Қазақстанда тері өңдеуді дамытуға түрік компаниясы үлес қоспақ
Түріктің Iskefe Holding компаниясы Қазақстанда ірі қара мал терісін өңдеуге және желатин өндіру зауытын салуға 27 млн АҚШ долларын инвестициялайды, деп хабарлайды ҚР ауыл шаруашылық министрлігі.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің жақында президенттік делегация құрамында Түркияға жасаған сапары барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мен Iskefe Holding компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар арасындағы келісімге сай, Алматы қаласында желатин өндіру зауытын салуға Iskefe Holding жоспарлаған инвестиция көлемі 27 млн АҚШ долларын құрамақ. Жобаны іске асыру мерзімі 2022 – 2023 жылдар деп белгіленген. Жоба аясында 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Индустриялық аймақта іске қосылуы тиіс бұл кәсіпорынның басты шикізаты ірі қара мал терісі.
Биыл басталатын зауыт құрылысы 2023 жылы пайдалануға беріледі деп көзделген. Кәсіпорынның желатин шығарудағы өндірістік қуаты жылына 7000 тоннаны құрамақ.
Айта кетейік, бүгінде елімізде терінің бастапқы өңдеуін жүзеге асыратын 9 кәсіпорын бар. Бірақ ірі қара малдың өңделмеген терісін сатып алуда өңдеуші кәсіпорындар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бәсекеге сай баға ұсына алмайды. Қазір ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтар малдың терісін қоқысқа тастауға мәжбүр, өз кезегінде, бұл малдың қауіпті ауруларын тарату қаупін тудырады. Айтпақшы, 7000 тонна желатин өңдеу үшін, шамамен, 38 мың тоннадай шикізат (тері) қажет.
Түрік холдингінің құрамында тері өңдеуші 7 зауыт, желатин, протеин, гидролизат, малдан алынатын сұйық аминқышқылдарын өндіруші зауыттар, сол сияқты, ғылыми-зерттеу орталығы мен сынақ зертханалары бар.
Iskefe Holding бүгінде былғары саласындағы интеграцияланған ірі өндіруші компания. Ол Азия мен Еуропа нарықтарындағы сиыр желатиніне деген әлемдік қажеттіліктің 6%-на ие.
Вам может быть интересно: «Қазақстан америкалық компаниямен дауда жеңіске жетті»