Жамбыл мен Алматы облысы фермерлері өтпей қалған пиязды не істейді

6598

Сауда және интеграция министрлігінің Қазақстанның 16 ірі сауда желісімен онлайн-кездесу өткізіп, нәтижесінде Small, «Семейный» және «Ярмарка Retail» сауда желілері шаруалардан өтпей қалған пиязының бір бөлігін тікелей сатып алуға қызығушылық білдірді, деп жазды Kazinform

Өз кезегінде Toimart желісінің өкілі Шеңгелдіден пияз жеткізу туралы келісімге қол қойғанын хабарлады.

2023 жылы Қазақстанда 1,1 млн тонна пияз жиналды. Соңғы бес жылда пияз өнімінің +23%-ға немесе 211,8 мың тоннаға артуы байқалады, бұл оның артық өндірілуіне әкелді.

Сауда комитеті қазіргі уақытта еліміз бойынша бөлшек саудадағы пияздың орташа бағасы 99 тг/кг құрап отырғанын хабарлайды.

«Алтын Орда» базарындағы пияздың көтерме бағасы сапасына орай 30-50 теңге шамасында. Сауда желілерінде — 58-ден 140 теңге/кг аралығында сатылып жатыр.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ауғанстан мен Пәкістаннан келген кәсіпкерлер Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлеріне 80 тг / кг ұсынды.

Алайда фермерлер бұл ұсыныстан бас тартып, бағаның өсімін күтті.

Қаңтар айында Қонаевта Алматы облысының Шеңгелді кентінің пияз өндірушілерімен кездесу өтіп, онда ауған кәсіпкерлері көп көлемдегі пиязды 40 теңгеден сатып алуды ұсынды.

Десе де, тараптар баға бойынша келіспеді. Фермерлерге өнімді өткізуші үшін «Алтын Орда» базарында 100 тегін орын ұсынылды.

Енді Жамбыл және Алматы өңірлерінің фермерлерінің қолындағы қомақты пиязды ескере отырып, еліміздің 4 сауда желісі пиязды тікелей өндірушілерден сатып алады.

Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлерінің пияз экспортына арналған жасыл дәліз

Қосымша фермерлерге өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда сатуға жәрдемдесу мақсатында жедел жұмыс тобы құрылды.

Оның құрамына QazTrade, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР СИМ Сауда комитеті, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті, ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті, Жамбыл облысының әкімдігі кірді.

Жұмыс тобының міндеті — пияз сатуда және фитосанитариялық сертификаттар мен басқа да рұқсат құжаттарын жедел беруде пияз өсірушілерге көмек көрсету.

Бұдан басқа, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын өткізу пункттерінде пиязды үздіксіз экспорттау үшін жасыл дәліз жұмыс істейді.

Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың 20 наурызынан бастап қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері экспортқа шамамен 23 мың тонна пияз жіберді.

Жеткізу күн сайын жүргізілуде, қазіргі уақытта күннің жылыну және вагондармен ұзақ тасымалдау қаупіне байланысты өнім автокөлікпен жөнелтілуде.

Жамбыл облысынан күніне орта есеппен 881 тонна пияз, негізінен Пәкістанға экспортталады.

Тағы да 5 мың тоннаны жөнелту үшін рұқсат алу құжаты әзірленіп жатыр.

Қазақстандық көкөніске Өзбекстан мен Тәжікстаннан сатып алушылар қызығушылық танытып отыр.

Қазір тараптар қазақстандық кәсіпорындармен жеткізілімді ескере отырып, әлеуетті мәміленің барлық қатысушыларын қанағаттандыратын пияздың бағасы туралы келіссөз жүргізуде.

Сондай-ақ, экспорттаушылар Грузия мен Италияға пияз жеткізу туралы келісімдерді пысықтап жатыр.

Осыған байланысты, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті қазақстандық тасымалдаушыларға пияз партияларын шетелге жөнелту үшін «рұқсат беру» (тамақ өнімдерінің қауіпсіздігінің экологиялық сыныбын растау) мәселесін шешуге көмектеседі.

Пиязды тасымалдауға кететін уақыт шығынын азайту мақсатында ҚР АШМ Мемлекеттік инспекция комитеті шекарада карантинге жатқызылған өнімді жедел тексеру бойынша тәулік бойы бекеттер ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

2 сәуірдегі жағдай бойынша Жамбыл облысында сатылмаған пияз көлемі — 114,7 мың тонна, Алматы облысында — 16,5 мың тонна.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
КАК ДЕЛАЛИ РЕЙТИНГ БОГАТЕЙШИХ БИЗНЕСМЕНОВ КАЗАХСТАНА Смотреть на Youtube