Қазақстандық «Nomad stunts» тобы әйгілі «Mulan» және Брюс Лидің идеясымен түсірілген «Warrior» жобаларында қалай жұмыс істеді

Пандемия қазақстандық каскадерлердің халықаралық жобаларына қаншалықты әсер етті

«Nomad stunts» тобы бірнеше күннен бері қазақстандық және әлемнің әр түкпіріндегі достары мен әріптестерінен «Mulan» премьерасына қатысты құттықтауларды қабылдап жатыр. Қазақстандық каскадерлар түскен әлемдік деңгейдегі жоба 2020 жылдың 4 қыркүйегінде Дисней + арнасы арқылы көрерменге жол тартты және әлемнің көптеген кинотеатрларында прокатқа шықты. Сонымен қатар, олардың қатысуымен осы жылдың қазан айында HBO арнасына қарасты «Cinemax» компаниясы түсірген «Warrior» телехикаясының премьерасы жоспарланып отыр. Аталған картинада қазақстандықтар тек каскадер ретінде ғана емес, сонымен бірге актер ретінде ойнаған болатын. Forbes.kz тілшісі бұл ленталардың қалай және қайда түсірлгенін анықтады, сонымен қатар көптен күткен туындыларға түскен «Номад» жетекшісінен және каскадерлардан сұхбат алды.

Қазақстандық «Nomad stunts» тобы 2018 жылдың көктемінде Голливудтың кезекті жобасына қатысу үшін Жаңа Зеландиядан шақырту алды. Каскадерлардың жетекшісі Жайдарбек Күнгіжүновтың айтуынша оған ең алдымен «Marco Polo» (Netflix) жобасында бірге жұмыс істеген және сол кезде «Мulan» жобасын бастап жатқан Жаңа зеландиялық компанияның өкілдері қоңырау шалған, ал одан кейін әйгілі «The Walt Disney Company» студиясы бірлесіп жұмыс істеу туралы ресми хат жолдапты.

 

-Бұл 2018 жылдың мамыр айында болатын. Маған Жаңа Зеландияның хорс- шебері және продюсері қоңырау шалып, өз ұсыныстарын айтты. Ал артынша «Дисней» компаниясынан хат жіберді, онда олар менімен және «Номад» командасымен жұмыс істеуге ниет білдірді. Әрине, біз қуана өз келісімімізді бердік, бірақ өкінішке орай, мен бұл кезде Ахан Сатаевпен бірге «Томирис» жобасында жұмыс істедім, оны жарты жолда тастап кетуге болмады. Сондықтан, онда өз басым уақытында бара алмадым және алдын ала түсіруге қатысатын аттарды дайындай беру үшін орныма басқа жігіттерді жіберу туралы шешім қабылдадым, олар бірден жолға шығып, көп ұзамай жергілікті мамандармен бірге жұмысқа кірісіп кетті. Ал өзім сәл кейін, тамыз айында ұшып бардым. Жалпы, Жаңа Зеландияға 12 каскадер бардық және 1 дублер болды, ол Джейсон Скотт Лиді алмастырды. Біз үшін ең алдымен жылқыларды үйрету керек болды, аттарды әртүрлі трюктерге дайындай бастадық, бірнеше бағытта жұмыс істедік, бұл негізінен аттардың қатысуымен және жеке жасалатын үлкен қойылымдар, дәлірек айтсақ, семсерлесу, шайқас және жылқыларды құлату бойынша дайындық жұмыстары еді. Жалпы, аттар жарықтан, камералардан, жасыл студиядан үркімес үшін олар барынша дайындалды-дейді Жайдарбек.

Қазақстандық каскадерлер Жаңа Зеландияның екі аралдарында жұмыс істеді, онда «Mulan» жобасының негізгі көріністері түсірілген. Жайдарбек Күнгіжүновтың айтуынша, дайындық жұмыстарына жалпы үш айдай уақыт кеткен, ал картинаның барлық трюктерін түсіру үшін тағы үш ай қажет болған. Атпен жасалатын қойылымдарда қазақстандық каскадерлерден басқа, Моңғолиядан келген каскадерлер қатар жұмыс істеген, бірақ олар негізінен жекелеген трюктарда емес, массовкада болыпты.

- Жобаға қазақстандықтармен бірге АҚШ, Англия, Жаңа Зеландия, Қытайдан келген каскадерлер, оның ішінде Джеки Чанның командасынан жігіттер қатысты. Өздеріңіз білетіндей, «Mulan» - бұл Қытай аңызы бойынша және бұған дейін жарық көрген анимациялық фильмнің негізінде түсірілген көркем фильм. Бұл балаларға арналған ертегі, компьютерлік графика кеңінен қолдананылған фантастикалық шығарма-деді топ жетекшісі.

«Nomad» жетекшісі Жайдарбек Күнгіжүнов онда күрделі трюктерді қойып қана қоймай, актер ретінде ойнады және әлемнің танымал жұлдыздарымен қатар жұмыс істеді.

-Жалпы, мен бұл жобаға хорс-жаттықтырушы, яғни аттарды дайындаушы және каскадер ретінде шақырылдым. Бірақ бір айдан кейін продюсерлер мені кеңсеге шақырып, рөл ұсынды, олар маған генералды ойнауды өтінді. Мен, әрине, келісімімді бердім және мені осылай актер ретінде қабылдады. Бұл рөлді канадалық актер ойнауы тиіс еді, бірақ менің білуімше, ол актер және дублер ретінде қатар жұмыс істей алмады. Мен Джейсон Скотт Лимен бірге ойнадым, ол қытайлықтарға қарсы соғысқан ғұндардың қолбасшысы, антагонист рөлін ойнады, мен оның генералы болып ойнадым, оның армиясын, «қасқырлар әскері» аталатын топты басқардым. Джет Ли болса Қытай императорының рөлін ойнады, одан басқа да танымал актерлер болды-деді Жайдарбек.

Күнгіжүновтың айтуынша, қазақстандық команда үшін жобада анау айтқандай үлкен қиындықтар болмаған. Жоспарланған барлық трюктер шебер әрі жоғары деңгейде орындалыпты. Бұл туралы түсіру жұмыстары кезінде көз тартар көріністерге таңқалған жоба жетекшілері мен онда қатысқан басқа да каскадерлер айтқан. Сондай-ақ, қазақстандық каскадерлердің жұмысы қаржы жағынан да жоғары бағаланыпты. Жайдарбек осылайша өз командасымен бірге үлкен жетістіктер мен толағай табысқа жетіп қана қоймай, бұл жобадан үлкен тәжірибе жинағандарын жеткізді.

-Әрине, қиын трюктер болды. Мысалы, шайқас кезінде фильмнің басты кейіпкері- Мулан жауға қарай оқ атады, сол кезде жауынгерлердің бірі аттың дәл астына қарай құлауы керек болатын. Бұл қауіпті қойылымды Мұрат Бұрханов деген каскадер керемет және шебер орындап шықты. Сонымен қатар, бірнеше каскадердың аттың үстінде тік тұрып, бір қатарда және бірдей жылдамдықпен шабатын көрініс бар, яғни жауынгердің бір қолында қылыш, бір қолында тізгін, осындай жағдайда аттың басына ие болу керек, осылай бірде тізбек бойынша, бірде қатарласып шауып отыру керек еді. Бұл көз тартар қойылымды фильм трейлерінен байқау қиын емес немесе премьерадан көрерсіздер, осылай жаудың қамалына қарай қатар шапқан жауынгерлер, тоқтамастан, желмен жарысқан жүйріктердің үстінен одан әрі секіріп, биік қамалдың қабырғасымен жоғары қарай өрмелеп кетеді. Осы бір қойылымды мұхит жағасында екі жарым ай бойы дайындадық. Біз туралы өте жақсы пікірлер айтылды, режиссерлердің бірі тағы бір жобаға қатысуды ұсынды, бірақ өкінішке орай пандемияға байланысты бәрі тоқтап қалды-дейді топ басшысы.

Каскадер Қанат Кұдияров бұл жобада ғұндардың қолбасшысы, Бөрі Ханды ойнаған Джейсон Скотт Лидің дублеры болды. Ол жобаға алғашында басқа жігіттер сияқты каскадер ретінде шақырылған болатын, бірақ кейін әлгі басты кейіпкерлердің бірін сомдауы тиіс болған австралиялық дублерді алмастырды.

- Былай болады деп ойлаған жоқпын. Бірақ жоба жетекшілері осындай шешім қабылдады. Оның нақты себебін білмеймін, бірақ олар маған ұсыныс жасады. Әрине, оңай болған жоқ. Қойылымдар қауіпті болды, себебі аттар дайын болмады, оларды дайындау керек болды, бірақ ең бастысы- біз бір-бірімізге керемет қолдау көрсеттік, нәтижесінде біз бәрін ойдайғыдай жасадық, өзімізге жүктелген барлық міндеттерді орындадық деп сеніммен айта аламын. Өйткені біздің трюктарымыз өте жоғары бағаланды. Жалпы, біз үшін барлық жағдай жасалды. Айта кету керек, барлығы команданың шеберлігі мен кәсіби деңгейіне таңқалды-дейді Қанат.

