Қазақстан елшісі Болгария президентіне сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан елшісі Виктор Темірбаев Болгария президенті Румен Радевке сенім грамоталарын табыстады.

Сенім грамоталарын табыстау рәсімінен кейін өткен кездесу барысында Елші Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Астана екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға, оның ішінде саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және транзит-көліктік өзара әрекеттесуді жандандыруға ерекше мән беретінін хабарлады. Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырды.

Өз кезегінде Р. Радев Қазақстан Болгарияның Орталық Азиядағы ең маңызды және негізгі әріптесі болып табылатынын, сондай-ақ елімізбен өзара қызығушылық тудыратын салаларда ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ, Қазақстан елшісін ресми қызметке кірісуімен құттықтап, Қазақстан-Болгария қатынастарын нығайту жолындағы жұмысына табыс тіледі.

Қалыптасқан протоколдық практикаға сәйкес, Болгария президентіне сенім грамоталарын тапсырғаннан кейін елші В. Темірбаев Софиядағы Белгісіз сарбаз ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.