ойын және сценарий. Осы екі нәрседен асқан білім беру құралы жоқ. Ал біздің білім беру жүйеміз бұдан алыстап кеткен. Сондықтан балалар оқығысы келмейді, ешқандай ынта, қызығушылық жоқ. Ал мен өзімнің білім беру жүйемді сценарий мен ойынға негіздеп отырып жасағым келеді.

– Платформадағы курстарыңыз өте қымбат. Бұл пайда табу үшін бе?

– Иә, бағасы қымбат, тіпті та-ғы да көтереміз бе деп отырмыз. Баға ақша табу құралы емес, ол – фильтр. Байқағаным, адамдар ақшаны көбірек төлеген сайын, бізге сапалы оқушылар келіп жатыр. Экспедиция кезінде бір аптаға он мың доллар төлеу керек болатын. Жеті күнге он мың доллар төлеген соң қатысушылар бір минут уақытын да бос жоғалтпайды. Таутасты аралап қыдыру, табиғатқа тамсану жоқ. Қолдары қалт етсе, блокнот пен диктофондарын алып, жаныма келіп сұрақ қояды. Тек қана білім алуға келген адамдар. Платформа да осылай жұмыс істейді. Платформаға керексіз, дайын емес адамдарды бөліп тас-тау. Баға – ақша табу үшін емес, бізге керек сапалы оқушыларды жинау құралы.

– Бұған дейін сұхбаттарыңызда «жастарға білімімді бергім келеді» дедіңіз, бірақ жастардың курстарыңызды сатып алуға шамасы жете ме?

– Қымбат, қолжетімсіз деген адамдарды мен әлеуметтік желіде жариялаған тегін білімді меңгеріп алуға шақырамын. Сол білім оларды біраз деңгейге жеткізе алады, келесі деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді. Ал платформа деңгейі одан жоғары көтерілген адамдарға арналады. Базасы дайын емес, әлі түсінігі қалыптаспаған адамдарға үйрету де тиімсіз болады. Сондықтан ол адамдарға әлеуметтік желіде тегін білім беремін. Оларды пайдаланған жастар бизнес бастайды, шаруасын жүргізеді. Азды-көпті тәжірибе жинап, бір тұрып, бір сүрініп, жетістікке жеткен соң бір деңгейге келіп тіреледі. Сол кезде әрі қарай дамуы үшін платформаға келіп, өмірін өзгертуі керек.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Платформаның географиясы қандай? Курстарыңыз орыс, қазақ және украин тілінде. Демек тек Қазақстан емес, ТМД аудиториясына да арналған ғой?

– Статистика бойынша күніне 5–6 мың адам платформада отырады. Осы жылдың сәуірінде 24 мың адам платформа арқылы оқыған. Географиясы да алуан түрлі. Қазақстаннан жазылушылар – 33%, Ресейден келгендер – 32%. Үшінші орында АҚШ, одан кейін – Украина, бесінші – Оңтүстік Корея, алтыншы – Швеция, жетінші орында – Өзбекстан.

– Бұл ресурста тек сіз ғана істемейтініңіз белгілі, басқа қандай мамандар бар?

– Платформа енді ғана құрылды, әлі бір жыл болған жоқ. Қазір ресурста 11 тәуелсіз команда жұмыс істеп жатыр. Қазақстан, Ресей, Украина, Эстония, Түркия, Франциядан мамандар келісімшартпен онлайн істейді.

– Платформадан түсетін табыс көлемі қандай болмақ?

– Қазір платформаға көп инвестиция салып жатырмыз. Биыл табысты екі есе көбейту жоспарымыз бар. Осы сала мамандары сіздің біліміңізбен, сіз жасаған экожүйемен кем дегенде 20–25 млн доллар табуға болады деген болжам жасап отыр. Барлығы нарықтың көлеміне байланысты. Негізгі аудиториямыз орыс тілді, шамамен 350–450 млн адам. Енді ағылшын және испан тілінде нарыққа шығуға дайындалып жатырмыз. Әзірге тек ағылшын және испан тіліндегі аккаунттарды ашамыз, бір-екі жылда жазылушылар саны көбейген соң, олардың платформаға қосылуына көңіл бөлеміз, сабақтарды да сол тілге аударамыз.

– Сабақтарыңыз қазақ тілінде жарық көре ме?

– Қазір сабақтарымызды қазақшаға аударудамыз. Кейбіреулер: «Неге әу бастан тікелей қазақ тілінде бермейсіз?» деп сұрайды. Жоғарыда айтқандай, 16 модульде барлығы жүзден астам сабақ бар. Осы дүниеге орыс тілді нарықтан 300 млн адам келіп отыр. Олардың ақшасын мамандарға төлеймін, экожүйені жетілдіреміз. Қазақ тіліндегі аудитория ондай пайда әкеле алмайды, бірақ оларға кететін күш орыстілді аудиториямен бірдей. Қазір орысша сабақтарды қазақ тіліне аударып отырмыз. Мұнда мәселе патриотизмде емес, мәселе берілген білімде, соны қабылдай алуда.

– Платформада жеке брендті қалыптастырудан бастап, бизнес процестерді реттеу, криптовалюта туралы мағлұмат бар. Ол бағыттарды қалай таңдадыңыз? Платформадағы ақпарат қалай жүйеленген?

– Платформада ең алдымен авторлық сабақтар жиналған. Білген-көрген тәжірибелерімді бөлісіп, жазып отырамын. Екінші, оқырман сұрақтарына байланысты мақалалар жазамын. Қазір екі үлкен жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Бірі – «Менің екінші миым» деп аталатын жоба, жасанды интеллектке байланысты. Сондай-ақ телеграм-бот жасап жатырмыз, адам кез келген сұрағына жауап ала алады. Ол сұрақ қойса, оның жауабы осыған дейінгі сұхбаттарымның арасынан суырып алып беріледі. Екіншісі, оқырман сұрақтарына байланысты арнайы дайындалған курстар.

Адамдар сені я қолдайды, я қолдамайды. Оны ақша төлеу арқылы білдіреді. Ал сені қолдауы қабілетіңе байланысты. Сол арқылы өзіңдегі барды жеткізе алсаң – ақша табасың, болмаса – жоғаласың

Жалпы платформада екі ұстаным бар. Біріншісі – әр адамның қаражат табуға мүмкіндігі болуы керек. Екіншісі – контентті тек Марғұлан емес, барлығы жасай алады. Мысалы, мақсат қою, мақсатқа жету туралы видеосабағым бар. Бірақ оны түсінбесең, саған түсінікті тілде жасаған басқа біреудің сабағын, сол дәріске қатысты инфографиканы, қысқаша конспект, саммари немесе mind map сатып алуға болады. Оның бәрін сол платформадағы басқа оқушылар дайындайды, ақылы. Яғни, оқушылар менің сабағым арқылы да ақша таба алады.

Осы жылдың соңына қарай платформаға educat деген криптовалюта енгізгелі жатырмыз. Оның үш түрлі мағынасы бар. Біріншісі – дукат (испандық алтын ақша), екіншісі – электронды ақша және үшіншісі – қысқартылған алғашқы буыны (edu) білім дегенді білдіреді.

Платформа ішінде интернет-дүкен, бизнес-клуб та бар. Барлығы бір жүйемен жасалған. Адам платформаға келіп оқыса, одан әрі қарай кайдзен-клубқа барады. Бітірген соң дайындаған ойындарды ойнайды, содан кейін үш күндік тәжірибеден өтеді. Қазір кайдзен технологиясын енгізген зауыттармен келісіп жатырмыз, әр адам үш күнге барып, бәрін іс жүзінде көре алады. Бірақ осыдан кейін де адам жеке кетіп қалмауы қажет. Ол бизнес-клубқа мүше болады. Ол жерде өзі тәрізді мақсатына жетемін деп талаптанған, ынтасы зор әріптестерімен бірігіп, бір-біріне көмектесіп, бір-бірін алға итеріп отырады. Одан әрі инвестициялық серіктестікті ұсынамын. Ол жерде адам менімен бірге ақша табатын жағдайға жетеді. Міне, осындай үлкен экожүйе құрылған. Бұл жерге адам бір кірсе білімін алып, өзі тәрізді алға ұмтылған кәсіпкерлермен бірге араласып, инвестиция жасап, өмірін өзгертеді.

– Сіздің платформаға төлеген ақшаны қайтару мүмкіндігі де бар екен. Бұл опцияны енгізуге не себеп? Әдетте, көпшілік курс төлеген ақшаны қайтармайды. Ақшаны қайтарып алу мүмкіндігін пайдаланғандар болды ма?

– Платформада ақшаны қайтарып беру деген опция да енгізілген, егер сабақты пайдасыз деп тапсаңыз, курсқа төлеген ақшаны қайтарып береміз. Оны енгізген себебіміз – өз жұмысымызға сенімдіміз. Біз ешкімге керексіз дүние сатып жатқан жоқпыз, ол әр адамға күнделікті қажет нәрселер. Сатып аламын десеңіз, ең алдымен өзіңіз үшін. Ал пайдасы жоқ, қажет емес деп тауып, ақшамды қайтарамын десе – өз еркі. Оған ешқандай кедергі жоқ. Білуімше, осы уақыт ішінде ақшасын қайтарып алғандар үлесі бір пайызға да жетпейді. Бірақ платформаға жазылу қымбат болғандықтан, адам ақша төлемес бұрын әбден ойланады. Ал ойланып, керек екеніне көзі жетіп төлеген адам ақшасын қайтаруды ойламайды.

– Осыған дейін бірнеше зауытпен коллаборация жасап, тәжірибесін көру мүмкіндігі туралы айттыңыз. Шетелдік мамандармен де осындай мүмкіндік қарастырылған ба? Мәселен, осыған дейін миллиардер Игорь Рыбаковпен бірге багги-турда болдыңыздар.

– Қыркүйектің 25–27 аралығында Анталияда үлкен семинарлар өткіздік, бизнес-клубымыз ашылды. Оған Дмитрий Гордон, Евгений Черняк, Эрик Найман сияқты танымал адамдар қатысты. Әрине, ондай адамдар жиналған жерде өзара серіктестік, коллаборациялар жүріп отырады. Өйткені менің қағидам – егер адамның өзгелерге беретін білімі, тәжірибесі болса, олармен әріптес болу керек, қолдау көрсету керек.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Жақында Нұрлан Сабуровпен бірігіп, экспедицияға шығып келдік. Jah Khalib-пен де бірге шығуымыз мүмкін. Осы жерде айта кету керек, маған ұнамайтын бір нәрсе бар. Әдетте танымал спортшы не әртіс белгілі дәрежеге жеткен соң ақша тауып, қалталы болады. Ал танымалдылық кеткен соң ақшасынан да айырылып, күнін көре алмай жүреді. Оған не себеп? Ақшаны басқару, қаражат табу жағынан ешқандай білімі жоқ. Осыған қатты ішім күйеді. Ондай адамдарға қолдау көрсетіп, платформаны қолдану мүмкіндігін де беріп отырмын. Егер серіктес болайық дегендер келсе, дайынмын. Келесі жылы Жапонияға «Тиімділік еліне саяхат» атты сапар болады. Toyota зауытына барып, кайдзен технологиясымен жұмыс істеуді көреміз. Ол да білім берудің бір тәсілі. Одан бөлек 11 елге шығатын тур дайындап қойдық.

– Онлайн курс жасау үшін тек сол сала эксперті болу жеткілікті ме? Педагогикалық, ұйымдастырушылық білімнің болуы шарт па?

– Қазір нарық заманы, біліміңді сату үшін педагогикалық қабілеттің болуы міндетті емес. Адамға түсіндіре алмасаң, білім бере алмасаң, сені ешкім түсінбейді, айтқаныңды қабылдамайды, бизнесің тоқтайды, жабыласың. Мектепте білім деңгейіңді комиссия тексерсе, бұл жерде бағаңды нарық қояды. Дұрыс нәрсе жеткізе алсаң, адамдар ақша төлейді. Бұл жерде педагогика керек емес. Адамдар сені я қолдайды, я қолдамайды. Оны ақша төлеу арқылы білдіреді. Ал сені қолдауы қабілетіңе байланысты. Сол арқылы өзіңдегі барды жеткізе алсаң – ақша табасың, болмаса – жоғаласың.

– Сұхбатыңызға рахмет! Іске сәт!

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
693 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Как управлять 280 аптеками, развивать супермаркеты, строить новые рестораны и открывать гостиницы Смотреть на Youtube