Қазақстанның БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуі: 2024 жылға арналған жоспар бекітілді

7440

Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің 7-ші отырысында БҰҰ-ның ТДМ саласындағы Қазақстанның ұлттық индикаторларын өзектендіру мәселелері талқыланды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен талқылауға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, БҰҰ, БҰҰДБ және Еуропалық одақ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Бүгінгі таңда ұлттық индикаторларға тексеріс жүргізіліп, олардың кейбірінің мәртебесін қайта қарау қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, өзекті индикаторлар санатына барлық вакциналармен иммундаумен қамтылған азаматтардың үлесі, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері, парниктік газдар шығарындыларының көлемі бойынша және т.б. көрсеткіштерді қосу ұсынылады. Бұл Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар отырыста ТДМ индикаторларын ҚР Стратегиялық бағдарламалары мен құжаттарына қосу, сондай-ақ оларды республика өңірлерінде локализациялау және енгізу мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үздік халықаралық стандарттарды енгізу арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ саммитіне қатысты. Президент өз сөзінде ТДМ-ға қол жеткізу біз үшін ұлттық басымдық болып табылатынын атап өтті. Сол себепті біз неғұрлым әділетті және орнықты әлемге ұмтылу жолында мүше мемлекеттердің барлығымен ынтымақтасуға әрқашан дайынбыз», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы ТДМ бойынша осындай сессия Астанадағы Халықаралық экономикалық форум аясында да өткізілгенін еске салды. Сондай-ақ жекелеген өңірлерде ТДМ-ны локализациялау бойынша семинарлар өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесі 2024 жылға арналған ТДМ-ны іске асыру жөніндегі шаралар жоспарын бекітті. Премьер-Министр мемлекеттік органдарға оның уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бүгін біз нақты тапсырмалар қойдық, оларды жыл бойы кезең-кезеңмен орындау керек», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы жалпыға бірдей кедейлік пен теңсіздікті жою, қоршаған ортаны қорғау, ғаламшар халқының өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарға шақыру мақсатында Тұрақты даму мақсаттарын қабылдады. Барлығы 17 бағыт анықталды, оларды іске асыру экономика мен әлеуметтік өмірдің негізгі салаларының дамуына ықпал етпек. БҰҰ және ҚР Үкіметі өкілдері ТДМ жетістіктеріне мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстап отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить