Банкроттық процедурасының үш түрі ұсынылды

Қаржы министрлігі «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы бойынша жұмыстардың аяқталғанын мәлім етті

ФОТО: pixabay.com/Chronomarchie

28 наурызда Елордада өткен жеке тұлғалардың банкроттығын қарастыратын заң жобалары бойынша бұқаралық жария тыңдау барысында қаржы вице-министрі Д.Е. Жанәлинов пен мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қ. И. Миятов заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталып, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Заң жобасының нормаларына сәйкес азаматтарға банкроттық процедураларының үш түрі ұсынылады: соттан тыс банкроттық, банкроттық соты және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шарасы.

Соттан тыс банкроттық шарасын ел азаматтары келесі жағдайларда қолдана алады: борышкердің банктер, микрокредиттік ұйымдар және коллекторлар алдындағы борышы 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаған жағдайда; борышкердің ресми табысы жоқ болса немесе оның табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан, яғни 36 018 теңгеден (2022 жылы) аспайтын болса: борышкердің асырауындағы адамдарды (отбасы мүшелерін) қосқанда.

Ескеретін жайт – аталған шараны қолданатын борышкердің мүлкі болмауы тиіс және банкпен арада борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет. Бұл өте маңызды. Сол сияқты, соттан тыс банкроттықты тек банктердің, микрокредиттік ұйымдардың және коллекторлық агенттіктердің алдындағы қарыздарға қатысты ғана қолдануға болады.

Соттан тыс банкроттық шарасы «электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Бұдан кейін мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесінде кірістер мен мүліктің, сондай-ақ сот шешімдерінің болуы тұрғысынан басқа да мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырылып, тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижесі бойынша борышкерге тиісті хабарлама жіберіледі: соттан тыс банкроттықты бастауға рұқсат жоқ не бұл шараны бастауға болады деген тұрғыда.

Ал егер борыштық қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден асып жатса, онда кез келген азамат банкроттық сотына жүгіне алады. Аталған процедура барысында борышкердің мүлкі саудаға шығарылуы мүмкін. Бұдан түскен қаражат белгіленген кезекке сай кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.

Егер кепіл нысаны ретінде борышкердің жалғыз баспанасы қойылған болса, онда кредитор банкроттық соты шарасы барысында сол баспананы алып қоюға құқылы. Борышкердің жалғыз баспанасы кепіл нысаны болып табылмаса, онда кредиторлар оған үміт ете алмайды.

Қалған өтелмеген сома борышкер тарапынан жосықсыз әрекет ету белгілері болмаған жағдайда, айталық мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат беру және т.б. деген сияқты – есептен шығарылады. Алайда, алименттер бойынша және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал тұрғысындағы қарыздар есептен шығаруға жатпайды.

Егер барлық міндеттемелердің мөлшері мүлік құнынан аспайтын болса, онда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасы қолданылады. Ескеретін жайт – бұл арада міндетті түрде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілуі тиіс (5 жылға дейін).

Заң жобасында, сондай-ақ банкрот деп танылған азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуі қарастырылған. Сол сияқты, әзірленген заң жобасы аясында 21 заңнамалық актіге (8 Кодекс пен 13 Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
15245 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить