Белгілі спортшы жауапты қызметке тағайындалды

Маңғыстау облыстық Самбо федерациясы президентінің бұйрығымен өңірлік Самбо федерациясының спорттық директоры ретінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сұңғат Манарбекұлы тағайындалды.

Өңірлік Самбо федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, байрақты бәскелерде топ жарып, еліміздің көк байрағын өзге елде көтеріп, Әнұранымызды шырқатып жүрген Сұңғат Жұбатқан енді самбоны дамытуға күш салмақ. Ол 1998 жылы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде дүниеге келген.

Сұңғат Жұбатқан дзюдадан Азия, Еуропада өткен турнирлердің, сондай-ақ, Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Дүниежүзілік универсиада ойындары мен әлем кубогының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Самбодан ҚР чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы және Азия чемпионы. Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдесінің иегері.

Маңғыстау облыстық Самбо федерациясының атқарушы директоры Асхат Қапанов Сұңғат Жұбатқанға федерацияның спорттық директоры екенін растайтын құжатты табыстады.

Бұдан бөлек, ҚР Самбо федерациясының құрылтайшысы, өңірлік самбо федерациясының президенті мен вице-президенті Сұңғат Жұбатқанды жаңа қызметте берілген тапсырмаларды абыроймен атқаратынына сенім білдірді.