Талдықорғанда тұрмыстық химия өндіретін шағын зауыт іске қосылды

Талдықорғанда тәулігіне 10 тонна тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын цех іске қосылды. Кәсіпкер бұл бизнесіне 50 миллион теңге инвестиция салып, қазір шағын кәсіпорын жұмысын жолға қойды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тоқа Қарқын 2013 жылы тарихи Отанына оралды.

Бірнеше жыл бойы түрлі салада бағын сынап, ақыры өз ісін ашуға кірісті. Нарық сұранысын зерттей келе, ол тұрмыстық химия бизнесімен айналысуды жөн көрді. Бизнесте тәжірибесі аз болса да, жас жігіт тәуекелге бел буған. Бүкіл процесті зерттеп, ең алдымен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, қолайлы бөлме жалға алды. Заманауи 3 станок орнатып, 4 түрлі өнім шығара бастады.

- Құрал-жабдықтарды Қытайдан сатып алдым. Үйлестірушілер жабдықтарды орнатып, онымен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Қазір біз «Таза» брендімен ыдыс жууға арналған гель, кір жууға арналған гель концентратын және «Akzhol» автокөлік косметикасының шыны және көлік жууға арналған 2 түрін шығарамыз.

Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 10 тонна дайын өнім шығаруға жетеді, әзірге 1 тонна өндіріп жатырмыз. Кәсіпорнымыз өткен жылдың желтоқсан айының соңында ашылғандықтан, бұл бастамасы деуге болады. Сауда-саттықты жолға қойдық. Бізде жұмыс істейтін 6 қызметкердің 2-уі осы бағытты жүргізеді. Әзірге өнімдеріміз Талдықорған мен Алматыдағы түрлі шағын дүкендерде сатылып жатыр», – дейді «Қарқын Групп» ЖШС директоры Тоқа Қарқын.

Кәсіпорында өнім шығарумен қатар сол өнімдерге арналған ыдыстар да жасалады.

Яғни тәулігіне 6 мың дана қуаттылығы бар арнайы станокта пластикалық бөтелкелер шығарылады. Кәсіпкер барлық өнімге қажетті шикізатты, оның қаптамасына арналған өндіріс қажеттіліктерін Алматыдан сатып алады. Мәселен, осындай ингредиенттердің 15 түрі жеткізіледі, оның ішінде картон қораптары да бар.

- Біздің өнімдеріміздің сапасы белгілі брендтерден еш кем емес, солай бола тұра тауарларымыз әлдеқайда арзан, өйткені шикізаттың басым бөлігі – отандық өнім.

Мәселен, 2 литр сұйық ұнтақтың зауыттық бағасы – 1200 теңге, ыдыс жуатын сұйықтың 1,2 литрі – 800 теңге. Біздің сұйық ұнтақты машинаға да, қолмен де жуғанда да қолдануға болады. Ол түрлі дақтарды жақсы кетіреді, жағымды иісі бар, гипоаллергенді. Өнімдерді сатып алып жатқан, қолданып көріп, сапасына көз жеткізген тұтынушыларымыз да өз пікірлерін басқалармен бөліседі деп сенеміз. Өнімдерімізді әлеуметтік желілер арқылы насихаттап, ақпараттарды Instagram желісіндегі @karkyn.grup парақшасына салып отырамыз, – дейді кәсіпорын директоры.

Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, жақын арада шеберханасына арнап жеке ғимарат салып, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуді армандайды: «Біздің жеке ғимаратымыз болса жақсы болар еді, өйткені үй-жайды жалға алу – едәуір шығын. Құрылыс үшін бізге жер телімі керек. Бұл жағынан мемлекеттің қолдауына жүгінеміз. Тұрғындарды қолжетімді бағада күнделікті тұрмысқа қажетті сапалы өнімдермен қамтамасыз етуді жалғастырамыз», – деді Тоқа Қарқын. Атап өтсек, кәсіпорындағы орташа жалақы 200 мың теңгені құрайды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте