Мәжіліс депутаттары өңірлердегі жол және ауыз сумен қамту мәселелерін талқылады

Атырау облысында жол жөндеу, ал Жамбыл облысында ауыз сумен қамтуда шешімін күткен бірқатар мәселе бар. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері өңірлерге сапары барысында әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуын талқылады, деп хабарлайды Палатаның баспасөз қызметі.

Мәжіліс депутаттары «Ембімұнайгаз» еңбек ұжымымен кездесіп, мұнай саласына қатысты жалпы жұмыстардың бағытымен танысты. Жиында Атырау облысы үшін маңызды тақырыптың біріне айналған «Атырау-Астрахань» тас жолындағы күрделі жөндеу жұмыстары туралы мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, өңірдегі «Индер-Қарабау» тас жолының облыс тұрғындары үшін де, тасымал үшін де маңызды екені айтылып, уақтылы бітірудің маңызды екеніне назар аударылды.

«Бұл жол жоспар бойынша бірнеше жылға созылады. Ол бар болғаны 80 шақырым. Биыл қаржы бөліп, қалғанын келесі жылға қалдырып, уақыт созып жүргенде жасалған жолдың тозып кетуі де мүмкін», - деді С. Нақпаев.

Депутат әлеуметтік маңызы бар мәселелердің орындалу барысы қашан да үлкен мәнге ие екеніне тоқталды. Отырыста экологиялық ахуал мәселесі талқыланды.

Ал, Мәжіліс депутаты Нәзилә Раззақ Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы ауыз су құбырының құрылысымен танысып, желілер және су қабылдау ғимараттарының құрылысын жүргізген «Интеллект Азия» ұжым өкілдерімен кездесті.

Айта кету керек, су құбыры «AMANAT» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында пайдалануға беріліп отыр.

«Мемлекет басшысы қоғамды толғандырған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу жөніндегі бірқатар міндетті атап өткен болатын. Оның ішінде бағаның өсуі, тауарлардың жекелеген түрлерін жеткізудегі бөгелістер, азық-түлік қауіпсіздігі, халық табысының төмендеуі, сондай-ақ елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету сынды мәселелер бар», - деді Мәжіліс депутаты.

Аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылында қазір 30 мыңнан астам адам тұрады.

«Өткен жылдың желтоқсан айында үш жылға созылған су қабылдау нысаны және су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, Сарыкемер ауылдық округі тұрғындарының игілігіне ұсынылды. Бірақ ауыз су мәселесі осымен шешілді және де өз дәрежесінде деп айта алмаймыз», - дейді ауыл тұрғындары.

Өз кезегінде депутат аталған мәселелер жергілікті атқарушы, қадағалаушы мемлекеттік органдар мен депутаттардың ерекше назарында болатынын айтты.