Қанат жеке өзі үшін және жалпы команда үшін осындай үлкен жобаға қатысу, атақты компаниямен жұмыс істеу үлкен мәртебе болғанын айтады. Оның пікірінше, «Дисней» студиясы тек әлемдік деңгейдегі жобалармен аты шықты және оның жобасында жұмыс істеу кез келген каскадердің арманы.

- Мен үшін «Мулан» ерекше есте қалады, өйткені жобаның өзі мен үшін өте қызықты болды, біз бұған дейін жобаның анимациялық нұсқасын, яғни мультфильмін көрген едік, ал мұнда авторлар ондағы кейіпкерлерге жан бітірді және мен осы картинаның бір бөлігіне айналдым десем болады. Шынымды айтсам, мен күніне небары 4 сағат қана ұйықтадым. Мені түнгі сағат 3-те оятады, гримге шамамен 2 сағат кетеді, ал таңғы сағат 6-да түсіру алаңында болу керек. Мен үшін киім ыңғайсыз болды, мен киген былғары плащ өте ауыр еді. Сонымен қатар, ол жерде аттарды жиі ауыстырып отыруға тура келді, мысалы бізде Қазақстанда қойылымның бәрін бір атпен жасаймыз. Ал бұл жерде олай істеуге болмайды. Себебі олар да демалуы керек, сондықтан мен таңертең бір атпен, кейінірек басқа атпен жұмыс істедім. Ал ол ат мен жасайтын трюкке дайын болмады. Бірақ біз соған қарамастан, кез келген қойылымды орындадық, бізден талап етілетін барлық нәрсені жасауға дайын болдық. Ең бастысы аттан құламау керек, бір айта кетері біздің командада ондай жағдайлар болған жоқ, сәтін салғанда бәрі жарақатсыз аяқталды. Біз, егер ат құламаса, біз құламаймыз деп өзара әзілдесіп, жұмысымызды жалғастыра бердік-дейді Қанат.

Каскадерлер аптасына 5 күн жұмыс істеді және 2 күн демалды, бірақ оларға жұмыс күндері тек 3-4 сағат қана ұйықтауға тура келген. Ал дайындық жұмыстары Тынық мұхитының жағасында, Жаңа Зеландияның әдемі таулары мен ерекше табиғатының аясында өткен. Сондықтан, барлық каскадерлер ерекше көңіл күймен, ерекше ынта-жігермен жұмыс істеген, оларда шаршау, қиналу деген болмапты.

- Біздің жетекшіміз Жайдарбек Күнгіжүнов бізді әрдайым қолдап отырды. Сонымен қатар, бізді әріптестеріміз, жоба қатысушылары қолдап, демеп отырды, бұл өз кезегінде бізге одан сайын шабыт берді. Бір сөзбен айтқанда, біз өз жұмысымызды жақсы көретінімізді, оны жоғары бағалайтынымызды, өз ісімізге адал әрі бір отбасы сияқты берік команда екенімізді дәлелдедік және көрсеттік. Ең бастысы, төтенше жағдай болған жоқ, сондықтан біз барлығымыз өз елімізге тамаша көңіл-күймен оралдық-дейді Қанат.

Еске сала кетейік, «Mulan» премьерасы 2020 жылдың 4 қыркүйегінде басталды, алдағы қазан айында «Warrior» сериясы басталады деп жоспарлануда. Актер әрі каскадер Ерден Телемісовтың айтуынша қазақстандық каскадерлар бұл жобаға 2019 жылдың көктемінде қатысты. «Nomad stunts» тобының 6 каскадері «HBO» телеарнасына қарасты «Cinemax» компаниясының «Warrior» (Жауынгер) аталатын сериалына түсу үшін Оңтүстік Африкаға, Кейптаун қаласына шақырылды, каскадерлар онда жобаның екінші маусымына қатысып, үш айға жуық уақыт жұмыс істеді.

- Бұл өте қызық жоба болды. Біріншіден, біз Канада, Қытай, Словакиядан келген каскадер достарымызбен кездестік, олармен бұған дейін «Marco Polo» (Netflix) жобасында жұмыс істедік. Сонымен қатар, жаңа достар таптық. Жалпы, бұл сериалдың идеясы аты аңызға айналған Брюс Лиге тиесілі болып шықты. Оның қызы Шеннон Ли әкесінің ескі жазбаларын тауып алып, оны телеарнаға ұсыну туралы шешім қабылдаған екен. Продюсерлер болса оны қолдап, өз келісімдерін беріп, оны жарыққа шығаруды қолға алған. Негізі, бірінші маусым 2018 жылы түсірілді, ал біз 2019 жылдың көктемінде екінші маусымға бардық-дейді актер.

Ерденнің айтуынша, «Nomad» каскадерлары үшін бұл жылқылармен байланысты болмаған жобалардың бірі. Ал бұл дегеніміз қазақстандық каскадерлер әлемге тек аттармен жұмыс істейтін команда ретінде ғана емес, өзге де өнерлерімен кеңінен танылғанының белгісі. Яғни, «Warrior» сериалына қатысқан каскадерларды ендігі жерде жауынгер әрі файтер ретінде жоғары бағалауда.

-Фильм 1875-76 жылдың аралығын қамтиды, оқиға желісі Американың Сан-Франциско қаласында, Чайна- таунда өрбиді және бірнеше Қытай бандалары мен ирландықтардың және полицияның арасында белең алған текетірестерді көрсетеді. Ал фильмнің бас кейіпкері-жекпе-жектің шебері, Америкаға Қытайдан келеді және қуатты топтың бірінде жалдамалы болып істейді. Әдеттегідей, біздің жұмысымыз өте жоғары бағаланды. Өйткені, «Nomad» каскадерлері кунг-фу емес, шынайы жекпе-жекті көрсетеді. Біздің барлық каскадерлеріміз классикалық бокспен ғана емес, муай-тай - тай боксымен де қатар айналысады. Біздің шеберлігіміз түсіру жұмыстарына өте пайдалы болды-деді жоба қатысушысы.

Қазақстандық каскадерларға әдеттегідей биіктен құлауға тура келді, бірқатар төбелес қойылымдарын жасады. Сондай-ақ, Ерден Телемісов бұл жобаға тек каскадер ретінде ғана емес, актер ретінде де қатысқанын айта кету керек. Ол мексикалық Роналду деген палуанды ойнады және Майкл Биспингтің өзімен жекпе-жекке шықты, жұдырықтасты.

- Бәлкім, оны бәрі білмейтін шығар. Майкл Биспинг- UFC жұлдызы, осы тұжырым бойынша даңқ залына алғашқылардың бірі болып енген UFC чемпионы. Біз онымен жақын дос болып үлгердік және онымен әлі де байланысып тұрамыз. Бұйрса, Майкл жақын арада Қазақстанға келуге уәде береді. Түсіру жұмыстары Кейптаунға жақын орналасқан «Cape Town Film Studio» аумағында өтті. Жалпы, Оңтүстік Африканың ресми астанасы-Йоханнесбург, ал Кейптаун осы елдің мәдени астанасы болып саналады. Бізге қала өте ұнады, онда көптеген достарды таптық-дейді Телемісов.

«Nomad stunts» каскадерлерімен жақын танысу үшін және оларды жігерлендіру үшін жаттығу базасына аты аңызға айналған шебер, актер және жауынгерлік сахналарды қоюшы Брюс Лидің қызы Шеннон Эмери Ли арнайы келіпті.

- Фильмде төбелес көп, фильм өте тартысты және каскадерлерсіз бұл жоба соншалықты қызық болмас еді. Бір күні бізге, каскадерлардың жаттығу залына Брюс Лидің қызы келді. Ол бізбен амандасып, әкесінің көзі тірі кезіндегі идеясын қолдағанымыз үшін алғыс білдірді. Біз, өз тарапымыздан алғыс айттық, өйткені шығыс жекпе-жегімен айналысатын әлемдегі кез келген спортшы үшін әйгілі Брюс Лидің өзі жазып қалдырған жобаға қатысу үлкен мәртебе. Мен өзім, 90-жылдары оның қатысуымен түскен фильмдерді көп көрдім және 30 жылдан кейін мұндай жобаға қатысамын деп еш ойлаған жоқпын - дейді Ерден.

Биыл Жайдарбек Күнгіжүнов өзінің қарамағындағы 40 каскадермен бірге Үндістанға баруы керек еді, онда ол 8 ай бойы экшн-директор ретінде жұмыс істеуі керек болатын. Сондай-ақ, Болгариядан үлкен фантастикалық жобаға қатысу үшін ұсыныстар түскен. Бірақ каскадерлер тек виза алып қана үлгерді, өйткені бәріне пандемия кедергі келтірді және бұл кезде Еуропа елдері өз шекараларын жауып тастаған еді. Қазақстандық кәсіпқойларды Чехия да тағатсыздана күтіп отыр. Бірақ каскадерлар үшін жұмыс тоқтаған жоқ, казір олар Алматы маңындағы базада жаттығуларын жалғастыруда. Олар қазақстандық «Ұлы Дала» деректі жобасына, «Қажымұқан» және «Боксшы» жобаларында қатысуда. Карантинге дейін топ құрамындағы жігітер мен қыздар Румынияда, танымал актер Сэмюэл Л.Джексонмен бірге жұмыс істеп қайтты, ал бұл жобаның атауы әзірге құпия.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4036 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
27 октября родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить