Еуропалық парламент Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі

 Страсбург қаласында жұмыс сапары аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропалық Парламент (ЕП) депутаттарымен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Еуропалық Одақтың (ЕО) заң шығарушы органымен өзара іс-қимылдың перспективалары және ЕП Сыртқы істер комитетінің (AFET) қазіргі мүшелері дайындап жатқан ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясын (2019 ж.) бағалау жөніндегі жаңа баяндамасы талқыланды.

Қазақстан делегациясы ЕП Сыртқы істер комитетінің төрағасы Дэвид Маккалистермен, Орталық Азия және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі делегацияның басшысы (DCAS) Томаш Здеховскиймен, Орталық Азия бойынша баяндамашы Карстен Люкемен және Қазақстан бойынша баяндамашы Клемен Грошельмен, сондай-ақ ЕП делегациялары төрағаларының конференция мүшелері Юозас Олекаспен және Андрюс Кубилиуспен кездесулер өткізді.

Тараптар «Қазақстан Республикасы – ЕО» және «Орталық Азия – ЕО» форматындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қатысты, оның ішінде өзара байланыс және көлік, аса маңызды материалдар, «жасыл» энергетика салаларында кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар тараптар 2023 жылғы тамызда өткен ЕП Сыртқы істер комитеті басшылығы мен мүшелерінің ҚР-ға сапарының және 2023 жылғы қарашада Брюссельде ұйымдастырылатын ҚР-ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысының маңыздылығын атап өтті.

Еуропарламент депутаттары Қазақстанның ЕО үшін стратегиялық маңызды серіктес екенін атап өтті, сондай-ақ ҚР-дың ЕО-ға мүше мемлекеттермен, оның ішінде Германия және Чехиямен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі күш-жігерін құптады. Олар ҚР-дың жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жауапты ұстанымы ҚР-ЕО арасындағы әріптестікті нығайту үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.

Өз кезегінде Р. Василенко еуродепутаттарды «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жолдауында айтылған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары мен еліміздің саяси жүйесін трансформациялау жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

Еуродепутаттар Орталық Азия мемлекеттерінің өңірішілік ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі күш-жігеріне, АҚШ Президенті Дж. Байденнің қатысуымен өткен соңғы «С5+1» және Федералды канцлер О. Шольцтың қатысуымен өткен «Орталық Азия - Германия» форматындағы жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындыларына ерекше назар аударды.

Еуродепутаттар К. Луке мен А. Кубилиус ЕО-ның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарында, әсіресе білім, ғылым, туризм және жастар алмасуы салаларында мәдени-гуманитарлық құрамды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Т. Здеховский «Erasmus+» бағдарламасы бойынша дарынды қазақстандық жастарға арналған білім беру бағдарламаларын белсенді ілгерілетудің қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде AFET Комитетінің төрағасы Д. Макаллистер Қазақстан мен Еуроодақтың ҚР азаматтарына қатысты ЕО визалық режимін жеңілдетуге бағытталған екіжақты уағдаластықтарына қолдау білдірді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында және Еуропалық Парламенттің жоғарыда аталған баяндамасын дайындау шеңберінде белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте