Орталық Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері ҚР СІМ-де талқыланды

3024

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас хатшысының жаңадан тағайындалған Арнайы өкілін – БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия бойынша Өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы Каха Имнадзені қабылдады. Ол ОА елдері бойынша өзінің туры шеңберінде Қазақстанға келді.

Тараптар Орталық Азияның өсіп келе жатқан рөлін, өңірдегі трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін, Орта дәлізді, Қазақстанның және жалпы Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуды, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін превентивті дипломатия құралдарын дамыту мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

М.Нұртілеу Қазақстан қауіпсіздік пен орнықты даму саласындағы сын-қатерлерді шешуде ұйымның жетекші рөлін мойындай отырып, БҰҰ-мен ынтымақтастыққа басымдық беретінін атап өтті.

«Біздің еліміз гүлденген және бейбіт өңір құруға, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің орнықты дамуына мүдделі. Сонымен бірге БҰҰ-ның осы үдерістегі маңызды рөліне назар аударып, Орталық Азия өңіріндегі көптеген жасампаз процестерді жалғастырудың өзектілігін атап өтеміз», – деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы.

Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары және алдағы кезеңге арналған жоспарлар, оның ішінде бірқатар көпжақты форматтар шеңберіндегі төрағалық туралы хабардар етті.

Өз кезегінде К.Имнадзе Қазақстан мен БҰҰ арасында қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімге оң баға беріп, мультилатерализм қағидаттарын ұстанғаны үшін, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастық мәселелеріндегі еліміздің белсенді ұстанымы үшін алғыс білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған және де одан әрі демократияландыруға, құқық үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ инклюзивті экономикалық өсуге бағытталған кешенді саяси реформаларға жоғары баға беріп, Қазақстанға одан әрі өркендеу тіледі.

«ОАПДӨО басшысы және өңірлік өзара іс-қимылдың белсенді жақтаушысы ретінде мен Орталық Азияның мүдделерін қорғауға және көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге дайынмын», – деп құптады К. Имнадзе.

Соңында тараптар барлық деңгейде тығыз байланыста болуға дайын екендігін растап, бір біріне жемісті жұмыс тіледі.

Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия үшін превентивті дипломатия бойынша Өңірлік орталығы 2007 жылы Орталық Азияның 5 мемлекеті үкіметтерінің бастамасымен құрылған және БҰҰ-ның Саяси және бейбітшілікті құру мәселелері жөніндегі департаментінің арнайы саяси миссиясы болып табылады. Штаб-пәтері Түрікменстанның Ашхабад қаласында орналасқан.

Орталықтың негізгі мақсаты –Орталық Азия мемлекеттеріне өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төніп тұрған және ықтимал қатерлерді анықтау мен жоюға жәрдемдесу. Бұдан басқа Өңірлік орталық ОА мемлекеттері арасындағы өңірлік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы барысында әріптестік қатынастарды ілгерілетуге ықпал етеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить