ҚР Үкіметі мен GE HealthCare компаниясы өндірісті орналастыру туралы келісті

3537

Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен GE HealthCare компаниясы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, Қазақстанда жергілікті сараптама мен өндірістік мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Негіздемелік келісімге қол қойды.

Негіздемелік келісім мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықтың және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі қағидаттарын айқындайды.

Бұл клиникалық көоіністердің орталықтандырылған ұлттық мұрағатын құрудың есебінен Қазақстанның денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымын жаңғырту. Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды өндіру.

Келісім оның тиімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның денсаулық сақтау мекемелерінде орнатылған GE HealthCare медициналық жабдығына сервистік қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтиды.

Сондай-ақ, жаңа оқу орталықтарын ашу және Қазақстанның дәрігерлері мен медициналық мамандықтары студенттерінің кәсіби дамуын қолдауға бағытталған GE HealthCare Academy білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

"Біз GE HealthCare еліміздің мекемелерін жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жарақтандыруға, цифрлық шешімдерді енгізуге және дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының мамандары үшін кәсіптік оқыту бағдарламаларын іске асыруға белсенді қатыса отырып, Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді әріптесі болып табылатынын мақтан тұтамыз. Бүгінгі келісім біздің ынтымақтастығымыздың маңызды кезеңі болып табылады және денсаулық сақтаудың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, жергілікті кәсіби сараптаманы кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанда медициналық жабдыққа өндірістік мүмкіндіктер мен сервистік қызмет көрсетуге бағытталған жаңа бастамаларды іске асыру үшін негіз жасайды", - деп бөлісті Роб Уолтон, Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Африкадағы GE Healthcare Президенті және бас атқарушы директоры. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният көптеген жылдар бойы медициналық жабдықтар, технологиялар, фармацевтикалық препараттар өндірісінің әлемдік нарығында жетекші орынға ие болған GE HealthCare компаниясымен қол қойылған құжаттың ерекше маңыздылығын атап өтті.

"Мемлекет басшысы тапсырмасының шеңберінде елге инвестициялар тартылады, Қазақстанда өндірісті орналастыру үшін денсаулық сақтау саласына жетекші әлемдік компаниялар ынтымақтастық үшін шақырылады. Бүгін негіздемелік келісімге қол қойылды, соның негізінде біз 60 млн доллардан астам инвестиция тарта аламыз. Бұл Қазақстанда медициналық техника өндірісін құруды, сервистік орталықтар ашуды, жергілікті мамандарды оқытуды көздейді", - деп түсіндірді А.Ғиният.

Министрдің айтуынша, GE HealthCare-пен келісімдердің шеңберінде диагностикалық жабдықтың көріністерін цифрландыру, жасанды интеллектінің көмегімен диагностиканы жақсарту үшін ұлттық деректер базасын құру сияқты маңызды бағыт дамиды.

А. Ғиният медициналық техника өндірісі бойынша әлемдік алпауыт алғаш рет Астанада медицина қызметкерлері ғана емес, инженерлер де оқитын академия ашуды жоспарлап отырғанын, бұл денсаулық сақтау саласындағы жаңа технологиялардың дамуын ынталандыратынын айтты.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить