Қосылған құн салығын 16%-ға дейін көтеру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді, - ҚР ҰЭМ

1901

Қарағандыда «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп «Жаңа Салық кодексіндегі салықтық әкімшілендіру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға қатысушылар жаңа Салық кодексі жобасының тәсілдерін, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру мәселесін талқылады.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин атап өткендей, егжей-тегжейлі талдауға сәйкес ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі көлеңкелі экономика деңгейімен тікелей байланысты емес.

-Мысалы, 2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15% болған кезде ЖІӨ–ге шаққанда көлеңкелі экономиканың деңгейі 19,8%, ал сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың мөлшері ЖІӨ-ге шаққанда 2,7%-ды құрады. Кейінгі жылдары ҚҚС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 12%-ға дейін төмендеді. Алайда саудадағы көлеңкелі экономика көлемі жыл сайын артып, 2016 жылы ЖІӨ-де 9,2%-ға жетті. 2022 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12% болған кезде сауда саласындағы көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 3,1%-ды құрады, - деп нақтылады вице-министр.

Сонымен қатар, ҚҚС ставкасының жоғарылауының инфляцияға әсері шамалы және бір сәттік болады.

-ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді. Бұл инфляция деңгейіне 1 пайыздық тармақ шегінде әсер еткенімен, ауылшаруашылық тауарларына өз әсерін тигізбейді. Өйткені отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жеңілдетілген салық режимдерін пайдаланады. Қазақстан импортының құрылымында 2022 жылы азық-түлік тауарларының үлесі 9,4%-ды құрағанын ескерсек, импорттық тауарлар бойынша ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі инфляция деңгейіне айтарлықтай үлес қоспайды, - деп атап өтті А.Әмрин.

Сондай-ақ ол ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің оң әсерін айтты. Бұл - әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру үшін бюджет мүмкіндігін нығайту және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

-Біздің ойымызша. импорттық тауарларға жүктемені арттыру - салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды пайдаланатын отандық тауар өндірушілерге импорттық тауарларды алмастыру үшін өз өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер салықтық әкімшілендіру және бөлшек салық режимін қолдану мәселелерін көтерді. Кәсіпкерлердің ұсыныстары жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу жұмысында ескеріледі.

Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп жалғасатын болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить